Әмір Темір — адамзат тарихындағы ең атақты жаулаушының бірі. Билеуші көп жорыққа шыққандықтан, оған қатысты көзқарастар да алуан түрлі: біреулер үшін ол қайырымды билеуші, тақуа діндар және тарихтағы ең ұлы қайраткер болса, басқалар үшін — аса қатігез жабайы жан. Дегенмен бізде, Орталық Азия аймағында Әмір Темірдің ұлы билеуші екенін ешкім жоққа шығармайды. Керісінше, мұнда көпшілік оны ұлы бабамыз деп танып, мақтан тұтады. Сондықтан Qalam редакциясы Әмір Темірдің жеке тұлғасына қатысты маңызды сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітіп, қалың оқырманның назарына ұсынып отыр.
- 1. Әмір Темір не үшін маңызды?
- 2. Әмір Темір билікке қалай және қашан келді?
- 3. Барластар деген кім?
- 4. Әмір Темірдің түр-тұлғасы қандай болған?
- 5. Әмір Темір шынтуайтында қатігез болған ба?
- 6. Әмір Темір көшпелі өмір салтын ұстанған ба?
- 7. «Темірлан» деген атау неліктен кемсіту ретінде қабылданады?
- 8. Әмір Темір «тақуа» мұсылман болған ба?
- 9. Әмір Темір қанша тіл білген және оның ана тілі қандай?
- 10. Әмір Темір Шыңғыс ханның мұрагері ме?
- 11. Сомен Әмір Темір өзбек пе? Әлде ол қазақ я қырғыз болды ма?
Әмір Темір не үшін маңызды?
Әмір Темір — заманауи Ауғанстан, Иран, Ежелгі Қос өзеннің бір бөлігін, Үндістанның солтүстігі мен Орталық Азия аймағын алып жатқан алып империяны құрып, Темір әулетінің негізін салған тұлға. Әмірші өз артынан мирасқа үлкен мәдени мұра қалдырған.
Әмір Темірдің аты түркі халықтарының фольклорлық туындыларында, әсіресе, Қожа Насыр жөніндегі аңыздарда көп айтылады. Сондай-ақ Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Совет ғалымдары ашқан билеушінің қабіріне қатысты әңгімелер үрейді ұшыратын аңыздармен көмкерілген.
Өзбекстан халқы Әмір-Темірді ұлттың мақтанышы ретінде әспеттеп, киелі тұлға санайды. Бірақ соңғы уақыттарда Әмір Темірдің тегіне қатысты «ол қазақ я қырғыз» деген теориялар дүркін-дүркін көтеріліп жүр. Аталған теорияны ұстанушылар: «Әмір Темір моңғол болуы мүмкін емес, керек десеңіз моңғол деген ұлттың өзі ойдан шығарылған» деген ойды алға тартып жүр. Олар сондай-ақ Шыңғыс ханның да тегі түркі (әдетте қазақ деседі) деп санайды. Атақты Әмір Темір Үндістан тарихында да өз ізін қалдырған: оның ұрпақтары Үндістанды 19 ғасырға дейін билеген. Бірақ билеушіні үнді ұлтының тумасы дегендей әңгімелер айтыла бермейді. Керісінше, онда атақты әміршінің ата-бабасының мұсылмандық мұрасын мектеп оқулықтарынан алып тастауға тырысады.
Әмір Темір билікке қалай және қашан келді?
Әмір Темір 1336 жылы 9 сәуірде Орталық Азиядағы Кеш қаласының (қазіргі Өзбекстанның Шахрисабз аймағында) жанында орналасқан Қожа-Илгар деп аталатын қыстақта дүниеге келген. Әмір Темірдің балалық шағы мен жас кезі Кеш тауында өткен. 14 ғасырда Орталық Азия аймағы түркі-моңғол мемлекеті саналатын, Шыңғыс хан империясы ыдыраған соң құрылған Шағатай ұлысының құрамында болған.
Аталған ұлыстың атауы да Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың (1224–1242) құрметіне қойылған. 14 ғасырда Шыңғыс хан ұрпақтары иелік еткен ұлыстар ішінде төрелердің ықпалы төмендеп, түрлі алауыздықтар туындаған. Салдарынан Алтын Орда (Жошы ұлысы) империясында өзара таққа талас өршіп, ал Шағатай ұлысы 1347 жылы екіге (Мәуренахр және Моғолстан) ыдырап кеткен.
Екіге бөлінген ұлыс ішіндегі алауыздықтың кесірінен, билік ақырындап жергілікті әмірлердің қолына қарай ойысқан. Әмір Темір барлас руынан шыққан сондай әмірлердің бірі болған. Таққа талас кезінде басқалардан мерейі үстем түскен Темір, 1370 жылы Мәуренахрдың билеушісі атанады. Әрмен қарай әмір алдымен Шағатай ұлысының бұрынғы аймағын қайтарып, сосын оны ұлғайтуға барын салған. Оның бүкіл саяси және әскери жолы соған бағытталған. Әмір Темір империясының астанасы ретінде Самарқандты таңдаған. 1405 жылы билеуші дүние салған соң, ол құрған империя ақырындап ыдырай бастаған.
Барластар деген кім?
Барластар — моңғол тектес көшпелі ру. Аталған рудың Шыңғыс ханның жорықтары кезінде орны елеулі болған. Мәселен, қағанның жақын нөкерлерінің бірі Құбылай (Шыңғыс ханның немересі Құбылай ханмен шатастырмаңыз) барлас руынан шыққан. Бастапқыда барластар қазіргі Моңғолия жерінде тұрған, алайда уақыт өте келе түркі халықтары көп шоғырланған Орталық Азияға қоныс аударған. Бәлкім, барлас руының басым бөлігі ұлысы осы аймақта құрылған Шыңғыс ханның ұлы Шағатаймен бірге қоныс аударған болуы да мүмкін. Барластар мұнда Қашқадария алқабына қоныстанып, ислам дінін қабылдап, қысқа уақытта түркіленіп кеткен, яғни түркі тілінде сөйлейтін халыққа айналған. Соған қарағанда, 14 ғасырдың орта тұсына қарай барлас руының өкілдері моңғол тілін ұмытып та қалған болуы да мүмкін. Дегенмен олар моңғолдардың көшпелі дәстүрлері мен салттарын сақтап қалған.
Әмір Темірдің түр-тұлғасы қандай болған?
1941 жылы маусым айында Самарқандтағы Гөр Әмір кесенесінде орналасқан Әмір Темірдің мәйіті қазылды. Совет антропологы М.М.Герасимов бастаған топ билеушінің және оның бірнеше мұрагерінің қаңқасын зерттеп көріп, сосын Темірдің түр-тұлғасы қандай болғанын қалыптауға тырысқан.
Әмір Темір өз заманы үшін сұңғыла бойлы (170 см.) адам болғанға ұқсайды. Ол жирен түсті ұзын шашы және мұртымен, сондай-ақ азиялық түр-тұлғасымен айрықшаланған. Герасимовтың айтуынша, Әмір Темір азиялық және еуропалық нәсіл арасындағы оңтүстік сібір нәсілінің өкілі болған.
Әмір Темір шынтуайтында қатігез болған ба?
Билеуші өмір сүрген уақытта жазылған тарихи шығарманың көпшілігінен оның әскері шамадан тыс қатігез болған деген сипаттаманы жиі ұшырастыруға болады: бір жорық кезінде Темір 100 мың тұтқынды өлтіруге бұйырса, өзге бір жорықта — бас көтеремін деген көтерілісшілерге сабақ болсын деген мақсатта 70 мың адамның басынан мұнара тұрғызуға бұйырған. Аталған сандарды дәлелдейтін (сондай-ақ жоққа шығаратын) ілік жоқ. Дегенмен Темірдің қатігез билеуші ретіндегі дақпырты — әмірдің өзі және жаулары таратқан үгіт-насихаттың нәтижесінде туғаны анық.
Өйткені мұндай қисапсыз халықты тез арада қырып тастау үшін, орасан зор әскер қажет болады. 1391 жылы Алтын Орда ханы Тоқтамыспен соғыс кезінде Темір Самарқандтағы тас тақтаға әскерінің санын жазып қоюға бұйырған. Онда билеушінің қол астындағы қалың қол 300 мыңнан асатыны көрсетілген. Әлбетте, бұл сан шындыққа жанаспайды. Сондықтан оның өлтіруге бұйырған (дегенмен ол шақ үшін көп болуы мүмкін) құрбандардың саны да зорайтылып айтылғаны анық.
Әмір Темір көшпелі өмір салтын ұстанған ба?
Әмір Темір әскери мансабын көшпелі қарақшылар тобының басшысы ретінде бастаған. Оның өмірін сөз еткен дереккөздердің бәрі билеушінің мал шаруашылығымен күнін көрген ортадан шыққанын көрсетіп отыр. Алайда бұл билеушінің ұлы ізашары Шыңғыс хан өскен ортадан қатты айрықшаланады. Өйткені Мәуренахр — қала көп шоғырланған әрі ежелден егін шаруашылығы өрістеген аймақ болатын. Оның үстіне Әмір Темір дүниеге келген аймаққа жақын орналасқан Шахрисабз қаласын, ол шақта барлас руынан шыққан бек басқарып тұрған.
Сондықтан ұлы әмір қалалық және көшпелі өмір салтын да жақсы білген деген тұжырым негізсіз емес. Әмір Темірдің орта ғасырлық суреттерінің бәрінде көшпелі әскер билеушісінің классикалық нышаны болғаны шатыр жанындағы тақта отырған сұлбасы бейнеленген. Бірақ бейбіт күндері әмір атанған Темір қала ішіндегі сарайда өмір сүрген. Бұл тұрғыдан Әмір Темірді бірігей тұлға деуге болады. Шағатай ұлысының билеуші табы 13 ғасырдың өзінде қалалық өмірге ойысуға қатысты дауласып, екіге бөлінген. 1269 жылғы өткен құрылтай (моңғол ақсүйектерінің жиыны) кезінде хандар қала ішіне қамалмай, таулар мен дала төсін жайлаймыз деп уағдаласқан. Ал Мәуренахрда қалып, құрылтайдағы берген сертінен тайқыған төрелерді, даланы жайлаған шағатайлықтар «карунастар», яғни қаны араласқандар деп тілдеген. Осы тұста Әмір Темірді барлық жорықтары Қытай, Парсы жерлері мен Үндістан секілді қалалық өркениеттерге бағытталғаны қызықты көрінеді. Айталық Тоқтамыстың әскерін талқандаған Темір Алтын Орданың кең даласын жаулауға аса ынталы болмаған.
«Темірлан» деген атау неліктен кемсіту ретінде қабылданады?
Әмір Темір еуропалық тілдердің басым бөлігінде «Темірлан» деген атпен мәлім. Бұл атау Темірдің «Temūr(-i) lang» яғни «Ақсақ Темір» дейтін парсылық лақабына қатысты туындаған. Темір әскери-саяси мансабы енді басталған тұста, шайқастардың бірінде алған жарақатынан соң ақсақ болған.
Майдан үстінде Темірдің аяғына оқ тиіп, оң қолының екі саусағы қиылып түскен. Әмірдің аталған лақап атының түркілік нұсқасы да бар (Ақсақ Темір). Түркілер Темірдің парсы тіліндегі лақабын сөзбе-сөз аударып қойған. Жұрт Әмір Темірді денесінің кемістігіне астастырып кеткені соншалық, кейде билеушінің өзі де ақсақ деген «титулды» мақтанышпен қабылдағандай көрініп кетеді. Алайда іс жүзінде олай болмаған. Біріншіден, Темір ресми құжаттар мен хаттардың ешбірінде өзін бұлай атамаған. Екіншіден, тарихи дереккөздерде «ақсақ» сөзі арқылы билеушінің жаулары әдетте, Темірдің әсіре қатігездігін сипаттаған. Мәселен, Парсы жері Орталық Азиядан тысқарыдағы әмірдің алғашқы «құрбаны» болғандықтан, парсы халқы оны ұнатпаған. Сондықтан Темірді тілдеу мақсатында «ақсақ» дейтін лақапты қолданған.
Әмір Темір «тақуа» мұсылман болған ба?
Әмір Темір өзін «Исламның семсері» деп атау арқылы тақуа мұсылман болуға ұмтылғанын көрсеткен. Оның барлық жорықтары кәпірлерді жазалап, мұсылмандарды қорғаймын деген ұран аясында жасалған. Әмір Темірдің өзі мен артынан қалған империясының мәдени мұрасы, әлбетте, ислам әлеміне тиесілі. Дегенмен тарихшы ғалымдар Әмір Темірдің мұсылмандығына қатысты сауалды дүркін-дүркін көтеріп тұрады. Мәселен, ол суннит я шиит болды ма?i
Әмір Темірдің құлыптасында арғы атасы шииттік бағыттағы маңызды тұлға саналатын Әли халиф деп көрсетілген. Аталған ақпар кейбір зерттеушілерге Темір шиит я «шииттерді қолдаған» әмірші болған деген байлам жасауға негіз болып отыр. Алайда басқа да билеушілер секілді Әмір Темір дінге тек құрал ретінде ғана қарауы да бек-мүмкін. Айталық, оған ең алдымен өз билігін нығайту қажет болған. Ал орта ғасырларда легитимділік алудың ең маңызды аспектісі діни идея болғаны жасырын емес. Оның үстіне жоғары мәдениеттің бәрі ол шақта дінге байланған (әдебиет, сәулет, сурет және басқа да өнер түрлері). Сондықтан Темір империяның билеушісі ретінде осы бір әлемнің бір бөлігі болуға ұмтылса керек. Ал тұрмыста оның тақуа мұсылман болуы екіталай.
Әмір Темірдің Самарқандтағы сарайына барған еуропалық саяхатшының бірі, әмір мен оның айналасындағы жұрттың шарап ішкені жөнінде баяндаған.
Қазіргі Қазақстан аймағында Ұлытау деп аталатын тау бар. Темір 1391 жылы Алтын Ордаға жасаған әскери жорығы кезінде аталған тауда тоқтап, тастарға әлдеңені жазуға бұйырған. Тасқа қашалған жазулардан бөлек, Темір бұл аймаққа қорған салып, сондай-ақ алау жағатын орын әзірлеуге бұйырған. Тауларға тәу ету, ислам діні енгеніне қарамастан, көшпелі халықтардың арасында сақталып қалған моңғолдардың шамандық культінің бір бөлшегі екені белгілі.
Әмір Темір ең алдымен нағыз жауынгер. Ал жауынгерлік рух үстем болған мәдениеттердің басым бөлігінде көбіне-көп ежелгі діндердің символдары орындалатын болған.
Әмір Темір қанша тіл білген және оның ана тілі қандай?
Әмір Темірдің тұтқынында болған, орта ғасырлық жылнамашы Ибн Арабшахтың айтуынша, билеуші түркі, моңғол және парсы тілдерін жетік білген. Дегенмен Темір империясындағы мемлекеттік құжаттардың басым бөлігі шағатай,i
Осы тұста Әмір Темірді ешқандай хат жазып, құжат құрастырмағанын тілге тиек еткен жөн: ол хат танымаған. Билеушінің дипломатиялық хат алмасулар мен бұйрықтарды жазатын аудармашылары мен жазушылардан құралған тобы болған. Көп ұлтты империяны басқарып, көршілермен қарым-қатынас орнату үшін ондай топтың болуы аса маңызды. Әмір Темір империясының ту астында өмір сүрген түркі халықтары ол шақта әлі жеке тілдерге айналып үлгермеген түрлі диалектіде сөйлеген. Лингвистер түрлі нұсқалары бізге дейін түрлі әдеби жәдігерлер арқылы жеткен, аталған диалектілердің бәрін ортақ түркі тіліне біріктірген. Бұл диалектілерде сөйлеген халықтар бір-бірін аудармашысыз түсінген. Сондықтан Темір де осы бір үрдістен қалыс қалмағаны анық.
Әмір Темір Шыңғыс ханның мұрагері ме?
Саяси тұрғыдан Әмір Темір Шыңғыс ханның империясын «қайта қалпына» келтірді. Оның барлық жорықтарын моңғолдардың заңды иеліктерін қалпына келтіруге тырысқан әрекеттер болды деп ақтап алуға болады. Сөз жүзінде оның мемлекетін қол шоқпар болған төрелер (яғни Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары) басқарып отырған. Ал Темір болса «қарапайым» ұлы әмір деген титулды місе тұтқан. Әмір Темір Шыңғыс хан ұрпақтарымен туыстық байланыс орнатуға тырысып, төрелердің қыздарына үйленген. Осы арқылы ханның күйеу баласына берілетін титулды (гураган) иемденген.
Ол өзінің ресми шежіресін құрастырып, онда Шыңғыс ханмен тегім бір деп мәлімдеген. Басқа да көп мәселеде ұлы әмір моңғолдардың саяси дәстүрлеріне жүгінген. Мәселен, әскер ішінде Шыңғыс хан ұстанған ондық құрылымды сақтаған. Батыс-еуропалық әлемде Рим барлық империялар саяси бағдар болса, түркі-моңғол әлемінде Шыңғыс ханның империясы сондай қызметті атқарған.
Сомен Әмір Темір өзбек пе? Әлде ол қазақ я қырғыз болды ма?
Әмір Темір өзбек те, қазақ та я қырғыз да емес. Заманауи ұлттар бертінде қалыптасқан. Ұлы әмір өмір сүрген уақытта тілдер, рулар мен тіпті діни сенімдер арасындағы шекара нақты бекімеген. Темірдің ұлты мен дініне қатысты сұрақтарға жауап іздегенде, заманауи зерттеушілердің пікіріне емес, Әмір Темірдің өзін кім деп санайтынына назар аударған жөн. Аталған сұраққа оның әрекеттері жауап береді. Ұлы әмір түркі-моңғол жаулаушысы, моңғолдардан қалған шамандық ғұрыптарды орындаған мұсылман, өз руластары секілді бірнеше тілде қатар сөйлегенімен, бірақ түркі тілін жетік білген қалаланған көшпелі болған.
Саяси тұрғыдан ол Шыңғыс хан қалыптастырған моңғол дәстүрлері мен парсылардың мемлекеттік бюрократиялық құрылымын жалғастырған. Дегенмен бір дүние айдан анық. Туған және жерленген жері, сондай-ақ мәдени және архитектуралық мұрасы бойынша, ол заманауи Өзбекстанның территориясына тиесілі тұлға. Әрі ол келешекте өзбек ұлтының бірігуіне орасан зор ықпал ететін тұлға болмақ.