Ақын, қоғам қайраткері М.Жұмабаев: «Қазақтың ұлттық мектебі қандай болуы туралы терең пайымдау қажет, қазақтың тағдыры, келешегі, мектептің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебіміздің саулық, өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізін құра білмесек, келешегіміз күңгірт» деген еді.
Осы бір ұлағатты ой шәкірттерге білім берудің бүгінгі күн талабына сай келетіні даусыз. Болашақ қазақ мектебі ұлтқа, оның мүддесіне қызмет етуі керек.
Қазақ балалары өз ата-бабасының өткен тарихын, тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін, жерін қастерлей білуге тәрбиеленіп өсуі қажет. Қазіргі кезде жалпы орта білім берудің мақсаты мен міндеттері, мазмұны едәуір өзгеріске ұшырап, жаңаша мәнге ие болды. Сондай оқу орнының бірі Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейі . Қазіргі таңда білім ордамызда 300 ден астам оқушы білім алуда. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, білім саласы бойынша қол жеткізген жетістіктері аз емес, пәндік олимпиадаларда, ҰБТ көрсеткіші бойынша және спортық жарыстарда оқушылары ауданық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр, мектебіміз республикадағы үздік 100 мектеп қатарына кірген.
Тарбағатай ауданы әкімінің 1995 жылдың 14 маусымындағы №143 қаулысы негізінде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дарынды балаларға арналған гимназия-интернаты құрылды.
Тарбағатай ауданының әкімі Түсіпбеков Түсіпханға, аудандық мәслихат депутаттар жиналысының хатшысы Мұхаметжанов Манарбекке ашық хат жолданып, гимназияға Қыдырбек Біләловтың атын беруге ұсыныс жасалды. Осы ұсыныс негізінде Тарбағатай ауданы әкімінің 1995 жылғы 16 қарашадағы №71 қаулысымен, 1995 жылы 5 мамырында Қ.Біләлов туғанына 80 жыл толу мерейтойы күні, гимназия-интернатына Қыдырбек Біләловтың аты берілді. Оқу орнын әр жылдары ауданда беделі бар ұйымдастырушы педагогтар басқарды:
1. 1995-1998 жылдары Шомбин Уәлбек Смағзамұлы, физика-математика пәндерінің мұғалімі;
2. 1998-2000 жылдары Масалов Әнуарбек Мәселұлы, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» иегері;
3. 2000-2002 жылдары Марданов Слямбек Чкейұлы, тарих пәнінің мұғалімі;
4. 2002-2016 жылдары Сағатбеков Мұратхан Сағатбекұлы, математика пәнінің мұғалімі, «ҚР Конституциясына-20 жыл» медалінің және «Еңбек ардагері» медалінің, ҚР Білім және ғылым министірінің «Алғыс хаты» және «Құрмет грамоталарының» иегері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.
5. 2016 -2023 жылдар Ислямов Қайрат Аманбекұлы, тарих пәнінің мұғалімі.
6. 2023 жылдан Шағыраева Алмира Сайтқазықызы, биология пәнінің мұғалімі
2019-2020 оқу жылынан Қ.Біләлов атындағы мектеп-лицейі деген статусқа ие болды.
Ұстаздың жүріп өткен сара соқпағына әркімнің де ризашылықпен, қызыға қарары сөзсіз.
Асылды, өз кәсібін, өмірлік арнасын адаспай, анық тапқан адамдардың ғұмыр шежіресі қашанда мағыналы. Қыдырбек Біләлов та сондай мағыналы жолмен жүріп өткен бақытты жандардың бірі дер едік.
Біләлов Қыдырбек 1916 жылы мамыр айының 5-ші жұлдызында Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылында дүниеге келген.
Әкесі Мұхамадиев Біләл сол өңірдегі малды-жанды, көп ағайынды ауқатты адам болған, шешесі Бұтабай деген ауқатты адамның қызы, есімі Өкіншік.
Осындай білікті аталарының арқасында Қыдырбек көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып өсті. 1927-1932 жылдары бастауыш мектепте оқып, 5 сыныптық білім алды.
1934 жылдың шілде айынан 1936 жылдың тамыз айына дейін Маңырақ ауылдық Кеңесінің хатшысы болып істейді. Жастайынан ерекше қабілетімен, ақылдылығымен ерекшеленіп, халықтың көзіне түсе бастайды. Білімі жоқ көптеген туыстарына жанашырлық жасап, іс-қағаздарын реттестіруге көмегін тигізеді. Баласының осындай жауапты қызмет атқарып жүргеніне әке-шешесі іштей разы болып, үйде тілеуін тілеп отырады. Бір-екі жыл ел ісіне етене араласқан жас жігіттің тиянақтылығы мен төзімділігі әкесінің Кәрімжан атты көзі ашық інісін ойландыра бастайды. Сөйтіп, Кәрімжан Біләл ақсақалға Қыдырбекті Алматыға оқуға жіберуді ұсынады. Бірақ, қала өмірін онша біле бермейтін қария жалғыз ұлын жанынан ұзатқысы келмейді. Алайда, Қыдырбектің өзі құлшыныс танытып, әкесіне болашақта жоғары білімсіз үлкен белестерден аспайтынын түсіндіріп, келісімін алады.
1936 жылы ол Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылық институтының жанындағы «Жұмысшы факультетіне» оқуға түседі. Жұмысшы факультеттері жастарды аз жылдар ішінде жоғары мектепте оқытып, мамандық беру мақсатын көздеп, КСРО Халық Комисарлары Кеңесінің 1920 жылғы 17 қыркүйектегі «Жұмысшы факультеттері» туралы декреттімен заңдастырылған еді. Қазақстандағы алғашқы Жұмысшы факультеті 1921 жылы Республиканың сол кездегі астанасы-Орынбор қаласында ашылып, онда 236 адам оқыды. Оны бітіріп шыққандардың ішінде белгілі қазақ жазушылары С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі О.Оспанов және тағы басқалары бар еді.
Қазақстанда барлығы 7 жұмысшы факультеті (2 ауылшаруашылық, 1 педагогикалық, 1 медицина, 3 индустрия) жұмыс істеп, онда 600 адам білім алды. Жұмысшы факультеті 1927 жылы – Семейде, 1928 жылы – Алматыда ашылды. 1932 жылы Жұмсышы факультеттерінің саны 13-ке жетіп, оқушылары 2 мың адам болды. Қыдырбек Біләлов 1938 жылы маусым айында жоғарыдағы аталған оқу орнын бітіріп, сол жылдың қыркүйек айында Алматыдағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Оқуын жалғастыра жүріп, Алматы Облысының Еңбекшіқазақ ауданында мектепте мұғалімдік қызметті қоса атқарады.
1939 жылы 1 қыркүйегінде КСРО-да «Жалпыға бірдей әскери міндет» деген Заң қабылданады. Сол заңға сәйкес, желтоқсан айында университеттің 2 курсында оқып жүрген жерінен әскер қатарына шақырылады. Дәл осы кезде, яғни, 1939 жылдың 30 қарашасы мен 1940 жылдың 12 наурызы аралығында КСРО мен Финляндия арасындағы соғыс өрті тұтанып, кешегі студент енді қолына қару алып, әскери дайындықсыз бірден қайнап тұрған қанды соғыстың ортасына түседі.
1940 жылы әкесі Біләл қайтыс болады. Өкінішке қарай, жалғыз ұлынан топырақ бұйырмапты.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса көктеп кіргені белгілі. [7,8]
Тарихта ХХ ғасырдағы ең ауқымы кең, адам шығыны өте көп болған, соғыс шығындары триллиондармен есептелген, Екінші дүниежүзілік соғыс деп тарихта атлаған, Қызыл Армия қатырнды Қыдырбек Біләлов соғыстың алғашқы жылдарынан Оңтүстік-Батыс майдан шебінде шайқасты.
1941 жылдың қыркүйек қараша айларында генарал-полковник М.П.Кирпонос басқарған Оңтүстік-Батыс майданы ерлікпен қарсыласқанымен, бүкіл Еуропаны басып алып, соғыс техникасының барлық түрімен жете жабдықталған неміс күштерін тоқтату қиындыққа соғады. Олар енді Курс қаласының шығыс жағына, Харьков, Изюм қалаларына қарай шегіне бастайды. Кеңес әскерінің соғыс қимылы қорғаныс майданында бұзылып, бөлшектелген жағдайда жүріп жатады. Жаудың соқысынан дер кезінде шегініп кетуге Қызыл Армияның моторландырылған бөлімдері де болмайды. Соның салдарынан қоршауда жиі қалып, қарсы шабуылға шыға алмайды. Міне, дәл осындай бір әскери операциялар кезінде Қыдырбек Билялов та қапыда тұтқынға түседі.
Тұтқынға түскен кеңес әскерінің жағдайы соғыс біткелі бері 70 жыл бойы сөз болып келеді. Алғашқы тұтқындарды аяусыз қырып, тіпті тез жастандыру үшін әдейі сүзек ауруын жұқтырғаны қазіргі кезде белгілі болып отыр.
1990 жылы жарияланған «СССР: Демографический диагноз» деген кітапта 1941 жылдың жазында Қызыл Армия орасан зор шығынға душар болып, оның ең үлкен шығыны – адам шығыны екені көрсетілген. Сол деректерге сүйенсек, сол жылы 3.9 миллион әскери қызметкерлер жау қолына тұтқынға түскен екен.
Сол қырғында Біләловпен бірге тірі қалғандарды темір жол стансасы жанындағы кең аумақты алып жатқан жүлгеге айдап келіп қамайды. Жүлгенің айналасын ит жетектеген, автоматпен қаруланған неміс солдаттары күні-түні күзетеді. Тамақ бермейді, анда-санда «Кукурузник» деп аталатын ұшақпен үстілерінен әр жерге нан тастайды. Ол кімге жетсін? Кілең аш адам соған таласып, қойша бастырылып, өліп жатады. Қолға түскен тұтқындарды төрт қатар тұрғызып, батысқа қарай жаяу айдайды. Жол бойы аштан, шөлден, алған жарақаттан, әлсіздікпен аурудан жүре алмағандарды сол жығылған жерінде атып кетеді. Күздің кезі. Күндіз жылымық болғанымен, түнде тоңады. Оларды айдап бара жатқанда Украинаның әйелдері, қарттары, жас балаларына дейін бастарын өлімге тігіп, айдау жолы бойына картоп па, нан ба,ет пен майдың қалғаны ма, бидай, арпа дәндері ме, қолдарында не бар соны төгіп кетеді. Неміс солдаттары оларды көрсе атып тастайды. Үш-төрт күн жүрген соң тірілерін жан жағы темір торлы вагондарға тиеп алып Румынияға концлагерге жеткізеді. Алайда, олар мұнда да көп тұрақтамайды, қыс түсе этаппен (арнаулы конвоймен) Югаславия жеріне жөнелтіледі. Жылы киім бермейді, судың өзі тәулігіне бір рет беріліп, көбінесе кепкен нанмен шектеп отырады. Адам айтқысыз азаптауларға тұтқындар шыдамайды, жиі-жиі концлагерлерден қашу орын алады. Бірақ та оның бәрі нәтижесіз аяқталып, тұтқындар атылып жатады. Соған қарамастан Қыдырбекте қасындағы әріптестерімен ақылдаса келе, қашу амалдарын іздесіре бастайды. Сәті түскен бір кезде қоршаудан 100 шақты адам сытылып шығып, орманға қарай қашады. Қашқандардың тең жартысы қуа атқан күзетшілердің оғынан және минаға түсіп шейіт болады. Қалғаны орманға жетеді. Европа жерінің географиясын, жергілікті жердің табиғатын білмегендіктен сапарлары ұзаққа созылмай, айналдырған үш күннің ішінде жазалаушы отрядтың құрығына түсіп, біразы опат болады, қалғандары қайтып концлагерге жеткізіледі. Бәрі қырылғанда Қыдырбек Біләлов аман қалады. Ұсталғандар аяусыз жазаланады, аямай таяқ жейді, боқтық пен зорлықтың көрмегенін көреді. Сөйте тұра сағы сынбайды.
Қыдырбек Біләловты «Қашу қауіпі» бар деген желеумен Австрия жеріндегі 49 концлагердің біріне аударады. Австрияның Маутхаузен және Гузен қалаларының маңында гранит тас қашау ауыр жұмысына салады. 16 сағат ауыр жұмыстан көп тұтқындар өліп те жатады, олардың орнын жаңадан келгендері толтырып отырады. Өлгендерін сыртқа сүйреп шығарып, үстеріне жағармай құйып, от қойғандарының куәсі болғанда, бұл дүниеде тірі қаламын деп ойламапты.
Сол жақ кеудесінде «Қашқын» деген литері белгісі болса да Отанға деген ұлы сезім шет елде қалдырмай, кіндік қаны тамған топыраққа жетелейді. Қыдырбек 3 жыл лагерь мерзімінде неміс тілін жете меңгеріп алады. Түрменің қасіретті жағдайында көптеген тұтқындар ауруға шалдығып, адам шығыны жаппай орын алады, сол кезде ол тілмаш қызметін атқарып көмегін берген кездері де болған.
1944 жыл екінші рет дайындалып қамаудан сытылып шығудың ретін табады. Сөйтіп Альпі тауына қарай бет алады. Күндіз тығылып, түнде жортып отырады. Төрт жігіт біраз тау белестерінен асып, барлығы 3,5 айда 250-300 км жол жүреді. Бұлар да тірі пенде ғой, соңғы мекендерінен ұзаған сайын және уақыт өткен сайын қауіпсіздік ережелерін бұза бастайды. Түн мезгілі жүруге көп қиындық туғызғандықтан, кей кездері күндіз жол жүруге мәжбүр болады. Ақыры бұл сапары да сәтсізідкке ұшырап топ ұсталып қалады, өздері болған концлагерге қайтадан жеткізіледі. Одан кейінгі көрген соққы тепкілері үсті-үстіне үдесе де нацистер оны адамгершілік бейнесінен, сана-сезімінен айыра алмайды.
Австрия концлагерінің соңғы тұтқыны 1945 жылдың 3 мамырында келеді. Алайда, 5 мамыр күні Одақтастар әскерлері сол маңдағы концлагерлердегі барлық тұтқындарды босатады. Дәл осы кезде фашисттер қосымша адам өртейтін бірнеше пеш қоюды жоспарлап, күнделікті адам өлтіру санын үдеткен еді. Мамыр айының алғашқы күндері Австрия жерінде қанша адам қаза болғаны әлі белгісіз. Себебі көкек айынан бастап СС-тіктер қылмыстарын айғақтайтын құжаттарды жойып, емханалар мен газ камераларының көзін құртқан болатын.
Ауылдағы ағайын Қыдырбектің тағдырынан бейхабар болатын. Анасы ұлын күтумен жылай-жылай екі көзінен бірдей айырылады. Ал, Қыдырбек болса 1946 жылы маусым айына дейін әскер қатырында болады. 1946 жылы шілде айында ауылға оралады.
Бірақ соғыстан елге қайтып келген соң Қыдырбек сияқты адамдардың тағдыры оңай болмады. Олардың көбісі «сенімсіз адамдар» ретінде Колыма мен Воркутадағы еңбекпен түзеу колониялары күтіп тұрған еді. Елдің тұрмыс жағдайы өте ауыр, ұзаққа созылған соғыс халықты титықтатып жіберген. Елге оралып, халықтың жағдайымен танысқан соң Қыдырбек Ақжар ауылындағы мектепке математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кіріседі. Бірақ, оған тыныш жұмыс істетпейді, құдайдың құтты күні, түнгі мезгілде аудандық ішкі істер бөліміне алып кетіп, тергеп-тексеріп, ұрып-соғады. Оларға концлагерден шыққан тергелуге тиісті адам емеспін десе де көнбейді. 1947 жылдан бастап оны Өскемен қаласына қайта-қайта айдап әкетіп екі-үш күн, кейде бір жұмадан кейін ауылға жіберіп отырады. Жауап алушылар сұрақ-жауапты тісінен шығармаймын деген қолхат жаздырып алады.
1947-1952 жылдары С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін физика-математика факультетін сырттай бітіріп шығады. Көп ұзамай Зоя атты өмірлік жарын кездестіріп, отбасын құрады. 1949 жылы тұңғыш ұлы Мұрат, 1951 жылы Ғалия және 1953 жылы Болат деген балалары дүниеге келеді.
1953 жылы Сталин өлгеннен кейін, кешірім жасалып, соғыс кезінде тұтқында болғандардың ісі қайта қаралып. Егжей-тегжейлі тексеріліп, қылмысы жоқ адамдарды қудалау тоқтатылады. 1956 жылы жаз айларының бірінде Қыдырбек жұмыстан үйге күнделікті уақытта оралмады. Жұбайы Зоя жоғалуының себебін түсіне алмай күте-күте достарының үйінен барады. Бұлай іс-түзсіз жоғалып кету оған мүлде тән емес еді. Себебі оны аңдуға қойған арнайы адамдар бар еді. Тағаты таусылған Зоя Қыдырбектің інісі Жәнібекке барады. Екеуі Ақжардың ішін арлы-берлі шарлап, таныстардан сұрастырады. Ешкімде көрмеген болып шығады. Зоя оның бір-екі мәрте тергеуден шыққан соң, ауыл шетіне барып, жылап алғанын естіген болатын. Осыны іштей сезген жұбайы бауыры Жәнібекпен бірге ауыл шетіне беттейді. Ауылдан 2-3 км қашықтықта «үлкен өзеннің» жағалауына барады. Келсе солқылдап жылап отырған Қыдырбекті кездестіреді. Не болды деп сұраса, ол «ақталды» деген қағазды көрсетеді. Сол жерде үшеуі қосылып жылап, бірін-бірі жұбатып, қуаныштары қойнына сыймай ауылға оралады. Осылайша 15 жылға созылған тұтқын азабының соңғы нүктесі қойылады. Осыдан кейін-ақ Қыдырбекке кеңес өкіметінің марапаттары жауа бастайды.
1956 жылы тамыз айында оқу ісінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылады.
1958 жылы «Ұлы Отан соғысында германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады.
1962 жылы қыркүйек айынан Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектебінің директоры болып тағайындалады.
1966 жылы ұсаздың бала тәрбиесіндегі көп жылдық еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен «1941-1945 ж.ж. ұлы Отан соғысына 20 жыл» мерейлі медалі табыс етілді.
1967 жылы Тарбағатай ауданында ауылдағы малшы қауымының балаларына арналған мектеп- интернатқа жетекшілік ету қызметін тапсырады.
1970 жылы «КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медалімен марапатталды.
1971 жылы «Қаз ССР білім беру ісінің үздігі» төс белгісінің иегері болды.
1974 жылы наурыз айы, өмірінің соңғы күндеріне дейін Абай атындағы орта мектебінде қызмет істейді. Ғұмырын білім беру ісіне арнаған өнегелі ұстаз болды.
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен.
Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.