Холера қасірет пен өлімнен бөлек әлемге Францияның Оңтүстік Жағалауын, А.С. Пушкиннің ең мықты шығармаларының бірін және заманауи эпидемология ғылымын сыйлады.
19 ғасырда холерамен карантиннің немесе қазіргі тілмен айтсақ локдаундардың көмегімен күресті, дегенмен, кейін оның мүлдем пайдаға аспағаны белгілі болып еді. Ауру тыныс-ауа жолымен тарамаған. 1834 жылы Ұлыбританияның лорд-канцлері, Брум мен Вокстың бірінші бароны Генри Брум холера карантиніне байланысты Францияның оңтүстігіндегі Канн маңындағы шағын ғана балықшылар қыстағында ұзақ уақытқа қалып қояды. Мекеннің оған ұнап қалғаны сонша, сонда тұрақты келетін болып алды, ақыры сонда қайтыс болды да. Оған ілесіп басқа да ағылшын ақсүйектері, саясаткерлері мен саудагерлері, орыс императрицасы, ұлы князьдар мен әлемнің тұтқасын ұстаған басқа да дөкейлер ағылды. Олар осы француз ривьерасын (жағалау) Еуропа элитасының сүйікті курорт-мекеніне айналдырды. Брум мен Вокс баронының Канн жерінде қамалып қалуына себеп болған дәл сол холера дерті орыс ақыны А.С. Пушкинді де Нижегородтағы Болдино иелігінде біршама уақыт тұрақтап қалуға мәжбүр етті. Ол жас қалыңдығы Наталья Николаевна Гончарованы көруге сонша ұмтылса да жете алмады, Болдинода үш ай өмір сүруіне тура келді. Бұл енді шығармашылығының ең жемісті кезеңі болды-ау. Сол уақыттан жиырма-отыз жыл өткенде холерамен локдаундар арқылы күресудің мәнсіз екенін және бұл қорқынышты сырқаттың түпкі себебі не екенін бір ағылшын дәрігері табады.
«Холера» сөзі грекше χολή «өт» және έωῥ «ағу» сөздерінен жасалған. Бұл адам ағзасын зақымдайтын өткір ішек инфекциясы.iғылым бойынша антропоноз инфекция, яғни холераның қоздырушылары тек адам ағзасында ғана дами алады Холераны тудыратын бактерия «холера вибрионы» деп аталады.
Холера вибрионы әрдайым жылы әрі лайсаң үнді өзендерінде тіршілік етіп келді, әрине, жергілікті халық оқтын-оқтын холерамен сырқаттанып келді, ал тұрғындардың кейбір бөлігі оған қарсы мыңдаған жылдар бойы берік иммунитет қалыптастырған да еді. Бірақ ұзақ уақыт бойы бұл ауру түрі пандемияға ұласпай келді, себебі қатты таралып үлгермейтін. Жылдам қозғалыс құралдары болмаса тым ауыр өтетін бұл сырқат дүниежүзілік ауқымда тарап немесе әлемнің көптеген бөлігіне жайылып үлгермейді. Жаңа заманға дейін бұл аурудың қоздырғыштарына қалауынша тарау мүмкін болмай келіп еді. Ұзақ қашыққа олар әдетте өздері бұл аурудан өліп қалмаса да ағзасында ұзақ сақтай алатын тасымалдаушы-жануарлардың арқасында тарайтын. Оба эпидемиясы да дәл осындай еді. Бұл ауру да инфекция баяу әсер етіп, саяхаттаушы адам әлі де біршама уақыт сырқат екенін сезе алмаған жағдайда басты ошағынан шалғай жерлерге тарай алатын.iбәлкім, Колумбтан соң Америкадан кәрі Құрлыққа сифилис те дәл осындай жолмен келген болар
Бірақ отарлық, жылдам тасымал құралдары, адамдардың дүниенің бір бөлігінен екінші қырына жаппай қозғалуы (жауынгерлер, матростар, шенеуніктер, босқындар және т.с.с.) патогендердің планетаға қарқынды тарауына жағдай жасады. Холераға қатысты да солай болып еді.
Көк құбыжық және Кішкентай трагедиялар
Соңғы 200 жылда жетінші рет холера пандемиясы болып өтті, бұған қоса жетіншісі дәл қазір жүріп жатқан болып есептеледі. Алғашқы холера пандемиясы 1817 басталды және шамамен жеті жылға созылды. Сол кезеңдегі дәрігерлердің айтуынша, холера дәл қазір Бангладеш мемлекетінде орналасқан, сол кездегі британдық Үндістанның бөлшегі болған Джессор қаласында бұрқ ете қалған. Джессор арқылы Ганганың жылғасы болып келетін Падма өзені ағады. Осы бір су жолымен инфекцияның ауқымды субконтинентке тұтастай тарауы реал сценарий болып көрінеді. Аурудың айтарлықтай қауіпті еткен холера вибрионының мутацияға ұшырауы холераға төзімді делінетін үнділердің де көбін опат қылды, ал Британ жауынгерлері болса бұл апаттан мүлдем қорғалмаған күйде қалды — Үндістандағы әскерилер арасында эпидемия басталды. Әскерилер мен теңізшілер арқылы вибрион тұтас әлемге саяхатқа шықты.
19 ғасырдың тұтас өн бойында (инфекцияның шынайы бактериологиялық себебі әлі де анықталмай тұрған шақта) холера Ұлыбританияда варварлық, жат жұрттық және бірінші кезекте үнді ауруы болып есептеліп келді. Оның Еуропа территориясында пайда болуы үрей, түсінбеушілік пен наразылық туғызды, өйткені ол кездегі пікір бойынша, соның ішінде ғылыми да бар, барша жағдайда дерлік жергілікті мекеннің және климаттың ерекшеліктерінен туындайды деп сенетін. Холераның Еуропада болуы — бұл жабайы пілдердің Париж бен Лондонға шабуыл жасауымен бірдей еді!iЖекелеген әрі тым шектеулі мекендерде Еуропада бұған дейін де болып тұрғанын айта кету керек. Антика авторлары холераны білетін, әйтсе де, бұл ауру ол кездері жаппай сипат алмаған әрі жеңіл өтетін болғанға ұқсайды
Холераны еуропалық көпшілік газеттер мен иллюстрациялық журналдарда не секелт түрінде, не тюрбан киген үнді қаскүнемі кейпінде суреттейтін. Бұған қоса, егер иллюстрация түрлі түсті болып жатса, көк түске боялған болып берілетін. Холераға бәрінен де азапты іш өту көбірек тән сипат, бірақ әдеп нормасы бойынша ондай сурет салуға мүмкіндік жоқ еді. Суретшілер холераның басқа ерекшелігіне ден қойды — денеде сұйықтықтың қалмауының себебінен науқастың сұрланып кететініне (көгеріп кететініне десек те болады). Арық-тұрық көкпеңбек үнді қаскүнемі — холера солай суреттелді. Бәрінен бұрын оның қарқыны үрейлі еді — таңертең ғана аттай шауып жүрген адам күндіз үздіксіз жалғасқан құсу мен ішектің ауруынан қиындық тартып, ал кешке есінен танып қалатын, ал келесі таңды ендігі өлік кейпінде қарсы алатын кез сирек емес еді.
Әдеттейгідей Үндістаннан басталған екінші холера пандемиясы Азия елдері арқылы Ресей империясына енді әрі кейбір мәліметтер бойынша 100 мыңға жуық Ресей жұртының өліміне әкелді. Бұл 1930-жылдардың басында болып өтті. Карантинге байланысты империяның көп бөлігінің жолдары жабылды. Дәл сол кезде Пушкин де атақты Болдино кештерін бастан кешіріп еді.
Холера Еуропаға Ресейден кірді, ең аз дегенде Ресейдегідей адамды қырды, бәлкім одан да көп. Азия мен Африканың солтүстігінде холера қорқынышты соққы болды, бір ғана Мысырда 1830-жылдардың басында 150 мыңнан артық адам өлім құшты. Холерадан өлгендердің қабірі алапат некрополияға айналды. 1830-жылдардың орта тұсында ауру Солтүстік Америкаға жетті. Нью-Йорктің Денсаулық сақтау Комитеті шарасыз кеңестер (мүлдем іске алғысыз) жариялады, мысалы, алкогольдік ішімдіктерден тартынуды сұрады. Мас емес болу, әрине, жақсы іс, бірақ оның холераға бір мысқал да қатысы жоқ.
Холера пандемиясының үшіншісі әлемді 19 ғасырдың ортасында, шамамен, 1846 жылдан 1860 жылға дейін жайлады. Оның жаһанды қамтуы, бұрынғылардан әлдеқайда ауқымды, ал өлгендердің саны — көбірек болды: бір ғана Ресейдің өзінде миллионға жуық адам опат болды. Холераның бұл дүмпуі балалар жазушысы әрі мемуарист Елизабета Николаевна Водовозованың естеліктерінде сипатталған:
«Бірі он тоғызда, екіншісі он сегіз жастағы екі үлкен әпкемді холера төсекке таңып тастаған кезде, енді ғана көз жұмған әкем табытта жатқан еді, олардың бірінен соң бірін ақыры жер қойнына тапсырдық. Сосын, келесі үш аптада холера отбасымыздағы тағы төрт баланы жалмап кетті. Осылайша бір айдан сәл ғана асқан уақыт ішінде біздің шаңырақтан жеті адам о дүниелік болды. Соңында көп адам анамыздан неге күйеуі көз жұмған соң дереу өз иелігіне кетпегенін сұрады: солай еткенде, бәлкім сұрапыл холера эпидемиясы үзілер ме еді? Бұған, әрине, бір ғана жауап бар еді: әкеміз ауырған сәттен келесі кезең арасында бірде бір апта жерлеу мен ауыр сырқатқа қараудан босау мүмкін болмады, оларды ауыл арасындағы айқұш-ұйқыш жолмен тасу ақылға сыймайтын іс болар еді».
Джон Сноу, сен барлығын білесің!
Үшінші пандемия барысында ауру бірнеше рет викториандық Лондонды жаулап алды. Дәл сол жерде эпидемология саласында маңызды қадам жасалды, шыны керек, ұзақ уақыт мойындалмаған да еді. Оны Джон Сноу деген дәрігер іске асырды.iiиә, ол танымал сериал «Тақтар ойынындағы» басты кейіпкердің аттасы. Джон Сноу — дәрігер адамзат тағдырында бәрінен де маңызды рөл атқарды, әйтсе де, әрине, аз танымал
Джон Сноу 1813 жылы Йорк қаласында туған. Он шаңырақтағы тоғыз баланың тұңғышы болды. Әкесі көмірші-жұмысшы болды, кейіннен шағын фермер ретінде қайта мамандаған да еді. Сноу әулеті өмір сүрген аудан — қаланың ең кедей бөлігінің бірі болды.
Джон өте алғыр бала боп өсті, 14 жасында-ақ медицина мастерьесі (немесе қазіргі тілмен айтқанда, интерн) атанды. 1837 жылдан бастап Сноу Лондонның дәл орталығындағы Вестминистр аббаттығына қарама-қарсы орналасқан Вестминистр ауруханасында жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп бір уақытта ол Лондон университетінде медициналық білім алып жатты және 1844 жылы дәрігер дипломын алды. Осындан кейін ол Лондонның дәулетті ауданының біріне орнығып мамандығы бойынша практика жинай бастады. Әдетте жақсы практикасы бар дәрігерлер жағдайын жасап алу үшін дәулетті әрі сыйлы пациенттерге қызмет көрсетуді жөн көретін.
Бірақ Сноу емдеуші дәрігер ғана емес, зерттеуші де еді. Кезекті холера пандемиясы бұрқ ете қалған 1850 жылдың өзінде Лондонда эпидемологиялық қауымдастық құрылған еді және Сноу соны құрушылардың бірі болды. Ол эпидемологияны бар қырынан зерттеді әрі рахит эпидемологиясы бойынша маңызды мақаланың авторы болды.
Бұған қоса, дәрігер ретінде оны әрдайым анестезия қызықтыратын. Сноу эфир секілді анестетиктердің әсерін сынап көрді (соның ішінде өзіне де), сосын хлороформды. Хлороформ, эфирге қарағанда айтарлықтай тиімді дүние болып шықты, бірақ оны қолдану мұқият болу мен дәлдікті талап ететін. Сноу эфир мен хлороформның ағзаға шамадан тыс берілуінің алдын алатын немесе кем дегенде рискті азайтуды іске асыратын құрылғы ойлап тапты, себебі артық доза қиын жағдайға, кейде тіпті өлімге әкеп соқтыратын. Бұл өнертабысы оған танымалдық пен абырой әперді — бірінші кезекте Британ ханшайымының арқасында.
Библияның ең бірінші кітабы Жаратылыс кітабында (3:16) былай делінген: «ауырып бала туасың». Библияның басқа да мәлімдемелері секілді бұл уәде де белгілі бір шіркеу айналасында сөзбе сөз қабылданды және бала туар кезде анестезия қабылдау идеясы сондықтан адасушылық саналды. Дегенмен Виктория ханшайым 1853 жылдың сәуір айында сегізінші баласын туар кезде анестезияға байланысты Сноуға көмекке жүгінді. Ханшайым Викторияның соңғы тоғызыншы нәрестесі шахзада Беатриса болып еді: Ол 1857 жылдың сәуір айында дүниеге келді, осы кезде де Сноу анестезиолог болып қызмет етті.
ЖҰҚТЫРУ НЕМЕСЕ МИАЗМ
19 ғасырдың ортасында кейбір (эпидемиялық) аурулардың жұқпалы екендігі туралы ой қатып қалған ғылыми догма саналудан алыс еді. Әйткенмен осы бағытта қозғалу сонау Ежелгі грек тарихшысы Фукидидтің еңбектерінен бері байқалады, ол Перикл билеуші мен мыңдаған афиналықты опат қылған әрі өзі де бір ауырып тұрған жұмбақ «афиналық обаны» сипаттайды — десек те, мұнда ешқандай айқындық жоқ еді. Кесел ең әуелі адамнан адамға жұғады деп санайтын дәрігерлер, әрине, болды. Бірақ нақты не нәрсе беріледі, адам нақты неден ауыратынын ешкім білмейтін.
Оның үстіне, медицина әлемінде «жұқпалы» деудің жақтастарынан гөрі «миазм» идеясының жақтастары әлдеқайда беделді келетін. «Миазм» немесе «миазма» сөзімен қоршаған ортада өздігімен өмір сүретін әрі пайда болатын әлдебір «жұқпалы бастауды» сипаттайтын. Қалай болғанда да мұның зәредей болса да тірі мақұлық болуы мүмкін екені жайлы ой ешкімнің басына келмеп еді. Мұндай аурудың бірінші себебі көбіне «жаман әрі таза емес» ауа саналатын. Кейбіреулер «миазмның» басты сипаты жағымсыз иістің болуы деп санайтын,iдәл қазір «миазм» сөзі қолданылса да негізінен «сасық иіс» деген мағынада қолданылады, бірақ бұған байланысты ортақ пікір жоқ еді.
Дегенмен 1848 жылғы эпидемияның егжей-тегжейлері миазм теориясына күмәнмен қарауға мәжбүр етті. Мысалы, сол жылы гамбургтен Лондонға «Эльбе» пароходы келді; содан түскен пассажир ендігі ауруды жұқтырған еді және тұрақты түрде жалдайтын сарайында холерадан көз жұмды — ал бірнеше күннен соң дәл сол бөлмеде қонған тағы бір тұрақты жалдаушының да тағдыры солай болды. Екеуін де бір дәрігер қараған еді, бірақ оған кесел жұқпады. Барша егжей-тегжейді бір араға тоғыстырып қарасақ, онша қабыспайды — пароход пен қонақ үй нөмірі, әрине, әртүрлі «орта» дейміз, бірақ адамнан адамға жалғасатын жұқтыру шынжыры бұл жерде көрініс беріп тұр.
Брод-стрит трагедиясы
Сноу жұғатын нәрсе адам ағзасына физикалық тұрғыда енуі тиіс деп есептеді: «сасық ауаны» тыныстау жеткіліксіз, олай болғанда қонақ үйдің тұрақты жалдаушыларына қызмет көрсеткен дәрігер де ауырар еді. 1849 жылы Сноу пайымдауын Лондондағы медициналық газетке жариялады. Ал 1854 жылдың шілде айының соңында кезекті холера дүмпуі Лондонның Сохо ауданын жаулап алды. Бұл ауданға суды тікелей Темзадан тартатын екі су құбыры компаниясы қызмет көрсететін; бірінің атауы — Southwark and Vauxhall, ал екіншісінікі — Lambeth. Бұл су ешқандай дерлік тазартудан өтпейтін.
Брод-стритте немесе маңайында өмір сүрген 127 адам қыркүйектің дәл басында үш күн ішінде көз жұмды. Келесі апта ішінде тұрғындардың төрттен үші ауданды тастап шықты. 10 қыркүйекте ендігі 500 адам о дүниелік болған еді. Солай бола тұра Сохо ауданының қалған көшелеріндегі тұрғындар дін аман еді.
Мән жайды түсіну үшін Сноу Сохо ауданында діни қызмет жүргізетін англикан шіркеуінің священнигі Генри Уайтхедті қасына ертіп алды. Екеуі әр үйге кіріп, тұрғындардан сұрау алды. Олардың сұрағы негізінен екі тақырып аясында болды: біріншіден, үйде холерамен ауыратын адам бар ма?; екіншіден, суды олар қандай қайнардан ішеді? Сноу мәселенің барлығы суға барып тірелетініне сенімді еді.
Сноу аудандық шіркеу священнигін теориясына иландыра алды — былай қарасаң соншалық маңызды жетістік те емес. Бірақ ізгі Уаитхедтің 1855 жылдағы әрекеті түптеп келгенде Сноудың атқарған ісіндей маңызды болып шықты. Сноудың монографиясын оқып шығып ол «нөлдік пациентті» табуға кірісіп кетті, нәтижеде бірінші болып ауырған нәрестені — Льюис есімді балақайды тауып алды, оның жөргегінен ауру тарап шыққан екен. Брод-стриттегі суқойманың резервуары қазылған шұңқырдан бір метр жерде ғана орналасқан еді және оның құрамы осы резервуарға келіп құйылған болып шықты. Резервуардың құрамына ауырған баланың жөргегін жууға пайдаланылған су да сіңген (ал баланың қай жерден холераны жұқтырғаны бізге белгілі емес).
Картина айтарлықтай анық болып түзіле қалды: Брод-стриттегі қоғамдық құдық шүмегінен су ішкендер ауырып, көбіне өлім құшты. Ал басқа қайнардан су ішкендер, мысалы, аман қалды. Сноу суды химиялық тәсілмен тексерді, алынған үлгілерді микроскоппен мұқият зерттеді. Бұл зерттеулер оған айқын ештеңе айтпады. Дегенмен ол алынған сауалнаманың мәліметтері әрекет етуге жеткілікті негіз бола алады деп шешті және жергілікті билікті шүмекті жабуға көндірді.
Соходағы холераның таралуы сап тыйылды. Сноу эпидемия бойына ресурс жинауы мүмкін екенін жақсы түсінді, олай болса, ол бастамашы болған санитарлық-эпидемологиялық әрекет жойып жіберетін нақты себеп емес, таралуын тоқтататын құбылыс болды. Дегенмен факт — факт ретінде қалды.
Сноу Брод-стриттегі шүмектің (су ішетін колонка) маңындағы үй шаруасына қолданған ошақтар мен аудандағы ауырғандардың санын көрсететін картаны хатқа түсірді. Осы картада бір ғана ошақтың — сол шүмектің айналасына шоғырланғаны анық көрінді.
«Брод стриттан алыстау орналасқан басқа құдықтарға жақындаған сайын өлім саны айтарлықтай азаятынын, не толықтай жоқ болып көрінетінін байқауға болады», – деп жазды Сноу. Сондай-ақ жаңағы шүмекке тікелей жақын орналасқан жерлерде, яғни сол жерден су алу ықтималы артқан сайын өлімнің де көбейетінін байқауға болатын.
Брод-стиртте холера бұрқ ете қалған кездің өзінде жұмысын тоқтатпаған сыра қайнату орны бар еді, бірақ сол жердегі бірде бір сырашы ауырмады. Сноу сыра жасаушы жұмысшылардың бірде бірі жұмыс уақытында су ішпей оның орнына өздері дайындаған сыра мен элді ішкенді жөн санағанын анықтады. Сырахананың ережесі бұған рұқсат ететін, эль судан гөрі тәттірек еді, тіпті сол кезде сыра мен эль ішу пайдалы саналатын, сол дәуірде шынымен қайнамаған су ішкеннен гөрі сыра ішкен көп жағдайда қауіпсіздеу болғанын айтуымыз керек.
Сноу 1849 жылы жазылған холера туралы мақаласын жаңа тәжірибесінің мәліметтерімен толықтырды.
«Корольдігімізде бұрын-соңды болып өткен ең қорқынышты холера дүмпуі Брод-стрит, Голден-сквер мен қоңсы көшелерде бірнеше апта бұрын болып өтті. Кембридж-стрит Брод-стритпен қиылысатын екі жүз елу ярд радиуста он күн ішінде бес жүзден аса адам ауырып өлім құшты. Осы бір кішкентай аймақтағы өлім саны елдегі бұрын-соңды болған кез келген мұндай оқиғадан асып түседі, тіпті оба уақытында да мұндай болмаған; және барлығы өте жылдам болып өтті, себебі ауырғандардың көбі бірнеше сағаттың ішінде өліп кетіп жатты. Тұрғындар жаппай бас сауғалап кетпегенде өлім саны мұнан да көп болар еді. [...] Дүмпу басталған алғашқы алты күннің ішінде ең қауіпті көшелердегі тұрғындардың төрттен үші босып кетті».
Өлім құштыратын консерватизм
Брод-стриттағы жағдай реттелген соң Сноу холераның патофизиологиясын зерттеуді жалғастырды. Ол холераның қазіргі медицинада тілінде «зәр-тыныс жолымен» деп аталатын жолмен берілетіндігі жайлы нақты қорытындыға келді.
Қан ағызу секілді сол уақыттағы медицинадағы кең тараған тәсілдер оның ойынша (шынында да солай еді) мүлдем пайдасыз еді. Сноу сондай-ақ холера «миазм» арқылы жұқпайды деді.
Дегенмен көпшілікке, тіпті сол кезең медицина мамандарының өзіне ауру «зәр-тыныс жолымен» беріледі деген ой эстетикалық жағынан жиіркенішті болғаны сонша бұған олар қарсы шықты. Шенеуніктер шүмектің жұмысын дереу қалпына келтірді. Холераның тарауына қатысты шындық эпидемияның алдын алуға септесетін қарапайым профилактика шараларын қабылдауға да, көпшіліктің санасына орныққанға дейін көп уақыт өтті.
«Біз сіздермен бәлкім ол күнге жетпеуіміз мүмкін, – деп жазды Сноу көмекшісі, священник Генри Уайтхедке, – менің атым да ұмытылады; бірақ ірі холера дүмпуі артта қалатын уақыт келеді, оларды аурудың тарауы жайлы білімді игеруге мәжбүрлеудің де керегі болмайды».
Сноу, өкінішке қарай, рас айтып еді: ол сол күнді көре алмай кетті. Холера эпидемиясының себебін зерттеу мен мұндай жағдайлардың келешекте қайталауының алдын алу бойынша жиылған комиссия мүлдем басқаша қорытынды жасады.
Есепте:
«Комиссия Брод-стрит ауданын зерттеді, ауа ағысы дұрыс жасалмайтын адамдар тобы өмір сүретін үй-жайларда антисанитариялық шарттар мен жағымсыз иістердің болуы себеп болағанын анықтады. Басқа қандай дәлел қажет?» – деп жазылды.
Іргелі медицина журналы «Ланцеттің» редакциялық мақаласында Сноуды ашықтан-ашық мазақ етіп еді.
«Неліктен Сноу мырза өз ойының дұрыстығына сенімді? Оның қолында дәлел ретінде көрсететін айғақ бар ма? Жоқ! Сноу мырза сонда холераның жайылу жолын таптым дейді, ол — ішетін су ретінде ағын суды қолдану... Атын ерттеп мінген Сноу мырза лас жерге қойып кетті, бірақ со гүйі ол жақтан шыға алмады».
19 ғасыр ортасындағы ғылыми журналдарда осындай мәнер қолданылатын.
1858 жылдың маусым айында Лондонды «Ұлы Қоқыс Иісі» жайлады: Темзаға тасталған қоқыс сасып, қала өмірін тұралатты, ғимараты өзен жағасына жақын Парламент жұмысына да кедергі келтірді.
Ал, бұл күндері Сноу мырза инсульт алып, бір апта өткенде 45 жасында көз жұмды. Әлгі «Ланцеттің» бар жазғаны мынадай некролог: «ДЖОН СНОУ мырза, танымал дәрігер, 16-күні түс мезгілінде Сэквил-стриттегі үйінде апоплексия соққысынан қайтыс болды. Әріптестері оның хлороформа мен басқа да анестезия құралдарына қатысты зерттеулерін бағалайды». Холера жайында бірде бір сөз жоқ, әрине.
Ал, 2008 жылы әлгі зұлымдық таратқан құдық маңына қойылған ескерткіште Сноудың тіпті басқа жетістіктерін жазып қойған, оны «эпидемологияның құрушы әкесі» деген.
Устрицалар мен тыныс белгілері
Келесі, төртінші холера пандемиясы 1863–1875 жылдар аралығында өтті. Лас су мен ауру арасындағы байланысты бұл уақытта ендігі медицина мамандары ғана емес тұрғандар да түйсініп алып еді. Мысалы, 1866 жылғы газет жарнамасында вашингтондық устрица саудагері кішкене асығыстық жасап, «холера үрейі тоқтады», ендігі қорқатын дәнеңе де жоқ деп жазып еді. Қаланың ағын суы кеп құйылатын суларда өмір сүретін әрі шикідей желінетін моллюскалар — адам популяциясы бар жерге холералық вибриондардың тым жиі тарататын салмақты қайнар көз екенін айту керек.
Бесінші пандемия 19 ғасырдың соңында, шамамен 1881 жылдан 1896 жылға дейін болып өтті. Жекелей алғанда 1893 жылы холераның осы пандемиясының П.И. Чайковский де құрбаны болды. Петербургтегі сәнді ресторан Лейнерде түскі ас ішіп отырып қайнамаған су беруін сұраған. Аңыз бойынша, композитор картадағы «қарға ханымға» бәстесе отырып, сынаққа түскісі келген дейді. Келесі күн бола сала дереу жағдайы нашарлайды, ал төрт күн өткенде 53 жасында қайтыс болды. Жанама түрде бұл аңыз сол уақытта ендігі адамдар санитарлық-гигиеналық ережелердің қалай жұмыс істейтінін жап-жақсы түсіне алғанын көрсетеді. Чайковский болса, егер осы аңызды рас деп сенсек, шынымен де өліммен бәстескен боп тұр. Қысқасы, сәнді ресторан мен ақсүйек үйлерінен басқа адамдардың таза сумен және антисептиктермен қамдамасыз ету ол кездері қиын шаруа болып еді.
Дәл осы жылдары неміс микробиологы Роберт Кох холера вибрионын патоген деп анықтады, бірақ ол дәл осы микроағза дені сау адамдардың бойында холераны туғызатынын нақты көрсетіп бере алмады. Микроскоппен қараған кезде холера вибрионы үтірге ұқсайтын болғандықтан оны «Кох үтірі» деп атап кетті.
Кейінірек микробты бұған дейін де сипаттап кеткені белгілі болды, мысалы, итальян анатомы Филиппо Пачини 1854 жылдың өзінде, яғни Лондонда холера дүмпуі басталған уақытта мұны анықтаған.
Алтыншы пандемия тіпті 20-ғасырдың ширегіне дейін болды. Ол да дәл бұрынғылардай Үндістанда басталды, тұтас Таяу Шығыс, Солтүстік Африка мен Ресейді қоса алғанда Шығыс Еуропаны жаулап алды.
Жетінші пандемия 1961–1975 жж., аралығында бұрқ ете қалды, дегенмен «Эль Тор» деген атпен танылған осы бір штамм қазір де бар — сондықтан бірқатар дәрігер мен медицина ұйымдары, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бар, бұл холера пандемиясы әлі күнге жалғасып жатыр деп есептейді.
Вакциналар мен дәрілер
19 ғасырдың соңына қарай француз-орыс тектес еврей бактериологы Вальдемар (Владимир Аронович) Хафкин холераға қарсы вакцина жасауға тырысты.
Қысқаша айтқанда, жасы үлкен әріптестері, оның ішінде ұлы бактериолог Илья Мечникова мен Луи Пастер бар оны іске аса қоюына күмәнмен қарады. Олар бір шетінен дұрыс айтқанға ұқсайды — алғашқы тиімді антихолералық вакцина тек 1980-жылдары ғана ойлап табылды.
Қазір ДДСҰ үш вакцинаны қолдануға кеңес береді (Дюкорал, Шанчол, Эувихол-плюс), бірінші кезекте қолайсыз өңірлердегі тұрғындарға (әсіресе, Африкадағы) және сол жаққа аттанатын саяхатшылар мен медицина қызметкерлеріне арналған.
Квалификациясы жоғары әрі бастысы жедел медициналық жәрдем қызметі бар қазіргі заманғы шарттарда холера соншалық қауіп туғызбайды. Біріншіден, жұқтырған жандар арасында, яғни холера вибрионы ағзасына айтарлықтай көп мөлшерде енген адамдар жатқызып емдеуді талап ететін симптомдар бар-жоғы 10% адамның бойынан көрінеді. Олардың 99%-ы тиісті ем жасалғанда сауығып кетеді. Емдеу шарасы негізінен регидрациялық терапиядан тұрады, яғни ас қорыту жүйесі арқылы ағзадан жуып шығарылған қажетті сұйықтық пен химиялық құрамды қалпына келтіру іске асады. Ауыр жағдайларда антибиотиктер мен цинк дәрумендері қолданылады.
Бұған қоса, әрине, ежелден келе жатқан кеңес — тазармаған не қайнамаған суды ішпеңіз, жуылмаған азық-түлікті жемеңіз, қолды жиі жуып тұру қазіргі адамдар үшін де өзекті.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
Стивен Джонсон. Карта призраков. Как самая страшная эпидемия холеры в викторианском Лондоне изменила науку, города и современный мир. М., Бомбора, 2020
Соня Шах. Пандемия: Всемирная история смертельных вирусов. М., Альпина, 2017
Александр Генрици. Холера в России. Воспоминания очевидца. М., Родина, 2020