Түркістан облысы бойынша координатор Нуритдинова Насиба.
Мен Мыңжасар Әділбек Қазыбекұлы, Түркістан облысы Шымкент қаласында, 2010 жылы қыркүйек айының 23 – інші жұлдызында дүниеге келдім. Қазіргі таңда Шымкент қаласы, Білім инновация лицейінің 7«в» сыныбында оқимын. Тарихты білмей болашақты жоспарлау мүмкін емес, ата-баба тарихын зерттеу, тарихтан үлгі алып, болашақты жоспарлау әр қазақтың міндеті деп ойлаймын. Сондықтан тарихты зерттеуге деген қызығушылығым өте жоғары.
Тарихты білу — адамның өзін, өз Отанын тануына, ілгері басуына, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, болашақтан үміт үзбей, үйлесімді дамуына аса қажетті іс деп білеміз. Тарих дегеніміз – нағыз қарапайым адамдардың өмір жолы, ата-әжелеріміздің өмірі, олардың тілегі мен талпынысы, құмарлықтары мен жеңістері сонымен қатар өмір жолында кездескен жеңістері мен жеңілістері.
Найзаның ұшымен білектің күшімен ұлтарақтай жерін жауға бермеген ата-бабамыздың бізге аманаттап қалдырған кең байтақ даламызда сырын ішіне бүгіп жатқан әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи нысан Түркістан облысы, Шардара ауданында орналасқан «Ұзын-Ата кесенесі».
Аталған кесене ата-анамның туған ауылы аймағында орналасқандықтан отбасымызбен жазғы демалыста атамыздың басына зиярат жасау мақсатында жиі барамыз. Үлкен бабаларым, әжелерім осында жатқан соң бәріне құран бағыштап қайту отбасымыздың үйреншікті дәстүріне айналған. Анам тарихшы болғандықтан көбіне тарихи әңгімелер, тарихи оқиғаларды анамнан көп естимін. Сол тарихи оқиғалардың бірі Ұзын ата туралы аңыздар. Ұзын атаның бойы өте ұзын болған деген әңгімені естігенмін, бұл сөзді мазарында жатқан орны (қабіртас 3 м.) растайды.
Ұзын Ата кесенесі Түркістан облысы, Шардара ауданы, Ұзын ата ауылы мен Алатау батыр ауылының ортасында, Арыс – Шардара тас жолының сол жағында 1 км қашықтықта орналасқан.
Кесене 25×26×6×5 см келетін төрт бұрышты күйдірілген қыштан тұрғызылған. Кесене көлемі 11,35 × 9,70 м, есігі солтүстік – шығысқа қараған, күмбезді құрылыс. Биіктігі 6,40 м, алдыңғы арканың биіктігі 9,10 м, арканың алды кең ашық 4,15 м, кірер есікке дейін 1,85 × 1,74 м, есік ені 1,22 м.Арканың екі қапталындағы қабырғаны үш қатар кірпіштермен шығыңқы етіп қалаған. Қабырға қалыңдығы 65×68 см аралығында.
Кесене ішінің оң жақ бұрышында төбеге көтерілетін айналмалы баспалдақ бар. Есік аузы 67 см, биіктігі 2,40 м, кесененің сол жақ бұрышында жерасты бөлмесіне (хлует болуы мүмкін) баратын есік ені 70 см, биіктігі 1,60 м. Бұл есікті кейіннен сақтық үшін жауып тастаған.
Кесененің ішкі төрт қабырғасында ені 3,10 м, биіктігі 3,55 м болатын төрт арка жасалған, үлкен аркалардың үстінгі жағына кіші 8 арка жасалынып одан кейін үлкен күмбез тұрғызылған.
Кесененің ортасында Ұзын Атаның мүрдесі қойылған деген құлып тас орналасқан, ұзындығы 3 м, ені 70×80 см, биіктігі 1 метрге жуық.
Кесененің төменгі жер астында екі бөлме бар делінеді. Соның бірі – көрхана бөлмесі. «Көлемі 4,18 × 4,22 × 4,24 × 4,16 м, ішкі биіктігі 1,90 м,еденіне құм төселгендіктен 5-қатар кірпішті құм жауып қалған,сол денгеймен есептесек жер асты бөлмесінің жалпы биіктігі 2,20 м болады, жер асты бөлмесіне түсетін жер, кесененің кіре беріс есігінің алдында.
Кесененің төменгі жағында екі жер асты бөлмесінің болуына қарай, бұл құрылыс өте беделді тұлғаға арнап тұрғызылғаны байқалады. Әзірге Қазақстан аумағында екі жер асты бөлмесі бар кесене Ұзын Ата кесенесі.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, кесене Әмір Темір 1384 жылы 1040 мың сарбазбен келіп, аз күннің ішінде тұрғызылған деп айтылады. Өкінішке орай, бұл аңыз әңгіме ғылыми негізде дәлелін таппай және еш дерек көздерінде кездеспей тұр. Порталдың төменгі жағында араб әрпімен 778 х. жылы (1377) қайтыс болған Дүрманның ұлы Шермұхаммед Халім жерленгені жайлы жазылған. Қолбасшы Ақсақ Темірдің қазақ даласына дінді насихаттауға көп үлес қосқан тұлға екені тарихтан мәлім. Ол айналасына діни ілімі бар адамдарды жинаған. Соның бірі Ұзын ата Ақсақ Темірдің бас кеңесшілерінің бірі ретінде қасында еріп жүрген. Сыр бойы халықтарының ықыласына бөленіп, ел абызы, әлеумет қамқоршысы, аузы дуалы әулие кісі атанған.
Ескі аңыз-әңгімелерде Ұзын атаның шын аты Асан (Хасан деп те айтылады) ата деседі. Ата қонысы – Ұзын ата Тайпақ екен. Әр сөзі дуалы Асан қария Ақсақ Темірдің бас кеңесшілерінін бірі болса керек. Оның Ақсақ Темірге айтыпты деген сөзі ел аузында. Асан ата (Ұзын ата) дүниеден өткенде, байсалды кеңесімен, терең ойымен тәнті еткен бас кеңесшісінің қазасы қабырғасын қайыстырған Ақсақ Темір ол кісінің басына бір күннін ішінде кесене салдырыпты. Ұзын ата осы өңірді мекендеген халықтардың ыстық ықыласына бөленгендіктен әруақты қария, ел атасы – әулие кісі атанған. Зеңгі атадан бата алған екен деген де әңгіме бар. Көп жорықтардың бірінде осы өңірге айлап ат шалдырып, әскерін тынықтырған Ақсақ Темір Асан ата туралы әңгімелерге молынан қанығып, әруағына бас иіп, тағзым етіп, өзінің перзенттік парызын өтеуі ретінде бұйрық беріп, осы күмбезді салдырып кеткені жөніндегі деректер де жұрт жадында қалған. Әмір Темір қаламынан туған «Темір түзігі» атты кітапта: «Мен халықтың тіршілігін жақсы білдім. Зиялыларға бауырымдай, қарапайымдарға баламдай қарадым. Әрбір уәлаят пен әрбір қала тұрғындарының қам-қарекеті мен салт-дәстүріне бейімделдім…» деген жан сыры бар. Ақсақ Темірдің Түркістан топырағына бірнеше рет аяқ басып, Отырарға сан мәрте келгендігін тарих куәландырады. Сондай көптеген сапарларының бірінде Ұзын ата күмбезі бой көтеруі әбден мүмкін деп жорамалдауға болады. Ұзын ата күмбезі қай уақытта салынған дегенге келсек, оның XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың бас кезіне сәйкес келетіндігі туралы деректер бар.
Бұл кесененің Кеңес үкіметінің атеизмді насихаттап қылышынан қан тамып тұрған дәуірінде дінге қарсы саясаттың құрбаны бола жаздағаны да рас. 1920 жылдары барлық діндар кісілер қуғын сүргінге ұшырап, діни ескерткіш нысандары бұзылып жермен жексен болғанын тарихымыз растайды. Бұл туралы ауыл қарияларының аузынан да бізге жеткен ақпараттар аз емес. Сол кезеңде бұл нысанды бұзу мақсатына үкіметтің тапсырмасымен келген трактор ішінде (орыс ұлтынан) кісі кесенені бір соққанда 10 метр қашықтыққа лақтырып жіберіп техника сынып, әлгі кісі сол мезетте жан тапсырған екен. Сол жағдайдан соң кесенені бұзуға ешкімнің батылы жетпеген болса керек. Бұл оқиға да Ұзын атаның киелі тұлға болғанының дәлелі десек артық айтпаймыз. Кесененің сыртынан трактор соққан орнын қазір де көруге болады. Бертін келе Кеңес үкіметінің кезеңінде 1964 жылы Шардара ауданы құрылып, «Комсомол» совхозы атауымен аталған ауыл күріш шаруашылығымен айналысқан. Күріштің егістік алқабы үнемі суға толып жататын болғандықтан кесене іргетасы орнынан төмендей бастаған. Ауыл ақсақалдары дереу үкіметке хат жолдап күріш шаруашылығын кесене аумағынан алыстатуды сұрап, дер кезінде тоқтатқан. Сонан соң кесене реставрация жасалып, сыртын темірмен құрсауланғанын мына суреттен көре аламыз.
2021 жылы кесене ішінен мұражай ашылып, тарихи жәдігерлер қойылыпты, дегенмен әлі де толықтырылуын қажетететін жұмыстар бар. 2022 жылы Республикалық маңызы бар тарихи – мәдени ескерткіштер қатарына енгізілді.
«Ұзын ата» әулиенің шырақшысынан естіген мына әңгіме есімнен кетпейді. 2023 жылы аптап шілдеде атам (Арынұлы Мыңжасар) қабірін шөптерден тазалап, одан соң шырақшы Оралбай атаға барып құран бағыштаттық, біздің ұйып тыңдап отырғанымызды сезіп отыра қалып әңгімесін жалғастыра берді. Бұл кесененің тылсым күшпен байланысы барын өз көзімен көргенін айтты. Бірде, қыстың қақаған боранында шырақшы ата жоғары жақтан кісілер келетінін естіп оларға дәрет суын дайындап, от жағып жылытып күтіп отырса, жоғары жақтан келген әлгі интеллигенттер шырақшыға сәлем бермей кесене ішіне кіріп кетіпті. Артынан келсем кенет оқ жылан келіп әлгі кісілерге айбат шегіп тұр екен. Шырақшы ата отыра қалып сүрелерді оқи жөнелдім дейді. Жылан райынан қайтып ашуы басылып кесене қабырғасында барып жатты дейді. Содан әлгі кісілер кесене ішіне кіруге бата алмай қайтып кеткен көрінеді. Жылан жер бетіне шығатын мезгіл емес ол қабір ішінен шыққан жылан деп әңгімесін аяқтады Оралбай ақсақал.
Тағы бір өз құлағыммен естіген әңгіме есіме түсіп отыр. Әкемнің сыныптасы үйге келіп жақында ауылға барып келгенін, ауылға барғанда әке-шешесінің жатқан жері Ұзын атаға барғанын айтты. Қыстың күні кесенені аралап келе жатсам үлкен алтын түстес басы жалпақ жыланның күнге шағылысып жалтырап жатқанын көріп таң қалдым дейді. Шырақшыға айтсам ол кесененің жыланы екенін, ол кей адамдарға ғана көрінетіндігін айтты дейді. Міне, осы әңгімелерді естіп тарихи өшпес іс қалдырған Ұзын ата тарихын терең зерттеп, қойнауына қанша жасырып жатқан сырын ашу келешек жастардың міндеті деген ойға келдім.