ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ БАТЫС ӘЛЕМІ

4-дәріс. Соғыс уақыты

Авторы белгісіз. Орта ғасырдағы майдан / Creative Commons

Тарихшы-медиевист Олег Воскобойниковтың дәрістері орта ғасырлардағы адамдардың дүниетанымы, махаббат пен отбасы, еркектер жайлаған әлемдегі әйелдердің орны, көбіне соғыстан зардап шегетін күнделікті күйбең тірлік, орта ғасырдағы еуропалықтар кімді бөтен санағаны туралы баяндайды. Төртінші дәрісте  Олег Воскобойников ортағасырлардағы қоғам мен Еуропаның қазіргі картасының қалыптасуына соғыстың қалай әсер еткені туралы айтады. 

Мысырлықтар, парсылар, гректер өте агрессивті еді, Рим де дәл солай. Халықтардың ұлы қоныс аударуы, осынау вандал, готтар мен ғұндар мәні бойынша өте агрессивті тарихтың жаңа кезеңі ғана болды. Варвар тайпалардың жауынгерлігі құлдырау дәуіріндегі римдіктердің жалпы әңгімесіне айналды, өйткені ол кезде олардың өздерінің жауынгерлігі әлдеқашан тарихқа айналып, күнкөріс минимумы болды. Тациттің11ТацитПублий Корнелий Тацит (шамамен 120 ж қайтыс болды), Ежелгі Рим тарихшысы. "Германия" атты ежелгі немістердің өмірі мен әдет-ғұрыптарының әйгілі сипаттамасының авторы. жазбасына қарап аңдасақ, варварлар үшін де жауынгерлік аман қалудың жалғыз жолы еді.

Жаңа ономастикаға көз жүгіртейік, қазіргі заманғы Еуропа римдіктер мен гректерден емес, ежелгі германдықтардан мұра етіп қабылдаған есімдер: Ришар/Ричард (Rik-hard, құдыретті және батыл), Вильгельм/Гильом (Wile-helm, ерік және дулыға), Жерар/Герхард (Ger-hard, күшті найза), Матильда (Macht-hildis, соғыста күшті), Клотильда (Chlote-hildis, даңқты шайқас), Людовик/Льюис (Chlodo-wed, даңқты ұрыс), Герберт (Chari-bercht, соғыста жарқыраған). Латын тілі тез арада жабайы әскери лексикаға толып кетті, бұл таңғаларлық жағдай емес. Ағылшын тіліндегі war, француз тіліндегі guerre, итальян және испан тіліндегі guerra бәрі франктердің «werra» — «араздық», «төбелес» деген сөзінен бастау алғанын еске түсіру жеткілікті.

Өкінішке орай, соғыс барлық деңгейдегі ішкі және сыртқы жанжалды шешудің дәстүрлі тәсілі еді және қазір де сондай. Ортағасырлық спецификаны қарастырып көруге тырысайық. Ұрыс мен соғыс тарихына мұқият қарайтын болсақ, егер 10–11 ғасырларда сеньорлар мен олардың дружиналары қандай да бір көзге көрінетін бақылаусыз күш сынасса, кейіннен бұл хаосқа алдымен Шіркеу, одан кейін феодалдық әлемнің өзі және ең ақырында король қарсы тұратын болды.

Қамалды қоршауға алу. 15 ғасырдың миниатюрасы / Alamy

Орта ғасырдағы әскер қандай еді?

Парадокс мынада: ортағасырдағы халықтың басым көпшілігінің ең болмағанда формалды түрде қаруы болмаған. Әлеуметтік функция ретінде соғысу «құзыреті» саны аз ақсүйектерге ғана тиесілі болды, қарулану және әскери өнерді меңгеру — жай ғана міндет емес, сонымен бірге қымбатқа түсетін міндет. Адамдар саны аз қарулы жауынгерлер, milites және саны көп, қарусыз, демек қорғансыз шаруалар, rustici болып бөлінеді. Мәртебесіне орай қару ұстауға рұқсаты бар аз ғана адамдар көкпен қарым-қатынастан басқасының бәрін шешеді, бірақ оған да тікелей әсер етеді, өйткені клирiЯғни діни адамдар. көбінесе сол феодалдық шонжарлардың есебінен толықтырылды. Әскери иерархиядағы орын әлеуметтік және саяси иерархияға сәйкес келді, ал соғысқа байланысты міндеттер мен көрсетілетін құрметтің көлемі феодтың мөлшеріне тура пропорционал болды. Барлық феодалдық құрылымдар, мейлі ол графтық, қала, епископтық немесе маңызды монастырь болсын, өзінің сюзереніне «көмек» көрсетуге шақырған кезде қарулы атты әскер мен жаяу әскердің белгілі бір санын беруге міндетті болды. Мұндай шақыру құқығы «бан» деп аталды. Қазіргі заманғы орыс тіліндегі «банальный» (қарабайыр) сөзі бастау алған термин басқа да бірқатар феодалдық артықшылықтарды білдіретін, өйткені орыс тіліндегі «баить» (айту, сөйлесу) сөзіне ұқсас германдық bannan етістігі бұйрық ретінде түсінілді, оны орындамағандар жазаға ұшырауы мүмкін еді.

Мұның бәрі бізге үйреншікті кәсіби армияларға емес, одан да жеке әскери компанияларға (ЖӘК) ұқсайды. Дегенмен Орта ғасырдың соңы, әсіресе Жүз жылдық соғыс22Жүз жылдық соғыс1337 жылдан 1453 жылға дейін Англия мен Франция арасындағы бірқатар әскери қақтығыстар ағылшын королінің француз тағына деген талаптарына байланысты болды. пен Италия соғыстарының33Италия соғыстарыБір жағынан Франция мен Испания және Қасиетті Рим империясы арасындағы бірқатар соғыстар, екінші жағынан (1494-1559) бастапқыда Неаполь корольдігін иемденгені үшін, бірақ Батыс Еуропадағы гегемония үшін болды. Нәтижесінде Франция Италияны Испанияға беруге мәжбүр болды. соңғы кезеңі тұрақты армиялардың пайда болуымен ерекшеленді. Ал бұл өткен ғасырларда қоғам қайтадан, Антика дәуіріндегідей, саясаттың, құқықтың және ішінара моральдың көмегімен әскери күшті басқаруды үйренді дегенді білдіреді. Бұрын шонжарлардың айрықша құқығы болған соғыс мемлекет мүддесіне қызмет ету тетігіне айналды. Соғыстың саясаттың ерекше саласына бөлінуін, оның салыстырмалы түрде оңтайландырылуын белгілі бір дәрежеде «жауынгер» орта ғасырдың соңы деп те есептеуге болады. Дәл осы себептен Жүз жылдық соғыстың соңғы кезеңінде, 15 ғасырда біз ірі қолбасшылардың, соғыс майталмандарының, кондотьерлердің есімдерін білеміз. Олар өздерінің көрсететін қызметін ақшаға сатты, жауынгерлерді жалақыға — сольдоға жалдады, бізге үйреншікті «солдат» сөзі осыдан шықты.

Соғысты мемлекетке байланыстыру этика деңгейінде де, құқық деңгейінде де ең болмағанда Ескі тәртіп44Ескі тәртіпЕуропалық ғылым мен публицистикада 1789 жылғы Ұлы француз революциясына дейінгі әлемді осылай атады. кезінде, 19 ғасырға дейін абсолютті сипатта болды деп ойлауға болмайды. Әскери ғылымның жаңғыруы, трактаттар, академиялар, стратегия мен тактика — мұның бәрі Жаңа дәуірге жатады. Сондықтан шайқас жүргізудің ортағасырлық ерекшеліктерінен және соғыс туралы түсініктерден өз легиондарына сенген Рим Антикасы мен Жаңа дәуірдің тұрақты әскерлері арасындағы мыңжылдық алшақтықты көруге ғана болатын сияқты. Дамыған әскери ғылым мен техника орасан зор материалдық ресурстардың және орталықтандырылған, амбиция жағынан абсолютистік, кейде тоталитарлық биліктің болуын ұйғарады. Шағын және әдетте бытыраңқы феодалдық графтықтардың, князьдіктердің, тіпті корольдіктердің экономикалық ресурстары жеткіліксіз болды. Айталық, 13 ғасырдағы Ливон рифмалық шежіресі бойынша 1242 жылғы Чуд «шайқасында» жиырма рыцарь қаза тауып, тағы алтауы тұтқынға алынды.55Мұз шайқасыНеміс рыцарлары мен Новгород князі Александр Невскийдің (1221-1263) жасағы арасындағы кішігірім қақтығыс Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында түсірілген Сергей Эйзенштейннің "Александр Невский" үгіт-насихат фильмімен есте қалды. Сергей Эйзенштейн 1242 жылғы шайқасты қазіргі заманғы дереккөздерде расталмайтын үлкен шайқас ретінде суреттеді. Мұндай жұпыны арифметика Жаңа дәуірдегі шайқастардан гөрі Чикаго бандаларының арасындағы жанжалға ұқсаңқырайды.

Виктор Маторин. Мұз үстіндегі қырғын. 1988 жыл

Ортағасырлық ақындар жауынгерлердің әскери ерліктерін жырлағанда, егер ұлы эпостарды еске алсақ, олардың кейде данышпандық шығармашылығындағы көп нәрсе ғылымның емес, қиялдың, тарихтың емес, миф жасаудың жемісі. Шамамен, бүгінгідей. Бірақ мыңдаған беттен тұратын ортағасырлық хроникаларды, хаттарды, жаңағы эпосты немесе рыцарьлық романды ерінбей оқысаңыз, көрініс күрделене түседі. 13 ғасырға дейінгі хроникалардың барлығын дерлік монахтар жазған, бірақ олардан да жемшөп жеткізу мен қаржыландырудан бастап бекіністі қоршау қаруын жасауға дейін әскери іс-қимылды ұйымдастырудың күнде қайталанып жасалған жұмысының дәлелдерін табамыз. Бұл жазбаша айғақтардың артында әрең байқалатын ауызша дәстүр жатыр. Онда, бір жағынан, римдіктердің әскери әдет-ғұрыптары және екінші жағынан, жалпы легиондардың күш-қуаты мен соғыс дағдысына қарсы қоятыны шамалы болған германдықтардың әскери әдет-ғұрыптары сақталған. Жаңа дәуірдегі соғыстарды картаға қарап зерттей аламыз, ал Орта ғасырлардан мұндай ештеңе жеткен жоқ: бәлкім, шабуылды жоспарлай отырып портуландар немесе тәуап ету итинерарияларынiЕрте карталар, схемалар мен нұсқаулықтар. зерттеу ешкімнің ойына келмеген шығар. Ең болмағанда 15 ғасырға дейін. Алайда бұған қарап рыцарьлар барлау жүргізе білмеді және бүгінгі күні соғыс театры деп аталатын нәрсені зерделей алмады деп тұжырымдауға болмайды.

19–20 ғасырлардағы өнеркәсіптік серпіліс сырт айналып өткен қандай да бір аймаққа бүгінгі күні барғанда, көп жағдайда өзінің күрделілігімен таңғалдыратын қорғаныс ғимараттарының нағыз жүйесін көреміз. Орта ғасырлардағы Батыста не Ұлы Қытай қорғанына, не жүздеген мильге созылып жатқан Рим лимесінеiЕжелгі Римдегі шекара бекіністері. ұқсас нәрсе болған жоқ. Бірақ Апеннин түбегін жаулап алып, игерген лангобардтар Альпі тауларын жай ғана «гарнизондар» деп аударуға болатын «клауз», clausae жүйесімен бекітті. Бұл лангобардтарды франктерден құтқаран жоқ. Бірақ бұл қамалдар ортағасырлық Еуропаны әскери ұйымдастырудың негізіне айналды. Бірнеше мыңдаған кресші Қасиетті жерде өздерінің патшалықтары мен князьдіктерін құрғанда, олар ондаған қамал тұрғызып, төнген қауіп туралы хабарды донжондағыiБекініс қабырғаларының ішіндегі негізгі мұнара. сигнал оттарының көмегімен бір күннің ішінде Парсы шығанағынан Эдессаға жеткізе алды.

Үздіксіз шегаралық бекіністер желісін салып, қалыпта ұстауға ірі мемлекеттің ғана шамасы келетін. Сондықтан Орта ғасырларда созылып жатқан фортификациялар аз болған: 8 ғасырда Мерсия короліiЕжелгі Англия патшалықтарының бірі. Оффа Уэльс бриттарына қарсы дуал тұрғызды, ол бүгінгі күнге дейін ішінара сақталған, сәл кейінірек Ұлы Карл ободриттерге қарсы «Саксон шебін» жүргізді. Бірақ мұндай бастамалар ережеге айналған жоқ. Бізге де, римдіктерге де үйреншікті шегара ұғымының өзі Орта ғасырларда бұлыңғыр болды. Бұл «шегараны» ешкім мүлде ойланбаған дегенді білдірмейді. Шегара аймақтары герман мәнерімен «марка» деп атала бастады, ал оларды билеген маркграфтар Жаңа заманда маркиздерге айналды.

Әскер өтетін жолдардың бойында үлкендігі әртүрлі қамалдар тізіліп тұрды. Ешбір жаулап алушы тылда жаудың тіпті шағын отрядының қалғанын қаламайтын еді, сондықтан егер мұндай қамал тойтарыс беруге дайын болса және соғыспай берілмесе, ол мұндай әр бекіністің қасында тоқтауға мәжбүр болды. Орта ғасырдың бертінгі кезеңінде Падан жазығынан Мон-Бланға және асуларға апаратын Аоста өзенінің тар аңғарында мықты бекітілген шағын қамалдар желісі пайда болды, олардың кейбіреулері төменде тұрса, басқалары жартастарда сыйысып тұрды. Тау сілемінде орналасқан мұндай «бүркіттің ұялары» итальян тілінде «рокка» немесе француз тілінде «рош», яғни «жартас» деп аталды. Көптеген өзге жерлерде де тас қамалдар 10 ғасырдан бастап стратегиялық маңызды аймақтарда, сондай-ақ тұтас тарихи аймақтарда, мысалы, Кастилияда Испанияның христиандық солтүстігі мен исламдық оңтүстігі арасындағы шегарада жатқан «қамалдар елінде» пейзажды қалыптастыра бастады.

Соғыс қалай қабылданды?

Орта ғасырларда адамдар соғысты жүргізіп қана қоймай, оны зерделеген дейтін болсақ, олар оны қалай қабылдаған? Римнің құлауымен үздіксіз соғыс жүргізудің есебінен өзінің азаматтарына бейбітшілік пен сот төрелігіне формалды түрде кепілдік берген мемлекет те жойылды. Дегенмен Тациттің пікірінше, германдықтар да мұны ең игілікті іс деп есептеген. Еуропаның біртіндеп германизациялануы нәтижесінде азаматтық өмірді күш қолданудан ажырату мүмкін болмай қалды. Бірақ олардың корольдіктері күшейген кезде, христиандандыру және мәдениеттің қайта оралуы сәтті іске асқан кезде қалтарыста әртүрлі топтарда бақыланбайтын стихияны тыныштандыруға, тәртіпті қалпына келтіруге жігерленген ерік пайда болды.

Ортағасырдағы діни, заңды және саяси әдебиетте кездесетін «әділетті соғыс» термині, латын тілінде bellum iustum, Антика заманынан бастау алады. Христиан дініндегі әділетті және әділетсіз соғыс түсінігінің негізін Августин66Аврелий АвгустинЕртедегі антикалық теолог әрі философю Католик әлемінде ең көп құрметтелетін шіркеу әкейлерінің бірі. Оның ең маңызды еңбектерінің бірі — "Құдайдың қаласы туралы" және "Мойындау". қалады. Егер ертедегі патристикаiШіркеу әкейлерінің еңбектері осылай аталады, латын тілінен Pater – әкей. христианның дұғадан басқа кез келген қаруды қолдануын қабыл алмаса, Августиннің соғыс туралы түсінігінің біршама ерекшелігі бар. Соғыс — бұл Күнәға батудың және одан кейін бауырын өлтіру оқиғасыныңiЖаратылыстың бастауы кітабындағы Қабыл мен Әбіл хикаясы. салдары. Қолына қару алған кез келген адам бұл үшін жауапкершілік арқалайды, бірақ егер оның мақсаты — бейбітшілікті, әділдікті қалпына келтіру немесе тұтқындағы халықты босату болса, онда оны «әділетті себеппен», яғни iusta causa, ақтауға болады. Августин «билікке құштарлықтан» басталған соғыстарды айыптады. Бір жағынан, христиан дініндегі адамның қолына қару алуы оның ар-ұжданына қайшы келмейтін секілді еді, бірақ жалпы әділетті соғыс бейбастақ пен зорлық-зомбылықты жоққа шығарғанымен, мұндай жайт барлық замандағыдай орта ғасырларда өте көп болды. Дін әлемдік тәртіпке қауіп төндіретін құмар хаосына бақыланушы күшті қарсы қойды, бірақ ол сонымен бірге 13 ғасырдың басында бір прелат «Иеміз өзінікін ажыратады» деп айтқаны секілді, уағызшының аузына қажетті сөзді салып, барлығын өлтіруді ұсынуы мүмкін еді.

Теориялық тұрғыдан алғанда, христиан дініндегі адам әрқашан бітімгер болуы керек еді және осынау игі қағидатты іске асыру қиын болса да, оның тарихи маңызы бар. Дін мамандары мен заңгерлер Августиннің ойын қолдады. 13 ғасырда Томас Аквинат77Томас Аквинат (1225-1274)Католик шіркеуінің ең беделді теологы. Ол жасаған әлем мен қоғамның егжей-тегжейлі бейнесі католиктік дүниетанымның негізі болып табылады. «Дін ілімнің жиынтығы» деген атаумен жазған, адам өмірінің барлық жағын қарастырған теориялық энциклопедияда оның ойын дамыта түсті. Ал оның замандасы, литургистiЛитургия бұл – ғибадат. Литургистер шіркеу рәсімдерін түсіндірумен айналысады. Гильом Дюран рыцарьлыққа, яғни серілікке көтерудің бастапқыда өте зайырлы ғұрпын Құдайға құлшылық етуге жақындатты және осы орайда оның діни қызметкер Августиннің аузына «Бейбіт жауынгер бол» деген сөзді салуы кездейсоқ емес.

Бірақ мұндай асқақ идеяларға ирониямен қарау үшін 1099 жылдың жазында Иерусалимді басып алу кезінде христиан рыцарьлары көрсеткен қатыгездік пен жауыздық туралы мәліметпен үстірт болса да танысу жеткілікті. Оқымысты Аквитандық Алиенораның ұлы және ортағасырлық Англияның ұлттық қаһарманы дерлік Король крест жорықшысы Арыстан Жүректі Ричард 1191 жылдың тамызында Салах ад-Дін әскерінің көзінше екі мыңнан астам мұсылман тұтқынды өлтірді және бұл кезде өзінің істеп жатқаны асқан жабайылық екенін түсінді. Сөйтіп тұтқындарды өзара айырбастау жөніндегі келіссөз процесі тығырыққа тірелді…

Христиандық көзқарас тұрғысынан алғанда, кез келген соғыс әлдеқайда маңызды соғыстың, яғни Жақсылық пен Зұлымдық әрбір діншіл адамның жаны үшін жүргізген соғыстың метафорасына айналды және бұл жағдайда да поптардың мұндай «қиялын» елеусіз қалдыруға немесе кісі күлерлік нәрсе деп және әдеби метафора тұрғысынан қарастыруға болатын еді. Себебі құрбанының ішін жарған атты әскердің немесе жаяу жауынгердің мүлде «метафоралық» жолмен әрекет етпегенін түсінеміз. Дегенмен оның мұны не үшін жасағанын білу, дүниежүзілік соғыстың екеуінде де адамдардың не үшін және кім үшін жанын пида еткенін және бүгінде бұған не үшін баратынын білу маңызды сияқты. Спилбергтің «Қатардағы Райанды құтқару» фильмінде (1998) еврей снайпері нысананы көздеп, псалом — забур жырын айтып жатқан көрініс ортағасырлық әрекеттің бір түрі. Бұл кез келген крест жорықшысына түсінікті болар еді, өйткені забур жырларында бейбітшілікті уағыздау сияқты, соғысты уағыздауға көп көңіл бөлінген. Кез келген ортағасырлық адам псаломды білуі жағынан Спилбергтің мергенінен кем түспейді.

12 ғасырда өз замандастырының «ой-пікірінің әміршісі» болған Клерволық Бернард крест жорықшысының кодексі деуге болатын «Жаңа әскерге мадақ» атты арнайы уағызында бөтен діндегілерге қарсы күресте христианның кез келген «адам өлтіруі», homicidium, яғни кісі өлтіру емес — «зұлымдықты өлтіру», malicidium болып есептелетінін жариялады, өйткені христиандарға қарсы қару-жарақ алып шығатын бөтен діндегі әрбір адам әлемдік зұлымдықтың жандайшабы ғана. Ал бұл мүлде метафора емес, жай ғана үйреншікті сөздердің құбылуы да емес, әулиенің адам өлтіруге берген батасы еді және де бұл әулиенің қаламы едәуір өткір болатын.

Храмшылар немесе тамплиерлер,iРухани-рыцарлық орден. қарулас бауырлар сонымен қатар дін, үйленбеу және пәктік анты бойынша бір-біріне бауыр болды, өйткені литургия, яғни күнделікті дұға оқу жолымен Мәсіхке қызмет ету монах ретінде олар үшін күнде қайталанып жасалатын іс емес, жүрегінің төрінен орын алған парыз болды, бірақ монах әдебінен айырмашылығы, ол кез келген уақытта шайқасқа шығуға дайын болды. Егер шайқас себебімен тамплиердің мессаға қатысуға мүмкіндігі болмаса, жарғы бойынша ол сан рет «Біздің Әкеміз» дұғасын оқуға тиіс еді.

Бүгінде Шантийи қамалында сақталған 12 ғасырдың үшінші ширегіндегі бірегей француз қолжазбасында олардың мәтіндері және ғибадат етуінің нақты ережелері қамтылған. Марсель Перестің оның шифрін ашып оқуы және «Organum» ансамблінің орындауы осы рыцарьлардың руханиятын сөз жүзінде біліп қана қоймай, тіпті музыкатану тұрғысынан айтарлықтай маңызды реконструкцияда оның кезінде қалай дыбысталғанын естуге мүмкіндік береді. Атап айтар болсақ, орта ғасырларға тән өзіндік ырғақта tripudium деп аталатын өлеңдерді оқығанда, мысалы, регенттің қолымен тактіні санау ғана емес, сондай-ақ әншінің денесінің сәл тербелуі ұйғарылды. Шіркеу хорында бұл тәсілді бүгінде де кездестіруге болады. Оның таза музыкалық әсерін, әрине, жазбада анық есту мүмкін емес, бірақ қиялыңызды күшейтіп, бұл жауынгерлердің діни әндерді жайымен жатқа айтып жатқанын елестету маңызды, сонда олардың дене тербелісі өлеңге үйлесімді ырғақ беріп, мүмкін, бір жағынан, әскери маршқа ұқсауы мүмкін.

Бернарт ван Орлей. «Павия» гобелені. Шамамен 1531 жыл / Wikimedia Commons

Қасиетті Қабір храмының күнделікті тәртібіне және псаломдарға негізделген дәстүрлі латын дұғаларының арасында таңғажайып антифонiАнтифониялық ән айту (грек тілінен ἀντίφωνος) — екі хор (немесе екі вокалдық ансамбль) кезектесіп орындалатын хор (ансамбль) әні. бар: «Уа, Ием, біздің күндерімізде бейбітшілік бере гөр, өйткені Құдай иеміз, сенен басқа бізді қорғайтын ешкім жоқ». Ол 121-Псалом жырларымен бірге айтылды: «Қамалыңның ішінде амандық болсын, сарайларыңда тыныштық орнасын! Тума-туыс, дос-жарандарым үшін саған: «Амандық тілеймін! Құдай Иеміздің киелі үйі үшін саған зор игілік тілеймін!» деймін» (Пс 121: 7-9) және бұл антифон сәл артқа шегініп: «Иерусалимге тыныштық тілеңдер: сені жақсы көретіндер асқақтай берсін!» деп аяқталды. Бір немесе екі дауыс жыр желісін басқарды, қалған басты дауыстар иссонды сақтап, нағыз Иерусалим псаломының сөздеріне қатты дауыстарын қосты. Соғыс емес, бейбітшілік сұрады…

Олег Воскобойников

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді