ХИКАЯҢЫЗДЫ БАЯНДАП, ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛЫҢЫЗ

Qalam ұлттық байқауына қатысып 1 500 000 теңге жеңіп алыңыз

ХИКАЯҢЫЗДЫ БАЯНДАП, ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛЫҢЫЗ

Густав Егер. Гректер арасындағы Гомер. 1808 жыл / Wikimedia Commons

Достар, Qalam «Өз оқиғаңды айтып бер» байқауына қатысуға шақырады. Бас жүлде — 1 500 000 теңге.

Байқау несімен маңызды?

Ғалымдардың пайымдауынша, ел аузындағы естеліктер шамамен 100 жыл сақталады екен, яғни ата-анаңызбен, я болмаса өзіңіз танитын аға буын өкілдерімен әңгімелескен кезде «жүз жыл бұрын осылай болған екен-ау» деген ойға жетелейтін қызықты естеліктер естуіңіз әбден мүмкін.

Тарих — әйтеуір есте қалған даталар мен себеп-салдар жиынтығы емес. Тарих дегеніміз — өзіңіз сияқты адамдардың өмір жолы. Олардың мақсат-мұраты, иллюзиясы, құштарлығы туралы естеліктер; көзі ашылып, қанаттанған, жолы болмай, жапа шеккен, азап көрген шағы туралы естеліктер. Тарихты зерделеймін деген адам үшін ұсақ-түйек дүние жоқ, көзге түскен, құлаққа шалынғанның бәрі маңызды, бәрі қажет. Осы орайда біз өз әулетіне, туған қаласына, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін білдіргісі келетін, өткен-кеткенді зерттеп білуге әуес азаматтарымызға қолдау көрсеткенді жөн көрдік. Тарихты білу — адамның өзін, өз Отанын тануына, ілгері басуына, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, болашақтан үміт үзбей, үйлесімді дамуына аса қажет іс.

Тарихты ауызша баяндау немесе Oral History — өткен-кеткенді, жуырда болғанды зерттеудің кең тараған әдістердің бірі. Бұл әдіске бертінде зерттеу жүргізген кәсіби тарихшылар да, әдебиеттану, өлкетану саласының мамандары да жүгініп жүр. Тарихты ауызша баяндау қағидаларына сай әзірленген кейінгі зерттеу жұмыстарына профессор Сергей Абашиннің «Советский кишлак» (2015) атты іргелі монографиясын немесе белорус жазушысы Светлана Алексиевичтің соғыс және сталиндік репрессиялар тарихына арналған (2015 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алған) кітаптар циклін жатқызуға болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі ғылым жеке тұлға тағдырын саралауға ден қойған еді, осындай бетбұрыстың болғанын ауызша тарих саласының бөлініп шығуынан байқаймыз. Бұрын тарихи зерттеудің негізгі нысаны мен кейіпкерлері деп ұлы тұлғаларды, көрнекті қайраткерлерді немесе тұтас бір халықты (бір тапты, ұлтты) қарастыратын. Ал қазір тарихи зерттеудің бел ортасында жеке тұлға, оның даралық қасиеттері мен тұрмыс-тіршілігі жүр. Бүгінде ғалымдар «формациялар», «халықтар», «өркениеттер» деген сияқты жалпылама конструктілерге емес, нақты бір адамның, арамызда жүрген азаматтың эмоцияларына, мотивациясы мен көзқарасына мән беретін болды.

Тарихты тек Санкт-Петербургте не Парижде, Лондон немесе Мәскеуде болған жайттар тұрғысынан ғана зерделеген ағаттық болар. Тарих дегеніміз — сізді айнала қоршаған дүние, көз көріп тұрған орта. Тарих үлкен-кішкентай, айтулы-болмашы деп бөлінбейді. Назарға ілінгеннің бәрі бірдей маңызды, бірегей құбылыстар. Осылайша тарихи жадының гуманизациясы процесімен бірге оның демократизациясы да жүріп жатыр.

Тарихты ауызша баяндау — әдіс деп отырғанымыз бекер емес. Бұл әдісті арнайы білімі бар тарихшылар да, қарапайым адамдар да қолданады. Тарихты ауызша баяндау ертеде қалыптасқан дәстүрге адал қазақ қоғамына да таңсық емес. Оның үстіне әр қазақ жеті атасын білуі тиіс деп бекер айтпайды.

Сонымен, Qalam Қазақстан жастарын «Өз оқиғаңды айтып бер» байқауына қатысуға шақырады.

БАЙҚАУ ШАРТТАРЫ

Байқауға Қазақстанның 12–25 жас аралығындағы дербес зерттеушілер қатыса алады.

Байқауға ұсынған үздік жұмыстар Qalam сайтында жарияланады. Үздік авторларға естелік сыйлықтар мен ақшалай жүлде беріледі:

1-орын — 1 500 000 теңге

2-орын — 1 000 000 теңге

3-орын — 500 000 теңге

ТАРИХТЫ АУЫЗША БАЯНДАУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

«Тарихты ауызша баяндау» ұғымы 20 ғасырдың орта шенінде пайда болғанмен, осыған ұқсас әдістер бізге бұрыннан мәлім. Сонау Антика заманының авторлары өз мәтіндерінде баяндаған жайттарға кезінде куә болғандардың сөздерін келтіретін, естігендерін мұқият жазып алатын.

Көз көргендердің, куәгерлердің естеліктерінсіз, мысалы, этнография немесе фольклористика сынды ғылым салаларының ойдағыдай дамуы мүмкін болмас еді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелер, мифтер, жырлар мен халық арасында тараған салт-дәстүр үлгілерін жинаған зерттеушілер әлемнің түкпір-түкпірін аралап, халық жадында сақталған хикаяларды жазып алатын.

Дәстүрлі тарихшы ғалымдар болса, біразға дейін тек жазба құжаттармен (кітап, хат-хабар, сурет) ғана жұмыс істеуді құп көретін. Неге десеңіз — ауызша тарих көп болса екі-үш буын ұрпақтың бастан кешкені ғана туралы сыр шертеді, бұған одан да ерте заманда, көне дәуірде болғанға көз жүгірткісі келетін тарихшылардың көңілі толмайтын.

Алайда 20 ғасырдың 40–50 жылдары жағдай өзгерді: өмір қарқыны да, ақпараттың таралу жылдамдығы да артты, жуырда ғана өткен-кеткенге көз салып, болғанды егжей-тегжейлі байыптауға қызығушылық танытқандар көбейді. Көзі тірі аталарымыз бен әжелеріміз жас кезінде не жеп, не ішкен, не киген, арман-мұраттары қандай болған екен деген сұраққа ден қойғандар қатары көбейді. Себебі елді саяси дүрбелең жайлаған, ескі тәртіп келмеске кетіп, жаңа үлгі-өнеге тараған алмағайып жағдайда адам елу жыл бұрынғы жайттарға есте жоқ ерте заманда, «тұрмысы мүлде өзгеше дәуірде» өрбігендей қарайтын болды.

Сондықтан «тарихты аузыша баяндау» дегеніміз — классикалық тарих ғылымының өз алдына бөлек бір тармағы.

Біз осы байқау қатысушылары тарихтың аталмыш жанрында бағын сынап, өз оқиғасын баяндап көрсе дейміз.

ТАРИХТЫ АУЫЗША БАЯНДАУ ҚАҒИДАЛАРЫНА САЙ МАТЕРИАЛДЫ ҚАЛАЙ ӘЗІРЛЕУ КЕРЕК?

Ең алдымен тақырып таңдаңыз. Осыған мән бергеніңіз жөн, баяндаудың анық логикалық реті болғаны абзал. Өзара байланысы жоқ ойлар мен жазбалар жиынтығынан аулақ болыңыз. Әрине, біз осындай да ұстаныммен, мысалы, «атам айтып берген әрі біраз дүниеден хабар беретін он әңгіме» форматында жазылған жұмыстың болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Мұндай материал да болады, бірақ оны әзірлеген адамның қаламға бейімі, тартымды әңгіме құрастырып жазып беретіндей дарынды болуы шарт. Сол себепті біздің ұсынарымыз — әуелі тақырып таңдаңыз.

Қандай тақырыпта жазуға болады?

Зерттеуге қызықты болатын тақырып ойлап табу үшін төмендегі бағыттардың біреуін таңдап алыңыз:

Әулет тарихы

Өз отбасыңыздың күнделікті өмірі, тұрмысы, ұстанатын дәстүрлерінен, жақын-жуық адамдардың мінез-құлқынан, айрықша әдеттерінен хабар беретін әңгіме ұсынуға болады. Әр әулеттің өткен-кеткенінен сыр шертетін естеліктері бар: олар көп жағдайда фотоальбом, видеожазба, күнделік, хаттар, түрлі марапаттар, қағаз құжаттар күйінде сақталған, кейде әулет өкілдерінің дастарқан басында ата-әжелер, ата-аналардың т.б. балалық шағы туралы әңгіме айтатыны бар. Әдетте үйде ертеден сақталған ойыншықтар (мысалы, Жаңа Жыл қарсаңында шыршаға ілетін ойыншықтар) немесе үлкендердің кітаптары болады. Осындай айтуға тұрарлық ерекше заттар туралы баяндап берсеңіз де болады, алайда әңгіме үлкендердің сол заттар туралы естелігі болуы тиіс.

Туған жер тарихы

Көз көргендердің айтып бергенін қосып, мысалы, өзіңіз білетін мешіт немесе шіркеу, үй (ғимарат), көше, аудан, сіз оқыған мектеп, балабақша, мұражай, концерт залы, тіпті аурухана, я болмаса спорт залы (кешені) туралы әңгіме жазсаңыз болады. Әңгімеге арқау бола алатын нысандар: мұражайдағы жәдігерлер, мемориалдар, граффити салынған ескі үй қабырғасы (немесе дуал), яғни өз заманына тән естеліктер сақталған кез келген нысан. Осындай әңгімеге қоса архив құжаттары мен фотосуреттерді де беруге болады.

Айтулы тарихи оқиға ортасында жүрген адам

Адам баласы 20 ғасырда куә болған алапат тарихи оқиғалар аз емес: азамат соғыстары, дүниежүзілік соғыстар, революциялар, миграциялар, ауқымды құрылыс жобалары мен науқандар (мысалы, тың жерлерді игеру). Осы оқиғалар талай адамның тағдырында өшпес із қалдырған. Сіздің әулетіңізге қалай әсер еткенін саралап көріңіз. Көршілеріңіздің арасында өзге ұлт не дін өкілдері бар шығар? Олар біздің елге қалай келді? Біз оларға қалай қараймыз? Кезінде осында қоныс аударғандарға қоғам қалай қараған?

Жұмыс форматын анықтау, талаптары қандай?

Мына үш форматтың біреуін таңдаңыз: видео, аудио және мәтін.

Басты талап: ұсынған жұмысыңыз куәгерлердің естеліктері (көз көргендердің айтып бергеніне) негіз болуы тиіс. Неғұрлым көп сұхбат өткізсеңіз, зерттеуіңіз соғұрлым қызықты болмақ. «Сұхбат» дегеннен қорықпаңыз — әлденені қызықтап, атаңызға сұрақ қойып, онымен әңгіме айтқаныңыздың өзі сұхбатқа жатады. Куәгерлердің айтып бергенін толықтыра түсетін көрнекі материал ретінде құжаттарды, артефактілерді қолданған жөн. Есіңізде болсын: естіп-білген айғақтарға, куәгерлер айтқан естеліктерге сыни көзбен қараған абзал. Әлдебір жайтқа қатысты жиналған деректерді, естіген әңгімелерді тексеріп, салыстырып отыру керек. Алайда кейде «Бұл шынымен қалай болды екен?» деген сұраққа жауап іздегеннен гөрі көзі тірі куәгердің айтқан естелігінің өзі құнды.

1. Мәтін. Байқауға мәтіннің электронды нұсқасын ұсыну керек, мәтін көлемі 30 мың таңбадан (бос орынды қосқанда) аспауы тиіс. Әңгімеңізді әлдеқайда тартымды, қызықты ету үшін архивтен алған фотосуреттер, кескіндер, құжаттар, хат-хабарлар, күнделіктердің сканерленген көшірмесін қоссаңыз болады. Осындай материалдар қосатын болсаңыз, мәтінде олардың қасында міндетті түрде түсінік, сипаттама жазып кету қажет.

2. Аудио. Диктофонға жазып алған біраз материал жинап үлгерсеңіз, онда толыққанды аудиоәңгіме (аудиобаяндама) әзірлесеңіз болады. Мұндай жағдайда аудиофайлдарды монтаждайтын арнайы қосымшаларды (тегін не ақылы бағдарламаларды) қолдану керек. Монтаж — драматургия құралы екенін ұмытпаңыз. Әңгімеңізге музыкалық шығармалардың үзінділерін, қажетті дыбыстық эффектілерді қосып, баяндау ретін жүйелеп, реттеп отыруға болады.

3. Видео. Байқауға ұзақтығы 30 минуттан аспайтын видеороликтер де қабылданады. Мұнда да, подкаст форматындағыдай, монтаж амалдары көмегімен шағын деректі фильм жасауға болады. Мұрағаттан алған видеожазбаларды, кадрларды, өзіңіз түсірген бейнебаяндар мен сұхбат жазбаларын қолданыңыз. Бұл жағдайда да тәртіп — подкаст жазғандай, жүргізуші рөлін сіз атқарасыз. Тарихи хроника мен куәгерлердің естеліктерін келтіріп, көрерменге әңгіме айтып беретін — сіз.

Тағы нені ескеру қажет?

Мәтін форматындағы материал әзірлесеңіз де, куәгерлердің айтқандарын диктофонға (кез келген смартфонда бар) жазып алыңыз. Куәгерлердің естеліктерін, олар «келтірген айғақтарды» түпнұсқаға мейлінше жақын етіп берген абзал. Естелік иесінен жазып алған материалды жариялауға рұқсат алған жөн. Сіз сұхбаттасқан адам бір парақ бетіне «мен, аты-жөнін, осы азаматқа, аты-жөні, сұхбатымды мақаласында (аудио немесе фильмде) қолдануына рұқсат беремін» деп жазса немесе түсірілім (аудиожазба) басында дауыстап айтса жеткілікті. Қолын қойдырып алыңыз. Кейін түсінбестік болмас үшін, жазып алған материалдардың бәрін (тіпті керек болмайды дегендерін де) сақтап қойыңыз.

Материалда айқын баяндау логикасынан ауытқымау керек. Мысалы, әуелі кіріспе жасап, алға қойған міндетіңіз туралы айтыңыз, содан кейін сұрақ-жауап бөліміне өтіңіз. Тақырыпқа сай басқа да материал (фотосуреттер, құжаттар, артефактілер т.б.) жинап алсаңыз, оларды сұхбатқа қосып, толықтырып көріңіз. Соңында зерттеу жұмысын қорытындылауды ұмытпаңыз. Біз ұсынған ең қарапайым әрі оңтайлы баяндау, материал әзірлеу тәртібі осындай. Оны қолданбай, материалды қалауыңызға сай әзірлесеңіз де болады.

Байқауға ұсынған жұмыстарды info@qalam.global. электронды поштасына жолдаңыз. Хатта: «Өз оқиғаңды айтып бер» байқауына деп көрсетіп кетіңіз. Жұмыстар қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде қабылданады.

Жұмыстарды бүгіннен бастап, 2024 жылғы 30 маусымға дейін қабылдаймыз.