ШАЛБАРДЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАРИХЫ

Әйелдер киімі ерлердің киіміне қалай айналды?

ШАЛБАРДЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАРИХЫ

Джулио Розати. Биші қыз/Wikimedia Commons

Әйелдер ерлердің шалбар киюге деген киелі құқығына қол сұға тұра, ежелгі салт-дәстүрді мүлде бұзған емес. Себебі ондай салт-дәстүр мүлде болмаған іспетті.

Жан Пишор. Атақты әйелдердің өмірі. Жанна д'Арк ат үстінде бейнеленген. 1504-1506 жж./Wikimedia Commons

Жан Пишор. Атақты әйелдердің өмірі. Жанна д'Арк ат үстінде бейнеленген. 1504-1506 жж./Wikimedia Commons

Осыдан жүз елу жылдай бұрын бәрі де оп-оңай еді. Белдемшелер мен көйлектер — қыз балалардікі. Шалбар — нәрестенің иткөйлегі тар болып қалған ұл балалардікі. Шалбар киген әйел — бұл барып тұрған келіссіздік және Жанна Д'Арк,iiЖанна д' Арк (1431 ө.) — Францияның ұлттық қаһарманы, жүз жылдық соғыстағы француз армиясының қолбасшыларының бірі. Әрине, шалбар үшін өртелген жоқ, бірақ ол жасаған қылмыстардың тізімінде шалбар кию де бар болатын. Дегенмен Жаннаның заманынан бері кем дегенде екі еуропалық император әйел — ағылшындық Бірінші ЕлизаветаiiЕлизавета Тюдор, Англия және Ирландия патшайымы (1558–1603). және ресейлік Бірінші ЕлизаветаiiЕлизавета Петровна, Ресей патшайымы (1741–1761). шалбар киетін. Екеуіне де киім-кешектің еркектерге ғана тән осы бөлігін қамтитын әскери киім тігілетін, ресейлік император әйел тіпті портреттерде де сондай кейіпте бейнеленді, бірақ олар императорлар емес пе, сондықтан оларды есепке алмаймыз.

Ал жалпы алғанда, панталон киген бикеш — бұл аса келеңсіз көрініс. Ондайды көру үшін адамдар театрға баратын.

«Бұл жерде мисс Сневелличчи болды — ол кез келген биден бастап Макбет ханымға дейін нені болса да орындай алатын, ал өз бенефисінде әрқашан да тізесіне дейін түсетін көгілдір жібек шалбарын киіп, кез келген бір рөлді ойнайтын» (Ч. Диккенс «Николас Никкльбидің өмірі мен бастан кешкендері»).

Онда әйелдер 20 ғасырда кенеттен әйел жынысы үшін мүлдем орынсыз, нағыз ер адамға тән киім-кешектің осы бір бөлігін еркектерден неліктен қабылдап алды? Бір қызығы, бұл риторикалық сұрақтың жауабы бар: әйелдер мұны кезінде еркектердің шалбар киюіне негіз болған себеп бойынша жасады, олар шалбар киіп жүріп атқару ыңғайлырақ болып шыққан жұмыстармен айналыса бастады.

Поль Деларош. Жарты шеңбер. 1841 жыл/Wikimedia Commons

Поль Деларош. Жарты шеңбер. 1841 жыл/Wikimedia Commons

Көне өркениеттерден шалбарды іздеп көру

Егер біз қиялымызда уақыттың үлкейткіш әйнегін алып, ежелгі дәуірлердің ұлы өркениеттерінің күнделікті тіршілігіне жіті қарайтын болсақ, біз қазіргі заманның белгілеріне жатқызып үйренген және бірнеше мыңжылдықтың тұңғиығынан кездестіреміз деп мүлде күтпеген толып жатқан жайттарды көріп таңғалар едік. Біз күнқағар көзілдірік пен сұйық сабынды, жасанды тіс пен дымқыл сулықтарды, дәретхана қағазы мен дезодорантты көреміз... Жайлы өмірге және тұрмысын ақылға қонымды түрде құруға ұмтылуы жағынан көне дәуірдің тұрғындары бізге өте ұқсас болатын және осы жайлылыққа қол жеткізуге көмектесетін заттарды жылдам ойлап табатын.

Бірақ бізге бұл көріністің кейбір бөлшектері өте-өте жетпей жатады. Мысалы, шалбар. Ежелгі мысырлықтарда зығырдан тігілген көйлек, белге орайтын таңғыш және алжапқыш болған. Дәл сондай ежелгі гректер былғарыдан тігілген қысқа белдемше киген. Финикиялықтар туника киген. Римдіктер тога киген. Месопотамдықтар жерге жететін ұзын көйлек киген. Жалаңаяқ қытайлар халат пен іш жейде киген (аса қатты қыста аяғына гетр киген, оны беліне жіппен байлап қойған, әлі де шалбар емес, бірақ әйтеуір сәл болса да соған жақын). Мезоамерикандық еркектер де сарафан киіп жүрген, тек солтүстікте ғана кейбір тайпалар қоныш шұлық киген, бірақ оның өзі де жейделері мен көйлектерінің астында болған. Үндістанда дхоти орамалдар. Индонезияда саронг.

Ал шалбар қайда?! Ерлердің нағыз дәстүрлі киімі қайда? Адым тігісі мен белін байлайтын жібі бар кәдімгі шалбарды ойлап табу шынымен соншалықты қиын болды ма?

Дегенмен де біз сол шалбарды тауып алдық. Мысалы, ГеродоттыңiЕжелгі дәуірдегі грек тарихшысы (б.з.б. 5 ғасыр). замандастарының айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі 6–5 ғасырда-ақ нағыз жабайы киімді мидиялықтар, ал кейінірек парсылар киген: ежелгі тарихшының пікірінше, парсыларға осы сиықсыз киім дәл сол мидиялықтардан ауысқан. Ал мидиялықтарды «әйелдер киімін» киіп жүретін жағымсыз әдеті бар деп айыптау әдетке айналған болатын — олардың «савроматтар» деп аталатын ұрпақтарына Үлкен ПлинийiЕжелгі Римнің эрудит жазушысы (б.д. 1 ғасыр). «амазон әйелдердің ұрпақтары» деген атақ таңып, «әйел иелігіндегі», яғни «әйелдер басқаратын» еркектер деп атаған.

Өйткені жалпы алғанда ежелгі дүниеде шалбар белгілі болған. Оны әдетте бұл әлемге көрсетпеген, өйткені оны үйдегі әйелдер тұратын жайлардың тұрғындары ұзын көйлектерінің астынан киетін — әйелдердің ыштан-шалбары Таяу Шығыста, Месопотамия мен Парсыдан Үндістанға дейін тараған болатын.iПенджабтың қазіргі заманғы киімі «камиз шалбар» — осы аймақтарда ұзақ уақыт бойы тек әйел киімі болып саналған өте, өте көне киімдердің тікелей жұрнағы. Көптеген физиологиялық себептерге байланысты шалбар тазалық жағынан да, инабаттылық жағынан да қосымша тосқауыл бола отырып, әйелдерге ыңғайлы болды, өйткені бұл — ең қатты соққан желдің өзі де ашып жібере алмайтын және кез келген жағдайда жалаңаш денені жасыратын киім.

Ал еркектерге бұл рәсімдердің бәрі керек емес еді. Қалай болғанда да, өз өмірін ат үстінде өткізбеген еркектерге керек болмайтын.

Лайонел Ройер. Цезардың аяғының астына қаруын лақтырған Верцингеторикс. Ле-Пюи-ан-Веледегі Крозатье музейі. 1899 жыл/Wikimedia Commons

Лайонел Ройер. Цезардың аяғының астына қаруын лақтырған Верцингеторикс. Ле-Пюи-ан-Веледегі Крозатье музейі. 1899 жыл/Wikimedia Commons

Шалбар өркениетті адамдарға арналмаған

Иә, шалбар өте ұзақ уақыт бойы киімнің мүлдем жабайы және әдепсіз түрі ретінде қабылданып келді, өйткені оны көшпенді халықтар киетін. Әрине, олардың бәрі де емес, тек ат үстінде көшіп жүргендері. Өйткені іс-әрекеттің дәл осы түрі шалбардың шұғыл ойлап табылуына өте тез әкелді — ешқандай белге орайтын таңғыш, ешқандай да ең жұмсақ деген ертоқым белдемше киіп ат үстінде ұзақ шапқан кезде дененің аса маңызды мүшелерін қансыраған сүйелге айналудан құтқара алмайды. Әлемдегі ең көне шалбарлардың пайда болған уақыты — үш мыңға жуық жыл, олар Шыңжаң–Ұйғыр ауданындағы (Қытай) қабірден табылған, бұл ауданды сол кезде Қытай патшалықтарының билеушілеріне өз жортуылдарымен көп қиындық келтірген көшпенділер мекендейтін.

Ал ұлы өркениеттер болса, олардың өркениет болуының себебі — олар отырықшы өмір салтын ұстанды, қалалар, сарайлар, акведуктер мен кітапханалар тұрғызды, ал атқа мүлде сирек мінді. Адамдар жылқыны біздің дәуірімізге дейін төрт мың жыл бұрын қолға үйретсе де, ол жылқылар күші аз әрі бойы аласа болғандықтан, мінуге әлі де ұзақ уақыт бойы жарамсыз болды, олар тек жүк тарта алатын жануарлар еді. Соғыста жылқы малы арбалар мен қос доңғалақты күймелерді тартатын тірі қозғалтқыштар ретінде пайдаланылды — шайқас алаңындағы салт атты ежелгі дәуірде қисынсыз нәрсе болар еді, өйткені аса жылдам жүрмейтін ат оған ерекше ептілік бере қоймас еді, керісінше, оның садақ ату немесе найза түйреу қабілетін барынша нашарлатар еді — ол кезде тіпті үзеңгі де, ертоқым да болмайтын, осы ер-тұрмансыз атқа мықтап отыру және сонымен бір мезгілде соғысу мүмкін емес еді. Ал қос доңғалақты арбалар — мүлде басқа нәрсе. Жауынгерлік қос доңғалақты арбалар Месопотамия аумағында пайда болып, дамыған деп ұзақ уақыт бойы саналып келді, бірақ соңғы археологиялық қазбалар жауынгерлік қос доңғалақты арбалардың Отаны басқа — Үндістан екенін көрсетеді, сол жерде осыдан бірнеше жыл бұрын біздің дәуірімізге дейінгі шамамен екі мыңыншы жылдан бері тамаша сақталған қола арбасы бар қабір аршылды. Айта кетелік, бұл олжа «Махабхарата» атты ұлы үнді эпосының қашан жазылғаны туралы қызу даулардың отына май құйып жіберді — ондағы мерзімдердің нұсқалары бір-екі мың жылға әрі-бері ауытқиды, ал «жас» Махабахаратаның жақтастарының дәлелдерінің бірі — мерген Арджунаның Кришна басқарған арбасының сипаттамасы болатын, өйткені Құдай шайқаста момын арбашы болып жүрген ұлы пандаваға өз еркімен қызмет етуге бел буды.

Қалай болғанда да ежелгі әлем салт аттыларға емес, қос дөңгелекті арбаларға бет бұрды, гиксостарiiГиксостар — б.д.д. 18–16 ғ.ғ. Ежелгі Мысырдың бір бөлігін жаулап алған халықтар. біздің дәуірімізге дейінгі 17 ғасырда Мысырды солардың көмегімен ойрандады, одан кейін Мысыр солармен хеттердіiБ.д.д. шамамен 1800 жылы Кіші Азиядағы Хетт патшалығының негізін салған үндіеуропалық халық. талқандады, сол арада СүлейменiiСоломон, иудея патшасы (б.д.д. ш. 967 ж. – б.д.д. ш. 928 ж.). патша өзінің 1400 арбасымен келеді де, арбашы АвтомедонтiiАвтомедонт, күймеші, Гомердің б.д.д. 13–12 ғасырлар тоғысындағы Троя соғысына арналған «Илиадасының» кейіпкері. өзінің тежеусіз аттарымен Трояның түбінде ғаламат істер жасайды…

Ал қос доңғалақты арба үстінде тұрып шайқасу үшін шалбардың мүлде қажеті жоқ еді. Сондықтан да ежелгі өркениеттердің еркектері ондай артық затсыз да өз істерімен өте жақсы айналысатын.

Ағайынды Лесюёрлер. Түрме трибуналы. 1792 жыл/Wikimedia Commons

Ағайынды Лесюёрлер. Түрме трибуналы. 1792 жыл/Wikimedia Commons

Жеңіс шалбары мен жұмыс шалбары

Жауынгердің атқа отыруы үшін жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар керек болды. Жаңа, бойы биігірек әрі күштірек жылқы тұқымдары пайда болды, жаңа қару-жарақ пайда болды — бірақ ежелгі әлемнің қарулы күштерінің толыққанды атты әскерге ие болуына әлі де көп уақыт қалған еді — кавалерия сол кездегі әскердің негізі болған ауыр жаяу әскерден әлі де ұзақ уақыт кенжелеп отырды. Александр МакедонскийдіңiiГрек патшасы Македониялық Александрдың (б.д.д. 336 ж. – б.д.д. 323 ж.) атты гвардиясы. гейтарлары немесе Ежелгі Римнің атты әскері — бұлар әлі де болса көмекші әскерлер, олар елеулі қақтығыстар кезінде аттан түсіп, жерде қылыштасатын. Асулардан өткен кезде салт аттылар негізінен жаяу жүріп, жылдамдығын жаяу әскердің қарқынына бейімдеді, жауынгерлік аттардың жүгін жеңілдетіп, жетегіне алды.

Ал көшпенділер — скифтер, германдықтар, фракиялықтар, ғұндар басқаша соғысады, олар ең әуелі салт аттылар, салт атты садақшылар мен найзагерлер, олар ат үстінде өмір сүреді деуге болады және тіпті осы бір «шалбар» деп аталатын түсініксіз әрі келіссіз киімді киеді. Қара теңіз жағалауында, Британияда немесе Кельннің түбінде жеңіл атты әскердің кейбір артықшылықтарын, соның ішінде киім-кешегінің ыңғайлылығын бағалай алған римдіктер шалбар кию идеясын Римге де әкелді. Шалбарды бағалаған салт атты жауынгерлер ғана емес еді. Бұл біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында болған еді, көне дәуірдегі климаттың оптимумы аяқталып келе жатқан, климат суи түсті де, тога мен жадағай шекпеннің астынан жылы шалбар кию идеясы, мысалы, қыста көшеде шелпек сатып көп уақыт өткізетін немесе теңізде желкендермен арпалысып діңгектерге асылып тұратын немесе жария пікірталастарға қатысып, форумдарда қақиып тұратын адамдарға тартымды идея болып көрінді. Сондықтан біздің дәуіріміздің 4 ғасырындағы императорлар Феодосий мен Гонорий Римнің тұрғындарының шалбар киіп жүруіне болмайтынын, мұның тек сан түрлі варварлар мен галдарға ғана рұқсат етілетінін, ал римдік азаматтар жадағай мен туникаларды киюге тиіс екенін еске салатын жарлық-новеллаларды мезгіл-мезгіл шығарып тұруға мәжбүр болды. Ал ең дұрысы еркекке лайықты шын мәнінде римдік киім — тоганы кию, ал оның өте ыңғайсыз екені және ақ түсті тоганы жуамын деп қайыршыға айналуға болатыны римдіктердің өзі шешуге тиісті мәселе.

Алайда біздің дәуіріміздің 3 ғасырының соңында Қытай аумағындағы бір жерлерде қазіргі заманғы толыққанды үзеңгі ойлап шығарылды да, шалбар киюден қашып құтылмайтын кез келді. Дәл осы үзеңгінің арқасында салт атты енді үзеңгіге аяғын тіреп тұрып садақ ата алатын, семсер, қалқан және найза ұстап шайқаса алатын болды, атты әскер жаяу әскерді ығыстырып, әскери іс-қимылдың аса маңызды қатысушысы болды да, ерлердің белдемше мен көйлектерін шалбарға ауыстыру енді тек уақытты күтетін мәселеге айналды. Жоқ, әрине, шалбарды сол күйі еркек рухының осалдығының ұсқынсыз айғағы деп қабылдауын тоқтатпаған табанды халықтар болды — шотландықтарды есімізге түсірсек те жетіп жатыр, бірақ мұндай нағыз құндылықтарға адал берілген халықтардың саны ғасырлар өткен сайын азая берді.

Дегенмен Еуропада шалбардың барлық түрлері әлі де ұзақ уақыт бойы әскери немесе жұмыс киімі болып саналды, ал келбеті салтанатты әрі «мұнтаздай» болуы үшін етегі еденге жететін көйлек кию керек болды. 11–13 ғасырда салтанатты сырт көйлек бірте-бірте қысқарып, ерлер шосс-шұлық киіп кербездене бастады, оны белге орайтын таңғыштың үстінен белбеуге байлайтын, ал оның үстінен қысқа шалбар тәрізді ыштан — пуф киетін. Шосс шұлықтар ерлердің атқа мінуге арналған киімі — леггинстер мен рейтуздарға айналды, пуфтар аздап ұзарып, сан алуан бридж бен кюлотқа айналды, ал қарапайым халық көп ұзамай ұзын әрі ыңғайлы жұмыс шалбарына ауысты да, ол ұзақ уақыт бойы төменгі санаттағы еңбек адамының белгісі болды (есімізге түсірейік, Францияның революционерлері «санкюлоттар» — «кюлот кимейтіндер», яғни ақсүйектердің қысқа шалбары мен ұзын етек пешпеттерін кимейтіндер, керісінше, еңбекшінің қатқыл ұзын шалбарын киетіндер деп аталды).

Ал ер адамдар «шалбар киетін жыныс өкіліне» шамамен 16–17 ғасырларда түпкілікті айналды. Соның өзінде де бәрі емес. Мысалы, соғысуға да, ауыр жұмыспен айналысуға да тиіс болмаған еркектер — дін қызметкерлері мен монахтар шалбар киіп әдепсіз көрінуге дәті бармай, бұрынғысынша еркекке лайықты ұзын көйлек киюін жалғастырды (олардың көбі көйлекті әлі күнге дейін киіп жүр).

«Әдепсіз киім» деген қаңқу сөз бұдан былай әйелдердің киюге батылы барған шалбарда ғана қалды. Әрине, бұл Еуропаға қатысты, ал шығыста әйелдер баяғыдан-ақ шалбардың неше түрін киіп жүрген. Жапон әйелдері еркектер сияқты хакама-шалбарды ғасырлар бойы киіп келген, ал Қытайда, мысалы, Тан дәуірінің өзінде-ақ (біздің дәуіріміздің 9–10 ғасырлары) таңғышсыз үлкен аяқ сияқты, шалбар да еңбекші шаруа әйелінің белгісі болған, тек атақты немесе бай әйелдер ғана қызметші әйелдердің иығына сүйеніп, таңып тасталған аяғының тұқылымен жүруге және сүйретпе етегі бар ұзын көйлек киюге құқылы еді.

Келісім алаңына жиналған бір топ модельдер кең балақты шалбарларын паш етіп тұр. 1933 жыл, 21 ақпан/Photo by Keystone-France/Gamma-Keystone via Getty Images

Келісім алаңына жиналған бір топ модельдер кең балақты шалбарларын паш етіп тұр. 1933 жыл, 21 ақпан/Photo by Keystone-France/Gamma-Keystone via Getty Images

Ал еуропалық әйелдерге бірінші, содан кейін екінші дүниежүзілік соғысты күтуге тура келді, себебі соғыс миллиондаған әйелдерді өндіріске, тіпті майданға шақырды да, шалбарды сыртта көп жүретін және ауыр еңбекпен айналысатын әйелдің киім шкафының бір бөлігіне айналдырды. Станоктар мен баспақтарға қыстырылып қалатын, электр желілерінің діңгектеріне өрмелеуге және тракторлардың кабиналарына кіруге кедергі жасайтын белдемшелер сол бір қиын күндерде ыңғайлы болмай қалды, «тойтарушы Роузилар» комбинезон мен джинс шалбарды игерді.

Сондықтан әйелдердің шалбар киюі қоғамның азғындауына байланысты құлдырауының дәлелі болған жоқ — мүлдем керісінше болды. Барған сайын күрделеніп келе жатқан өмірдің барлық сын-қатерлері әйелдерге де еңбектің, күрестің және өркениеттің дамуының осы бір ортақ киімін табыс етті.

Назгүл Сұлтанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ