АЛМАТЫНЫҢ ТЕҢІЗІ

Халық неге Қапшағай көліне асық?

АЛМАТЫНЫҢ ТЕҢІЗІ

Дронмен түсірілген Қапшағайдың суреті/Shutterstock

Бұл көл болмаса, Алматының ауқымды аумағында түнек пен ызғар орнап, қайнаған тіршілік ырғағы тыншып қалар еді. Сіз мұны қалада жүріп аңғармассыз, бірақ ғарыштан көз салған адам байқай алады. Алматы жұрты жаз шығысымен жағасына жамырай ағылған көлді қыс келгенде ұмыт қылады. Осы орайда айта кетейік, оның әсері Қазақстанның оңтүстік астанасындағы жойқын жер сілкіністерінің алдын алады деген гипотетикалық ақпарат бар. 

Иә, айтпағымыздың бәрі де Қапшағай су қоймасы туралы. 

Халық неге Қапшағай көліне асық?

Республикамыздың осы екінші үлкен жасанды су қоймасына жоғарыдан қарап көрейік. Спутниктердің арқасында осындай шолу жасауға әр адамның мүмкіндігі бар. Сонымен, көз алдымызда Алматы облысы.

Қапшағай/Alamy

Қапшағай/Alamy

Қапшағай су қоймасы мен оған құятын әрі бөлініп шығатын Іле өзенін спутниктік ұшу биіктігінен қарасақ, бейне бір жылан қылғытқан қолтырауынға ұқсайтынын көреміз. Тұмсығы мен мұрны Қонаев қаласы мен ГЭС бөгетіне жанаса, ал құйрығы оған құятын өзеннің атырауы.

Су қоймасының су көлемі — 28,14 млрд м³, максималды ұзындығы — 180 км, солтүстік және оңтүстік жағалаулар арасындағы ең кең қашықтық — 22 км, ауданы — 1847 км², жағалау периметрі — 430 км, ең жоғары тереңдігі — 45 м, ал орташа — 15,2 м.

Солтүстік-шығысында оған Жоңғар Алатауының сілемдері барынша тығыз орналасса, ал оңтүстігінде Іле Алатауының бөктеріне қарай созылған жазыққа жалғасады.

Іле өзені Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан Орталық Тянь-Шань тауларынан бастау алады. Оның жағалары, тарамдары, аралдарды құрайтын арналары, бірқатар жерлерінде түрлі жануарлар мекендейтін орман-тоғайлары мен қамысы қалың өскен жерлері бар.

Өзен арнасы Қазақстан шегарасынан бастау алып, жазық жерлермен ағып өтіп, жасанды теңізге құйылады.

Қонаев маңында, Іле өзенінің арнасын жағалай жартас қоршаған. Қаланың ескі атауы «Қапшағай» қазақ тілінен «тар шатқал» немесе «тас дорба» деп аударылуы таңғаларлық емес. Мұнда өзен бөгеттің тұзағына түседі: оның төмендеген қысымы ГЭС турбиналарының қалақтарын қозғалысқа келтіреді, содан кейін өзен өз суын Жетісу жазығы арқылы Балқаш көліне құяды.

Іле/Shutterstock

Іле/Shutterstock

Жаздың аптап ыстығында бұл демалуға таптырмас орын, мұнда адамдар ағыла келіп, жағалаудың ыстық құмына жатып, күн көзіне қыздырыну үшін барады. Қапшағайға негізгі келушілер, әрине, алматылықтар. Алматыдан көрікті жағалауға дейін небәрі 75 шақырым. Су қоймасының екі жағасында демалыс күндерін өткізуге тамаша орындар бар. Мұнда жол талғамайтын стильді ұнататындар да, кез келген талғам мен бюджетке сәйкес өркениетті отбасылық мерекелер өткізгісі келгендер де, шөлді жағалаудағы шатыр астында дала демалысын ұнататын табиғат әуесқойлары да, сондай-ақ қымбат қызметтің қолайлылығын түсінетіндер де көптеп келеді.

Дегенмен Қазақстандағы екінші үлкен жасанды су айдыны балық аулау, туризм және шомылу үшін жасалған жоқ. Мұның бәрі аздаған қосымша мүмкіндіктер.

Қапшағай су қоймасын салу жобасын іске асыру 1960-жылдары Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуының кең ауқымды бағдарламасы шеңберінде басталды.

Негізгі мақсаттары:

- қуаңшылық кезеңдерде тұрақты сумен қамтамасыз ету және Іле өзенінің су деңгейін реттеу;

- Алматы қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету: бүгінде ол мегаполис тұрғындары тұтынатын жалпы көлемнің төрттен бірін құрайды;

– сол кезде Қазақстанның астанасы болған Алматының қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй инфрақұрылымын электр энергиясымен қамтамасыз ететін гидроэлектростанцияның жұмысына жағдай жасау;

- Алматы облысының және оған іргелес өңірлердің өнеркәсіп секторының, ауыл шаруашылығының электр және су қажеттіліктерін өтеу.

Қапшағайдың тағы бір көрікті жері: "Көшпенділер қаласы"фильмін түсіру үшін салынған / Shutterstock

Қапшағайдың тағы бір көрікті жері: "Көшпенділер қаласы"фильмін түсіру үшін салынған / Shutterstock

Құрылыс хроникасы

Бұл шынымен де үлкен жоспар және титаникалық жұмыс болды.

1969 жыл — Іле өзенінің тік жартасты жағалары арнасын тарылтқан жерінде бөгелу.

1965 жыл — Қапшағай су электр станциясы құрылыс басқармасының жұмысының басталуы.

1970–1971 жж. — алғашқы және соңғы қондырғыларды іске қосу. Қапшағай СЭС кәсіпорны «Алматыэнерго» құрылымына енді.

1972 жыл — станция жұмысын бастады және қуаттылығы 434 мегаватт болды. 1980 жыл — станция құрылысының аяқталуы.

Қапшағай гидроэлектростанциясы Шафик Чокиннің есімімен аталады, өйткені оны салу жобасын дәл осы академик жасаған. Аталмыш станция Алматы облысын, Алматы қаласын, Талдықорған мен Қонаевты энергиямен қамтамасыз етеді.

Оның кешеніне мыналар кіреді:

– Іргесінде ұзындығы 470 метр, биіктігі 50 метр және ені 450 метр бөгет;

– Тасты және құмды материалдардан тұратын ұзындығы 370 метр, биіктігі 56 метр және табанында ені 270 метр болатын қосалқы бөгет.

Станция жылына 1163 миллион киловатт-сағатқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы. Ол «Алматы электр станциялары» АҚ жалпы электр энергиясының 17 пайызын қамтамасыз етеді.

Қапшағай Су Электр Стансасы/Nikolai Bulykin/Wikimedia Commons

Қапшағай Су Электр Стансасы/Nikolai Bulykin/Wikimedia Commons

Жер сілкінісінен қорғау

2011 жылы қазақстандық БАҚ-та сол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биофизика кафедрасының меңгерушісі болған профессор Виктор Инюшиннің Қапшағай су қоймасының қысымы салдарынан оның жанында кейде «техногендік сипаттағы жер сілкінісі болуы мүмкін» деген пікірі жарияланды. Су қоймасы толтырылғанда қозғалыстар мен өзгерістер болуы мүмкін. Ірі гидростанциялар мен су қоймаларының айналасында мұндай жағдай байқалады, тіпті 5-6 балға дейін жеткен. Мысырда, Дағыстанда және басқа жерлерде 5-6 балл аралығында осындай жер сілкіністері тіркелген.

Қапшағай маяк/Getty Images

Қапшағай маяк/Getty Images

Алматының бас курорты

Қыста су қоймасы суық әрі құрғақ болады. Температура —12 градусқа дейін салқындауы мүмкін. Мұнда қар мен жауын-шашын әдетте сирек. Су мұздың қалың қабаты жапқанда қатып қалады.

Суық мезгіл 21-қарашадан 2-наурызға дейін созылады. Жазда күн ашық болады. Ауаның минималды температурасы 16–17 градус, бірақ 40 градусқа дейін жылынуы мүмкін, әсіресе шілде және тамызда айында. Ыстық маусым 20-мамырдан 15-қыркүйекке дейін жалғасады. Оның бір ерекшелігі — ауаның төмен ылғалдылығы, әсіресе жазда, ыстыққа төзімді болады.

Көктемде су қоймасына іргелес аумақтарда қызғалдақтардың, көкнәрдің және басқа өсімдіктердің жаппай гүлденгенін байқауға болады. Бұл ғажайып көрініс — көкжиекке дейін сан алуан бояуға оранған дала бейне бір ертегі елінің ландшафтына ұқсайды.

Халық арасында су қоймасы Қапшағай теңізі деп аталады. Оның батыс жағалауында елдегі басты туристік орталықтардың бірі — Қонаев қаласы орналасқан. Онда қонақ үйлер, жағажайлар, аквапарктер, мейрамханалар мен яхталарды табуға болады. Солтүстік жағалауда балықшылар ауылы бар, оның негізін қалаушылар мезгіл-мезгіл жергілікті және ұлттық спорттық балық аулау жарыстарын өткізіп тұрады. Олар Кореяда өткен осы спорт түрінен әлем чемпионатында Қазақстанға алтын медаль алған команданы баптап шығарғаны белгілі.

Қапшағай көлінің көрінісі / Shutterstock

Қапшағай көлінің көрінісі / Shutterstock

Қапшағай су қоймасының солтүстік-шығыс бөлігі оң жағалаудан Жоңғар Алатауының жоталарына қарай созылып жатқан «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аймағына кіреді. Сондықтан саябақтың ихтиофаунасы жасанды тоғанмен бірдей. Егер сіз ұлттық саябақтың веб-сайтына кірсеңіз, онда сіз оның бұрын бірнеше байырғы түрлерін де көресіз.

Қазіргі уақытта «Алтын-Емел» табиғи резерватында балықтың 28 түрі мекендейді. Мұндағы жайындар шомылуға келгендерді толықтай жұтып қоятындығы туралы мифтер болған. Бақытымызға орай, биологтар мұндай хабарламалардың шынайылығын үзілді-кесілді жоққа шығарады. Бұл үлкен балықтың жұтқыншағына майлы бақадан өзгесі сыймайтындығы анықталды. Бірақ Қапшағай жайындары шынымен де қорқынышты. Тіркелген факт бойынша, мұндағы жайынның көлемі 274 см болатын, оны 2007 жылы Берлиннен келген балықшы Корнелия Беккер аулаған.

Тіпті саябақ аумағында барыстар да кездеседі, бірақ туристердің оларды көруі екіталай. Барыстар — адамға жоламай, аулақ жүретін аң. Ал жаздың күндізгі уақытында қоңырсалқын апанына кіріп алып жатады. Бірақ құландар, Пржевальский жылқылары немесе қарақұйрықтар туристердің көзіне көп шалынады.

САҚТАРДЫҢ КИЕЛІ ҚОНЫСТАРЫ

Саябақта қазақ халқының киелі жерлері де бар. Мысалы, Бесшатыр сақ қорғандары. Бұл, мысалы, Бесшатыр сақ қорғандары — 6-4 ғасырлардағы сақ тектілерінің бай қорымдары. Тарихшылардың пікірінше, бұл жерде әртүрлі діни рәсімдер мен құрбандық шалу орындары да болған. 20 ғасырдың 50–60-жылдары археологиялық қазбалар нәтижесінде 31 жерлеу орны анықталды. Олардың кейбіреулері үлкен өлшемдерге жетті. Осылайша диаметрі 150 м-ге дейін жететін үлкен қабірді тұрғызу үшін бір жұмысшыға 40 000 күн қажет деп есептелді.

Жеке жерлеу орындарын қоршап тұрған тас тақталарда тау ешкілерінің, қабандардың, қасқырлардың бейнесі, күн нышандары, шеңберлер және басқа белгілер ойылып салынған.

1 / 3

«Алтын-Емел» ұлттық паркінің тағы бір маңызды көрікті жері — Әнші құм (Айғай құм) төбесі. Оның биіктігі 150 метр үш шақырымдық құм жотасы. Құрғақ ауа райында орган дыбыстарына ұқсас дыбыстар шығарады. Бір аңыз бойынша, Шыңғыс хан мен оның әскері Айғай төбенің астында жерленген, ал құм үні олардың өткен күндердің даңқты жеңістерін дәріптеген әні деседі. Алайда Шыңғыс хан жерленген жерін жасырып, жерлеудің барлық куәгерлерін өлтіруді бұйырғандығын білеміз. Сондықтан мұндай әңгімелер Алатаудан Моңғолияға дейін тағы оншақты жерде ауыздан-ауызға жетіп, айтылып жүр.

Әнші құм төбесі/Wikimedia commons

Әнші құм төбесі/Wikimedia commons