
Иосиф Будневич. Есік көлі. 17.08.1955 / ҚР ОМҚ ФД
1963 жылдың 7 шілдесінде Іле Алатауының тауларында сел жүрді. Алапат тасқын ең әдемі және танымал демалыс орындарының бірі — Есік көлін жойып жіберді. Қаза тапқандардың нақты саны бізге әлі күнге дейін белгісіз. Кеңес газеттері бұл жағдай жайында ұзақ уақыт үнсіз қалды, залалдың ресми шығыны да сол бойы жарияланбады. Тура он жыл өткенде, 1973 жылы шілдеде, ҚазКСР астанасына тағы да ірі сел қаупі төнді. Осылайша толықтай ұмытыла бастаған бір трагедия, әлдеқайда жойқын тағы бір трагедияның алдын алуға көмектесті.
Алматы аумағындағы сел тасқындары
Соңғы 150 жылда қазіргі Алматы аумағында бар жоғы екі рет қана жойқын жер сілкінісі болғанына қарамастан (1887 және 1910 жылы), оңтүстік өңір тұрғындары үнемі жер сілкінісінен қауіптенеді. Есесіне 180 жыл ішінде 800-ден астам тасқын тіркелген, тіпті, соның ішінде шынымен де бірнешеуі ауқымды апат болып еді.
19-ғасырда патшалық Ресей үкіметі Қазақстан аумағында бекіністер сала бастаған кезде, жерді ең алдымен су ресурсын ескере отырып таңдайтын. Аймақтағы өзендердің көпшілігі бастауын мұздықтан алатындықтан, қалалар да тау етегінде жайғасатын. 19-ғасырдың ортасында салынған Верный бекінісінің тұрғындары үшін осы өңірдің сейсмикалық белсенділігі тосын жағдай болса, сел күтпеген жағдай емес еді. Десе де тұрғындар селдің қаупін әрдайым білгенімен, оны жәй ғана «су тасқыны» деп атаған.
Әдетте сел тасқыны кезінде судың пайызы төмен болып, ал қозғалатын масса көлемінің 75 %-ға жуығы қоқыс, лай және тастардан тұратын.
19-ғасырда табиғи апаттармен күрес әртүрлі жолмен жүргізілді. Тау өзендеріне шағын бөгеттер — габиондарiіші тастармен толтырылған металл немесе сыммен тоқылған торлар салынды. Мұндай құрылым суды өткізіп, бірақ лай мен ірі қоқыстарды ұстап қалатын. 70-жылдары қала тұрғындарының күшімен Кіші Алматы өзенінен Весновкағаi
қазіргі Есентай суды бұрып еді. Бөгет тұрғызудың арқасында қаланың батыс бөлігіне суармалы су жеткізуге әрі сел жүрген жағдайда Кіші Алматы өзенінің суын реттеп, артығын басқа жаққа бұрып отыруға мүмкіндік тудыi
А. Лухтанов. Город Верный. 2011.

А. Барсуков. Есік көлін сыпырып кеткен сел тасқыны. 1963 жыл / ҚР ОМҚ ФД
Десек те бұл әрекеттер қала тұрғындарын 1921 жылы 8 шілдеде болған селден құтқарып қала алмады. Жойқын тасқын Кіші Алматы өзенінің ағысымен жайпап өтті. Салдарынан халықтың шамамен 7%-ы зардап шекті: 65 үй, 174 шаруашылық құрылысы, 18 диірмен, бал арасының омарталары, темекі фабрикасы, екі тері зауыты қирады. Шамамен 500 адам қаза тауып, із-түзсіз жоғалды, 80 адам жарақат алды, 149 адамның мүрдесі табылдыiА. Лухтанов. Верный қаласы. 2011.
Халық саны 30 000-ға жуық қала үшін адам шығыны орасан зор болды. Бірнеше жыл бойы қала тұрғындары сүзек пен тырысқақтан зардап шекті, себебі олар ішуге жарамды ауыз судан таршылық көрді. Тіпті қазірдің өзінде Алматыдағы Достық даңғылымен серуендеп жүріп осы апаттан қалған белгіні көре аламыз. «Қазақстан» қонақүйінің жанындағы алып тастар сол тасқынмен домалап жеткен.
Қазақстанның Рицасы
20-ғасырдың ортасында Алматы мен оның маңында шомылуға арналған тоғандар жетіспейтін. Қапшағай су қоймасының пайда болуына әлі 15 жылдан астам уақыт бар кез. Ал Ыстықкөлге жету үшін шаңды Қордай асуы арқылы жанып тұрған автобуспен 8 сағаттан астам жол жүресің. Алматылықтардың жазғы демалыс кезіндегі мәселесін шешу мақсатында 1958 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Есік көлінде еңбекшілердің мәдени демалысын қамтамасыз ету туралы» қаулысы шықты.

П. Кудряшев. Есік көліндегі туристер тобы. 1959 жылғы 21 тамыз / ҚР ОМҚ ФД
Бір жылдан кейін Есік көлінде қонақүйі, мейрамханасы, қайық станциясы және би алаңы бар демалыс саябағы ашылды. Көлге кең асфальтталған тасжол салынып, үлкен көлік тұрағы бар автовокзал тұрғызылды. Демалыс күндері әр жарты сағат сайын қаладан қатынайтын рейс ашылды. Көлдің суретін пошта хаттары мен туристік брошюраларға басып, оны Қазақстанның РицасыiАбхазиядағы мұздық-тектоникалық қабаттан пайда болған тау көлі деп атады.

В. Поздненко. Тауда орналасқан Есік көлінде. 1961 жыл / ҚР ОМҚ ФД
Көзді ашып-жұмғанша Есік көлінің даңқы артып, басты демалыс орнына айналды. Әсіресе апшыны қуырған аптап ыстықта мұнда мыңдаған алматылықтар келіп жанға сая табатын. Көлдің суы суық әрі ұзақ жүзуге қолайсыз болғаны демалушыларға кедергі келтірмейтін. Көлде серуендеу үшін катамаран алуға немесе жағажайда жатып, күнге қыздырынуға болатын.
1963 жылдың 7 шілдесі
Биік таудағы Есік көлі шамамен 8–10 мың жыл бұрын жер сілкінісі мен одан кейінгі тау көшкіні салдарынан пайда болған. Төмен құлаған қой тастар Есік өзенін бөгеп, биіктігі шамамен 300 метрге жететін табиғи бөгет түзген. Бастапқыда Есік көлінің ұзындығы 1850 м, ені 500 м болған, ал тереңдігі маусымға байланысты өзгеріп отыратын. Қыста шамамен 50 метр, ал жазда мұздықтардың еруіне байланысты тіптен тереңдеп кететін.
1963 жылдың шілдесіндегі жексенбі күні аптап ыстықта көлде демалушылар саны өте көп еді.
Селдің алғашқы толқыны күндізгі сағат 2-де соққан. Көлдің суы көбіктеніп, толқыны тез көтеріле бастайды. Барлығы 12 толқын сел келіп құйылып, әрқайсысы 6–7 миллион текше метр лайлы-тасты массаны лақ еткізіп көлге тастап жібереді.
Ең күштісі үшінші толқын болып шықты, оның биіктігі аңғардың ең тар жерлерінде 30–40 метрге жеттіiС. Сафонов. «По следам селевого потока». — «Ленинская смена», 10 сентября 1963 года.
Сол уақытта «Есік» туристік базасының директоры Иван Григорьевич Аушев болған. Оның сел туралы естелігі ең алғаш шамамен трагедияның өткеніне бір ай толғанда «Труд» газетінде жарияланып, кейін «Огни Алатау» басылымында қайта басылды.
«Жағалауда адамдар қалмағанына көз жеткізу үшін біз өзеннің ең шетіне жақындадық», – деп еске алады Иван Григорьевич. – Бөренелердің арасымен абайлап маневр жасай отырып, катерді сағамен жүргіздім. Қарсы алдымыздан Батыс беттегі бухта шыққаны сол еді, моторист Николай Завьялов суда екі адамды байқады. Олар аударылған қайыққа жабысып тұр екен, қайық қарлы жартасқа тіреліп қалған. Біз дереу оларға арқан лақтырып, палубаға көтерілуге көмектестік. Сол сәтте бәріміз шатқал бойымен бізге қарай қозғалып, қарқыны артып келе жатқан гүрілді естідік. Мен артыма бұрылып, өзеннен жүз метр жерде шатқалдың тік бұрылысынан кенеттен шыққан қара лайлы-тасты толқынды көріп қалдым. Бұл — биіктігі он екі метрлік сұмдық сел толқыны еді: ол шатқалдың арнасымен бәрін жайпап өтетін кең құлашты көшкін еді. Палубадағылардың бәрі кабинаға қарай жүгірді, сол сәтте әрқайсымыздың басымызға бір ғана ой келді: «Катер суға батқанда есіктерді ашып үлгереміз бе?»i«Внимание: сель», газета «Труд», август 1963 года.
2003 жылы, арада 40 жыл өткенде оның «Караван» газетінің редакциясына ауқымды сұхбат бергені бар.
Есіктегі қайғылы оқиғадан тура 62 жыл өткенде, яғни бүгін Иван Григорьевич Аушев арамызда жоқ. Оның отбасында сақталған естеліктерді енді «Есік» туристік базасы директорының жиені Олег Михайлович Аушев баяндайды. Сол сұмдық оқиға күні жұмыста болған ағасынан басқа, оның әкесі мен тоғыз жасар немере қарындасы да көлге демалуға келген екен.
«НағашымiИван Григорьевич Аушев селдің алғашқы белгілерін байқағанда, ол алдымен көлді аралап, дыбыс зорайтқышпен сел келе жатқанын ескертеді. Ал тастар көлге түсе бастағанда, катермен адамдарды қауіпсіздеу жерлерге, катер тоқтай алатын биіктеу жағаға тасиды.
Нағашымның айтуынша, көлдің өзінде, яғни судың ішінде соншалықты қорқынышты болмаған. Нағыз үрейлі сәт адамдар шатқалмен төмен қарай қашып, көлікпен кетіп бара жатқанда басталады. Автобус қатты ағыннан өте алмай қалып, сол кезде адамдар арасында нағыз дүрбелең басталады.
Қаза тапқандар туралы ешкім тіс жарған жоқ, ал бақытымызға орай туыстарымыздың барлығы аман қалды. Бірақ бала болсақ та біз қандай сұмдық күн болғанын түсіндік. Нағашым соғысты басынан өткерген адам болғанына қарамастан, сол күні үйге шашы ағарып оралды».
Қанша адам зардап шекті?
Апат жайында кеңестік БАҚ үнсіз қалуды жөн көрді. Тіпті алғашқы апталарда трагедия туралы ешкім жұмған аузын ашпады. Дегенмен АҚШ-тағы «негрлердің» қысым көруі, Пенсильвания штатындағы балалар лагеріне америкалық реактивті ұшақтың құлауыiдәл 7 шілдеде, Куба мен Америка арасындағы қақтығыс, Ирактағы әскери іс-қимылдар, Алжирдің Тәуелсіздік күні және кеңестік Бурятияның құрылғанына қырық жыл толуына орай жаңалықтар дамылсыз беріліп жатты.

«Лениншіл жас» газетінің бірінші беті. 7 шілде, 1963 жыл / ҚР Ұлттық кітапханасы / Qalam
Алғашқы мақала «Огни Алатау» газетінде жиырма күндей уақыт өткенде, нақтысы 1963 жылдың 25 шілдесінде жарық көрді. Ол мақала «Сел тасқыны деген не?» деген тақырыппен шықты әрі көбіне Алматыны ықтимал қауіптен қорғау үшін қабылданған шаралар туралы баяндады. Есік трагедиясы мен оның құрбандары туралы мақалада мардымсыз бірдеңелер айтылды: «қайғылы оқиғалар да болып өтті» деп, сырғытып қана жазды. Қаза тапқандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз және әртүрлі естеліктерде опат болғандардың саны 50-ден 2000 адамға дейін өзгеріп отырады.

«Сел дегеніміз не?», «Огни Алатау» газеті, 1963 жылғы 25 шілде / ҚР Ұлттық кітапханасы / Qalam
Билік трагедия жайында толық үнсіз қалды деуге келмейді, дұрысы, таңдап-таңдап жазды деген жөн: сол жылы күзде селдің салдары туралы бірнеше мақала жарық көрді. Бірақ сол кездегі газеттер барынша «жақсы нәрсеге назар аударуды» жөн санады: Есік көліндегі сел құрбандарының саны туралы ақпарат еш жерде жарияланбағанымен, есесіне екі мың адамның құтқарылғаны жайында кеңестік газеттер жарыса жазды. Ал 1963 жылдың тамызында ҚазКСР Министрлер Кеңесі «Алма-ата қаласын сел тасқындарынан қорғау шаралары туралы» қаулы қабылдады.
Есік көліндегі селдің себебі мен салдары
Архивтегі метео-есептер бойынша, 5 шілдеде таулы аймақта аздаған жаңбыр жауған, ал 6 шілдеде жауын-шашын мүлдем болмаған. Сондықтан селдің себебі нөсер жаңбыр емес. Есік көліндегі селдің шығу себебі мұздыққа байланысты болған, яғни Жарсай мұздық көлінен басталған. Аптап ыстықтан мұздықтар қарқынды еріп, көлді суға толтырған. Ернеуінен асқан көл табиғи бөгетті бұзып, тастар мен лайдан тұратын сел тасқыны төмен құлдилап Есік көліне ағып жеткен.
Сел тасқыны жолындағы табиғи кедергілерді қиратып, жолай көптеген лай мен қоқыстарды жинай отырып етекке жылжыған. Осы себепті ол көлге бірнеше толқынмен жеткен. Бірнеше сағат ішінде сел толқындары көлді жойып, тура мағынасында айтқанда оны «сыртқа төгіп» тастады.

«Сел ізімен», «Ленинская смена» газеті, 1963 жылғы 10 қыркүйек / ҚР Ұлттық кітапханасы
Алапат тасқын төмен қарай Есік қаласына ағып кетті. Егістік алқаптар, екі көше қатты зардап шекті, сонымен қатар өзен жағасында орналасқан бірнеше өндіріс орындары, соның ішінде «Есік» шарап зауытының қоймалары да қирады. Қарқыны қатты сел Құлжа тасжолына дейін жетті: тас жолдан көлге дейінгі қашықтық 50 шақырымнан асатын. Тіпті табиғи апаттың салдарынан Есік өзенінің арнасы өзгерді.
Бұрындары сел тау өзендерінің арнасында жүреді деп есептеліп келген. Енді селді зерттеумен айналысатын ғалымдар жойқын тасқын тек биік тауларда ғана пайда болмайтынын анықтады. Оған үш фактор жеткілікті еді: борпылдақ-сынық тау жыныстарының болуы, су және еңіс.
Көлді қалпына келтіру жұмыстары трагедиядан 20 жыл өткен соң басталды. Бөгет пен суағар құрылыстары салынды, бірақ көл әлі күнге дейін бұрынғы көлеміне толық қалпына келген жоқ. Дегенмен қазір де ол селге дейінгі кездегідей әдемі қалпын сақтап тұр.
Көлге қарасаңыз 1963 жылғы трагедияны еске түсіретін бір белгі таппайсыз, тек бұрынғы «Есік» турбазасының орнында пайда болған крест пен мұсылман ескерткіштерін байқайсыз.
Алматыға қатысты салдары
1963 жылғы селден кейін Алматының жоғарғы жағында апаттың қайталану қаупіне көз жұмып қарау мүмкін емес еді. Есік қаласы халқының саны шамамен 21 000 адам болса, астанада 650 000-нан астам тұрғын тұратын, сондықтан сел жүрген жағдайда шығын әлдеқайда көп болатыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, әсіресе жылынуға байланысты мұздықтан пайда болатын селдердің қаупі айтарлықтай артты. Гляциологтар қауіпті тенденцияны тіркеді: Тұйықсу мұздығының жанындағы мұздық көлдің көлемі қарқынды түрде көтеріле бастады. Тек 1963 жылдан 1971 жылға дейінгі аралықтың өзінде оның көлемі 76 мың текше метрден 250 мыңға дейін өсті, ал 1973 жылға қарай 300 мыңға жетті.

А. Барсуков. Есік көліндегі сел. 1963 жыл / ҚР ОМҚ ФД
Көлдің жарылу қаупі бар екені айқындалып, сондықтан Алматының үстінде бөгет салу жұмыстарын мүмкіндігінше ертерек бастау қажет еді.
Құрылыс жұмысы мұздық көлдің қорқынышты белсенділігіне байланысты ғана жеделдеген жоқ. Мәселе мынада еді: Д. Қонаев 1963 жылы Есіктегі селге куә болған. Сол күні ол көлге А. КосыгиндіiКСРО Министрлер Кеңесі Президиумының мүшесі алып келген еді, тіпті олар көпірлер қирамас бұрын апат орнынан кетіп үлгередіi
Кунаев Д.А. «От Сталина до Горбачева».
Есіктегі трагедиядан кейін бөгет салу жобасының дереу әзірлене бастауы таңқаларлық жәйт емес. Бірақ тау көліндегі судың адам сенгісіз кейіпте көтерілуі дәстүрлі тәсілге сүйеніп бөгетті бірнеше жыл ішінде салып үлгермейтінін көрсетті, себебі кез келген сәтте сел жүру қаупі төніп тұрды.

А. Барсуков. Есік көлінде болған селдің салдары. 1963 жыл / ҚР ОМҚ ФД
Бөгетті арнайы бағытталған жарылыс арқылы салу туралы шешім қабылданды. Шындығында, мұндай идея 50-жылдардың ортасында пайда болған және Медеу шатқалында дайындық жұмыстары басталып кеткен де еді. Бірақ елуінші жылдардың соңында жұмыстар тоқтатылды, оған бұл идеяның ғылыми қауымдастық тарапынан қатты сынға ұшырауы да маңызды себеп болды. Мұндай бастамаға қарсылық танытқандар көп еді: биологтар сирек кездесетін жануарлар мен өсімдік түрлерін жою қаупі туралы айтты; сондай-ақ үкіметтік комиссия мүшелері Қазақстанның ең ірі қаласынан 15 шақырым жердегі қуатты жарылыстың салдарынан қауіптенді. Секемденетін нәрсе де бар: алғаш рет әлемдік тәжірибеде ірі қалаға жақын жерде қуатты жарылыс іске асып едіiДуйсенов Е.Д. Алма-Ата. 1968.
Алматы маңындағы тауларда жасалған жарылыстар
1966 жылы қазан айында алғашқы жарылыс болды. Сол кезде Алматы тұрғындары 4 балдық жер сілкінісіне парапар дүмпуді сезінді. Қауіпсіздік мақсатында 9 км радиустағы аймақтан адамдар, жануарлар және құнды мүліктер көшіріліп, аумақ қоршалды.

«Айдаһардың құшағындағы Алматы» мақаласынан фотосурет, «Казахстанская правда» газеті, 2006 жылғы 7 шілде, ҚР Ұлттық кітапханасы / Qalam
Екінші жарылыс 1967 жылы сәуірде жүргізілді. Қираған жартастардан биіктігі 67 метр және сыйымдылығы 6.5 млн текше метр болатын бөгет-қорған (сел сақтау қоймасы) түзілді. Бүгінде бөгеттің бастапқы биіктігі қандай болғанын оңай түсіне аламыз: «Қарлығаш» (Ласточка) кафесі салынған ақ «қанатшалары» бар бақылау алаңы оның ең биік нүктесі болып еді.
Бастапқыда биігірек бөгет және екі су қоймасын салу жоспарланған болатын, бірақ сол сәтте мәселе ендігі шешіліп қойғандай көрінсе керек. Бөгет Алматыны тек танымал етіп қана қоймай, қаланы әлемдік спорт ареналары тізіміне де енгізді. Себебі оның құрылысы басталғаннан кейін Медеу мұз айдыны үшін толыққанды арена салуға мүмкіндік туды. Мұз айдынының өзі әуелі 1951 жылы табиғи мұз үстінде ашылған еді. Алайда толыққанды спорт кешенін салу өте қауіпті деп есептелген: сел жүрген жағдайда бұл қымбат мұз айдыны бірінші кезекте зардап шегетін. Сондықтан селден қорғау бөгетін салу жұмыстары басталғанға дейін Медеу мұз айдыны жобасымен үкімет бел шеше айналысқан жоқ.
1972 жылы бөгет пайдалануға берілді. Газеттер табиғи апатты жеңгендерін жарыса жазды — қала енді сел тасқынынан қорықпай, тыныш ұйықтай алады.
«Медеуде инженерлік құрылысты іске асыра отырып, біз табиғатпен күресте жеңеміз, оның беріктігі мен қызмет ету мерзімін ғылыми негізде анықтап жүзеге асырамыз!»iС. Малахов, начальник производственного отдела треста «Казахвзрывпром»
Жедел индустрияландыруды бастан өткерген көптеген қоғамда табиғатқа қатысты утилитар көзқарас қалыптасқан еді. Кеңес Одағы да бұдан тыс қалмады: тауларды бағындыру керек, табиғат апаттарын жуасыту қажет, өзендерді адамға қажет болса, кері бұру керек деп санайтын. Бөгетте оның жасалуына арналған алып ескерткіш — жарылысты бейнелейтін үлкен монумент орнатылуы керек еді. Бірақ табиғи апат бұл жоспарға да өзгеріс енгізді.
1973 жылдың 15 шілдесі
Бұл күн де жексенбіге сәйкес келді, Тұйықсу мұздығындағы мұздық көл жарылды. Бұл көлдің сел қаупі туралы 60-жылдарда айтылып, тіпті онда артық суды сорып шығаратын арнайы сифонды су тастағыштар орнатылған. Бірақ бөгеттің құрылысы, сондай-ақ су тастағыштарды пайдаланудың қымбатқа түсуі 70-жылдардың басында көлден артық суды айдауды тоқтатуға мәжбүр еттіiР.К. Яфазова. Природа Селей Заилийского Алатау. Проблемы адаптации.
Он минуттан аз уақыт ішінде сел «Мыңжылқы» бөгетіне жетіп, оны қиратып өтті. Содан кейін адамдар демалып жүрген «Горельник» турбазасының қорғаныс құрылысы мен бір бөлігін бұзып өтті. Қуат алған тасқын «Медеу» селқоймасына жетіп, бірнеше сағат ішінде оны толығымен дерлік толтырып тастады.
Бөгет орасан зор соққыға төтеп бергенімен, кейіннен инженерлік қателіктер көрініс таба бастады. Тастар мен басқа да қоқыстар су бұрғыштарын тез толтырып, су деңгейі көтеріледі. «Ласточка» кафесі бірнеше күнге жедел штабқа айналды. Бірден бірнеше мәселені шешу қажет болды: қаланы құтқару, жаңадан ашылған мұз айдынына төнген қауіпті бұру, қосымша бөгет тұрғызу және Кіші Алматы өзенінің арнасын өзгерту үшін су құбырын тарту, сондай-ақ су айдайтын сорғыларды орнату.

Mr Ptero. Медеу мұз айдынының көрінісі. 1982 жылғы 2 қазан/ Wikimedia Commons
Мұнымен қатар «Промвентиляция» тресінің жұмысшылары желдеткіш қораптардың көмегімен бөгеттегі ағып жатқан жерлерді кептіріп, сол жерде бөгетті цементпен нығайтты. Жаңа сел шығарындыларының алдын алу үшін арнайы бригада тікұшақпен Тұйықсу мұздығына түтін шашкаларын тастады. Түтін пердесі мұздықтың қызуы мен еруін баяулатуы тиіс болды.
Тек 20 шілдеде ғана алғашқы апаттық су бұру сорғылары іске қосылды. Күн соңына қарай су деңгейі баяу төмендей бастады әрі қауіп сейіледі. Сонымен қатар табиғи апатты толықтай бағындырудың мүмкін емесі түсінікті болды: кеңестік баспасөз қаза тапқандар саны туралы бұл жолы да үнсіз қалды.

«Айдаһардың құшағындағы Алматы», «Казахстанская правда» газеті, 2006 жылғы 7 шілде, ҚР Ұлттық кітапханасы / Qalam
Арада 30 жыл өткен соң, трагедия орнында болған журналист Олег Квятовский өзінің естеліктерін «Казахстанская правда» газетінде жарияладыi«Алма-Ата в объятиях дракона», 2006 год:
«Кейін, бөгеттегі және оның айналасындағы барлық жұмыс аяқталғанда, Қонаев бізге, бес газетшіге, апаттың ауқымы мен шығындарын жасырудың мағынасы жоқ, ойланып тұрып ақырын ғана былай деді:
– Қанша адамның нақты қайтыс болғанын біз ешқашан білмейміз: таулар адамдарға толы еді, жексенбі ғой… Қаза тапқан қанша адамның табылғанын, шығарылғанын газет үшін емес, тек сіздерге айта аламын. Дәл жетпіс адам…».
Су сорып айдағаннан кейін, бөгетті тағы 40 метрге биіктетіп, селқойманың сыйымдылығын 12,6 миллион текше метрге дейін арттыруға шешім қабылданды. «Қарлығаш» (Ласточка) кафесінен тағы екі деңгейлі баспалдақтар салынды. Жарылысқа арналған ескерткіш салу туралы сөз де ұмытылды.
Ғалымдардың есептеуінше, 1973 жылғы сел тасқынының күші 1921 жылғыдан 4 есе жоғары болған. Тағы да ғалымдардың болжамдарына сүйенсек, алдағы онжылдықтарда жаһандық жылынуға байланысты селдердің белсенділігі қарқынды өсуі мүмкін.

Ақзел Бейсембай. Есік көлі 1963 жылғы селге дейінгі көлеміне әлі оралған жоқ / Qalam