Моңғол хандарының византиялық жұбайлары

Әйелдер империяны қалай құтқарып қалды?

Моңғол хандарының византиялық жұбайлары

Qalam редакциясы

Бір-бірінен тым шалғай орналасқан Византия императорлары мен Моңғол хандары қалайша құдандалы болды? Моңғол хандарына тұрмысқа шыққан Византия ханшайымдары ыдырауға шақ қалған әрі әбден әлсіреген империяны қалайша аман сақтап қалды және олар бір-біріне қалай әсер етті? Аталған сұрақтарға тарихшы-византист Роман Шляхтин жауап береді.

Мазмұны

Ыстамбұлдағы Алтын Мүйіз дөңінде көше тұсынан көзге ілікпейтін шағын шіркеу бой көтерген. Дөңестеу келген күлгін түсті домалақ шағын шіркеу тек дөңнің төбесіне шыққанда ғана көрінеді. Аталған ғимаратты түріктер Kanlı Kilise — Қызыл Шіркеу деп атайды және неліктен бұлай аталғаны ешкімнің есінде жоқ. Егер шіркеуге жұмыс уақытында келіп, қоңырау басатын болсаңыз, сізді бұрын-соңды мешітке айналмаған, шіркеуді қорғауға алуға бұйырған Осман сұлтандарының қабырғаға ілінген жарлықтары тұрған шағын ғимаратқа кіргізеді.

Фенердегі Әулие Моңғол Мәрия шіркеуі, Ыстанбұл, Түркия/Alamy

Фенердегі Әулие Моңғол Мәрия шіркеуі, Ыстанбұл, Түркия/Alamy

Орайы келсе, бұл ғибадатхананың негізін салған Моңғол ханының әйелі византиялық Мәриям ханшайым жөнінде де айтып береді. Бұл оқиғада біріншіден, мешітке айналмаған христиан шіркеуі ерсі көрінсе (Ыстамбұлда бұл ілеуде бір кездесетін жағдай), екіншіден далалық және христиандық империялардың құдандалы болуы оғаш жағдай саналады.

Екі империяның жүздесуі

Шыңғыс хан (1162–1227 жж.) әлемінің құрамына Византия кірмеді. Әлбетте, моңғолдардың шалғай жатқан батыстағы соңғы теңізден хабары болған, алайда оның жағалауында кімдердің тұратынын тек долбарлап қана білген. Дәл сол сияқты ортағасырлық Еуропадағы дамыған мемлекеттің бірі әрі Римнің мирасқоры саналған Византия да Еуразия даласы жөнінде көп білмеген. Бұл жағдай 13 ғасырда, Шыңғыс ханның немересі Батый бастаған түркі-моңғол түмендері 15 жылдың ішінде Орыс жерін жаулап, Венгрияны отқа орап, Польшаға басып кіргенде түбегейлі өзгерді. Дәл осы уақыттарда Байдар ноян бастаған қалың қол Кіші Азияда, заманауи Түркияның Азия бөлігінде қоныс тепкен мұсылман мемлекеттеріне күтпеген жерден шабуыл жасады. Осылайша Византия әлемінің бір жартысы моңғолдардың қол астына өтті. Византиялықтардың шығысындағы көршілері түркі-селжұқтар болса, моңғолдарға қарсы ұрыс салды. Алайда мұның ақыры жақсылықпен аяқталмады. Сұлтан майдан даласынан бас сауғалап, жері моңғолдардың иелігіне өтті.

Мәмлүктер мен моңғолдар әскері. «Шығыс жерлері хикаяларының гүлбағынан» иллюстрация/Bibliothèque nationale de France

Мәмлүктер мен моңғолдар әскері. «Шығыс жерлері хикаяларының гүлбағынан» иллюстрация/Bibliothèque nationale de France

Моңғол әскері бағындыруы қажет кезекті ел византиялықтар болатын. 13 ғасыр басталар шақта бір кездері қуаты тасыған алып империя басынан қиын-қыстау кезеңді өткеріп жатқан еді. Еуропалық крест жорықшылары 1204 жылы Константинопольді басып алып, талан таражға салған. Ақырында империяның өзі бірнеше бөлікке бөлініп, ақырында ыдырап тынған. Соның бірі Никей патшалығы болатын. Моңғол шапқыншылығы кезінде дәл осы патшалық батыстағы шегарада қалған.

Эжен Делакруа. Кірес жорықшыларының Константинопольды жаулап алуы. 1840/Wikimedia Commons/Department of Paintings of the Louvre

Эжен Делакруа. Кірес жорықшыларының Константинопольды жаулап алуы. 1840/Wikimedia Commons/Department of Paintings of the Louvre

Никейді билеген Ласкаристер әулеті келешегі үшін қатты алаңдағаны анық. Азия мен Еуропаның шегінде орналасып, ыдыраған Византия империясының қирандысы үстіне бой көтерген патшалық шығыстан келген жаудың жаңа жорығына төтеп беруге дайын болмаған. Сондықтан билеушілерге тосын дипломатиялық жүріс жасауға тура келген.

Әскер бастаған Құлағу хан. Рашид әд-Диннің Жәмиғ ат-тауарихындағы сурет. 14-ғасыр/Gallica

Әскер бастаған Құлағу хан. Рашид әд-Диннің Жәмиғ ат-тауарихындағы сурет. 14-ғасыр/Gallica

1257 жылы Қарақұрымнан Таяу Шығысқа қарай Шыңғыс ханның немересі Құлағу қалың қолды бастап шықты. Ұлы істерге ұмтылған қолбасшы Алтын Орда іспеттес өз ұлысын құруды мақсұт етті. Осы тұста II Феодор Ласкрис Құлағудан бұрын әрекетке көшіп, моңғолдарды Никейге шақырған. Елшілерді шегарадан күтіп алып, мемлекет астанасына дейін ұзаққа созылған айналма жолмен жеткізген. Гректер моңғолдарға арнайы кісі қарасы көп тау басындағы қамалдарды, қалалар мен елді мекендерді көрсеткен. Ал келіссөз барысында қандай әңгіме қозғалғаны белгісіз, алайда никейліктердің көксеген мақсаттарына жеткені анық (олар елшілерге көрсеткісі келген дүниені көрсетті). Қалай болғанда да II Феодор елшілерге Никей империясы моңғолдардың Батыстағы сенімді одақтасы бола аларына сендіре алған.

 IV Алексей Ангелден IX Михаил Палеологқа дейінгі Византия императорларының портреттері. Ортада Феодор Ласкарис. 15-ғасыр. Codex Mutinensis graecus 122 қолжазбасынан/Estense Digital Library/Wikimedia commons

IV Алексей Ангелден IX Михаил Палеологқа дейінгі Византия императорларының портреттері. Ортада Феодор Ласкарис. 15-ғасыр. Codex Mutinensis graecus 122 қолжазбасынан/Estense Digital Library/Wikimedia commons

Ақырында екі тарап құдандалы болуға келіскен. Моңғол хандары бұған дейін де өздері жаулап алған халықтардың қыздарын қуана-қуана әйел еткен. Өйткені ұлы ханның гаремінде текті әулеттен шыққан христиан әйел болса, бұл оған батыстағы серіктестерімен сенімді келіссөз жүргізіп, қол астындағы халықты бақылауда ұстаудың тағы бір механизмін қалыптастырады.

Византияда да династиялық некені белсенді түрде пайдаланып келген. Орта ғасырларда Константинопольдан шыққан қалыңдықтарға христиан дінін қабылдаған Еуропа мен Азияның империялары құрметпен қарап, оларға деген сұраныс жоғары болған. Он екінші ғасырда билеуші Комниндер әулетінің қыздары Сицилиядан бастап Киевке дейінгі аралықтағы іргелі еуропалық алпауыттардың сарайында қалыңдық болған. Дегенмен Никейлік император мен Құлағу құдандалы болмады. Бір жағдайлар кесірін тигізді. Алайда келешекте қаланатын одақтың алғышарттары жасалып, Никея қажетсіз соғыстан құтыла алды.

Қауіпсіздік үшін бас тарту: түмен басы Ноғайдың сарайындағы Евфросиния Палеолог

Моңғолдармен жорық жасамау жөнінде жасалған келісім Никей билеушілеріне басты мақсаты — Константинопольді алуға ден қоюға мүмкіндік берді. 1261 жылы ұлы қаланы никейліктер қоршауға алмай-ақ, ың-жыңсыз басып алып, Константинополь тағына император Михаил Палеолог отырды. Ол Лакаристердің алыс туысы еді және билікке ол тақтың заңды мұрагері Иоан Ласкаристі ұстап алып, зағип ету арқылы келген. Қайта қалпына келе бастаған империяның ішінде бірден толқулар орын алып, бұл мүмкіндікті, әлбетте, моңғолдар сәтті пайдаланған.

Император VIII Майкл Палеолог. Георгий Пахимердің «Тарихи жазбаларынан» миниатюра. 14-ғасыр.  Cod. Monac.  gr. 442, fol. 184. Wikimedia Commons/Бавария мемлекеттік кітапханасы, Мюнхен

Император VIII Майкл Палеолог. Георгий Пахимердің «Тарихи жазбаларынан» миниатюра. 14-ғасыр. Cod. Monac. gr. 442, fol. 184. Wikimedia Commons/Бавария мемлекеттік кітапханасы, Мюнхен

Осылайша Жерорта теңізінің Шығыс аймағы билігі үшін болған үлкен ойынға жаңа күш келіп қосылды. Бұл жаңа ойыншы Шыңғыс ханның шөбересі, әскербасы Ноғай болатын. Сәттілік серік болған Алтын Орданың қолбасшысы Бұлғария мен Македония жеріне күйрете соққы берді. Жорықтың сәтті болғаны сонша, император Михаил Палеолог бар күшін жинап үлгере алмай, моңғолдардың қолына тұтқынға түсуге сәл қалған. Ноғайдан құтылу үшін Палеолог, Евфросиния атты некесіз туған қызын әйелдікке ұсынған. Мұны Шыңғыс ханның ұрпағы өте байыпты ұсыныс ретінде қабылдаған.

Әскербасы Ноғай (1230–1299 жж.) үшін некесіз туған болса да, Византия императорының қызымен отау құру үлкен олжа саналғаны анық. Шыңғыс ханның шөбересі, беклербек деген лауазымға ие бола тұрып, Алтын Орданың тағына отыра алмаған. Сондықтан ол бар күшін моңғол әлемінің шеткері аймағынан өз иелігін құруға салған. Ноғай бастаған қалың қол заманауи Украина, Румыния мен Молдавияның далалық аймағында орналасқан іс жүзінде тәуелсіз болған алып мемлекетті құрды.

Ноғай мен Берке хан әскерінің Құлағулықтармен Теректе өткен шайқасы. 1263. Гетум Патмичтың «Шығыс жерлері хикаяларының гүлбағынан» миниатюра. 1410 және 1412/Bibliothèque nationale de France

Ноғай мен Берке хан әскерінің Құлағулықтармен Теректе өткен шайқасы. 1263. Гетум Патмичтың «Шығыс жерлері хикаяларының гүлбағынан» миниатюра. 1410 және 1412/Bibliothèque nationale de France

Ноғайдың атты әскерінен мажарлар мен бұлғарлар қатты қорқып, онымен орыс князьдері одақтас болуға ұмтылған. Ал Ноғайдың өзі қажет кезде дінін тез өзгертіп отырған және Балқанның христиан билеушісімен, сондай-ақ Мысырдағы мұсылмандармен де одақ құрмақ болып келіссөз жүргізген. Осы тұста оның жұбайы да құр қарап жатпаған. Евфросиния Балқандағы Византияның қарсыластарына қарсы түрлі айла-шарғыларды ойластырып, әкесі Михаил Палеологқа қарсы құрылмақ болған екі христиан мемлекетінің (Сербия мен Бұлғар) одағын ыдыратып жіберген. Евфросиния Алтын Орда тағына таласқан күйеуін қолдап, бәлкім, онымен бірге көз жұмған немесе өзге бір моңғол билеушісіне ұзатылуға дайындалып жатқан сіңілісі Мариямның жанына Константинопольға оралған.

Османдардың мысын басушы: моңғолдардың ханшасы Мариям тұрмыста және үйде

Мариямның мойнына артылған жүк Евфросинияның міндетіне қарағанда күрделі болған. Өйткені Құлағу ханның қосыны Византиядан тым шалғайда қоныстанған әрі Михаил Палеологтың қызына онда қол ұшын созар ешкім жоқ. Бұған Шыңғыс хан ұрпағының парсы жеріндегі иеліктерінде діни ақуал ушығып тұрғанын қосыңыз. Византия-Моңғол одағы құрылған сәтте Құлағу Мемлекетінің хандары буддизмді ұстанған. Сондай-ақ моңғол ақсүйектерінің арасында христиан-несториандардың айрықша орын иеленген, айталық олардың арасында жақында көз жұмған Құлағудың жұбайы Доқыз қатын да болған. Парсы қалаларында мұсылмандардан бөлек, Орталық Азиядан келген буддашылар және моңғол шаманизмін ұстанушылар, православиядан бастап монофизиттерге дейінгі әртүрлі шіркеу христиандары өмір сүрген. Сондықтан Монофизит өкілдері хан алдында өз мүддесін қорғап, қарқын ала бастаған ислам дінінің аясында дәрменсіз күйде қалмас үшін Палеолог қызына үлкен үмітпен қараған.

Сирия Библиясындағы жаңа «Константин мен Елена» ретінде бейнеленген Құлағу хан мен оның христиан әйелі Доғуз Хатун. 13-ғасыр/British Library/Wikimedia Commons

Сирия Библиясындағы жаңа «Константин мен Елена» ретінде бейнеленген Құлағу хан мен оның христиан әйелі Доғуз Хатун. 13-ғасыр/British Library/Wikimedia Commons

Византиялық озбыр билеушінің некесіз туған қызы хан сарайына тез бейімделіп, өзін жұртқа құрметтете білген. Құлағудың сарайындағы қызметкерлер оны ілтипатпен «деспине» деп атаған. Олар византиялықтардың «деспина» (ханым) деген титулын тікелей ала салған. Елхан империясының тарихында ол «Деспине қатын» деген атпен қалды. Заманауи мағынасында Абақа хан өзінің византиялық әйелін жақсы көрді ме, білмейміз. Алайда ері мен әйелінің арасында өзара түсіністік болды деп айтуға негіз бар.

Абака хан ат үстінде, Аргун тұрып тұр, Газан хан бала ретінде бейнеленген. Рашид әд-Дин, Жәмиғ ат-тауарих, 14-ғасыр. Жан-Поль Рудың «Шыңғыс хан және Моңғол империясы» кітабынан репродукция, Découvertes Gallimard (№ 422) сериясы, «Тарих» бөлімі/Wikimedia Commons

Абака хан ат үстінде, Аргун тұрып тұр, Газан хан бала ретінде бейнеленген. Рашид әд-Дин, Жәмиғ ат-тауарих, 14-ғасыр. Жан-Поль Рудың «Шыңғыс хан және Моңғол империясы» кітабынан репродукция, Découvertes Gallimard (№ 422) сериясы, «Тарих» бөлімі/Wikimedia Commons

Мариям Палеолог сарайда өмір сүріп, шаруасын дөңгелетіп, христиандардың, бірінші кезекте грузиндердің қорғаушысы болған. Жылнамашы Рашид әд-Дин жасаған Абақа ханның әйелдерінің тізімінде Византия ханшайымы билеушінің тегі моңғолдық екі сүйікті жұбайынан кейін үшінші тұр. Бұл ақпар сарайда «Деспиненің» абыройы асқақ болғанын көрсетеді. Сауатты әрі оқыған-тоқығаны көп Мариямның білімінің Абақаға көмегі көп тигені анық. Иран билеушісі жауларына (Мысырдағы мәмлүктерге) қарсы Батыс Еуропаның патшалықтарымен одақ құрмақ болып, Ағылшын королі Эдвардқа және Рим папасына, сондай-ақ котолик шіркеуінің Лионск соборына да елші жіберген. Батыспен арадағы саясатқа ханға византиялық әйелі көмектесуі бек-мүмкін.

Абака және оның хатуны (Доржи Хатун болуы мүмкін). Рашид әд-Дин, Жәмиғ ат-тауарих, XIV ғасыр / Франция ұлттық кітапханасы

Абака және оның хатуны (Доржи Хатун болуы мүмкін). Рашид әд-Дин, Жәмиғ ат-тауарих, XIV ғасыр / Франция ұлттық кітапханасы

Абақа мен Мәриям арасындағы неке он жеті жылға созылды. Дегенмен екеуінің арасында бала аз болғанына (тек бір қыздың болғаны жөнінде ақпарат жеткен) қарамастан, Мәриям мойнына артылған міндетті орындаған. Ол тұрмыста болған аралықта Византияға шығыс жақтан қатер төнбеді. 1282 жылы хан қайтыс болған соң, таққа оның ұлы Текүдер отырды. Ол бала кезінде шоқынып, Николай деген ат алғанымен, таққа келген соң ислам дінін қабылдаған.

Мәриям бастапқы кезде сарайда қалып, елхан тағына таласқан бауырлардың күресін тамашалаған. Дегенмен 1290 жылы әкесі емес, бауыры II Андроник Палеолог билеген Константинопольға қайта оралды. Мәриям астанаға жайғасып, Византия жесірлеріне үйреншікті болған қайырымдылық жасаумен күн кешті.

 Хосе Морено Карбонеро. Рожер де Флордың Константинопольға кіруі. Тақта Андроник II Палеолог отыр. 1888/Wikimedia Commons

Хосе Морено Карбонеро. Рожер де Флордың Константинопольға кіруі. Тақта Андроник II Палеолог отыр. 1888/Wikimedia Commons

Алайда Кіші Азияда Византияға қатер төндіре бастаған жаңа саяси күш пайда болды. Бұл түркі-османдар еді. Бірнеше жылдың жүзінде османдар Византияның шегарасындағы аймақтарды жаулап алып, Кіші Азияның византиялық астанасы Никей қаласына да табан тіреп қалған. Осы кезде Андроник Палеолог өзінің өгей әпкесінен көмек сұрап, Мәриям Османдармен келіссөзге аттанған. Келіссөз кезінде моңғолдардың ханшасы қалай іс жүргізгені бізге белгісіз болып отыр, алайда оның сөздерінің қандай да бір салмағы болғаны анық.

 Константин Капыдағлы суреті. Осман I. 18-ғасырдың 2-жартысы не 19-ғасырдың басы/Wikipedia Commons

Константин Капыдағлы суреті. Осман I. 18-ғасырдың 2-жартысы не 19-ғасырдың басы/Wikipedia Commons

Ханшамен әңгімеден кейін ашу қысқан бейлік билеушісі дерек Никейдің жанындағы қамалды басып алғанымен, алайда қаланың өзіне шабуыл жасауға дәті жетпеген. Жесірдің сөзінен кейін өзге де түркі билеушілері Византия жеріне жорықты уақытша тоқтата тұрған. Ал ханның жесірінің ескертуіне құлақ аспағандардың, бір жылдан кейін Кіші Азияға жеткен моңғолдардың жазалаушы шағын атты әскері тас-талқанын шығарған.

Сарайдағы ханшайым: моңғол мен византиялықтардың үшінші некесі

Ханшайымдардың көмегімен жорықтардың алдын алу идеясы II Андроникке ұнап қалғаны анық. Сондықтан ол парсы жеріндегі Құлағу ұрпақтарының келесі билеушісі Ғазан ханмен (1295–1304 жылдары билік құрған) неке жөнінде келіссөздер жүргізе бастаған. Алайда өзіне дейінгі билеушілерден айырмасы Ғазан хан мұсылман болатын. Сол себепті ол бұл некеге үлкен қызығушылық танытпаған. Соған қарамастан ол Византиямен арадағы одаққа адал болып, ол тақта отырған аралықта османдар Константинопольдің шамына тимеуге тырысқан.

Осы бір оқиғалармен қатар император өз қызын (есімі белгісіз) Алтын Орда ханы Өзбекке (1313–1341 жж., билік құрған) әйелдікке берген. Некеден бөлек, Өзбек хандығын Византиямен ортақ экономикалық мүдде де байланыстырған. Алтын Орда жерімен Еуропа мен Қытайды Қырым арқылы жалғаған сауда жолы өтті. Ал Қырым айлақтарына Генуя мен Венецияның италиялық саудагерлері иелік етті. Сондықтан Константинополь мен Алтын Орда арасындағы одақ қос империяның билеушілеріне қала мемлекеттермен қолайлы шарттар негізінде келісім жасауға мүмкіндік берген.

Дегенмен Өзбек ханның қосынындағы византиялық ханшайымның өмірі жайлы болмады. Қысты ол Алтын Орданың астанасы Сарайда өткізсе, жазда Кавказ алды жайлауына күйеуімен бірге көшіп-қонып жүрген.

 1339 жылғы Дулсерт картасындағы Өзбек ханның суреті/Bibliothèque nationale de France

1339 жылғы Дулсерт картасындағы Өзбек ханның суреті/Bibliothèque nationale de France

1280 жылдары Өзбек ханның қонысына келген атақты саяхатшы Ибн Баттут, Алтын Орда ханының әйелдерінің арасынан Византия императорының қызын да жолықтырған. Саяхатшы оның есімін «Бейлун» деп жазып қалдырған. Ал оның шын есімі қандай болғаны белгісіз, бірақ мұнда Bayan (He)lun, яғни «Елена ханым» деген титул жөнінде сөз болып жатса керек. Ибн Баттут оны төмендегідей сипаттаған:

«Ол Константинопольдың патшасы болған Никфур деген адамның қызы екен. Біз кіріп келгенде бұл әйел аяқтары күмістен жасалған сарирдің үстінде отырды. Қасында рум, түркі һәм нуба деген қауымнан жүздей жариясы бар. Кейбіреулері түрегелген күйде, кейбіреулері отырған күйде. Бұлардан басқа жігіттері де бар, рум нәсілінен болған румдықтар да бар еді. Бұл әйел біздің жағдайымызды сұрады. Алыс жақтан келгенімізді біліп, бізді өте аяп жылады. Бетін қол орамалмен сүртті. Қатынның әмірімен ас әзірленді. Оның алдында отырып ас жедік. Ол қарап отырды. Орнымыздан тұрып, қозғалып шыға бастағанымызда, бізге қарап: «Тағы да келіңіз, қажет нәрселеріңіз болса, бізге айтыңыз», – деп үлкен құрмет көрсетті. Соңымыздан ас-ауқат, нан, май, қой, ақша және жақсы киімдер жіберіпті. Сонымен бірге үш жақсы ат, он қатардағы ат жіберді».

Ибн Баттут хан қонысына келген уақытта хан әйелі жүкті болған. Ол Өзбек ханнан Константинопольдегі төркініне баруға рұқсат сұрап, келісімін алған соң, бес мың салт атты қосынмен жолға шыққан. Ұзын шек Қара теңіз жағалауы арқылы жүріп, үлкен тарту таралғыларымен Константинопольға да жеткен. Ханның бұл әйелінің тағдыры әрмен қарай қалай түс алғаны белгісіз. Бізге тек оның есімінің арабша нұсқасы (Баялун) мен әлсірей бастаған византиялықтардың Шыңғыс тұқымының екі бірдей ордасымен одағы Еуропа мен Азиядағы шағын иеліктерін сақтап қалуға мүмкіндік бергені жөніндегі тарихшылардың деректері ғана жетіп отыр. 14-ғасырдың орта тұсында Моңғол ұлыстары мен Византия да әлсірегендіктен, екі мемлекет арасындағы байланыс та солғын тарта бастаған.

Екеуге ортақ елтаңба: екі басты қыран қалайша Византия мен Алтын Орданы біріктірді?

Осы тұста «Шыңғыс тұқымының сарайында византиялықтардың болуы моңғолдарға қалай ықпал етті?» деген сауал туындайды. Византия ханшайымдары Алтын Ордаға екі басты қыран бедерленген елтаңбасын алып келді дейтін нұсқалар айтылады. Кем дегенде, Жәнібек ханның тұсында геральдикада танымал құсқа ұқсас бейне тиындарға басылғаны анық. Тіпті Мәскеу патшалығы шынтуайтында өз елтаңбасын Византиядан емес, Жошы ұлысынан алған деген нұсқаны жоққа шығаруға болмайды.

Ноғай дәуіріне жататын мыс тиындағы екі басты бүркіт/https://zeno.ru/

Ноғай дәуіріне жататын мыс тиындағы екі басты бүркіт/https://zeno.ru/

Поп мәдениетте бұл қыран Византияның символы саналады, дегенмен ол геральдикада Шығыс Рим империясы құрылғанға дейін де болған. Екі басты қыранды алғаш болып б.д.д. Анадолыда өмір сүрген хеттер қолданған деседі. Б.д. басында екі басты қыран (Батыс пен Шығысты байланыстырушы символ) Азияда шоғырланған, негізінен Иранмен байланыс бар түрлі мемлекеттердің дәстүрінде «қанат жайды». Рим империясы мен Византияның бастапқы кезеңінде екі басты қыран болмаған. Оның орнына классикалық бір басты қыран немесе христиан діні өркен жайған соң аяғы ұзын және Иса Мәсіхті білдіретін «хи» және «ро» әріптерінің қиылысы түріндегі айқыш кең қолданылған.

Екі басты бүркіттің белгілі болған ең көне суреттерінің бірі. Хеттік «Сфинкс қақпасы», Аладжа-Хоюк, б.з.д. 14-ғасыр/Wikimedia Commons

Екі басты бүркіттің белгілі болған ең көне суреттерінің бірі. Хеттік «Сфинкс қақпасы», Аладжа-Хоюк, б.з.д. 14-ғасыр/Wikimedia Commons

Екі басты қыранның қайта өрлеуі он екінші ғасырда басталды. Шығыстың Батыс алдындағы үстемдігінің символы болған бұл таңбаны алдымен Кіші Азиядағы түркі-селжұқтары, сосын Бағдат халифтері қолдана бастаған. Осылайша екі басты қыран алтын тиындарға жаппай басылатын биліктің символына айналды.

Коньеде табылған архитектуралық фрагменттің суреті (қазір Инче-Минар музейінде сақталып тұр). Сонымен қатар екі басты бүркіт Кей-Кубад I сұлтанның (1220–1237) жеке таңбасы ретінде қолданылуы мүмкін деген болжам бар/Wikimedia Commons

Коньеде табылған архитектуралық фрагменттің суреті (қазір Инче-Минар музейінде сақталып тұр). Сонымен қатар екі басты бүркіт Кей-Кубад I сұлтанның (1220–1237) жеке таңбасы ретінде қолданылуы мүмкін деген болжам бар/Wikimedia Commons

Бәлкім, өзге халықтардың ақшасын сауда-саттықта жаппай қолданған моңғолдарға және Палеологтар әулетінен шыққан билеушілер пайдаланған Византияға, аталған таңба жоғарыдағы аты аталған халықтардан жеткен болуы да мүмкін. Қалай болмасын екі ұлы мемлекет те бір символды пайдаланған. Дегенмен моңғолдар арасында бұл танымал әрі маңызды таңба саналса, Византияда одан да өзге таңбалар көп болған. Онда негізінен арыстан бейнесі танымал болған. Алайда Константинопольді қайта жаулап алған соң, билікке келген жаңа әулет империяның символдық кодын ауыстыру қажет деп санаған (және византиялықтар екі басты қыран бедерленген елтаңбасын жасап алды). Елтаңбаның жанында 1453 жылға дейін Палеологтар салғызған ғимараттарды әрлеген «Патшаларға әмірлік еткен патшалардың патшасы» деген ұрансөз жазылған.

Палеологтар әулетінің гербі. 14-ғасырдағы фреска бойынша салынған сурет/Wikimedia Commons

Палеологтар әулетінің гербі. 14-ғасырдағы фреска бойынша салынған сурет/Wikimedia Commons

Империя аумағы кішірейген сайын, олардың елтаңбасы ажарланып, ұраны ұзара түскен. Сондықтан жұрт дәл осы екі басты қыранды Византияның негізгі елтаңбасы ретінде есте сақтап қалды. Олай болуы заңды да, өйткені екі басты қыранның бейнесі өнер туындыларында ғана сақталып қоймай, сондай-ақ бертін келе қалыптасқан, айталық Серб деспотаты мен Ұлы Мәскеу князьдігінің елтаңбасына да әсер етті. Алайда бастапқы византиялық қыранды қазірдің өзінде тамашалуға мүмкіндік бар. Оны Палеологах тұсында салынған Хор монастырында сақталып қалған фрескалардан көре аласыз. Аталған фрескаларда киімдеріне тура мағынасында екі басты қыран кестеленген византиялық шенеуніктер мен беделді әулеттер бейнеленген. Сондай-ақ онда Меланияның монах әйелдері (моңғолдардың ханшасы Мәриям Палеолог пен қайрымды әйелдер) бедерленген мозаика сақталып қалған. Ал ол тұрғызған шіркеу бізге бөтен елге, бөгде адамдарға барудан қорықпай, екі ұлы мемлекеттің (таңы атып, күні батқан Византия мен Алтын Орда) келісімге келуіне мұрындық болып, қанды қырғыннан сақтап қалған әйел жөнінде естелік болып Ыстамбұлда әлі тұр. Бәлкім, бізге осы бір оқиғадан сабақ алған жөн болар.

 Әулие Моңғол Мәриясы. Хора шіркеуіндегі мозаика. 14-ғасыр/Alamy

Әулие Моңғол Мәриясы. Хора шіркеуіндегі мозаика. 14-ғасыр/Alamy