ДОМБЫРАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ: ОФИЦИОЗДАН АВАНГАРДҚА ДЕЙІН

Дәстүрлі аспап заманауи музыкалық өмірмен қалай үйлесім тауып отыр?

ДОМБЫРАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ: ОФИЦИОЗДАН АВАНГАРДҚА ДЕЙІН

Жамбыл Жабайұлы (1846-1945), авторы белгісіз

Халық музыкасын жек көру үшін кеңес заманында өсіп, өмір сүрудің өзі жеткілікті болды. Бұл парадокс сияқты естіледі, өйткені ол кезде радио мен теледидар эфирінің басым бөлігі фольклорға бөлінетін. Бірақ халық музыкасы жас тыңдарманды мүлдем тебірентпейтін, тартымсыз түрде назарға ұсынылды. Кездейсоқта радионы қосқан жасөспірім: «Түу, тағы да домбыра — бір таяқ пен екі ішек. Жалықтырып бітті ғой!» деп тыржия қалатын.

Ал домбыра бізге поп-музыка, рок, тіпті дискомен бірге келгенде, бәрі қалай боларын кім білсін. Бірақ, өкінішке орай, ол кезде халықтың көңілін көтеруге бос және лайықсыз нәрсе деп қарайтын, өйткені сол кездегі басшылардың түсінігі бойынша мәдениет адамды зеріктіретін академиялық құрғақ дүние болуы керек еді. Осылайша тұтас ұрпақтың бойында ұлттық аспап үнін жақтырмайтын әдет қалыптастырылды. Тіпті Қазақстанның тұңғыш вокалды-аспаптық ансамблі «Досмұқасан» да халық әндерін өздері өңдеп орындағанымен, домбыра емес, сол заманға тән электрогитара мен соқпалы аспапты таңдады. Домбыраның үні тыңдарманға әсері жағынан гитарадан кем түспейтін жалынды, романтикалық және трагедиялық болатынын түсіну үшін бір ұрпақтың өміріне тең уақыт қажет болды.

Домбыра — көшпендінің адал серігі. Алып жүргенге қолайлы, күмбірлеген домбыраны кез келген сезімді жеткізу — той-думанның ашылуында да, қайғылы хабарды айту үшін де пайдаланған. Иә, оның екі-ақ ішегі бар, бірақ аспаптың мүмкіндігін анықтайтын — ішектің саны емес, оның үстіне, ішегі көп арфаны атқа өңгеріп алып жүре алмайсың. Домбыраны үйдің төріндегі биік жерге іліп қойған, оның қоңыр үнімен жүрек ауруын емдеген (бірде күйші Тәттімбет екі күй тартып, өзіне-өзі қол салмақ болған көршісін өлімнен құтқарғаны туралы аңыз бар). Халықтың рухы домбырада деп есептеледі.

«Нағыз қазақ  қазақ емес, нағыз қазақ  домбыра!»

Егер ешқашан да музыка теориясын оқымаған қарапайым қазақстандықтан домбырамен қандай шығарма орындалатыны туралы сұрасаңыз, ол көп ойланбастан: «Күй» деп жауап беретін шығар, ал «Күй деген не?» деп сұрасаңыз: «Бұл домбырада орындалатын дүние», – дейді. Шындығында, күй — қазақтың ғана емес, көптеген түркі халықтарының дәстүрлі музыкасы және оны орындау үшін домбырамен ғана шектелмейді, қобызға және басқа да аспаптарға арнап жазылған әйгілі күйлер бар. Күйдің музыкалық формаларының алуан түрлілігі сонша, шын мәнінде оны кез келген музыкалық бағытқа жатқызуға болады.

Домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы және басқа аспаптарда ойнаған күйшілер ерте заманнан белгілі болғанымен, күйдің ауқымы фольклор саласымен шектеліп қалған жоқ. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын домбыра және онымен бірге күй де симфониялық музыкаға айналып өзінің лайықты орнын алды. Бала кезімізден білетін Құрманғазы немесе Тәттімбеттің шығармаларын қазір қазақ халық аспаптар оркестрі ғана емес, үлкен симфониялық оркестрлер де орындап жүр. Негізінен бұл Евгений Брусиловский, Борис Ерзакович сияқты Ресей композиторларымен қоян-қолтық жұмыс істеген Ахмет Жұбановтың зор еңбегінің арқасында іске асты. 1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» (музыкасы Е. Брусиловский, либретто Ғ. Мүсірепов) шыққан бойда опера сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, классика жауһарына айналды.

Ұлттық әуенді танымал етудің тағы бір мүмкіндігі кино болды, әлбетте, ең алдымен, бұл Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» және «Тақиялы періште» фильмдері, бірақ оның музыкасын «әмбебап» сазгер Александр Зацепин жазған.

Домбыра — үні аса қатты шықпайтын аспап, оның қос ішегі қой не ешкінің ішегінен немесе қармақтың бауынан жасалған, сондықтан рок тобының музыкасын орындағанда оның үні естілмей қалады. Бұл жерде жаңа технология қажет болды. Алғашқы электрлі домбыра 2012 жылы «Алдаспан» тобында пайда болды деп есептеледі, бірақ, егер қателеспесем, кейбір қазақстандық музыкалық топтар сонау тоқсаныншы жылдары бұл аспапқа дыбысалғыш құрылғыны және никель жалатылған ішекті (электр гитарада қолданылады) орнатуға талпыныс жасады, бірақ ол кезде бұл ұжымдар аса табысқа жете алмады. Кеңестік жүйе кезінде тыйым салынған музыка ол кезде толассыз ағылып келе бастаған еді, сондықтан ұлттық мәдениетке деген қызығушылық аз болды. Тіпті шығармашылығында халық музыкасының элементтерін пайдаланған біршама табысты ұжымдар ең ары кеткенде батыс немесе ресейлік жұлдыздардың концертінің ашылуында ғана өнерін көрсете алатын еді.

Осы тұрғыда world music — этникалық сарын мен заманауи музыка үйлесіміне барған сайын қызығушылықтың артуы жақсы үрдіске айналды. Бұл бағыт өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасында Батыста кеңінен таралды (мысалы, Пол Саймон мен оның Graceland альбомының арқасында), ал тоқсаныншы жылдардың басында жаһандық мейнстримге айналды. Дәл осы үрдістің арқасында Батыстың жаңа және қызықты дүниені іздеп жүрген ықпалды дыбыс жазу компанияларының назары қазақстандық жас музыканттарға түсті.

Қазір этника элементтері бар эстраданы кейде әзілдеп «күй-поп» деп те атайды (Q-pop сияқты). Этно-хаус жанрында «Асыл» қыздар триосы өнер көрсетеді, оның сүйкімді мүшелері ән айтып қана қоймай, қобыз тартады. «Бастау» домбырашылар дуэті этно-модерн стилінде жұмыс істейді. Қазіргі заманғы күйші Асылбек Еңсепов өзінің шығармашылығын сипаттайтын «домбыра», «эстрада», «күй», «компьютер» деген сөзді негізге алып өзінің стилін ДЕККО деп атайды.

Домбыра мен күй біздің ғана игілігіміз емес. ЮНЕСКО-ның шешімімен екеуі де адамзаттың материалдық емес мұрасының тізіміне енді. 2018 жылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісінде республикамызда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Көне мақалда: «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра!» делінген.

Домбыра/Shutterstock

Домбыра/Shutterstock

ДОМБЫРАНЫ ПАЙДАЛАНАТЫН БЕС ТОП

«Алдаспан»

Қазақтың ауыр қылышының құрметіне осылай аталған бұл электр домбыра пионерлері осыған сәйкес ауыр және екпінді музыканы орындайды. 2012 жылы «Алдаспан» тобы әйгілі Roadrunner records лейблінің американдық чартында екінші орынға шықты.

«Ұлытау»

2001 жылы Голливудта өткен Музыкалық орындаушылардың әлем чемпионатында «Ұлытау» тобының жеңіске жетіп Гран-при мен Алтын медаль алғаны нағыз сенсация болды. Бес жылдан кейін, 2006 жылы АҚШ-та топтың «Жұмыр Қылыш» деп аталатын алғашқы альбомы шықты (еуропалық нұсқада Two Warriors деп аталады). Оған қазақ және әлем классиктері: Құрманғазы, И. Ысқақов, Махамбет, Н. Тілендиев, Шалмырза, Қазанғаптың, Вивальди мен Моцарттың шығармаларының рок жанрында көркемдеп орындалған нұсқалары кірді. Келесі жылдың өзінде дисктің жарты миллионнан астам данасы сатылып, алтын қорға айналды.

2009 жылы «Ұлытау» Manowar тобымен бірге еуропалық гастрольдік турда болды — бұл жайт хеви-металл әуесқойларына көп нәрседен хабар беріп тұр. Осы ынтымақтастықтың арқасында еуропалық өнер сүйер қауым қазақстандық хард-роктың бар екенін, сондай-ақ батыстың хард-рок жанрынан еш кем түспейтінін көріп таңғалды.

Құрамы бірнеше рет өзгергенімен, «Ұлытау» тобы бүгін де шабыттана өнер көрсетіп жүр. Былтыр Көктөбеде, Францияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған концертте олардың өнерін тамашаладым. Айта кетейін, біздің этнорокерлер орындау мәнерінің әсерлілігі жағынан жиынға шақырылған француз жұлдызы Гаэль Бусвельден кем түспеді. Шабыттана өнер көрсеткен оларға жақын маңдағы таулар да қосылып гуілдеп үн қатқандай болды. Бұл триодағы домбыра электрлі гитара мен скрипканың қасында мүлдем әлсіз экзотикалық нота емес, ғаламат солоны орындауға да, ұжымда жұмыс істеуге де болатын нағыз рок-аспаптың толыққанды қуатты үні болып естілді.

«Тұран»

Алматылық world music әуесқойларының жыл сайынғы мерекесі — Spirit of Tengry халықаралық этнофестивалі бар. 2023 жылы оның он жылдығы атап өтілді. Мерейтойлық фестивальді міне 15 жыл бойы Карнеги-холдан бастап Кремль сарайына дейінгі аумақта, түрлі залда әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнер сүйер қауымды қазақтың музыка мәдениетімен таныстырып, тамсандырып жүрген «Тұран» ансамблі ашты. «Дәстүрлі композиция», «дәстүрлі аспап», «дәстүрлі ұлттық киім» — бұл сөздің өзінен-ақ заманауи адам зерігіп кететіндей болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл топтың музыкасы өте жігерлі және заманға сай тамаша естіледі! Фестиваль сахнасының алдында орын көп болмағанымен, жиналған жұрттың арасында тіпті транс пен техно стилінің өте жас әуесқойлары да қосыла биледі. «Тұранның» бес мультиаспапшысы сахнада бір-бірімен жарысқандай кезек-кезек аспаптарын ауыстырып тұрды. Әсіресе, үлкен даңғара ұстаған екі музыканттың күй тартысы есімде.

Has Sak

Қазақстанның Has Sak деп аталатын тағы бір этно-фолк-тобын, «Тұран» сияқты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлектері құрған және ол да өз өнерінде тек қана халық аспаптарын пайдаланады. Бірақ оның музыкасы әлдеқайда нәзік, романтикалық және кейде тіпті мұңды болып естіледі. Мүмкін, бұл өңкей жігіттерден тұратын «Тұраннан» айырмашылығы, Has Sak тобының шығармаларын шеберлігі жағынан ерлерден еш кем түспейтін, сан алуан аспапты тартқанда саусағынан бал тамған екі қыз орындайтын болғандықтан шығар. Өнер көрсетіп жүрген он жылдың ішінде топтың екі альбомы шығып, әртүрлі елдерге гастроль жасады және 2019 жылғы World folk vision халықаралық байқауында Гран-приге ие болды.

«Белес»

Қазақстандағы ерекше фолк-топтардың бірі — «Белес». Өзіңіз қараңыз, топтың мүшелері қобыз, домбыра, шаңқобыз, сыбызғы, сонымен қатар ... тамтам, шотланд волынкасы мен баян тартады. Бұл әбден түсінікті жайт: музыканттар көп жыл Республикалық ұланның президенттік оркестрінде жұмыс істеп, ресми кездесуге келетін шетелдік делегацияға әртүрлі елдің музыкасын орындап жүрді. Топтың ұраны — «Белестен белеске жете бер» деген қазақтың ізгі тілегі. Бір ғажабы, әзірге музыкалық ұжым шетелде белестен белеске оңай жетіп жатыр, ал өз Отанында ол қиындау сияқты. Мәселен, «Белес» тобы Анкарада стадионда өнер көрсеткенде оған 40 мың адам жиналған, ал музыканттар тұратын Астанада мұндай көрсеткіш әлі жоқ. Бірақ жағдай өзгереді деген үміттемін, өйткені «Белес» орындайтын музыка — бұл дәстүрлі әндердің көркемделген жаңа нұсқасы ғана емес, ол алуан түрлі ел әуендерінің нағыз «қорытпасы» деуге болады, ондағы бір композицияда қазақ музыкасы ғана емес, сондай-ақ армян, қытай, тіпті перу әуені де естіледі. Музыканттардың айтуынша, бір композицияны жазғанда толыққанды үйлесімге жеткенше жарты жыл немесе одан да көп уақыт кетуі мүмкін.

Домбыра/Shutterstock

Домбыра/Shutterstock

Юлия Боровинская

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ