ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ, ТЕКТІЛІК ТҰҚЫМ ҚУАДЫ

Абай облысы

Мазмұн

Алғы сөз

«Тегін білмеген — тексіз» деген бабалардан қалған асыл нақыл намысымды қамшылап, тамыры тереңде жатқан, бірақ бүгінгі жаңа ұрпағының болашағы жарқын әулеттің тарихына ден қойып отырмын. Менің есімім — Жанерке, Семей қаласында тұрамын. Бұл әңгіме менің нағашы апамның ата-анасы, менің үлкен ата-әжемнің өнегелі өміріне арналады. Атамыз Нұрғалиев Самарқан Нұрғалиұлы Ұлы Отан соғысының ардагері болса, әжеміз Қойбағарова Елемес Қойбағарқызы тыл майданының ардагері, екеуі де елдің тыныштығы мен жеңіс үшін күрескен жандар.

Майдангердің ұрпағы: шөбересі Жанерке

Майдангердің ұрпағы: шөбересі Жанерке

Менің атам — Майдангер!

Менің үлкен атам — Нұрғалиев Самарқан Нұрғалиұлы. Ата тегі — Найман елі Матай тегінің Біте бұтағынан тараған. Атам 1913 жылы наурыз айында Ортабұлақ ауылында дүниеге келген. Атақонысы — Семей облысы, Жарма ауданы құрамына енетін теміржол бойындағы Жалғызтөбе станциясы. Атам үш ағайынды екен. Үлкені Кәкім ата, інісі — Қазез ата. Берекелері жарасқан әулет болған. Қыздары пысық, келіндері инабатты. Ағайын-туыс, көрші-қолаң аралас-құралас боп кеткен. Үлкен-кішісі атамызды «Самаш» деп дәріптейді екен. Балаларға зекіп, ашу шақырып ұрыспайды. Бірақ үйде қатаң тәртіп сақталған. Бұл үйдегілердің ешқайсысы шалыс баспайды. Атамның «От скандал» деген қыстырма сөзінің өзі ұнамды. Өмір шындығын бұрмаламай, жүрегі қалай қаласа, солай сөйлейтін адам болыпты. Көргені көп, көкейде оқығаны мен тоқығаны мол жанның аузынан шыққан әр сөзін балалар мен немерелер, оның бірі менің анам, саналарына сіңіруге талпынған.

Самархан атам өте сырбаз мінезді, әңгімешіл жан болыпты. Атам қыздарынан тараған немерелердің барлығын көріп кетті. Сабақ біте сала, демалыс басталған кезде Мақаншыдан бөлелер, Үшбиіктен анам, сіңлісімен бірге атам мен апамның ауылына кетеді екен, сөйтіп отыз бірінші тамыз күні ғана барлығы сабаққа оралады.

Бірде әңгіме үстінде атамнан жездеміз сұраған екен:

  • Аға, ұлдардан көрген немерелерден кейін біздің балаларымыздың дәрежесі төмендейтін шығар, – деп.

Нұрғалиевтер әулеті

Нұрғалиевтер әулеті

  • Жоқ, балам, «балдай тәтті жиендер» деген қазақта сөз бар. Осылай деп тектен-текке айтыла салмаған шығар. Бірде демалып жатқан бабаның шырқын бір топ балалардың шөрелеген айғай-шуы бұзып жібереді.

Баба Төлегетайдан:

  • Балам, далада ешкі қайырған дауыс не?, – деп сұрағанда Төлегетай:

  • Серкелерінің санына жете алмай жүрген жиендер ғой, – дейді.

Сонда Сүгірше ата:

  • Ананың күші саған асқар бел болсын. Жиен назары ана тілегінен қағыс қалмасын, «Қырықтың бірі Қызыр» дейді ғой, сол шіркіндердің әрбіреуіне қырықтан серке бөліп беріп, алдына салыңдар, – депті.

Міне, жиендерге қырық серке беру содан қалған екен деген аңыз бар. Сондықтан да жиендерім қашанда маған қымбат әрі сұрағандарын беріңдер, қолын қақпаңдар депті, жарықтық атамыз.

Біздің ел, – деп Самархан атам әңгімесін одан әрі жалғады, – Найманның ішінде Сүгірше, Төлегетай, Қытай деген бабалардан бастау алып, тарамданып кете барады. Елім, жерім дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимеген жарықтықтардың рухы алыстағы әулие-әмбилер мекені атанған Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған деген жерде жатыр. Ол — Хорасан ата, Қылауыз ата, Қылыш, Төлегетай, Үш ата, Көкен батыр, Айқожа ишандар мекендеген жер. Осыны есіңе сақта, қарағым! – деп. Бұл естеліктерді атамыздың күйеу баласы, Ардақ апамның жары Аманкелді Бөгісов атамның естеліктерінен оқыдым.

Атамыз Самарқан Нұрғалиұлы

Атамыз Самарқан Нұрғалиұлы

Самархан атам Ұлы Отан соғысына қатысқан, жеңіс сыйлаған, елді аяғына тік тұрғызған, болашаққа жол салған қарт жауынгердің бірі. Атам Прибалтикалық майданның 3-соққы армиясы құрамында соғысқа қатысқан. 146 атқыштар дивизиясының бөлім командирі болған, шені — сержант.

Анам Шұғыла мен оның сіңлісі Жанар жаз айлары демалысын нағашы атасы мен апасының ауылында өткізеді екен. Күнде кешке ұйықтар алдында аталары соғыс туралы әңгіме айтады. Анамның айтысы бойынша, төр үйдегі пеш маңында атамның төсегі тұрады, терезе түбінде балалар ұйықтайды. Бөлмеде тас қараңғы болғанымен, атаның әңгімесі басталғанда төбеде үлкен экран ашылғандай болатын дейді анам. Атамның айтқан әрбір естелігін сол экран арқылы елестетіп, көретінмін дейді. Сондай бір кештің бірінде атам келесі әңгімесін айтқан екен:

Атамыз Самарқан Нұрғалиұлы

Атамыз Самарқан Нұрғалиұлы

Қыс кезі. Псков жерінде үлкен ұрыс кезінде қатты жараланады. Тұтқынға түскен. Латвия жері. Қатты жаралы совет жауынгерлеріне латыш азаматы — дәрігер жанашырлық танытып, көмек берген екен. Әскери шені бар жауынгерлерді фашистер қинайтынын біліп, атам сол жерде өзінің құжаттарын жерге көміп кеткен. Тұтқында отырып, атам және тағы бір жауынгер қашуға бел буыпты. Дәрігердің жертөлесінде тығылып, біраз уақыт керекті заттарды дайындайды. Алайда уақыт келгенде жанындағы жауынгер қорқынышын жеңе алмай, сол жақта қалып қояды. Ары қарайғы оның тағдыры туралы атама беймәлім. Атам тұтқыннан қашып шығып, қамысты өзен бойымен қашып келе жатады. Қалтасында «Беломорканал» папиросынан басқа ештеңе жоқ екен. Жаңбыр жауып тұр. Артынан немістер ит қосып, ізіне түсіп келе жатыр.

Атамның жанын сақтап қалған «Беломорканал» папиросы

Атамның жанын сақтап қалған «Беломорканал» папиросы

Иттің үргенін, фашистердің даусын естіп, «біткен жерім осы шығар» деп ойлап, қамыстың ортасына тығылып, темекісін тұтатып, шеге бастаған. Қуғыншылар дауыстары жақындап келеді. Бір мезетте жаңағылар қамыстың ортасындағы атамды көрмей, маңайын айналып өте береді. Сөйтсе жаңбырлы күні, оған темекінің иісі қосылып, иттер адам иісінен жаңылады екен. Жау алыстап кеткенше біраз уақыт есеңгіреп, өзіне өзі сенбей, отырып қалып, кейінше есін жиып, атам ары қарай жолын жалғастырады. Күн-түн жүріп совет әскеріне жетеді. Өкінішке орай совет армиясы құжатсыз жауынгерді қабылдамай, сенімсіздік танытып, штрафбатқа жібереді. Ол деген сөз, қандай да ұрыс болмасын ең алдыға, авангардқа осы жауынгерлерді шығарады екен. Қолдарына қару да берілмейді.

Сол кезде атамыз әңгімесін қызықты қылып, шошытпай, ертегі айтқандай айтатын дейді анам. Кейін өсе келе соның барлығы жай ғана әңгіме емес екенін, жас жауынгерлердің басынан өткен қиыншылықтарды, өліммен бетпе бет келген атамның жайын, жеңістің қандай қиындықпен келгенін ұқтым дейді.

80 жылдар соңы. Атам әлі дүкеннен «Беломорканал» папиросын алғызады. «Ата, ағалар сияқты неге заманауи жаңа шылым шекпейсіз?, – деген сұраққа, – бұл папирос менің жанымды сақтап қалған! – деген жауап қайтарады екен. Сол сөзі әлі күнге дейін анамның жадында.

Анамның есінде қалған тағы бір әңгіме — ол атамның бір кезде жасырып кеткен құжаттары туралы еді. Ол үнемі ұлдары мен қыздарына: «Мені Латвияға апарыңдар, мен әскери билетімді қай жерде жасырғанымды білемін, тауып аламын», – деп отырады екен. Кейіннен аға-тәтелеріміз сол кезде жастықпен сөздеріне мән бермеппіз деп айтатын. Ал анам: – Әттең, бала болдым, әйтпесе атамды өзім-ақ апарып келер едім, – дейді сағынғанда.

1985 жылы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында атамызға Запорожец маркалы автокөлігі берілді. Атамның адал адам екендігінің белгісі — аудан орталығына өзі барып, автомектепте оқып шығады. Сол кезде жасы 70-ке келіп қалған шағы екен. Емтиханын тапсырып, құжатын қолына алған. Әжеміз екеуі мәшинеге отырып алып, көрші ауылға барып-келіп жүреді екен. Анамның айтуынша атамыз жазда немерелерін қарақат теруге, өзенге апарады екен. Бір ғана талабы бар: көліктің ішінде отырғанда сөйлеуге болмайды, әсіресе жүргізушіге.

«Боздақтар» кітабының мұқабасы

«Боздақтар» кітабының мұқабасы

2000 жылы «Боздақтар» атты Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға ескерткіш-кітап жарық көрді. Анам — студент. Кітапты ауылдық әкімдіктен менің нағашы атам Кенжеғали Рәмиұлы үйге алып келеді. Сол күні түнде, апайым Жанар ұйықтамай, бәлкім бір таныс фамилия кездесер деп, кітапты қарап жатып, 141 беттен атамыз туралы деректерді тауып алып, түн ішінде бүкіл үйді оятты деп анамның айтқаны бар. Сол деректерге сүйенсек 1943 жылдың қараша айында Псков облысы Пустошкин ауданының Плешково деревнясы маңында болған үлкен ұрыс кезінде атам қаза тапты делінген.

«Боздақтар» кітабы, атамыз Нұрғалиев Самарқан туралы жазылған ақпарат, 141 бет.

«Боздақтар» кітабы, атамыз Нұрғалиев Самарқан туралы жазылған ақпарат, 141 бет.

Осы орайда атамның әңгімесі еске түседі. Осы ұрыстан кейін өлді деген атам тұтқынға түсіп, 1944 жылы әскер қатарына қайта оралып, штрафбаттан кейін 391 атқыштар дивизиясының құрамында қызметін жалғастырған. 1946 жылы атам соғыстан аман-есен оралды.

2007 жылы құрылған Ресей мемлекетінің Мемориал сайтында да атамыз туралы құжаттардың көшірмесі тіркелген.

Самарқан Нұрғалиұлы туралы Ресей Федерациясының «Мемориал» сайтындағы ақпарат

Самарқан Нұрғалиұлы туралы Ресей Федерациясының «Мемориал» сайтындағы ақпарат

Ресей мемлекетінің «Память народа» порталында атамыз туралы ақпарат тіркелген.

Сонымен, 1946 жылы атам соғыстан аман-есен оралып, 1947 жылы әжем Қойбағарова Елемес Қойбағар қызымен шаңырақ көтеріп, Нұрғалиевтер отбасында 3 ұл мен 3 қыз дүниеге келді. Атам 1991 жылдың 5 тамызында атам дүниеден өтті. Жаңғызтөбе станциясында жерленген.

Үлкен атам мен үлкен әжем Самарқан Нұрғалиұлы мен Елемес Қойбағарқызы немерелерімен

Үлкен атам мен үлкен әжем Самарқан Нұрғалиұлы мен Елемес Қойбағарқызы немерелерімен

Атамның медальдары

Атамның медальдары

Атам соғыстан кейінгі бейбіт заманда да ел игілігі үшін аянбай тер төккен жан. Ұлы Отан соғысының 2-дәрежелі орденімен және т.б. медальдармен наградталған.

Атамның тірі күнінде 9 мамыр Жеңіс күнінде апам Айжан Самарханқызы екі қызын алып, дәстүр бойынша Үшбиіктен Жаңғызтөбеге атамды құттықтауға барады екен. Атам дүниеден өткеннен кейіннен бұл дәстүр бұзылмады. Зират басына барып, құран бағыштап қайтамыз. Мен де жыл сайын апаммен барып тұрамын. 2013 жылы атамның туғанына 100 жыл толуына байланысты үлкен ас берілді. Қазағымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр осы уақытқа дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Атам мен әжем тұрған үйдің орны ғана бар, алайда осыдан көп жыл бұрын атам еккен екі талдың біреуі әлі күнге дейін өсіп тұр.

Атадан қалған тал. Майдангердің ұрпағы: қызы  Айжан Самарханқызы, немересі  Жанар

Атадан қалған тал. Майдангердің ұрпағы: қызы Айжан Самарханқызы, немересі Жанар

Атамның мәңгілік мекені. Жаңғызтөбе станциясы. Майдангердің ұрпағы: қызы Айжан Самарханқызы,  немересі Жанар

Атамның мәңгілік мекені. Жаңғызтөбе станциясы. Майдангердің ұрпағы: қызы Айжан Самарханқызы, немересі Жанар

Майдангердің ұрпағы: қызы - Айжан Самарханқызы, немересі - Жанар, шөбересі  мен - Жанерке

Майдангердің ұрпағы: қызы - Айжан Самарханқызы, немересі - Жанар, шөбересі мен - Жанерке

Қара шаңырақ орны.

Қара шаңырақ орны.

2013 жылы атамыздың туғанына 100 жыл толуына байланысты үлкен ас берілді, Жаңғызтөбе кенті

2013 жылы атамыздың туғанына 100 жыл толуына байланысты үлкен ас берілді, Жаңғызтөбе кенті

Ұстаздық — ұлы есім

Бұл әлемдегі мамандық атаулының төресі — ұстаздық қызмет. Расында, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелеп, оқытып үйрететін ең абзал жан. Жер бетіндегі киелі кәсіптер қатарынан саналатын мұғалім мамандығын ең алғаш әжеміз Қойбағарова Елемес Қойбағарқызы жанына серік етіпті. Бүгінгі ұрпақ осынау игі істі ғасырдан ғасырға алып келеді. Әже аманатына адалдық деген осы болар, сірә. Әжеміздің өмір жолы бізді, артында қалған ұрпақтарын үнемі қызықтырып келеді.

Қойбағарова Елемес Қойбағарқызы 1924 жылы бұрынғы Семей облысының Жарма ауданы Ақжал кенді мекенінде шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, көк жетім атанған әжемізді өмір, қоғам шынықтырды. Әкесі Ебеев Қойбағар 1937 жылы Халық жауы атанып, атылып кеткен. Ол туралы мағлұмат «Открытый список» деректер қоры сайтында жарияланған.

Педагогтер династиясы

Педагогтер династиясы

Ебеев Қойбағар атамыз туралы «Открытый список» деректер қоры сайтындағы ақпарат

Ебеев Қойбағар атамыз туралы «Открытый список» деректер қоры сайтындағы ақпарат

2012 жылы немересі Жанар Семей қаласындағы қауіпсіздік комитетіне барып, Ебеев Қойбағар туралы құжаттармен танысып, «Тройка НКВД» томдық құжатын көрген. Атамыздың қай күні тұтқындалып, атылған күндеріне байланысты құжаттар әлі күнге дейін сақталып тұр екен. «Сайттағы мәлімет пен оригинал құжаттардың біраз айырмашылығы бар» – дейді Жанар. Өйткені ол көрген құжатта атамыз 1937 жылы 9 қарашада сағат 2.00-де атылған деп жазылған екен. Алайда сайтта үкім 22 қарашада шыққан деп тұр, ол кезде атамыз тірілер қатарында жоқ еді. Өкінішке орай құжаттардың көшірмесі берілмейді. Сондықтан тек сайттағы материалдармен шектелеміз. Бір әттеген-ай, Қойбағар атамыз 1956 жылы ақталған екен, бірақ қызы, біздің әжеміз атадан қалған жалғыз тұяқ, тұрған ауылдың орны ғана қалған, әжемді таба алмаған сыңайлы, қысқасы әжем бұл туралы білмей кетті.

Өмірге деген құштарлық әжеміздің жанына серік болды. Ер жете асылдың қасиетін, жақсының өсиетін ойына жинақтай жүріп, жақсылықтың нарқын, сөздің парқын қас қабақтан түсіне отырып, тереңнен ойлап, алысты болжай білетін табиғи дарынымен ұлағатты ұстазға айналды.

Әжеміз Қойбағарова Елемес Қойбағарқызы

Әжеміз Қойбағарова Елемес Қойбағарқызы

1941 жылы Елемес Қойбағарқызы Семей қаласында мұғалімдерді даярлайтын қысқа мерзімді курстан өтіп, Ақжал кентінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Еңбек жолының басы соғыспен тұспа-тұс келген әжеміз ұстаздықпен қоса ауылдағы барлық шаруа түріне араласты. Тыл майданындағы қажырлы еңбегі үшін 1945 жылы «Ұлы Жеңіс» медалімен марапатталып, партияға қабылданды. Сол жиында Жарма ауданының Ақбұзау колхозына партия ұйымының хатшысы қызметіне тағайындалды. 1947 жылы атамыз Нұрғалиев Самарқан Нұрғалиұлымен тұрмыс құрып, Жарма ауданы Жаңғыз-Төбе станциясының №235 қазақ мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасып, ұстаздық қызметіне қайта оралды. Аталған мектепте ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етті. Әжеміз ұстаздық кәсіптің қиындығын да, қызығын да өткере жүріп, талай ұрпақты адаспас жолға бастады. Елемес Қойбағарқызының есімі аудан көлемінде ғана емес, өз ісінің шебері, білікті де білімді маман ретінде облысқа әйгілі болған. 35 жылдан астам ұстаздық жолын бала тәрбиесіне арнаған әжеміздің ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмады. Білім беру саласына сіңірген орасан зор еңбегі үшін Қазақ ССР Ағарту министрлігінің шешімімен «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен наградталды. Сонымен қатар, Елемес Қойбағарқызы «Ұлы Жеңіске 30 жыл», «Ұлы Жеңіске 40 жыл», «Ұлы Жеңіске 50 жыл» медальдарының иегері.

Біз ұстаздықты емес, ұстаздық бізді таңдады десек те болады. Елемес әжеміз осы кәсіптің қиындығын да, қызығын да өткере жүріп, талай ұрпақты адаспас жолға бастады. Ақыл беріп, тағылым танытып, ұлағатты ұстаз атанды. «Өткеніңді ұмытсаң, өшкеніңнің белгісі, өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі» деген. Әжеміз біз үшін мынау жарық дүниедегі ешбір адамзат баласы тең келмейтін, болмысы — бөлек, тұлғасы — биік, парасатты, кең пейілді, ақкөңіл, білікті де білімді, кез келген қиындықты қажырлы еңбегімен жеңе білген пәк жан еді.

Нұрғалиевтер отбасында 3 ұл мен 3 қыз дүниеге келді. Қыздарының үшеуі де анасы салған сара жолмен ұстаздықты таңдап, бейбіт заманда еңбек етіп, бүгінгі күнде зейнеткерлік демалысқа шықты.

Нұрғалиевтер әулетінің ұстаздық қызмет өтілі –  3 буында 200 жылдан астам.

Нұрғалиевтер әулетінің ұстаздық қызмет өтілі – 3 буында 200 жылдан астам.

Нұрғалиева Ардақ Самарханқызы мен Бөгісов Аманкелді Бөгісұлы

Нұрғалиева Ардақ Самарханқызы мен Бөгісов Аманкелді Бөгісұлы

Нұрғалиева Ардақ Самарханқызы 1948 жылы Жарма ауданы Жаңғыз-Төбе станциясында дүниеге келген. Қалаға таяу өскендіктен болар, білімнен, мәдениеттен, инабаттылықтан кенде қалмаған. Жоғары білімді ұстаз, Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтын 1970 жылы тарих мамандығы бойынша тәмамдап, Мақаншы ауданына жұмысқа жолдама алды. Педагогикалық өтілі — 35 жыл. Семей облыстық халық ағарту бөлімінің Алғыс хатын алған. Жасөспірімдерге тиянақты білім және мағыналы тәлім-тәрбие бергені үшін Мақаншы аудандық оқу бөлімінің Мадақтау грамотасымен марапатталған. Зейнеткерлікке шығардың алдындағы он екі жылында Қаратал орта мектебінде шәкірттерге дәріс берді. «Күміс алқалы» ана, немерелерінің әжесі. Бүгінде — зейнеткер.

Бөгісұлы Аманкелді 1941 жылы бұрыңғы Семей облысына қарасты Мақаншы ауданының Көктал деген ауылында дүниеге келген. Кеңестік заманның түлегі. Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтын 1970 жылы тарих мамандығы бойынша тәмамдады. Қызметтік жолын қарапайым ұстаздан бастап, мектеп директорына дейін көтерілді. Еңбек өтілі — 40 жыл, оның ішінде саналы өмірін — 25 жылды, мол тәжірибесін жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатуға арнаған ұлағатты ұстаз — тарихшы.

Менің апам Нұрғалиева Айжан Самарханқызы, 1955 жылы Жарма ауданы Жаңғыз-Төбе станциясында дүниеге келген. 1972 жылы №235 Жаңғыз-Төбе орта мектебін бітіріп, Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсті. Аталған білім ордасын 1976 жылы бітіріп, еңбек жолын білім беру саласының озық қызметкері, сол жылы зейнеткерлікке шыққан анасының туын ұстап, Жарма ауданы Ақжал руднигінің Ландышев атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастады. 1978 жылы атам Байғалиева Кенжеғали Рәмиұлымен отбасын құруына байланысты Аягөз ауданы «Овцевод» совхозының орта мектебіне ауысты. 1983 жылы Жарма ауданына қайта оралып, Үшбиік ауылындағы Ақтайлақ би атындағы орта мектепке орналасып, осы мектепте 32 жыл еңбек етті.

1993–1997 жылдары осы мектепте мектеп директорының оқу-ісі меңгерушісі, ал 1997 жылдан 17 жыл мектеп директоры қызметін атқарды.

Оқушылардың тәрбиесін басты назарға ала отырып, олардың жан-жақты қызығушылығын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, мектепті білікті ұстаздармен қамтамасыз етуде көп еңбек сіңірді. Нәтижесінде, мектептің білім сапасы жылдан жылға көтеріліп, «Алтын белгіге» бітірушілер қатары көбейді (барлығы 42 медаль иегері). Оқушылар жылдар бойы әртүрлі тәрбие мен білім сайыстарында аудан, облыс қана емес, тіпті республика көлемінде жүлделі орындардан көрініп, облыс әкімінің стипендиясын алып, оқыды.

Айжан Самарханқызы еңбек жолын бастаған жылы. 1976 жыл.

Айжан Самарханқызы еңбек жолын бастаған жылы. 1976 жыл.

Айжан Самарханқызы Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің директоры қызметінде

Айжан Самарханқызы Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің директоры қызметінде

Айжан Самарханқызы Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің түлектері – «Алтын белгі» иегерлерімен бірге

Айжан Самарханқызы Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің түлектері – «Алтын белгі» иегерлерімен бірге

Мектеп бірнеше жылдар бойы қатарынан «Үздік мектеп», «Жыл мектебі» номинацияларын алып отырды.

Мектеп ғимараты ескі болғандықтан, ауыл белсенділерімен ақылдаса отырып, халық қалаулысы ҚР Мәжіліс депутаты Н. Сабильяновқа жаңа мектеп салуына үлес қосуын сұрап, хат жолдады. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына ілініп, 2010 жылы жаңа типті мектеп салынды. Сол мектептің безендірілуі мен жаңа талапқа сай қажеттілігімен қамтамасыз ету мақсатында меценат мектеп түлектеріне бірнеше дүркін хаттар жолдап, хабарласып, үлкен істі ұйымдастыруда көп еңбек атқарды: түлектердің бірі құны 1 млн құрайтын жаңа талапқа сай мұражай кабинетін, тағы бірі 2 млн тұратын жаңа «ГАЗель» көлігін, енді бірі 6 млн-ға Ақтайлақ бидің кереметтей мүсінін сыйға тартты. Халық қалаулыларымен хабарласып, оқушылардың қосымша білім-тәрбие алуына, дамуына қажетті заттармен қамтамасыз етілуіне ерен үлес қосты. ҚР Мәжіліс депутаты Н. Сабильянов — күрес матрастары мен киімдерін, музыкалық аппаратура сыйға тартса, Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері Д. Тұрлыханов — компьютерлер мен домбыраларды сыйға тартты.

Ауыл тұрғындарымен жекелеме жұмыс жасап, оқушылардың жаңаша дамуына қажетті:

  • «тірі бұрыш» — балықтар, тотықұстарды күтіп, өсіруді, тіршілікті, табиғатты күтуге баулуға;

  • мектеп кітапханасына ертегілер, қазақша әдеби кітаптар;

  • өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруда — радиоторабын құруға;

  • кіші орталық тобына қажетті ойыншықтар, теледидар, кілемдер;

  • мектеп зал-холлдарын гүлдермен безендіру сияқты тапсырыстарын ұйымдастырды.

Айжан Самарханқызы өзі басшылыққа ала отырып, «Мектеп тарихы» альбомы мен кітабын жазып, шығаруға мектеп ұстаздары жұмысын ұйымдастырды. Аталған альбом аудандық байқауда 1-орынға ие болып, кейін үлкен тиражда жарыққа шықты. Альбомның бір данасы мұражайында сақталса, қалған даналары мектеп ашылуына келген қонақтарға естелікке сыйға тартылды.

Жақсы адам жаныңда жүргенімен оның жақсылығын, бүкіл ғұмыр бойы сезбеуің мүмкін. Өйткені, ол өзін ешкімге «Жақсымын» деп жар салмайды. Бірақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, оның жақсы қасиетін көре білгенге, оны өзгеге жеткізіп, барды бағалай білгенге не жетсін! Айжан Самарханқызы көп жылдар бойы басшылық еткен мектеп өмірінде жасалған игі шараларды айтып тауысу мүмкін емес. Бойындағы бар қабілетін, білімін, іскерлігін педагогикалық ұжымға, болашақ ұрпақтың тәрбие мен біліміне арнады. Бұл, әрине білікті де, іскер басшының ғана қолынан келетін істер. Осы орайда, Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің мұғалімдері атынан Зағила Байбатшақызының арнауына зер салсақ.

Айжан Самарханқызы «Үздік әдіскер»

Айжан Самарханқызы «Үздік әдіскер»

Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің жаңа ғимараты

Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің жаңа ғимараты

Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің жаңа ғимараты

Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің жаңа ғимараты

Айжан Самарханқызына арнау

Асыра да, жеткізбей де айттық, сірә демейміз,

Нәзіктікпен әрбір жайтты өзімшелеп елейміз.

Апайды біз «Ұжым» атты жанұяның жанашыр,

Алыс меңзер, қорған болар «әкесіне» теңейміз.

Ұжымдағы әр адамның пікір-ойы әр бөлек,

Бір арнаға тоғысып-ап кете барса дөңгелеп.

Іскер басшы арқасы бұл, зор еңбегі ұйқысыз,

Дей алмаймыз бұған ақыл, қажыр-қайрат аз керек.

Күнде ертемен жұмысыма, мектебіме асығам,

Сәттерімде шала болды-ау деп кей ісім жасыған.

Қатал басшы ретінде емес, ақыл берер кеңесшім,

Барын біліп, биіктерге құлшына бір тасынам.

Алтын ұя — мектебіміз күннен-күнге жайнасын,

Жоғарғы оқу көрсеткіші бола берсін айнасы.

Білім, өнер, тәрбиені қатар беріп жастарға,

Қонған бақтың ұшқыны егер бар болса, ол таймасын.

Әріптестердің әріптес жайлы айтқан сөзінен кейін, ұстазға құрмет көрсетуді өзіне қастерлі борыш деп білген шәкірттердің жүрекжарды өлеңдерінің бірі Ақжарқынның өлеңін оқымау мүмкін емес.

Мектебіміздің директоры — Айжан ұстазға

Тұла бойың тұнған дарын жан-жақты,

Мейірімді, кейде қатал, салмақты.

Жүзің арай, көркіңізге сай екен,

Айжан ұстаз бар қырынан ардақты

Терең білім жинап бойға бекіткен,

Тәуекелді істерің тең ерлікпен.

Мектебіңнің әр ұстазын, шәкіртін,

Кемсітпейсің бір-бірінен теңдікпен.

Мектеп үшін жан беріп, жан аласың,

Қиын істің қисынын әйтеу табасың.

Үлгі ісің көп жаққан шамдай сәулелі,

Сен мен үшін зиялысың, дарасың.

Көңіл – қазы, көз – таразы емес пе,

Жалған емес бұлдырайтын елесте.

Көңіл сүйер қасиет көп бойыңда,

Көз – куәгер мұным дұрыс демеске.

Бастау керек, діңгек керек бәріне,

Қадам басар әркім қарап әліне.

Сіз бар кезде жарасады әрқашан,

Құс бейнелі мектебім өз сәніне.

Ақжарқын Қыдырханова, «Алтын белгі» иегері

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру саласының құрметті қызметкері» медалі, 2013 ж.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру саласының құрметті қызметкері» медалі, 2013 ж.

Урунбаева Назым Амангелдіқызы — Елемес Қойбағарқызының жиен-немересі. Білімі: жоғары, жоғарғы санат, мұғалім-зерттеуші. Еңбек өтілі — 35 жыл.

Ұдайы ізденістің, тынбай еңбектенудің, тапсырылған іске деген жауапкершіліктің, іскерліктің нәтижесінде, адамдармен тіл табыса алудың, өмірге деген құштарлықтың арқасында тілдерді игеру қоры жыл санап молаюда. 2017 жылы Астана қаласында «Назарбаев зияткерлік мектептері ДДБҰ «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін оқыту курсын тәмамдады. 2019 жылы МОН Республикалық оқулықтарға экспертиза жұмысында комиссия мүшесі болғанындағы белсенді әрекеті үшін Алғыс хат алды.

Байгалиева Жанар Кенжегалиевна әжесі Елемес Қойбағарқызы мен анасы Айжан Самарханқызы салған сара жол — ұстаздықты таңдап, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Информатика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек өтілі — 20 жыл. Біліктілік санаты — бірінші. Шығармашыл ұстаз, өз ісінің маманы. Мұғалімдер арасында өткізілген түрлі тақырыптардағы коучингтер, зерттеу сабақтары, бұған дейін өз жұмысын өзі жеке атқарып жүрген әріптестердің арасында ынтымақтастық орнатып, педагогикалық ұжымның ахуалын жақсартуға үлесін қосты.

Әжеміз Елемес Қойбағарқызы — қырық жылдан астам балаларды білім нәрімен сусындатқан ұстаз. Омырауына «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі қадалған болатын. Еңбек ұжымында зор беделге ие болған екен. Ағайын-туыс, көрші-қолаңға сыйлы еді. 1995 жылы әжеміз біраз сырқаттанып, балалары Үшбиікке көшіріп алды. Көшіп бара жатқан сәтінде бүкіл өмірінің қызықты сәттерін, өмірге сәби әкелген жермен, бір кезде табалдырығын аттаған ақ босағалы қара шаңырақпен қоштасу оңай ма. Елемес әжем ақынжанды кейуана болған екен, ескі салтпен, босағаға сүйеніп тұрып, шаңырағымен қоштасып, жүрек шерін мына бір бес шумаққа былай деп сыйдырыпты:

Ордалы терек ұям-ау,

Қайтып та сені қиям-ау.

Есігі базар, төрі алтын,

Қайран да менің үйім-ау.

Салтанат құрып сайраңдап,

Дәуірлеген күнім-ай,

Байлауы жоқ баянсыз,

Опасыз жалған дүние-ай.

Бұлғақтадым басынан,

Бейнет көрмей жасымнан.

Шамам бітті дәрмен жоқ,

Амалсыз кеттім қасыңнан.

Барып қайттым басыңа,

Көз сүзіп қарап тасыңа.

Кешіре көр, арысым,

Қала алмадым қасыңда.

Тумақ парыз, өлмек хақ,

Сөйлеуге біткен тіл мен жақ.

Иманды болғыр, арысым,

Ұрпағыңды жебей жат, – деп өзімен қоса қалың жұртты жылатқан екен. 1997 жылдың 1 наурызында әжеміз жарық дүниемен қош айтысты. Топырақ Үшбиік елді-мекеніндегі биік төбенің басынан бұйырыпты.

Ұлдың аты ұл ғой шіркін, қашанда.

Атамыз бен әжемізден тараған үш ұл бар деп айтып кеттім. Өкінішке орай, Смақ және Ғалымбек ағаларым өмірден ерте кеткен екен.

Ал Саябек ағам туралы айтсам, нағашы ағамыз Саябек Самарханұлы Нұрғалиевтер әулетінен шыққан алғашқы дәрігер. 1959 жылы туған. Семей медицина институтын тәмамдап, Талдықорған қаласына жолдама алды. Жоғары саннатты дәрігер. Жеңгеміз Мақпал Сқабайқызымен отау құрып, дүниеге Алмас ағам мен Назерке апайым келді. Саябек ағам «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалі иегері. «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері. Бүгінде зейнеткерлік демалыста. Алмас ағам әскери қызметкер, шені — майор. Әскери шет тілдер институның түлегі. Шет елде дипломатиялық қызмет атқарады. Біраз жыл Америка құрама штаттарында қызметте болса, бүгінгі күні отбасымен Бельгия астанасы Брюссельде ұзақ уақыттық қызметтік сапарда. Әрсен, Ален атты қос құлыншағы бар. Назерке апайым Астана қаласында тұрады, медицина қызметкері. Отбасылы, Әмір мен Нұрали атты ұлдары бар.

Алмас пен Аида Нұрғалиевтер.

Алмас пен Аида Нұрғалиевтер.

Саябек пен Мақпал қызы және күйеу баласы, немерелері ортасында.

Саябек пен Мақпал қызы және күйеу баласы, немерелері ортасында.

Сөз соңы

Атамыз бен әжеміз балалардың басы қосылғанда «Ешкімнің ала жібін аттама, кісі ақысын жеме, сыртынан даттама, досыңа кек сақтама, сүрінгенге тіреу бол, адасқанға жол көрсет, менмендіктен аулақ бол. Адалдық деген қасиетті мойныңа таққан тұмарыңдай бойыңа сіңіре біл, танымдылық белсенділігіңді, шығармашылық еңбегіңді, кәсіби деңгейіңді жылдан жылға шыңдай бер. Ізденуден бір сәт жалықпа. Өмірге деген құштарлықпен биікке қарай қалықта, артыңнан ерген бауырларыңа демеу, тіреу бол», – деп отыратын дейді. Сол аманатына әлі күнге дейін адалдық танытуға тырысып келеді.

Әкелері соғыс күннің боздағы,

Тоңдырмаған, жасқантпаған ызғары.

Соны ойласа, нәзік жүрек сыздады,

Бұл — кешегі жауынгердің қыздары.

Жалғасты ұрпақ, өседі ұлан, ұлыңды ұқ,

Олардан да дәстүрге сай ұғым күт.

Ұрпақтары жауынгердің кешегі

Бейбіт күнді күзетеді бүгін нық.

Өтті зұлмат, уақыт алға көшеді,

Болашақтың самалы алдан еседі.

Жалғанады шөбере боп, шөпшек боп,

Ұрпақтары жауынгердің кешегі.

Өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі. Қан майданда жауға дес бермей, тыл майданында күні-түні қажырлылықпен еңбектенген, ұрпақтарына бейбіт күнді сыйлаған ата-әжелеріміздің аруақтары риза болсын.

Ардақ, Айжан, Айгүл, Саябек Нұрғалиевтер

Ардақ, Айжан, Айгүл, Саябек Нұрғалиевтер

Жиеншар Жанерке

Жиеншар Жанерке

Жанерке Айкешова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ