ҰЛАН

Куйбышев ауылы

Мазмұны

Маусымның басы. Күннің ыстығы арқадан өтіп, өңіңді (мазаңды) алады. Бұл ыстық қай қазақтың ыстық шәй ішуіне кедергі болып еді, сондықтан түскі шәйға әкемнің қарындасы Ханымай әпкемнің үйіне бардым. Шәй басында өткеннің әңгімесін қызыға сұрау да, бұрынғының хикаясын құмартып айту да кедергі емес. Сөйтіп мен баяғы әңгімемді ортаға салдым.

- Жасұлан тәте өз-өзіне қолжұмсап қайтыс болған, бірақ оның асылып қалған сәтін кім көрген?, - дедім Ханымай әпкеме.

- Түнжарымда Серікболат көршісі қонақтан келе жатырғанда, мал қора жақтан қараңғыға сүңгіп тұрған адам сұлбасын байқаған. Барса Жасұлан тәтең аттың шылбырына асылып тұр екен. Бірақ екі тізесі жерге тиіп тұрған, - деді Ханымай әпке.

Сол сәтте мен: Тізесі жерге тиіп тұрғаны несі, асылған адамның аяғы жерге салбырап тұрушы еді ғой, - дедім.

- Менің де айтпағым сол, неге тізесі жерге тиіп тұрғанын түсінбедім,- деді Ханымай әпке.

Осы бір әңгімеден кейін менің бұл оқиғаға деген қызығушылығым да арта түсті. Бұл әңгіме мен үшін бұрын да өзекті еді, ал енді осы жолы жәй қызығып қана қоймай, осы оқиғаны ізденіп, әңгіме жазуыма түрткі болды.

Жылқышылар елді мекенінің дәстүрлі өмірінің қайнап жатырған мезгілі. Еркек кіндіктілер жылқы жайылып кеткен жерді кезіп, жылқы іздейді. Жайылған жылқылар үй көрместен кететіндіктен артынан іздеушілер 3-4 күн одан асса апталап үй көрмейтін еді. Ал көрана (жертөле үй) үйде қалған әйелдер жайылымнан келген жылқыларды әупірімдеп жүріп, құдық суын кендір арқанмен шығырға тартып, жылқы суарады. Ері түзде, әйелі үй маңындағы шаруада болғандықтан, тамақтанар уақытта қай үйдің асы дайын болса, сол үй асхана болатын. Міне бұл елді мекенде Елтай мен Мінәттың тұрып жатырғандарына 15 жылдан асты.

1980 жылы қазан айының 13 күні жылқышылар ауылы Куйбышевте1 Елтайдың 11ші баласы дүниеге келді. Баланың ең кенжесі болғандықтан атын еркелетіп Жасұлан қойды. 11 құрсақ көтерген Мәрияның балалары өздігінен ержетіп, бойжеткен. Тұңғышын Елтайдың анасы Әмина тәрбиелеп, қалған балалары бірін-бірі бағып өскендіктен, Жасұланды бағуға аға-әпкелері жауапты еді. Себебі Мәрия ері далада болғанда жылқы шаруасына өзі кірісетін.

Ауыл кемпірлері сәбиді кіндігі түсе сала үш күн өткен соң бесікке салды. Ол бесікті біресе ағалары, біресе әпкелері тербетіп, сәбидің асты-үстіне түсетін. Қыз бала жастайынан сәбиге аса қызығандықтан ба, әпкелерінің бірі Ханымай Жасұланды ерекше жақсы көрді. Ханымайдың жасы небәрі 3 те болса да Жасұланды тербетіп, қасынан шықпаушы еді. Тіпті бір күні бесігін тербетемін деп байқаусызда аударып та алғаны бар. Мұны көрген шешесі Мәрия ашуға мініп, қызын сабағанды.

Сөйтіп уақыт өте Жасұланның жасы 6 ға толды. Баланың кенжесі әрі ер бала болған соң ба әкесі Елтай өзіне жақын тартты. Әкеге қарап ұл өсер дейді ғой, әкесі жылқышы болғандықтан, Жасұлан да жылқы атаулыға құмар еді. Мектепте оқитын кезі келгенде әпкесі Ханымаймен бірге Сайхын ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектепке оқуға кетіп, жыл сайынғы оқу жылының демалысында үйіне асығатын. Ондағысы әкесімен бірге жылқыға мініп, асыр салу еді.

Есейе келе қой бағып, отбасылық тірлікке қолғабыс жасады. Түйе арбамен пішен шауып, қыстың қамына да кірісетін. Тіпті елгезек болғандықтан адамдармен тез тіл табысып, мал шаруасына пысық еді. Соның ішінде жылқыны ерекше баптайтын. Бір күні даладан енесі тастап кеткен құлынды тауып алады. Кейін жетім құлынды сиыр сүтімен асырап, оған «Васка» деген ат қойды. Жетім құлын осы үйдің жалғыз түйесімен бірге жайылымда бірге жайылатын еді. Алайда бір күні жайылымда жүргенде қасқыр кездесіп, құлын одан сескеніп түйенің тамағының астына тығылады. Әлгі қасқыр сол сәтте құлынды артынан тартып әкетеді. Сөйтіп алғашқы асыраған құлынынан айырылды.

Кейін Елтай баласының жылқыға деген ерекше сүйіспеншілігін байқап, Нұрлыбай деген кісіден жабағы сатып алып берді. Жасұлан жабағыны өзі қолға үйретіп, жуасытып, адамнан айырылмастай серік етті. Бірақ жылқысы Жасұланнан өзгені мінгізіп, көнбейтін еді. Ал атын маңдайындағы ағы үшін Жирентөбел деп қойды. Жирентөбелмен қоса жүні жалбыраған иті де болды.

Сайхында оқып жүргенінде әпкесі Ханымаймен бірге әкесі Елтайдың анасы Әмина әженің үйінде тұрды. Әмина әже көпті көрген, соғыс жылдарының ортасында өмір сүргендіктен қатты кісі болатын. Тіпті тамақтанарда екі тілім ғана нан беріп, теледидарды да уақыты қаратып, ұйықтар кезде кеш түспей жатқызатын. Одан қалса қыс мезгілінде аулаға жауған қарды тапатпай, үйге бір ізбен кіргізіп, бір ізбен шығаратын. Ондағысы ұры түссе, ізінен білуі үшін еді. Бірақ немерелеріне арабша төте жазуды үйретіп, басынан өткен әңгімелерінен сыр шертіп, мейірімінен де шектемеді.

Елтай 1988 жылы Куйбышевтен Жетіжылдық2 ауылына көшті. Кейін 1995 жылы әпкесі Ханымай, Қалисақып елді мекеніне күйеуге шықты. Жыл өте әпкесі 3 баланың анасы атанды. Жасұлан, әпкесі күйеуге шыққаннан кейін де етене араласып тұрды. Тіпті Жетіжылдық пен Қалисақып арасы қашық болса да, астында жылқысы бар Жасұлан жиендерінің әр туған күнін жібермейтін еді.

9 жылдық мектепті 1996 жылы аяқтады. Кенже бала болған соң шаңыраққа ие болып қаламын деп, мектепті аяқтай сала үй шаруасына кірісті. 1999 жылы анасы Мәрияның өтінішімен сол ауылдың біріне Мортық4 ауылынан келіп жүрген жас қызға үйленді. Мәрияның көзі бұл қызға бұрыннан түсіп жүр еді. Себебі үй шаруасына пысық, қолының ебі бар Гауһардың қандай ананың болсын назарын аудартып, баласы бар жанның көңілін баурайды.

Үйленбестен бұрын Жасұлан Гауһарды келісіммен алып қашты. Қызды алып әпкесі Ханымайдың үйіне барды. Кейін алып қашқанын үлкендерге естіртті. Елтай әйелі Мәрияны және Әминаның інісінің балалары Бейбіт пен Ақмаралды ертіп, кешірімге Мортыққа барып келді. Кейін Гауһардың ата-анасы кешірім беріп, затын әкеліп, қыздарын көріп кетті.

Үйленгеннен кейін Жасұлан бөлек шыққысы келіп, әкесіне алдын-ала айтты. 2001 жылы Елтай, Жетіжылдыққа жақын маңдағы Строй деген қырға бөлек шығарды. Алайда Стройдағы көршілері жақтырмады ма, әлде бұл жер жас отбасыға жақпады ма, тұрақтаулары көпке созылмады. Сөйтіп Елтай желтоқсан айына таман Жетіжылдық ауылынан жеті шақырым жердегі Көктөбе3 ауылдық округының орталығы Бөрлі ауылынан кенже ұлына үй сатып алып берді. Алайда бұл үйдің сырын Елтай естімеп еді. Себебі үйдің бұрынғы тұрғындары үйде тұра алмай, ауырып, молдаға қаралған екен. Басты мақсат қалайда үйді сату болғасын ба, үйден көшіп, сатудағы себептерін үйдің бұрынғы адамдары да айтпап еді. Үлкендердің айтуынша қорасына қаланған ағаштар, ескі орыннан әкелінген. Міне сондықтан бұл үйде бір гәп бар.

Жасұланның жаңа қонысқа көшіп келіп, орналасқандарына көп болмады. Бір күні таңға жақын қора жақтан сиыр мөңіреді. Жасұлан тұра сала қора жаққа барды. Барса сиыр көрінбейді. Сол сәт түсініксіз еді. Адам бойын бір тылсым шолып өткендей. Тіпті таң да сол сәтті қабылдауға кедергі болып тұрғандай. Жаның орнында, бірақ бір нәрседен шошынып қалғанын сезіп тұрсың. Кейін басынан өткенін Жасұлан анасына айтып бергенді. Бірақ анасы Мәрия жамандыққа жорымай, ештеңені де алаңдамай, қазбалап ойланбады. Таң уақыты болған соң мең-зеңдік шығар дей салды.

Желтоқсанның 22. Елтай кенже баласына қыстық соғымын сойып беріп, қолғабыс жасады. Түске таман қонақ шақырылып, соғым етінен ауыз тиілді. Анасы Мәрия соғым етін тұздап, баласының өтінішімен ертеңгі қонақтығына да көмектесті. Кейін жастар оңашада демалсын деп, Мәрия сол ауылда тұратын Жасұланның ағасы Еркебұланның үйіне түнеуге кетті. Ал Жасұлан, бүгін әпкесі Ханымайдың кенже баласы Жансая жиенінің туған күні болғандықтан Қалисақыпқа бару үшін көлік іздеді. Қыстың қақаған суығында қанша іздесе де көлік те табыла қоймады. Жылқысына мініп, жүйткіп барайын десе күн де ығына жығылар емес.

Көлік таппаған соң үйіне кіріп демалайын деді. Кенет өзін басқара алмайтындай бір күш, еріксіз сыртқа жетелейтіндей. Есі орнында, алайда ойлануға, қабылдауға бір нәрсе кедергі болып жатырғандай. «Қайда барасың?», деген әйелінің сұрағына үнсіздікпен елемегендей кейіп танытып, сыртқа шығып кетті. Шыға сала мал қораға барып, жылқысы «___» шылбырын шешіп алды. Жылқы байқұс бірдеңені сезгендей қайта-қайта кісінеп иесін тоқтатуға тырысқандай. Тіпті жүні жалбыраған иті де қора сыртында иесін қимағандай үрумен болды. Оған көнген Жасұлан бар ма, еріксіз күштің бұйрығын орындауға оқталды. Шылбырды алып, қорадағы бір ағашқа байлады. «Мен өзі не істеп жатырмын?», «Неге?», деп те өзінен сұрай алмайды. Әйтеуір жасауы керек нәрседей қолын жоғары созып, шылбырдың беріктігіне көз жеткізіп, мойнын сала жөнелді. Өмір мен өлім арасындағы тыпыршу... шыр етіп сәбидің анадан туылуы оңай дейсің бе, сол секілді жанның да денеден шығуы одан да қиын... Мүлгіген тыныштық орнады. Болуы керек іс болғаннан кейін болатын үнсіз тоқталыстай, табиғат та бір сәт жым-жырт.

Түнжарымында Жасұланның көршісі Серікболат қонақтықтан келе жатыр. Кенет қора жақтан қора жақтан қараңғылыққа жұтылып бара жатырғандай адам сұлбасын байқады. Алайда түсініксіз. Содан, әлгінің не екенін көру үшін қораға барды. Барса... жылқының шылбырына тізесі жерге тиіп, адам асылып тұр... Асылып тұрған адам көршісі Жасұлан екен. Серікболаттың зәресі ұшып кетті. Көз алдында адам асылып тұр. Тіпті ол адам, кеше ғана үйінде қонақ болып, арқа-жарқа әңгімелесіп, бауыр басып қалған көршісі. Серікболат өзін тез жинап алды да, мәйітті жерге түсірді. Кейін дереу жақындарына хабар берді.

Суық хабарды естуден бұрын, естіртетін адамға да оңай емес. Әйелінен бұрын ата-анасына естіртілді. Елтай кеше ғана көз алдында бейқамсыз жүрген кенже баласының өз-өзіне қол жұмсағанын естіп, есеңгіреп қалды. Тіпті өз баласының мәйітін көргенде көзі жасқа толып, көкірегі қарс айырылды. «Неге?», «Не үшін?», «Не себеп?» деген сұрақтар ойынан кетпей, әке жігерін жасытып, қайратын қажытты. Ал ана жүрегі үнсіз жылады. Бірер сағат бұрын ертеңге деп етін тұздап, үйінде болған баласының өлгенін естіп, көзін көлдеткенімен, қан жылаған жүрегі емделместей дерт еді. Қаралы хабарды естіген әйелі де өзін бір сәт жоғалтып алды. Сенер сенбесін білмей бар даусымен айқайлап жіберді. Сабырға шақырған әйелдер көндіруге тырысып жатыр. Бірақ кімге болса да оңай соқпасы белгілі, тіпті сабырын тәрбиелеген жан да осы сәтпен тұспа-тұс келгенде өзін танымасы анық. Әпкесі Ханымай бұл хабарды 23 күні түсте естіп, өзін қоярға жер таппады. 8 ағайынды (негізі 11) болса да, ішіндегі ең жақыны деген ерекше інісі еді. Әттең, өкініштің өзгертуге ешқандай мүмкіндігі жоқ.

Көнбеске шара бар ма... Қара жамылған Елтай әулеті еркелетіп өсірген кенже баласы Жасұланды қимай-қимай желтоқсанның 25 күні жер қойнына тапсырды. Ана дүниеге отбасы ғана емес, табиғат та қимағандай дүлей дауыл соғып, боран тұрды. Ешкім мәңгі емес, өлім хақ. Бірақ өз-өзіңді өлімге жетелеу деген қиынның қиыны. Бәлкім еріксіз жетелеп әкетті, бірақ тағдырыңдағы осы бір тылсым күштің әсері кімнің болса да қалауы түгілі, ойына да кіріп шықпайтын қаһарлы өлім.

Сол жылы Жасұлан ғана емес, ауылдың біршама адамы өз-өзіне қол жұмсап, өлімге аяқ басқан еді. Өз өмірлерін өз қалауларымен қиды ма әлде бір тылсымның себебі ме, әйтеуір өлім ауыл адамдарын бірінен соң бірін жалғастыра әкетті. Сөйтіп бұл құбылысты ауыл адамдары «ұлаң» деп атады.

1. Куйбышев – Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданы, Темір Масин ауылдық округі құрамындағы ауыл. Ауыл 1978 жылы құрылып, 2013 жылы таратылған.

2. Жетіжылдық – бұрын жеті жылдық мектеп болғандықтан аталған ауыл, Темір Масин ауылдық округының бұрынғы елді мекені. Қазіргі кезде ресми тіркеуде жоқ, бірақ әлі де тұрғындары бар.

3. Көктөбе – қазіргі Темір Масин ауылдық округы.

4. Мортық – Атырау облысына қарасты ауыл.

Подкаст

Арынғазы Елтаев

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ