ЖҮЗ ЖЫЛҚЫҒА БАҒАЛАНҒАН СӘУКЕЛЕ

Қазақ әйелі қалай киінген?

~ 12 мин оқу
ЖҮЗ ЖЫЛҚЫҒА БАҒАЛАНҒАН СӘУКЕЛЕ

Коллаж / Qalam

Қазақ мәдениетінде киім базалық қажеттілік пен жеке талғамның көрінісі ғана емес, әйелдің жас ерекшелігі мен әлеуметтік мәртебесін айқындайтын күрделі мәдени феномен болды. Зерттеуші Үміт Әшімова арнайы Qalam үшін дәстүрлі қазақ әйелінің аймақтық, жас және әлеуметтік ерекшеліктерге сай киіну мәдениетіне үңіліп көрді.

Мазмұны

Қыз-келін-ана: қазақ әйелінің тағдыры киім мәдениетінде

Жалпы атаумен «әйел киімі» деп аталса да, қазақ халқында әр жас кезеңіне тән киім үлгілері айқын ажыратылған. Мәселен, жаңа туған сәбидің ұл не қыз болуына қарамастан, иткөйлек пен сылау тақия кигізген. Балалық шақта жейде, бешпент, тірсек жең бешпент, көкірекше (телогрейка), кәжекей (кәзекей), шапан, шалбар секілді киімдер ересектер киімінің шағын нұсқасы ретінде тігілген. Төрт-бес жасқа толғаннан бастап қыз баланың шашын өсіріп, өріп, тақия мен тізесін жауып тұратын көйлек кигізіп, ерекшелей бастаған.

Александр Мелков. Қазақ қызы мен қарақалпақ қызы. Қарақалпақ автономиялық облысы. 20-ғасырдың басы / Ресей Ғылым Академиясының Антропология және этнография музейі (Кунсткамера)

Александр Мелков. Қазақ қызы мен қарақалпақ қызы. Қарақалпақ автономиялық облысы. 20-ғасырдың басы / Ресей Ғылым Академиясының Антропология және этнография музейі (Кунсткамера)

Қазақ қоғамында киімнің ең тәуірі мен әшекейдің ең асылы қыз-келіншектерге тән еді. Бойжеткен қыздар үкілі тақия, бөрік, оған қоса бүрмелі етек көйлек, камзол, бешпент сияқты қынама бел киімдер киіп, оюлы кебіс, мәсімен сәнденген. Әсіресе ұзатылатын қыздың киімі ерекше салтанатпен безендірілген.

Оюлы етік. 20-ғасыр. Былғары, барқыт, мақта мата, металл / ҚР ҰОМ қорынан

Оюлы етік. 20-ғасыр. Былғары, барқыт, мақта мата, металл / ҚР ҰОМ қорынан

Деректерде қалыңдықтың жібек желбіршекті көйлегі, барқыт камзолының сыртынан киілген жібек бешпенті, иығына жамылған парша шапаны, күміс шашбауы мен асыл тастармен әшекейленген сәукелесі оның мәртебесін асқақтата айқындап тұрғаны айтылады. Мәселен, «Қыз Жібек» жырында Жібектің киімі мен сән-салтанаты былайша сипатталады:

Алтыннан соққан сәукеле,

Маржаннан тағып шашына.

Жібектен киген көйлегі,

Жарқырайды күн нұрына.

Бешпент. Ақтөбе облысы. 19-ғасыр аяғы. Барқыт, шыт, зертаспа, ширатпа зер, кесте / ҚР ҰОМ қорынан

Бешпент. Ақтөбе облысы. 19-ғасыр аяғы. Барқыт, шыт, зертаспа, ширатпа зер, кесте / ҚР ҰОМ қорынан

Ұмытыла бастаған «қалыңдық тон»

Үйлену тойына арналып алдын ала дайындалатын, қазір ұмыт болған киімнің бірі — тон (шапан) еді және ол қалыңдық жасауының міндетті бөлігі болды. Баянауылда оны «бас тон», Жетісуда «кестелі тон», Маңғыстау өңірінде «қызыл тон» десе, оңтүстік өңірде «айырма шапан», «бекасап шапан» атаулары қалыптасқан. Қалыңдық шапанының жиегін кәмшат, құндыз терілерімен жұрындап, өзге түсті матамен, зертаспамен, оқамен әдіптеген. Қазақстанның солтүстік өңірінде мұндай тонның жиегіне бірнеше қатар күміс теңге қадаса, Жетісуда алдыңғы және артқы бойын тұтастай кестелейді, соған сай «кестелі тон» аталған. Ауқатты отбасылар қалыңдық шапанын парша, алтын және күміс зер қосылған қытай жібегі — маңлықтан тігіп, аң терісімен астарлайтын. Демек, қалыңдық киімі дараланып, оның әлеуметтік мәртебесін асқақтата көрсеткен.

Бірдей екі сәукеле болмайды

Қалыңдықтың ең бағалы киімі сәукеле десек, сәукеленің өзі — кереге, милық, төбе, тәж, құлақбау және артқыбау тәрізді бөліктерден тұратын күрделі конструкция. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке жасалып, соңынан біріктіріледі. Сәукеленің керегесі — аталмыш баскиімнің негізі. Оны жұқа басылған ақ киізден жасап, ішін жұқа матамен астарлап, сыртын қызыл түсті шұғамен, барқытпен тыстайды. Биіктігі 70 сантиметрге дейін жететін сәукеле керегесінің маңдайға келер тұсын милық дейді. Оны бағалы аң терісімен жұрындайды, кейде оның төменгі жағы да жібек немесе күміс шашақтармен әшекейленеді.

Сәукеле. 19-ғасырдың аяғы — 20-ғасырдың басы / ҚР ҰОМ қорынан

Сәукеле. 19-ғасырдың аяғы — 20-ғасырдың басы / ҚР ҰОМ қорынан

Сәукеленің төбелдірігін бекітетін бөлігі жеке дайындалады, оны төрт сайлы тақия тәріздендіріп кереге түсімен бірдей матадан тігеді немесе күмістен құяды. Оның ортасына үкі қадап, жиегіне шашақ тағып, алтын-күміспен әшекейлеп, сәукеленің төбесіне қондырғаннан кейін бұл бөлік бергек немесе тәж деп аталады. Бергекті дәулетті адамдар күмістен табақша тәрізді жасатып, асыл тастардан көз қондырып, үкі немесе қырғауыл қауырсынымен, қарқарамен әшекейлейді. Сәукеленің құлақ тұсынан екі құлақбау, желке тұсынан артқыбау деп аталатын, зертаспамен, тізілген моншақтарымен, күміс шытыралармен көркемделген, төмен салбырап тұратын бөліктер қондырылып, самай тұсынан бетмоншақ, жақмоншақ тәрізді әшекейлер тағылады. Ауқаттылар жақмоншақты (жақтауды) маржан, перуза, меруерттен тізеді. Оның ұзындығы иесінің байлығын анық көрсетеді. Мұндай тізбе моншақтар белге дейін жетеді, кейде тізеден төмен түсіп тұратындары да кездескен. Орта дәулеттілер қыздарының сәукелелерін арзанырақ болса да малта тастармен көмкеріп, әшекейлермен безендіреді. Ал кедейлердікі жай қызыл шұғадан тігілген қалпақ еді.

Сәукеленің әшекейлік жүйесі белгілі бір символдық кодтарға негізделген, қорғаныштық, ғұрыптық және магиялық мағынаға ие. Оның композициясында космогониялық мазмұндағы ою-өрнектер, табиғат пен ғарыш символдары жиі кездеседі. Мұндай өрнектердің ішінде «өмір ағашы», өсімдік тектес өрнектер және зооморфтық элементтер ерекше орын алады. Олар әлемнің құрылымы, өмірдің жалғастығы және ұрпақ сабақтастығы идеяларын бейнелейді.

Cәукеле. 19-ғасыр / Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің экспозициясынан / Qalam

Cәукеле. 19-ғасыр / Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің экспозициясынан / Qalam

Дәстүрлі қазақы ортада сәукеле ғұрыптық әрі символдық бұйым ғана емес, маңызды экономикалық нысан болған. Айталық, 19-ғасырда қымбат сәукеленің құны 100 таңдаулы аттың құнына тең болған. Аса көркем әшекейленген мұндай қымбат сәукелелердің Бөкей Ордасында кездескен бір түрінің құны күміс ақшамен 1 000 сомға бағаланса, Семей төңірегінде 2 000 сомға жеткен көрінеді. 19-ғасырдың орта шенінде Жетісу атырабында жасалып, Ленинградтағы Антропология және этнография музейіне сыйланған бір сәукеле 100 жылқының құнына бағаланған.

Сәукеле киген қалындық. 19-ғасыр / Alamy

Сәукеле киген қалындық. 19-ғасыр / Alamy

Екі бірдей сәукеле жоқ. Әр зергер осы баскиімді өзіндік әдіспен безендіріп, әшекейлеген. Сондықтан сәукеле декорының қайталанбас композициясы тұтас семиосфераны білдірген.

Келін белгісі — желек

Тұрмысқа шыққан қыз келін атанып, оның киімі жаңа ортадағы әлеуметтік мәртебесін айқындады. Келін алғашқы жылы той-томалақта басына сәукелесін киіп, ал күнделікті өмірде желек жамылып жүрді. Яғни сәукеле бір күн емес, бір жыл бойы киілетін мәртебелі баскиім.

Жюль де Кювервиль (1865–1927). Қазақ әйелдері балаларымен бірге, 1895 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Жюль де Кювервиль (1865–1927). Қазақ әйелдері балаларымен бірге, 1895 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Ал оның орнын алмастыратын желек — жеңіл матадан тігіліп, күрең өңді жіптермен кестеленген, баскиімнің шетін ала, шеке-маңдайды жаба келіп, бетті ғана ашық қалдыратын, ұзындығы тізеден асатын ғұрыптық киім түрі. Кей өңірде келіндер тұңғыш перзентін дүниеге әкелгенге дейін, кей жерде бір-екі балалы болғанға дейін желек жамылып жүрген.

Кимешек кию рәсімі

Уақыты келгенде арнайы мал сойып, ауылдың сыйлы аналарын, абысын-ажындарын шақырып атай отырып, желекті салтанатты түрде шешіп, орнына кимешек кигізеді. Кимешектегі кесте түрлері де ерекше мәнге ие: жас келіндерге арнап қызыл, күлгін түсті зер жіппен кестеленіп, моншақпен, танамен әшекейленген кимешектер тігілген. Ал жасы ұлғайған, мосқал тартқан әйелдер кимешегінің реңі біркелкі, кейде бояуы сұйықтау ақшыл, сары түстермен кестеленеді, бірақ әшекейленбейді. Сондай-ақ кимешектің қызыл жіппен шым кестеленуі «бұл кісінің күйеуі бар» дегенді аңғартса, қосағы дүниеден өткен жесір әйел­дер қызылды-жасылды ою-өрнегі жоқ, кейде тек ұсақ шытыра қадалып, су жүргізген ақ кимешек киеді.

Кимешек. Алматы облысы, 1950 жыл. Мақта мата, маржан, седеп, шытыра / ҚР ҰОМ қорынан

Кимешек. Алматы облысы, 1950 жыл. Мақта мата, маржан, седеп, шытыра / ҚР ҰОМ қорынан

Дәстүрлі қазақы ортада жөн білетіндер кимешегіне қарап-ақ жесір отырған жерде оның көңі­ліне келіп, қаяу тигізетін артық ауыз сөз ай­ту­дан тыйылған.

Қазақы ортада әр рудың кимешектерi пiшiмi, түрi және сырт көрiнiсi жағынан өзгеше болған. Кимешектің ең көне түрі — орама кимешек, көбіне солтүстік өңірдің қазақтары арасында таралған. Шығыстағы кимешектер қысқалау, алдыңғы жағы қиғаш төртбұрыш секілді болған, оның екі жағына шаршы секілді жақтаулар бекітіліп тігілген. Сыр бойы қазақтарының арасында пішімі бөлекше бүрмелі кимешек болған. Жетiсу өңiрiнде кимешектің жағындағы жалпақ кестелерге қосымша моншақтар, күмiстен жасалған әшекейлер, күміс теңгелер, кейде түйреуіш қоса тiгiлген. Бұл кимешекке сән беріп, әрi оны төмен қарай басып, қыртыстанбай, жазылып тұруына әсер етедi. Орталық өңiрде кестеге онша көп мән берiлмеген, бiрақ моншақ, маржан, күмiстен, түрлi тастан жасалған тағымдар қадаған. Оңтүстiк Қазақстан мен Маңғыстауда кимешекті кестелеумен қатар, түстерi ашық матамен, тоқыма ызбалармен шеттiктеген. Жиын-тойларға киiп баратын кимешектердiң тiгiсiн бойлай күмiс шытыра қадап, кеудесi мен жауырын бөлiктерiнiң төменгi жағына шашақ тiккен.

Орамал, бөкебай, жаулық

Қазақ халқында орамалдың кестеленуі, шашағы мен тоқылуына қарай, кестелі орамал, шашақты орамал, ілме орамал, бөртпе орамал, түбіт орамал деп ажыратса, матасына қарай шыт орамал, жібек орамал, шәйі орамал, ләтте орамал, бөз орамал деген түрлерге жіктейді. Орамалды да желек сияқты келін болып түскеннен кимешек кигенге дейін тартқан.

Әйелдердің қыстық орамалы — бөкебай ешкі түбітінен шаршы, үшбұрыш немесе төртбұрыш пішінді етіп тоқылған. Бөкебайдың халық арасында шәлі, бөкебай салы, бөкебай орамал, түбіт орамал деген атаулары да кездеседі.

Бөртпе шәлі. Алматы облысы. Жібек жіп, тоқу / ҚР ҰОМ қорынан

Бөртпе шәлі. Алматы облысы. Жібек жіп, тоқу / ҚР ҰОМ қорынан

Жаулық пішіміне, киілу тәсіліне, көлеміне, матасына байланысты алуан түрлі болып келеді және әр өңірде түрлi аталады. Айталық, Жетiсу, Алтай өңiрлерiнде — шылауыш, Орталық, Шығыс Қазақстанда матаның пішіміне байланысты — шаршы, ал Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігінде — қарқара, күндік деп аталатын түрлері де бар. Шылауыш ақ матадан (жібек, шыт т.б.) шаршы етіп пішіліп, тігіледі де, кимешек үстінен немесе арнайы қатырма сыртынан оралып, түйреуішпен ұстатылады. Жаулықты басқа ғана емес, иыққа да жамылғы ретінде пайдаланған.

Ел арасында жібектен тоқылған ақ жаулықты «ақ желек» деп атаған, оны жас келіншектер тартқан. Сонымен бірге ақ түсті матадан тігілген кимешек, күндік, кимешектің жамылғысын да бейнелі түрде ақ жаулық деп атайды. Ертеректе ақ жаулық күйеу жігіттің ұрын барғанда қыз ауылына апаратын сыйлықтарының қатарына кірген.

Қасаба қандай баскиім?

Қазақ қыз-келіншектері киетін баскиімнің бірі, көне түркі (қыпшақ) баскиімінің негізгі элементтерін бойына сіңірген — қасаба.

«Қасаба алтын зерлі деген мағынаны береді» дейді оны жаңғыртқан этнограф, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков.

Қасаба / Ornekkz, Wikimedia Commons

Қасаба / Ornekkz, Wikimedia Commons

Қасабаны көбіне төре, сұлтандардың қыздары киетін. Оның өн бойы түгелдей зертаспамен әдіптеліп, алтын түстес жіптермен кестеленетін болған. Қасабаны келіншек үкісіз, желексіз, сыртына жаулық салып, тойдан кейін де киген. Сөйтіп, тіліміздегі «қасабалы келіншек», «қасабалы қалыңдық» деген атауларды қалыптастырған. Өзге баскиімдерден басты ерекшелігі — оның асқан талғампаздықпен кестеленіп орындалуында.

Қасаба. Барқыт, жібек, оқа, зертаспа, ширатпазер, шашақ, металл / ҚР ҰОМ қорынан

Қасаба. Барқыт, жібек, оқа, зертаспа, ширатпазер, шашақ, металл / ҚР ҰОМ қорынан

Дәстүрлі көйлек қалай өзгерді?

Бой киімдерге келер болсақ, қазақ әйелдерінің көйлегі әдетте кебенекше ойып, кең-молынан пішіліп, жеңдері тік, ұзын әрі кең болып келетін. Жаға ойындысынан көкірек тұсына дейін тілік шығарылып, мойын тұсынан баумен байланатындай етіп тіккен, ал кейінірек бұл бау орнына түйме қолданылды.

Сәнді көйлек. Орал өңірі. 19-ғасыр ортасы. Барқыт, оқа, күміс жіп, шашақ, кесте / ҚР ҰОМ қорынан

Сәнді көйлек. Орал өңірі. 19-ғасыр ортасы. Барқыт, оқа, күміс жіп, шашақ, кесте / ҚР ҰОМ қорынан

19-ғасырдың ортасында көйлек жағасы көбіне ойық, қайырма жағалы болған, ал ғасырдың екінші жартысында оны тік жаға алмастырды. Сәнді көйлектерге белге дейін астар салынатын. Айта кетерлігі, бойжеткендер көйлегі жағасының алдыңғы өңірінде ойық болмайды. Кейіннен көйлектердің ескі үлгісі ығыстырылып, үстіңгі бөлігі мен белден қиылған етегі бар үлгіде тігіле бастады. Сондай-ақ бойжеткендер бүрмелі етек көйлек кие бастады. Күнделікті киюге арналған көйлектер жеңіл мақта-маталардан тігілсе, 19-ғасырдың ортасынан бастап көйлектерге негізінен орыс, қытай өндірісі маталары және басқа да фабрикалық мақта-маталар қолданылған. Көйлектің кең-молынан пішіліп, жеңдері тік, ұзын әрі кең болып келуі әрі ыңғайлы, әрі әйелдің дене бітімін анық көрсетпеу мақсатынан туындаған.

Үнемі өзгеріп, дамып отыратын сән заңына сәйкес, 20-ғасырдың алғашқы кезеңінде көйлек пішімі тағы да өзгере бастады: көйлектерді қолтық ойындысын шығару, жеңге жеңұш қосу не артқы бойына бүкпе салу арқылы денеге қонымды етіп тігетін болды.

Камзол қалай тігілді?

Қазақ әйелдері әдетте үй ішінде көйлек сыртынан камзол киеді. Камзолдың белі қынала келіп, етегіне қарай кеңейе түскен. Қыздар мен жас келіншектердің камзолдары көбіне кестеленіп, оқа бастырылады, кейде тиын, седеп, күміс тана-түймелермен безендіріледі.

Камзол. Ақтөбе облысы. 20-ғасыр басы. Парша, жібек, оқа /  ҚР ҰОМ қорынан

Камзол. Ақтөбе облысы. 20-ғасыр басы. Парша, жібек, оқа / ҚР ҰОМ қорынан

Оңтүстікте камзолдың жағасы мен бел сызығына моншақ тізбектеріне ілінген күміс теңгелер тігетін. Кейде белді айналдыра ірі күміс таналар мен оқа тігеді, ал жағасына ұсақ күміс шытыралар қадайды. Жетісуда көбіне оқамен көмкеріп, жағасы мен беліне бір-екі қатар күміс теңгелер қадайды. Батыс, шығыс және орталық өңірлерде камзолды оқа, таспа, шашақталған таспамен әсемдесе, солтүстікте алдыңғы, артқы бойын етегіне дейін тұтастай теңге қадап көркемдейді. Камзолдың алдын жабу үшін қапсырма тағады. Нағыз шебердің қолынан шыққан қапсырмаға қолы жетпегендер күміс тиынның бетін тегістеп егеп, қарапайым өрнек салып, ілгектерін дәнекерлеп жасап алады. Қапсырма ретінде қырлы әйнектен жасалған түйме немесе күміспен қапталған тастан жасалған түйме, седеп түймелер қолданылатын.

Белдемше

19-ғасырдың аяғына қарай қолданыстан шыққан әйел киім-кешегінің элементі — белдемше. Белдемшені тығыз матадан, астарына жұқа киіз салып немесе жиі сыру арқылы тігіп, белге байлауға арналған ызбалы бау салатын. Жиын-тойға киіп баратын белдемшелер кестеленіп, жиектері кәмшат терісімен жұрындалып, оқа бастырып, тіпті кейде күміс теңгелер мен тоғалар қадалатын.

Сырт киімдер

Қазақ әйелдерінің сырт киімдері — күпі, ішік, сырма шапан болды. Ауқатты отбасындағы әйелдер түлкі ішік, пұшпақ ішік кисе, шаруа әйелдері жүн, мақта салып сырып тіккен сырма шапан киді.

Ауқатты қазақ отбасы, Семей, 1877 жыл / Gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Ауқатты қазақ отбасы, Семей, 1877 жыл / Gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Аяқкиім: түзу табан мен қисық табан

Дәстүрлі ортада аяқкиім тігумен тері, қайыс өңдеуге машықтанған етікшілер айналысты. Етікшілердің атадан балаға беріліп отыратын өзіндік технологиясы, яғни тәсілдер жүйесі болды. Ертедегі аяқкиімдер оң және сол аяққа бірдей киіле беретін түзу табан етіп тігілетін. Оң немесе сол аяққа деп бөлінбейтін бұл аяқкиімдердің тұмсығы қайқы, өкшелі болып келетін. Ал оң мен солды ажыратып тігетін қисық табан аяқкиімдер кейінірек қалыптасты. Мәсі, сірімен қапталған киіз байпақ өкшесіз аяқкиім түріне жатса, өкшелі аяқкиімнің шоңқайма, мықшима, оюлы етік, кебіс (лақабас, құймалы, мықшима, қосай, көксауыр кебіс) секілді түрлері болды.

Көксауыр шоңқайма кебіс. Орталық Қазақстан, 20-ғасыр басы. Көксауыр, көн, барқыт, мүйіз, металл /  ҚР ҰОМ қорынан

Көксауыр шоңқайма кебіс. Орталық Қазақстан, 20-ғасыр басы. Көксауыр, көн, барқыт, мүйіз, металл / ҚР ҰОМ қорынан

Сәнді аяқкиімдердің өкшесі жез тойнақпен қапталып безендірілетін. Мұны «Қыз Жібек» жырында:

Өзі он төрт жасында-ай,

Кебісінің өкшесі,

Бұхардың гауһар тасындай, — деп суреттеген. 

Ауқатты отбасындағы әйелдердің аяқкиімдерінің қонышы, басы және өкше бөлігі өзге түсті материалдармен оюланып безендіріліп, кестеленетін. Жалпы аяқкиімге көбіне былғары, қара құрым, шегірен, көксауыр сияқты материалдар қолданылды.

Қазақ әйелінің киім мәдениетіндегі түстер сыры

Дәстүрлі қазақ қоғамында киім адамның жасын, әлеуметтік мәртебесін және өмірлік кезеңін айқындайтын маңызды мәдени белгі болғандықтан, оның түсі әйелдің жасын, отбасылық жағдайын, тіпті ел ішіндегі мәртебесін үнсіз білдіріп отырды.

Бірыңғай қызыл немесе қызыл ала түстер негізінен бойжеткен қыздар мен жас келіндердің киіміне қолданылды. Өйткені қазақы ортада қызыл түс өмір, от пен күш-қайрат, жастық пен сұлулық, ұрпақ жалғастығының белгісі бола отырып, көз тиюден, зұлым күштерден қорғау қызметін атқарды. Қызыл көйлек, камзол, қызыл өрнек немесе ашық реңктер әйелдің репродуктивті жасын, өмірге ашықтығын көрсеткен. Этнографиялық деректерде қазақ қыздарын атастыру кезінде қызға арнап қызыл мата қиындысына әшекей қадап әкелетіні туралы жазылған. Дәстүрлі қазақы ортада отыз жастан асқан әйелдер қызыл түсті көйлек кие бермейтін. Есейген сайын әйел үшін сабырлы, байыпты реңктер лайық деп танылған.

Әйел киіміндегі ақ түс тазалық, пәктік және сакралды мәнмен байланысты. «Ақ кимешек киген әйел», «ақ жаулықты ана» тіркестері тұрмысқа шыққан, ана мәртебесіне жеткен, қоғамда орныққан тұлғаны айшықтайды. Бұл жерде ақ түс әйелдің биологиялық емес, әлеуметтік жетілуінің белгісі ретінде көрінеді.

Ирина Вилковир. Қазақ әйелі баласымен. 1952 / bonart.kz

Ирина Вилковир. Қазақ әйелі баласымен. 1952 / bonart.kz

Көк және оның өзге де реңктері, сондай-ақ солғын түстер көбіне орта жастағы әйелдер киімінен көрініс тауып, рухани кемелдену кезеңін білдіреді. Жалпы алғанда, көк түс көк әлемін меңзейді.

Жасыл түстің ашық реңктері көбіне жастардың киіміне қолданылды. Ол, жаңа шыққан шөп секілді, өсудің, жас өскіннің белгісі. Жасылдың қою реңктерінен тоқталған, рухани жетілген адамдар киінді. Жасыл түс мұсылман мәдениетімен тікелей байланысты.

Сары түс, алтын түстес реңктер — күннің, от стихиясының, күздің, яғни құнарлылықтың символдарының бірі. Қазақтың дәстүрлі киімінде сары түс тұтастай да, жекелеген бөлшектерде де қолданылады.

Қара түс қазақ мәдениетінде қайғының ғана емес, сонымен қатар байсалдылық пен өмірлік тәжірибенің белгісі болып саналады. Бұл түс өмірдің сабырлы, орныққан кезеңін көрсетеді. Әйел киімінде қара және қоңыр түстер көбіне егде әйелдер мен бәйбішелердің күнделікті тұрмыстық киімдерінде кездесіп, ұстамдылықтың көрінісі ретінде қабылданған.

Әсіресе әйелдер қара түсті жоқтау, қайғы жағдайларына байланысты киген. Қазақы танымда «қара жамылу» деп аталатын бұл кезеңде әйелдер сәнді киімдері мен әшекейлерін шешіп, кимешегінің жағын бұзып, қаралы күйге енген. Осы тұрғыда қара түс шектеу, сабыр және дүниеден алшақтауды білдіреді. Философиялық мағынада ол әйелдің өмірлік циклінің соңғы кезеңдерін, жинақталған тәжірибе мен үнсіз беделді білдіреді.

Сәукеле мен шапан. Қазақстан, 19-ғасыр / Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің экспозициясынан / Qalam

Сәукеле мен шапан. Қазақстан, 19-ғасыр / Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің экспозициясынан / Qalam

Соған қарағанда, қазақ әйелінің киіміндегі түстер жеке талғамнан гөрі, ұжымдық дүниетанымның нәтижесі болды. Түс арқылы қоғам әйелдің кім екенін, қай жас кезеңінде тұрғанын және қандай мәртебеге ие екенін «оқи» алды. Сондықтан әйел киімі — денені жапқан мата ғана емес, қоғамдық сана «тоқып берген» мағыналар жүйесі. Ал ондағы түс семантикасы — ұрпақтан-ұрпаққа берілген күрделі мәдени код, маңызды семиотикалық жүйе екені шүбәсіз.

Шаш пен оны әшекейлеу

Қыз балалар шашын көп бұрым етіп өріп (қырық бұрымға дейін), басына үкілі тақия, үкілі бөрік киіп жүретін болған. Қыздың осы бұрымдары кейін ұзатылып, келін болып түскен кезде бір бұрым болып өріледі. Ол — «екі жұп қосылды» дегенді білдіретін әлеуметтік жосын. Сондай-ақ бойжеткен қыздың шашының өріліп, шолпы, шашбау тағылып ашық болуы — жастықтың, пәктіктің белгісі саналса, тұрмыс құрған әйел үшін шашты жабу міндетті норма еді. Жалпы, әйел адамның басына орамал салып жүруі тіл мен көзден сақтанумен қатар, тазалық талабына да байланысты. Бойжеткен қыздар мен келіншектер үй шаруасымен айналысқанда бұрымын шаң-тозаңнан, далада ас пісіру, мал сауу, жүк арту, киіз басу, жүн сабау, ши тарту, үй тігу сынды жұмыстар кезінде, көш барысында күнге күюден қорғайтын арнайы шашқап киген. Шашқапты бұрымның көлеміне қарай шақтап барқыт, мақпал, мауыты сияқты маталардан тігіп, зер жіптермен кестелеп, оқа бастырып, кейде тіпті бағалы тастардан моншақ қадап, күміс шытарлармен безендірген. Қазіргі таңда шашқап тіпті музейлерде де өте сирек кездеседі.

Сонымен қатар баскиім ішінен шашты (бұрымды) шаң-тозаңнан қорғау үшін ақжамшы деп аталатын жұқа матадан шыт тартқан. Шашқа қосылып өрілетін және шашқа тағылатын әшекей бұйымдардың бірі жебелек деп аталған.

Ақзел Бейсембай. Шолпы. 19-ғасыр / Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі / Qalam

Ақзел Бейсембай. Шолпы. 19-ғасыр / Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі / Qalam

Қыз балаға 12–13 жасынан бастап кеудесіне күмістен өңіржиек, шашына шолпы, шашбау, шаштеңге тағу сәндеп әшекейлеумен қатар, оның сымбатының қалыптасуына, еңсесін тік ұстап жүруіне әсер еткен, сондай-ақ бұйымның салмағынан шаш ұзын болып өседі, қыздың мойны ұзын болып қалыптасады деген ойдан шыққан. Шаш әшекейінің сыңғыры қыздың келе жатқанын білдіріп, ер адамдарға ескерту болған.

Әйелдің сыртқы келбеті, киімі мен әшекейі оның жеке таңдауынан гөрі, рулық-қауымдық нормалармен, әдеп жүйесімен және дүниетанымдық ұстанымдармен реттелетін. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әйелінің киімі — денені жасыру немесе сәндеу құралы болуымен қатар, мәдени-тұлғалық шекараны айқындайтын әлеуметтік механизм ретінде де қарастырылады. Киім арқылы әйел денесіне қойылған символдық шектер қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етті.