ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ АЛАСАПЫРАН ШАҚТЫҢ КУӘГЕРЛЕРІ

Томас және Люси Аткинсонның саяхаттары туралы толғаныстар

~ 12 мин оқу
ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ АЛАСАПЫРАН ШАҚТЫҢ КУӘГЕРЛЕРІ

Коллаж / Qalam

1848 жылы саяхатшылар Томас пен Люси Аткинсон Сібір мен Орталық Азияға табан тіреді. Бұл осы аймақтағы жеті жылдық сапардың басы еді. Олардың Қазақ даласына сапары еуропалықтарға бейтаныс өлкедегі шытырман оқиғамен шектелмеді. Ерлі-зайыптылар ауқымды тарихи өзгерістерге куә болды: бұл Ресей империясы оңтүстікке қарай ентелеп келе жатқан кезең еді, қазақ билеушілері жер үшін күресіп, саяси одақтастарын айқындап жатқан, ал Кенесары көтерілісінің ел жадындағы жаңғырығы әлі де басылмай тұрған кезі.

Мазмұны

Аткинсондарды жаңаша тану

19-ғасырда өмір сүрген ерлі-зайыпты Томас пен Люси Аткинсонның Орталық Азия мен Сібірге жасаған саяхаттары туралы он бес жыл бұрын жаза бастадым. Ол кезде бұл отбасы, елеулі жетістіктеріне қарамастан, өз отанында да беймәлім еді. Ұлыбританияның әйгілі саяхатшыларының сапары мен ерлігіне арналған жинақтарда олар не мүлде аталмайтын, не ескертпелерде ғана тілге тиек етілген. Томас Аткинсон туралы кей жазба иелері Люсиді тіпті назардан тыс қалдырыпты. Негізінде, оның жетістіктері тарихтағы ең көрнекті әйел саяхатшылардың жетістіктерінен еш кем түспейтін.

Томас Уитлам Аткинсон. «Шығыс және Батыс Сібір: Сібір, Моңғолия, Қырғыз даласы, Қытай Тартариясы және Орталық Азияның бір бөлігіндегі жеті жылдық зерттеулер мен шытырман оқиғалар туралы баяндау» кітабындағы иллюстрация. Лондон, 1858 жыл / Shapero Rare Books

Томас Уитлам Аткинсон. «Шығыс және Батыс Сібір: Сібір, Моңғолия, Қырғыз даласы, Қытай Тартариясы және Орталық Азияның бір бөлігіндегі жеті жылдық зерттеулер мен шытырман оқиғалар туралы баяндау» кітабындағы иллюстрация. Лондон, 1858 жыл / Shapero Rare Books

Сібірге деген қызығушылығымды білетін жергілікті букинист алғаш рет Томастың «Шығыс және Батыс Сібір»iOriental and Western Siberia атты кітапқа назарымды аударды. Кітаптың едәуір бөлігі қазіргі заманғы Қазақстан аумағына арналғанын бірден түсіне қоймадым, өйткені сол кезеңдегі орыс дереккөздерінде біз қазір «Орталық Азия» деп атайтын өңірлерді «Батыс Сібір» деп атаған екен. Мен үшін тағы бір жұмбақ жайт — Томастың шығысқа аттанардан аз уақыт бұрын Мәскеуде үйленген әйелі Люсиді мүлде ауызға алмау туралы шешімі болды.

Томас Уитлам Аткинсон, Макс Розенталь. «Бек сұлтан отбасымен». Филадельфия, 1865 жыл / Автор ұсынған бейне

Томас Уитлам Аткинсон, Макс Розенталь. «Бек сұлтан отбасымен». Филадельфия, 1865 жыл / Автор ұсынған бейне

Одан бері көп жайт өзгерді. 2014 жылы «Оңтүстікке, Ұлы далаға бет алу: Томас пен Люси Аткинсонның 1847–1852 жылдардағы Шығыс Қазақстанға саяхаттары»iSouth to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan 1847–52 атты кітабымды жарыққа шығардым. Бұл олардың көптеген саяхаты мен бастан кешкен оқиғасы туралы деректерді алғаш рет бір жерге жинақтауға талпыныс еді. Бірнеше жылдан кейін, 2020 жылы, менің «Ұлы далаға саяхаттаушылар»iTravellers in the Great Steppe атты кітабым жарық көрді. Онда Аткинсондарға көлемді екі тарау арналды.

Келесі жылы Люсидің туысы Марианна Симпсонмен бірге Люси Аткинсонның «Татар далалары және олардың тұрғындары туралы естеліктер»iRecollections of Tartar Steppes and their Inhabitants атты тамаша кітабын басып шығардық. Кітаптың алғысөзінде Люсидің бұл еңбегі «әйел затынан шыққан жиһанкез жазған ең алғашқы әрі ең үздік саяхат кітаптарының бірі» екенін атап өттік. Қазір де бұл пікірім өзгерген жоқ.

Олар неге шығысқа аттанды?

Осы жылдар ішінде Аткинсондардың Орталық Азияның нақты қай жерлеріне саяхаттап, қай жолдармен жүргенін анықтауға тырыстым, олардың қалдырған ізін атпен жүріп аралап та шықтым. Осылайша, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Жоңғар Алатауы тауының аңғарын төрт рет шарладым, сонымен бірге Шығыс Сібір, Бурятия аумағындағы Шығыс Саян тауларына да экспедиция ұйымдастырдым. Осы уақыт аралығында Жоңғар Алатауын едәуір жақсы зерттеп білдім деуге болады. Бұл маған Аткинсондар еңбегінің ауқымын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Ұзақ келіссөздер арқасында Аткинсондар тоғыз айға жуық паналаған, бұрын казак бекінісі болған Қапалда олардың ескерткішін орнатуға жергілікті әкімшілікті көндірудің сәті түсті. 2016 жылы өткен ескерткіштің ашылуына қала тұрғындары қатысты. Бұл рәсімге Ұлыбританиядан, АҚШ-тан және Жаңа Зеландиядан Аткинсондардың он ұрпағы арнайы келді. Олар ата-бабаларының өмірімен тығыз байланысты жерлерді, ең алдымен, Томас пен Люсидің Қапалда дүниеге келген ұлы — Алатау Тамшыбұлақ Аткинсонға қатысты орындарды аралады.

Бүгінде Аткинсондарды көптеген қазақстандық біледі. Олардың тарихы Қазақстан тарихының бір бөлігіне айналды. Бұған олардың қазақ даласына және жергілікті халыққа деген сүйіспеншілігі де айрықша ықпал етсе керек. Алайда олардың жүрген жолын іздестіріп, нақты қай жерлерде болғанын анықтау барысында олардың саяхатына қатысты ең қарапайым сұрақтардың кейбіріне жауап беруден көп уақыт бойы жалтарып келдім.

Томас Уитлам Аткинсон. «Шөлдегі сапардың бастауы» / Автор ұсынған бейне

Томас Уитлам Аткинсон. «Шөлдегі сапардың бастауы» / Автор ұсынған бейне

Олардың қазақ жеріне саяхатының маңызы қандай болды? Ол кезде Ресей империясында қандай оқиғалар болып жатты? Олар кімдермен кездесті? Жалпы, сапарға шығуына не себеп болды?

Бұл мақалада осы сұрақтардың кейбіріне жауап беруге тырысамын.

1848 жылы ерлі-зайыптылар қақаған қыста Мәскеуден Барнауылға шанамен жолға шыққанда, Томас өзінің бір ғана мақсаты — «еуропалықтарға беймәлім Сібірдің пейзаждарын қағазға түсіру» болғанын айтқан еді.

Алайда Аткинсондардың саяхаты табаны күректей жеті жылға созылды. Осы кезеңде олар атарбамен, қайықпен және атпен жүріп, 63 000 шақырымнан астам жолды еңсерді. Осы уақыттың бәрінде Томас сурет салып, кескіндеме жұмыстарын жасаумен айналысты. Ол жүздеген туынды жазып, аса мол көркем мұра қалдырды. Оның кей шығармалары бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі беделді музейлер мен мекемелерде, соның ішінде Лондондағы Корольдік географиялық қоғамында сақтаулы.

Оның әлемнің шалғай қиырынан «көркем дүние» іздеуі романтикалық ұмтылыс та болған шығар. Өз ортасындағы өзге суретшілер сияқты, ол да көргенін әсірелеп отырған. Өткенге көз жүгіртсек, Томас 1846 жылдың сәуірінде Гамбургте жанында жүрген суретші баласы Джоннан айырылған-ды, яғни бұл сапарға шығу арқылы ол жан күйзелісінен арылуға тырысты деп топшылауға болады. Джон туберкулезден қайтыс болды. Сонымен қатар Томас сәтсіз аяқталған алғашқы некесінің күйігін басуға тырысты. Осының бәрі оның өміріне қалай да терең із қалдырды.

Джонатан Нидэм, Томас Уитлам Аткинсонның суреті бойынша. «Саян таулары, Моңғолия: ерекше пішінді жартастары бар жанартау кратері». Литография, 1858 жыл / Wellcome Collection / Wikimedia Common

Джонатан Нидэм, Томас Уитлам Аткинсонның суреті бойынша. «Саян таулары, Моңғолия: ерекше пішінді жартастары бар жанартау кратері». Литография, 1858 жыл / Wellcome Collection / Wikimedia Common

Ал Люсиге келсек, тамаша білім иесі болған бұл әйелдің бұлқынған талантын 19-ғасырдың ортасындағы Викториялық Англияның тұншықтыратын консервативті қоғамында жүзеге асыру мүмкін емес еді.

Ол осы шектеулерден шығуға барын салып, Санкт-Петербургке аттанды. Ондағы мақсаты Ресей империясындағы ең ықпалды мемлекеттік қайраткерлердің бірі — генерал Михаил Муравьёвтің қызына тәрбиеші гувернантка болу еді. Ол кезде білімді әйел үшін іс жүзінде мүмкін болатын жеке мансап құрудың жалғыз жолы осы ғана болатын.

Бір кездері оның ата-бабалары жер жаһанды шарлап, мұхиттарды кезіп, Аустралияға алғаш саяхаттаушылардың қатарында болған еді. Солардың шытырман оқиғалары туралы естеліктерден шабыт алған Люси енді жаңадан бас қосқан күйеуімен бірге қазақ даласын шарлауға дайындала бастады.

Ресейдің қазақ даласына экспансиясы

Аткинсондардың сапар бағытының өзі өте қызық. 1848 жылдың ақпанында Мәскеуден шыққан олар шығысты бетке алып, Оралдан өтіп, Барнауылға жетті. Сонда біраз аялдаған соң, Ресейдің ну орманды өлкесінен оңтүстікке қарай, Ұлы далаға бет алды. Ол кезде бұл өңір Батыс әлемі үшін беймәлім еді.

Алайда олар Ертістен өтіп, Орта жүз жеріне аяқ басқан алғашқы шетелдіктер емес еді. Қазақ руларының адалдығына сүйене отырып, Ресей империясы сол кездің өзінде Ұлы даланың Қытаймен шектесетін шығыс шекарасын бақылауға алу бағытындағы науқанын бастап кеткен болатын. Бұл бірқатар қазақ рулары келіскен өзара уағдаластықтың бір бөлігі еді: патшаға адалдық танытқаны үшін олар шығыстағы қуатты жоңғарлардан қорғаныс тапты. Орыс әскерлері сол кезде Аягөздегі (орысша Сергиополь деп те аталған) негізгі базасынан оңтүстікке қарай жедел жылжып, Жоңғар Алатауындағы аумақтарды басып алуға және Лепсі, Сарқан мен Қапалда бекіністер салуға ұмтылды. Бұл бекіністерді артиллериялық батареялар мен әскери дайындығы жоғары казак жасақтары қорғады.

Томас Уитлам Аткинсон. «Әли Иолди сұлтан» / Автор ұсынған бейне

Томас Уитлам Аткинсон. «Әли Иолди сұлтан» / Автор ұсынған бейне

Осыдан аз уақыт бұрын бұл жерлерге орыс әскерлерінің табаны тиюі мүмкін емес еді. Оның бір себебі — 1820 жылдары ағасы бастаған күресті жалғастырған Кенесарының қарсылығы болды. Бұл күрестің басты мақсаты — Ресей империясының далаға қарай ілгерілеуін тоқтату еді.

Кенесары жаңашыл болды ма, әлде дәстүршіл болды ма — бұл мәселе күні бүгінге дейін қызу пікірталас туғызады. Алайда бір анығы — ол Ресей империясының даланы бағындыру және бұл аумақтарға Ресейдің оңтүстік өңірлерінен келген диқан-шаруаларды қоныстандыру жоспарына елеулі кедергі келтірді.

Оның 1847 жылы қырғыз жауынгерлерінің қолынан қаза табуы қазақтардың империяға қарсы белсенді қарсылығына нүкте қойып, далада қайтадан тыныштық орнауына жол ашты.

Сұлтандар, зеңбіректер мен дала үшін күрес

Осындай оқиғалар контексінде Аткинсонның өз кітабындағы титул парағының қарсы бетіне жергілікті сұлтанның портретін орналастыруы — ерекше қызықты жайт. Ол бұл адамды сәл бұрмалап, «Sultan Suk» деп атаған.

Шын мәнінде, бұл — Сүйік Абылайханов еді, ол Ұлы жүздің сұлтаны, даңқты Абылай ханның ұлы әрі Кенесарының туған ағасы болатын. Дегенмен Сүйік пен Кенесарының саяси көзқарастары айтарлықтай алшақ еді. 1831 жылы Сүйік сұлтан Батыс Сібір генерал-губернаторына өз жерінде округ (бірлесе басқару аумағы) құруды және оған «бағынбайтын қазақтарды тыныштандыру үшін» казактар беруін сұрап өтініш білдірді. Айтпақшы, осының арқасында орыс зерттеушілеріне Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауының едәуір бөлігіне жол ашылды.

Томас Уитлам Аткинсон, Макс Розенталь. «Сүйік сұлтан отбасымен». Филадельфия, 1865 жыл / Автор ұсынған бейне

Томас Уитлам Аткинсон, Макс Розенталь. «Сүйік сұлтан отбасымен». Филадельфия, 1865 жыл / Автор ұсынған бейне

Сүйіктен кейін осы өңірдегі басқа да рулар Ресей билігін ресми түрде мойындай бастады. Оның аты Ресейдің жақтаушысы ретінде танылған соң, 1846 жылы Кенесары оған келіп, орыстарға қарсы күреске қосылуды талап етті. Бұл кезде ол Орта жүздің басшысы ретінде әрекет етіп, Ұлы жүздің қолдауына ие болуға ұмтылып жүрген. Алайда кәрі сұлтан Кенесарының «ауылыңды қырып-жоям, туырлығыңды тоқым, керегеңді отын етем» деген қоқан-лоқысына қарамастан, оның талабынан бас тартты.

Аткинсондар сұлтанмен кездескен кезеңде ол орыстардың сеніміне әбден кірген еді, ал Қапал соның иелігіндегі жерде орналасқан. Томас 1849 жылғы 1 наурызда Қапал бекінісінің коменданты капитан Абакумовтың ру басшыларын жинап, Ұлы жүз бен Орта жүз арасындағы жер мәселесін шешіп, шекараны бекіту үшін үлкен жиын ұйымдастырғанын егжей-тегжей сипаттайды. Оның айтуынша, екі жүздің рулары арасында нақты белгіленген шекараның болмауының кесірінен олар үнемі бір-бірін шауып, барымталап отырған.

Аткинсон кеңес болатын күні ру басшыларының өз нөкерлерімен, молдаларымен, ақсақалдарымен бірге келгенін жазады. Олардың жалпы саны жүзден асқан. Мұншама адам сыятын үй болмағандықтан, жиын ашық аспан астында өткен. Аягөзден даланы басқарып отырған Ресей шенеуніктері мен Орта жүз руларының өкілдері келді. Капитан Абакумов жиынды артиллериялық оқ атумен бастады. Бұл жиылған көпшіліктің үрейін ұшырды: Абакумовтың көздегені де осы еді.

Ресей шенеунігі жиналғандарға Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаковтың жеделхат жібергенін хабарлады. Онда ол сұлтандар мен хандарды екі жақ арасындағы дау-жанжалдар мен барымтаны тоқтату үшін шекара мәселесін талқылап, бейбіт келісімге келуге шақырған еді. Әрі бұл келіссөздер сыпайы жүргізілуі керектігін де қоса айтқан.

Томас Уитлам Аткинсон. «Иамантұқ сұлтан отбасымен» / Автор ұсынған бейне

Томас Уитлам Аткинсон. «Иамантұқ сұлтан отбасымен» / Автор ұсынған бейне

Алғашқы болып Сүйік сұлтан сөз алды. Ол князьдің ұсыныстарын сарапқа салғанын және оларды қабылдауға дайын екенін айтты. Дегенмен шекара мәселесінің маңызын ерекше атап өтті. Томас Аткинсон оның сөзін былай жеткізеді:

«Мен келісетін шекара Ақсу өзенінің бойымен өтуі керек, оған Балқаш көлінің жағалауы да кіреді. Егер Орта жүз бұған келіссе, жақсы. Ал келіспесе, онда ру басылары өз құқығын қорғайды да, осы жайылымдарда жүрген әр адам мен мал басын қолға түсіреді»iT.W. Atkinson, Travels in the Region of the Upper and Lower Amoor, London: Hurst & Blackett, p.176.

Бұл ымырасыз жауап еді.

Ресей шенеунігі Сүйікті талабын қайта қарауға көндіруге тырысып, екі жүздің арасындағы шекараны Биен өзені арқылы өткізуді ұсынды. Бұл жағдайда өзеннің оңтүстігіндегі жерлер Ұлы жүздің еншісінде қалмақ. Сүйік Ресей шенеунігі ұсынған картаны мұқият қарап шықты. Алайда бұл сызба оған аса әсер етпеді:

«Мен бұл қағазды түсінбеймін, Биенді неліктен белгілеп, оны шекара деп отырғандарыңызды да түсінбеймін. Қағаз жүзінде ол солай қала берсін, бірақ Ақсуға дейінгі жайылымдар менікі болады. Князь Лепсі, Ақсу және Биен өзендерін осы қағазға өзіне ұнаған жерге орналастыруды бұйырған екен. Қағазда бәрі сол күйінде қалсын, бірақ мен шекара Ақсу арқылы өтсін деп бұйырамын, бұл өзгермейді. Егер Орта жүз бұған келіспесе, көп ұзамай менің адамдарыммен Лепсіде кездеседі»iСонда.

Аткинсонның Кенесары туралы жазбалары сияқты, Сүйік хақындағы әңгімелері де мұнымен аяқталмайды. Мысалы, ол өзінің екінші кітабы — «Жоғарғы және Төменгі Амур өңіріне саяхат»iTravels in the Region of the Upper and Lower Amoor атты еңбегінің алпыс шақты бетін Сүйік сұлтанның Жәңгір ханның қызына үйленуге жасаған әрекетіне арнайды.

Алайда бұл оқиға қайғылы аяқталады: Жәңгір хан қызын Бадахшан әміршісіне бергісі келеді. Сүйік қызды алып қашады, бірақ қыз тауда жолбарыстың шабуылынан қаза табады.

Кенесарының ізімен

Жоңғар Алатауының биік шыңдарында, Басқан өзенінің бастауында болған сапарымызда жолбасшымыз бір кездері Кенесарының қосы орналасқан орынды тауып берді. Томас Аткинсон бұл көріністі былай сипаттайды:

«Кенесары дәл осы жерде өмір сүріп, өзінің ержүрек серіктерін қатаң тәртіппен ұстаған. Жолбасшымның айтуынша, оның адамдарының ешқайсы Кенесары бұйрығына қарсы келуге батылы бармаған, өйткені ондай жағдай сөзсіз өліммен аяқталатын. Жүрек жұтқан батырлығының арқасында ол артынан ерген сарбаздарының санасына шексіз билік жүргізді. Егер жаудың басым күшіне қарсы жанкешті шабуыл жасау қажет болса, ол әрдайым алғы шепке шығып, шайқасқа бірінші болып кіретін. Арыстандай ақырып, айбалтаcын күнге жарқ еткізе жоғары көтерген күйі асау атымен шайқастың қайнаған ортасына күмп ете түсетін.

 

Бұл оның артынан ергендерге рух пен сенім беретін, Кенесары жеңістерінің құпиясы да осында жатыр. Қазақтар оның Ібіліспен одақ құрғанына және отқа салса — жанбайтын, суға салса — батпайтын, кессе — қылыш шаппайтын қасиеті бар екеніне шүбәсіз сенген»iСонда, 223-б..

Жолбасшы Аткинсонға Кенесарының қасында 300 адам болғанын, олардың арасында Іле аңғарынан қашып келген қытайлық жер аударылғандар да бар екенін айтып береді. Ол Аткинсонды Кенесарының өзі тұрған жерге де алып барды:

«Ол үшін бұл қасиетті жер еді. Бұл мекенді тастап бара жатқанымызда, Кенесарының көзі жасқа толды. Біз Кенесары аса құмартып көз салған тағы бірнеше өлкеге бардық. Содан кейін бір кездері киіз үйін тіккен жерге келдік. Оның ошағының басында әлі де күл қарайып жатыр екен. Кенесары бірнеше минут бойы соған көз тігіп, ойланып тұрды да, кейін бізді шығысқа қарай бастап жүрді. Алға қадам басқан сайын артында қалып бара жатқан атақонысқа жалтақтап жиі қарады. Жақсы естеліктерге толы бұл мекенмен қоштасқысы келмей, әрең кетті».

Осылайша, Томас даладағы маңызды тарихи оқиғаларға: жүздер арасындағы дау-дамай, қазақ руларының зәре-құтын қашыру үшін Ресей әскерінің күш қолдануына және Кенесары өмірінің соңғы кезеңіне тікелей куә болды.

Томастың өзі Сүйік сұлтанды айлакер, жылпос деп санап, оны еш қысылмай солай сипаттаған:

«Ұлы даланың о шеті мен бұ шетін араласаңыз, дәл мұндай қарақшыны табу қиын. Ол кезде жасы сексеннен асып кеткен, барымтаға өзі қатыса алмайды, бірақ көп барымта соның тапсырмасымен жасалатын. Тағы бірде оның ауылына қонақ болып келгенімде, Орта жүздің бірнеше қазағы келіп, оның қарақшылары өңгеріп кеткен әйелдері мен балаларын қайтарып беруін жалына өтінді. Олар олжа ретінде Сүйіктің қолына түскен екен, бірақ оңбаған шал олардың бір де бірін қайтармады. Ол Ресей императорынан зейнетақы алып отырды, өз елін сатып кетті және мәртебелі император мырзаны алдады».

Аткинсонның айтуынша, сұлтан оған «алқызыл шекпенін киіп, алтын медалін тағынып, І Александр сыйлаған қылышын ұстап тұрған» өз портретін салуды арнайы талап еткен. Сүйік сұлтан осы бұйымдарын ерекше мақтан тұтатын. Томас сондай-ақ сұлтанның мына бір қылығын да атап өтеді:

«Бір барымтада жауынгерлік айбалта оның мұрнын жарып, қисайтып жіберген екен. Мен оның портретін салып жатқанымда, ол қазіргі қисық мұрнын емес, түзу мұрын салуымды өтінді. Әйтпесе император оның барымташылық әдеттері туралы біліп қояды екен-мыс».

Люси Аткинсон да өзінің «Татар даласы және оның тұрғындары туралы естеліктер»iRecollections of Tartar Steppes and their Inhabitants атты кітабында кәрі сұлтан туралы жазған. Ол 1849 жылдың көктемінде Сүйіктің оларға қонаққа келгенін еске алады. Сол кезде ерлі-зайыптылар кішкентай ұлы Алатаумен бірге қазіргі Жетісу облысының аумағында, Жоңғар Алатауының етегіндегі Қапалда тұрып жатқан еді.

Томас Уитлам Аткинсон, Макс Розенталь. «Қос қалыңдықты қазақтар». Филадельфия, 1865 жыл / Ашық дереккөздерден

Томас Уитлам Аткинсон, Макс Розенталь. «Қос қалыңдықты қазақтар». Филадельфия, 1865 жыл / Ашық дереккөздерден

Люсиге шен-шекпенді сұлтанның тобы ұнаған сияқты, Сүйік те онымен реті келгенде әзілдесіп қалуға дайын болған. Ол былай деп еске алады:

«Айдың соңында Қапалдан кететініміз белгілі болғанда, қазақ достарымыз қоштасуға келді. Алғашқылардың бірі болып қарт Сүйік сұлтан келді, ол мені ерекше жақсы көретін. Сүйік: «Күйеуіңе айт: келесі жолы далаға сапарға шыққанда, сені өзімен бірге алып шығып, әуреге салмасын, мен оған қалағанынша көп әйел берем» деді. Сонымен бірге мені әрдайым қуана қарсы алатынын да қосты».

Өзгерген даланың дауылпаздары

Қапалда жүрген кезде Аткинсондар көптеген беделді қазақпен кездесті.

Өз басым шамамен 25 адамның аты-жөні мен өмірбаянын анықтай алдым. Алайда әлі де шешілмеген жұмбақтар аз емес. Аткинсон суретін салып, портретін жасаған бұл адамдар кімдер еді?

Әрине, саяхатшының олардың есімін жеткіземін деп фонетикалық тұрғыда бұрмалағанын ескеру қажет. Сол «беделді тұлғалардың» бірнешеуі мыналар: Жетісудан шыққан тимурид сұлтан Әли Иолди; Лепсі өзенінің маңын мекендеген Бұлания сұлтан; Алакөлдің батысындағы жерлерді мекендеген Бек сұлтан. Томас оны «даладағы ең ірі әрі ең бай қазақ» деп атаған; Иамантұқ сұлтан; Барлық тауларының солтүстігінде, Алакөлдің шығысында тұрған Ишонақхан сұлтан; ауылы Ишонақхан сұлтанның ауылына жақын орналасқан Дөлембі сұлтан.

Томас Уитлам Аткинсон. «Бұлания сұлтан» / Автор ұсынған бейне

Томас Уитлам Аткинсон. «Бұлания сұлтан» / Автор ұсынған бейне

Бұл кезде Балқаштың шығысы мен оңтүстігі аласапыран болып жатқан. Сол дәуірдегі оқиғалар туралы бізге куәгерлерден жеткен деректер өте аз. Меніңше, қилы тағдырға толы сол кезең туралы әлі де талай жаңа деректер ашып, көп нәрсе біле түсетініміз хақ.