Византия түркілермен қалай танысты, қалай күресіп, татуласты және олардың қолынан қалай талқандалды? Византиятанушы, ирантанушы және түркітанушы Рустам Шукуровтың бірінші дәрісі дала тұрмысы, көші-қонның қиындықтары, отырықшы және көшпелі мәдениеттердің өзара тартысы туралы баяндалады.
Христиан әлемі 1453 жылы Константинопольдің күйреуін алапат деп қабылдады. Рим құрылған кезден бастап 2206 жыл өмір сүрген және кейін тарихшылар қателесіп Византия деп атаған Шығыс Рим империясының астанасын «варвар» түркілердің жер қайысқан қолы басып алып, талан-таражға салды. Шындығында, барлығы солай болды дегенменен, бір жағынан дәл солай болған да жоқ.
Константинополь құлағанға дейін бірнеше ғасыр бойы екі әлем — грек-византия және түркі әлемі қатар өмір сүруді үйренді, сонымен қатар олардың қарым-қатынасы бір-біріне бекініс қабырғасындағы саңылау арқылы қараумен шектелген жоқ. Константинопольде түркілерге тән нәрсенің бәрі бұрыннан сәнге айналған болатын. 14 ғасырдағы атақты Византия ақсүйегі Федор Метохиттің Мәсіхке арнаған және өзінің әшекейленген әдемі ғибадатхананы сыйға тартқан сәті бейнеленген Стамбулдағы Хора монастырының11Хора монастырыiХорадағы монастырь ансамблінің Алаңдағы Құтқарушы Христос шіркеуі — Стамбулдағы ең жақсы сақталған византиялық шіркеу. Негізі 11 ғасырда қаланған, кейіннен 14 ғасырда ұлы логофеті Теодор Метохитес қайта салған. Оның тапсырысы бойынша жасалған мозаика мен фрескалар қаладағы соңғы византиялық өнердің ең маңызды ескерткіші боп есептеледі. сәнді мозаикасына қарасаңыз жеткілікті. Түркі шекпенін киген Федор басына үлкен сәлде орап алған, үлкендігі мен әсемдігі жағынан ол қаланың болашақ Осман билеушілерінің сәлдесінен еш кем түспейді. Өздерін ромейлерiiяғни римдіктер деп атаған византиялықтар ежелгі римдіктер сияқты тога киіп, жалаңбас жүретін заман баяғыда өтіп кеткен.
Қазіргі адамдар Нью-Йоркке немесе Парижге қалай тамсана қарайтын болса, өз заманында түркілер, Константинопольге де дәл солай қызыға да, қызғана да қарайтын. Сол кездегі әлемнің басты метрополиясына бақыт іздеп барған ортағасырлық «мигрант әйелдің» оқиғасына назар аударайық. Біз оның атын білмейміз, бірақ дереккөзде оны «скиф әйел» деп айтады. Әдет бойынша Византияда Ұлы Дала тұрғындарын осылай атаған. Ол әйел айтарлықтай дәулетті адам еді, Алтын Орда аумағында, мүмкін, қазіргі Қазақстанда тұрған болуы мүмкін. Оның күйеуі де, балалары да жоқ болатын.
Константинопольдің кереметі мен жайлылығы туралы естіген скиф әйел ол жаққа көшіп баруды аңсады және тіпті бұл үшін шоқынуға да дайын болды. Бірде ол ФракиядаiiФракия — Балқанның оңтүстік-шығысындағы тарихи аймақ. Қазір Болгария, Грекия және Түркия арасында бөлінген. қолға түскен тұтқындарды, яғни грек құлдарын үйінің (немесе киіз үйінің) жанынан алып бара жатқанын көрді. Ұзақ мерзімді жоспары бар әйел олардың біреуін сатып алып, өзіне күйеу қылды. Грек күйеуінен скиф әйел екі бала туды. Сексеуіл мен бетегесі, көз тартар қызғалдақтары жайқалып өскен өлкеде олар дәулетті де бейбіт өмір сүріп жатты деп ойлауға болар еді, бірақ оның жан-дүниесін үлкен бір әлем өзіне қарай баурап тарта берді. Көп ұзамай Фракиядан татарлар алып кеткен оның күйеуінің бірінші грек әйелі де сол аймаққа келіпті. Мейірімді скиф әйел қызғаныш сезіміне берілмей, күйеуін жұбату үшін және үй шаруасына көмектеседі деген ниетпен оны да сатып алды. Осынау ортағасырлық махаббат үшбұрышын елестету қиын, бірақ әйтеуір олар тату-тәтті өмір сүріп жатты. Дегенмен дала қызғалдағы қаншалықты көркем болса да, көптен жоспарланған эмиграцияны жүзеге асыратын уақыт келді. Скиф әйел шоқыну рәсімінен өтіп, өзінің бүкіл «швед отбасымен», яғни өзінің құлы болып келген күйеуімен және оның бірінші әйелімен бірге Константинопольге барып қоныстанды.
Біз бұл өмірде бақыттың барына және ақырында бәрі бақытты болатынына сенер едік, егер Гректің бірінші әйелі болған жағдайды мүлдем басқаша түсінбеген болса. Күйеуін құлдыққа айдап әкеткенде оны қалай жоқтағанын, тағдыр тәлкегіне түскен күйеуінің маңдайына азап пен қатыгездік қана жазылған деп сары уайымға салынғанын елестету оңай. Ал оның көргені не болды?! Қымызға мас болып, жылқының етін жеп, дәулеті тасыған жаңа әйел алып, одан екі перзент сүйген күйеуі бақытты өмір сүріп жатыр екен. Сірә, ол бөтен елде, скиф әйелдің жерінде жүргенде аптығын басып, бойұсынып, ойын ережесін уақытша қабылдаған шығар. Бірақ туған жеріне табан тіреген бойда шұғыл әрекет етуге бел буды. Бәлкім, ол бұрын да Константинопольге келген соң күйеуі екеуі «жек көретін» скиф әйелден құтылып, қайтадан бас қосып бірге бақытты өмір сүретініне іштей үміттенген болар немесе күйеуі оның үмітін үзбес үшін осыған келіскендей ишарат еткен шығар. Бірақ ондай ештеңе болған жоқ. Күйеуі, сірә, скиф әйеліне, оның дәулетіне әбден риза болып, оның үстіне одан перзент сүйгеніне де шаттанған болуы мүмкін. Алайда оның бірінші әйелі мұндай тағдырға көнуге дайын емес еді. Ашуға мінген ол патриархқа барып, скиф әйелді күйеуін ұрлады деп айыптады.
Қазіргі адамдар Нью-Йоркке немесе Парижге қалай тамсана қарайтын болса, өз заманында түркілер, Константинопольге де дәл солай қызыға да, қызғана да қарайтын.
Сонда скиф әйел сот талқылауына өзі келіп, мәселеге өз көзқарасын білдірді. Ол күйеуін бостандыққа тегін жіберді, бірақ оның бірінші әйелін құлдықта қалдырып, оған бостандық алу үшін өзі үшін төленген бағаға өзін-өзі өтеуін ұсынды. Бұл ақша балаларын асырау үшін қажет деп сендіргенімен, мұның шын себебі мүлде басқа екенін аңғару еш қиын емес. Өйткені күйеуі мен оның бірінші әйелі бостандық алғаннан кейін екеуі қосылып одан қашып кетеді деп ойлаған болуы мүмкін. Бұған қоса, жақсылықты білмейтін грек әйелге сабақ болу керек деп ойлады. Патриарх пен бұл іске қатысқан басқа да төрешілер жаңадан дінге кірген христиан әйелдің бұл шешімін құптап, оны өте қайырымды және әділ деп шешім шығарды. Көп ұзамай гректің бірінші әйелі өз бостандығының құнын өтейтін ақша жинау үшін бұрынғы көршілеріне Фракияға барған сәтінде, татарлар қайта шабуыл жасап, оны бұл жолы мәңгілікке құлдыққа алып кетеді, сөйтіп скиф әйел үшін Құдай әділдікті іс жүзінде толықтай орнатты. Күйеуі мейірімді скиф әйеліне біржолата оралып, олар бақытты өмір сүрді. Бұл шамамен 1337–1338 жылдары болған оқиға.iНикифор Григора. История ромеев [Ромейлер тарихы] / Ауд. Р. Яшунский. Т. 1–3. СПб., 2013–2016. Т. 1. 415–416-беттер.
«Бақытты аяқталған» бұл оқиға қай жағынан қарасақ та өте көрнекті. Курсымыздың контекстінде ең алдымен ауқатты скиф әйелдің қалай болғанда да Византияға көшуге ұмтылғанын атап өткеніміз жөн. «Өркениет» ғасырлар бойы басқыншылардың, саудагерлердің керуендер мен флотилияларын, жай ғана білімпаз адамдардың, оқу немесе жаңа сезім іздеп сапар шегуге дайын жандардың өзіне тартатын ең күшті магниті болды. Скиф әйел өзінің бұл арманын кезең-кезеңімен жүзеге асырып, византиялық азаматқа күйеуге шығып, одан бала туды. Қазіргі кезде де көп адам эмиграцияны осыдан бастайды. Тіл үйрету қалыпты нәрсе болмаған сонау баяғы заманға тән жағдай — скиф әйел мен оның грек күйеуінің бір-бірін түсінуге тез үйренгені. Бұған қоса виза, босқын мәртебесі және тұруға ықтиярхат болмаған әлемде дін мен мәдени әдеттер екі адамның одақ құруы үшін соншалықты үлкен кедергі болмаған екен. Болашақта көретініміздей, көптеген сұлтандардың аналары христиан, грек, славян әйелдер және т.б. болған. Хақ мұсылман әміршілерінің рұқсатымен олардың сарайындағы гаремдерде христиан шіркеулерінің болғаны да белгілі. Диана ханшайым мен Доди Аль-Файедтің бір елдің азаматтары болса да, христиан ханшайымы мен мұсылманның арасындағы қарым-қатынасы бұрынғы замандағы осындай кез келген одақтан көбірек шу туғызды. Ал Диана мен Доди некелескен жағдайда, Виндзор сарайында мешіттің қызмет етуі тіпті адам сенгісіз дүние болар еді.
Скиф әйел сот тарапынан қудалану қаупімен бетпе-бет келген кезде Византияның заң жүйесі оның жақында ғана мигрант әрі неофит болғанына және оған айып таққан әйелдің тумысынан грек екеніне, бұған қоса скифтердің жорықтарынан жәбірленгеніне қарамастан, оны жақтады. Византия құқығында қандай да бір этносқа артықшылық берілмеген, сөйтіп заң скиф әйелдің жағында болды. Бұл жағдайда құқықтық реттеу тетіктері иммигрантты «байырғы ұлттың» қара ниет адамынан қорғады, өкінішке орай, бүгінде әрдайым бұлай бола бермейді. Бірақ империяның этникалық теріс түсініктен ада өз логикасы болды.
Византияның бастауы жоқ
Византия-түркі қарым-қатынастары туралы алғашқы әңгімемізді бастамас бұрын, бірнеше кіріспе ескертпе жасап, осы курстың жалпы жоспарын белгілегеніміз жөн. Менің дәрістерімнің арқауы — империяның тағдыры немесе одан да кеңірек айтсақ, өркениеттің тағдыры. Дамыған өркениетке заманның сын-қатеріне сәтті жауап табуына ненің мүмкіндік бергені және неліктен тарихтың бір кезеңінде өркениеттің мұндай жауабының болмағаны туралы әңгімелесу қызық. Басқаша айтқанда, өркениет неге жойылады, оның ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы жинақтаған сан түрлі және терең тәжірибесі неге оған көмектеспейді? Дәл осы себептен әңгімеміздің өзегі Византия төңірегінде болмақ. Соншалықты тәжірибелі, өміршең ұлы өркениеттің күйреу механизмі қандай болды?
Кейінгі әңгімелерде мен түркілерді византиялық гректердің көзқарасы тұрғысынан сипаттауға және бұл пайымды түркілер туралы қазір білетініміздің контекстіне орналастыруға тырысамын. Мұндай тәсілдеменің айқын артықшылығы бар, өйткені дәл осы византиялық жазушылар қазіргі замандағы ғылымға қалдырған түркі халықтары туралы орасан зор мағлұматтары басқа дереккөздерде жоқ.
Ендеше Византиядан бастайық. Византияның бастауы жоқ. Қазіргі заманғы ғылым Византияның даусыз бастауы деп мойындайтын қандай да бір хронологиялық нүкте немесе қандай да бір оқиға жоқ. «Византия» деп біз халықтардың ұлы қоныс аударуынан болған күйзелістен айығып, біз Орта ғасыр деп атайтын жаңа әлемде өмір сүруін жалғастырған Кейінгі Рим империясын шартты түрде атаймыз «Византия» б.з.д. 753 жылы Римнің негізі қаланған кезде дүниеге келді немесе б.з.д. 330 жылы Александр Ахеменидтер мемлекетінiiяғни ежелгi Парсы империясы жаулап алған кезде, я болмаса Гомер өмір сүрген заманда (б.з.д. 8 немесе 9 ғасыр), Рим императоры І Ұлы Константин билеген 4 ғасырдың бірінші үштен бірінде империя аумағында христиан дінін заңдастырған кезде пайда болуы мүмкін. Византияның «бастауы» деп ұсынылған осы төрт кезең Византияның өзін-өзі сипаттауы мен өзін-өзі ұғынуы үшін әбден қолайлы. Бастауының және халқының мәдени жадысының көкжиегі өте алыста, яғни тарихқа дейінгі беймәлім кезеңде немесе ежелгі дәуірде жатқан Византия осымен салыстырмалы түрде алғанда беріде пайда болған басқа еуропалық және Таяу Шығыстағы ортағасырлық мәдениеттерден ерекшеленді.
2206
Рим империясының өмір жасы
Қазіргі зерттеушілер Еуропа мен Шығыс Жерорта теңізі аймағындағы антикалық дәуірдің жоғарғы хронологиялық шегін 8–9 ғасырларға дейін ұзартып отыр (және де бұл себепсіз емес). Мысалы, тарихшы Эрве Энглебер «постримдік антика, антикалық кезеңнің екінші фазасы», дәл айтқанда, Рим мемлекеттілігінен ұзақ өмір сүрген және инерциялық түрде әлеуметтік-мәдени «римдікті» (Romanitas) жаңғыртқан антика туралы айтады.iHistoire de la civilisation romaine / Dir. H. Inglebert. P., 2005. P. 483: «antiquité post-romaine, une deuxième phase de l’Antiquité» Егер Энглебердің пікірімен келісетін болсақ, онда ортағасырлық Византияның бүкіл тарихы терең эллинизация мен христиандандырудан өткен «постантикалық римдіктен» басқа ештеңе емес екенін мойындауымызға тура келеді. Қазіргі заманғы америкалық-грек зерттеушісі Энтони КалделлисiКалделлис А. Византийская республика: народ и власть в Новом Риме / Пер. В. Земскова. СПб., 2016. Византияда «римдікпен» және эллин-латын мәдениетімен құрылымдық байланыстың сақталғаны туралы айқын және табанды түрде айтады. Бұл нұсқа Византияның тәжірибесі тарихи процесті дәуір-дәуірге бөлетін зерттеушілерге айтарлықтай қиындық туғызып отыр, өйткені оны тек «орта ғасырлық» деп қайшылықсыз сипаттауға болмайды.
Дегенмен егер Византияның тарихы орта ғасырда басталмаса да, оның ең болмағанда ақыры ортағасырлық Рим империясы 1453 жылы азиялық жаулап алушылардың келуімен күйреді. Апатқа алып келген осынау оқиғалардың әсерімен қарастырылатын Рим империясының орта ғасырлардағы ұзақ тіршілігі үстіртін қарағанда қайта-қайта жеңілу мен позициялардан бірте-бірте айырылудан тұратын сияқты көрінеді. Ертедегі еуропалық ғылым оның тарихын дәл осылай сипаттауға тырысты. Алайда уақыт өте келе, әсіресе 20 ғасырдың екінші жартысында империяның эволюциясы туралы түсінік күрделене түсті, жеңіліс пен дағдарыс кезеңдерінен кейін жеңіс, тұрақтану және ілгерілемелі даму кезеңдері де болды. Ортағасырлық Рим империясы ішінен өзгере отырып (бірақ дәстүрімен терең байланысын сақтап) славяндардың жаулап алуына, арабтар тарапынан келген сын-қатерге, дала халықтарының басқыншылығына, батыс еуропалықтардың экспансиясына жауап таба алды.
Алайда византиялықтар 11 ғасырда Азия халықтарының батысқа қарай бастаған басқыншылық қозғалысына қарсы дұрыс жауап таба алмады. 11 ғасырда империяға солтүстіктен көшпелі түркі тайпалары және шығыстан селжұқ басқыншылары бір мезгілде дерлік шабуыл жасады. Соңғылары империядан елдің экономикалық тұрақтылығы үшін бірінші дәрежелі мәні бар, стратегиялық маңызы ұланғайыр Анадолының айтарлықтай үлкен бөлігін мәңгілікке тартып алды. Егер Балқандағы түркі қаупі ауыздықталса, селжұқ мәселесі шешілмей, болашаққа қатер төндірді. Айталық, анадолылық келімсектер 11 ғасырда болашақтың дәнін егіп, 15 ғасырда оның өнгенін көрді.
1204 жылы IV Крест жорығы22IV Крест жорығыiРим Папасы III Иннокентий ұйымдастырған (1202–1204). Өзінен бұрынғылар сияқты, Иннокентий де еуропалық рыцарьларды Қасиетті жерді мұсылман билігінен азат етуге шақырды. Крестшілер әскерін Қасиетті жерге жеткізу үшін сол кездегі теңіз державасы — Венеция Республикасы иелік еткен флот қажет болды. Өз кезегінде, Шығыспен саудада біріншілік үшін Византиямен дәстүрлі түрде бәсекеге түскен Венеция рыцарьларды, тақтан тайдырылған император II Исаак Періште жағында Византиядағы ішкі қақтығысқа тартты. II Исаак рыцарьлардың ақысын төлей алмағандықтан, крестшілер Константинопольды жаулап алып, үш күн бойы қаланы тонады. Византияның орнына Константинопольді, Фракияны және Грециядағы жерлерді басқарған және 1261 жылға дейін өмір сүрген Латын империясы құрылды. рыцарьларының Константинопольге күтпеген жерден және мүлдем қисынсыз шабуылы бір мезетте сол кезде әлі де Жерорта теңізі аумағының үлкен державасы болып қала берген империяның белін сындырды. Империя бірінші дәрежелі стратегиялық маңызы бар аумақтардың бір бөлігінен айырылып, үш бөлікке ыдырап кетті. Византия 13 ғасырдың басындағы оқиғалардан аман қалғанымен, дәл осы қасірет анадолылық мұсылмандарға басқыншылық қозғалысын дамытуына және 1453 жылы империяны күйретуіне мүмкіндік берді.
1204 жыл болмағанда 1453 жыл да болмайтын еді. Бұған күмән жоқ. Дегенмен екі мың жылдан астам тәжірибесі бар ірі мемлекетті латындарiВизантиялықтар католиктерді «латындар» деп атады, өйткені олардың тілі латын тілі болды. Көбіне бұл атау теріс мағынаға ие болды. немесе славяндар емес, азиялық халықтың ғана құлата алғанын атап өту керек. Анадолы шапқыншыларының бұл табысының себептері өте күрделі және көп өлшемді, сондықтан оның әлі күнге дейін бір мәнді және жалпы қабылданған түсініктемесі жоқ. Кейінгі әңгімелерімізде Византия өркениетінің азиялық көршілерінің шабуылынан экзистенциалдық жеңіліске ұшырауының себептерін іздестіруге қадам жасаймыз.
Ұлы көші-қон
Мұндағы әңгіме қазіргі заманғы ғылымда византиялықтардың әдет бойынша «түркілер» деп аталатын қарсыластары туралы болады. Дунайдың арғы бетінен Балқанға басып кірген солтүстік тайпалар, сондай-ақ олар византиялықтардан Кіші Азияның көп бөлігін жаулап алған «селжұқтар» деп аталатын халық. Түркі тайпалары б.д.д. 3–2 мыңжылдықтарда Ішкі Азия мен Оңтүстік Сібірдің кең-байтақ жерлерін мекендеген және тарихының ерте кезеңдерінің өзінде Батысқа тарай бастады. Бізді қызықтыратыны осы қозғалыстың ортағасырлық кезеңі.
Дегенмен, айта кететіні, түркілердің Батысқа қарай жылжуы мыңдаған жылдарға созылған Еуропа мен Азияның ұлан-ғайыр кеңістігіндегі халықтардың әлдеқайда ауқымды қоныс аудару процесінің бір бөлімі ғана болған. Халықтардың бұл көші-қонының ортағасырлық кезеңін көбінесе Ұлы қоныс аудару деп атайды.
Халықтардың ұлы қоныс аудару құбылысының мәнін қысқаша былайша сипаттауға болады. Шығыстан Батысқа, Тынық мұхитынан Атлант мұхитына дейін қытайлардың, үнділердің, ирандықтардың, семиттердің, гректер мен римдіктердің аймақтық мәдениеттерінен құралған жоғары отырықшы өркениеттердің «өркениетті ойкуменаның»iiКөне грек тілінде οἰκουμένη — адамдар тұратын жер деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, «ойкумена» термині гректер мекендеген жерді немесе жалпы адамға белгілі барлық жерлерді білдіруі мүмкін. жіңішке легі созылды. Бұл өркениеттер күрделі діни, әлеуметтік, экономикалық құрылымдардың, жоғары технологиялардың, әбден жетілдірілген өнердің болуымен және тұрмысының нәзік талғамға негізделгенімен сипатталды. Солтүстікте бұл «өркениет» аймағы дамудың ерте кезеңінде тұрған көптеген тайпалармен шектесіп жатты. Бұл халықтар өмір сүрудің әлдеқайда қарапайым формаларымен сипатталды, олардағы әлеуметтік қатынастар, діндер мен мәдениеттер күрделілігі жағынан кем түсті. Әдетте олар көшпелі немесе жартылай көшпелі тайпалар болды. «Өркениетті» аймақта өмір сүрген адамдар солтүстіктегі көршілерін (әр өркениет өзінің тілінде) «варварлар» және «жабайылар» деп атады.
«Өркениет» аймағы мен «варварлық» аймақтың қарым-қатынасы өте күрделі және екіұшты болды. Өркениет үшін «варвар» аймағы әрқашан адами ресурстың — «өркениетті» экономика мен тұрмыстың маңызды, құрылымдық элементіне айналған құлдардың қайнар көзі болды. Көшпелі және жартылай көшпелі халықтар үшін «өркениетті» әлем әрқашан аса қымбат және жоғары технологиялы (демек өте құнды) заттардың қайнар көзі болды, сондықтан бұл мәдениеттер өз бетімен жасай алмаған дүниелерді «өркениетті» жерлерге жорық кезінде басып алып отырған. «Өркениет» әлемі мен «варварлық» әлем бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне тәуелді болды. Екі кеңістік те тоқтамастан бір-біріне ұмтылды және бұл ұмтылыс көбінесе өз әлемінен тыс жерге басқыншылық жасау, басқа біреудің кеңістігін физикалық түрде жаулап алу әрекеттерінен көрініс тапты.
Халықтардың ұлы қоныс аударуы деп Еуропа мен Азияның ішкі аймақтарынан «өркениеттің» не екенін әлі түсінбейтін «варвар» халықтардың Жерорта теңізі аумағының өркениетіне басып кіруін атайды. Қоныс аударудың салдарында Еуропа мен Азияның этникалық және мәдени картасында түбегейлі өзгеріс болды. Айта кететіні, парадокс болса да, Ұлы қоныс аударудың басты нәтижесі өркениетті ойкуменаның кеңеюі болды. «Өркениет» тіпті қарулы күресте жеңіліске ұшыраса да, «варварларды» «мәдениеттендіру» арқылы жеңді. Әдетте «өркениет» аймағына қосылған «варварлардың» екінші және одан кейінгі ұрпақтары «өркениеттің» күшімен ассимилияцияланып кететін.
Ұлы қоныс аудару субъектілеріне орталық және солтүстік-шығыс Еуропада өмір сүрген герман және славян тайпаларын, сондай-ақ Алтай даласы мен қазіргі Сібірден шыққан финн-угор тайпаларын (атап айтқанда, венгрлерді), түркі және моңғол халықтарын жатқызады. Ұлы қоныс аударудың ортағасырлық кезеңі біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында басталып, бүкіл Орта ғасырлар кезеңіне жалғасты, яғни 4–11 ғасырларда герман тайпаларының, славяндар мен венгрлердің оңтүстікке қарай, Жерорта теңізінің жағалауын бетке алған қозғалысы және ақыр аяғында венгрлер мен нормандардың Еуропа елдерін жаулап алуы болды. Көші-қонның тағы бір бағыты — түркі халықтары мен моңғолдардың Сібірден Қытайға, мұсылман болғанға дейінгі және мұсылмандық Азия мен христиандық Еуропаға бет алуы. Нақтырақ айтқанда, халықтардың қоныс аударған кезеңін түркілердің шапқыншылығы жалпы тоқтап, Еуразияның этникалық картасы тұрақтанған 16 ғасырмен ғана аяқтаған жөн. «Варварлық» халықтардың жаппай көші-қоны, сайып келгенде, олардың өркениетті ойкуменаға қосылуына, бұрынғы «өркениет» аймағы мен «варварлық» аймағының бірігуі мен гомогенделуіне әкелді.
Біздің әңгімеміз халықтардың Ұлы қоныс аударуының құрамдас бөлігі түркілерге, яғни оны византиялықтардың қалай қабылдағанына арналады. Византиялықтар түркі көшпенділерімен негізінен екі аймақта — солтүстік-батыс Дунай мен Шығыс Анадолы аймағында кездесті. Византиялықтардың өзі жаулап алушылардың екеуінде де түркілердің көп екенін жақсы біле тұра, солтүстіктің түркілерін «скифтер», ал шығыстың түркілерін «парсылар» деп атауды жөн көріп, тар этникалық емес, жалпылама, әлеуметтік мәдени терминдерді қолданды.
Византиялықтардың тар этникалық анықтамалардан бас тартуы ортағасырлық қоғамдар туралы сөз болғанда этноцентристік түсіндіруден бойын аулақ салатын қазіргі тарихи зерттеулермен күтпеген жерден үйлеседі. Сондықтан Византияның солтүстік пен шығыстағы қарсыластарын мен кейде «Азия халықтары» деп жалпылап атаймын. Өйткені Дунайдың арғы жағынан келген, сондай-ақ анадолылық жаулап алушылардың тілі жағынан да, мәдениеті жағынан да этникалық бірлігі болған жоқ. Өзіміз білетіндей, жаулап алушылардың ішінде түркілер саны жағынан басым болған шығар, бірақ олар әрқашан мейлі, көшпелі, жартылай көшпелі немесе отырықшы болсын, үндіеуропалықтармен бірге өмір сүрген. «Таза» этностық Ежелгі заманда және Орта ғасырларда көп кездеспейді, ол негізінен 19 және 20 ғасырлардағы қоғамдарды барынша дәл сипаттайтын тұжырымдамалық ғылыми конструкт.
Менің «түркі халықтары» дегеннің орнына «Азия халықтары» деген атауды пайдалануым, сонымен қатар түркілермен бірдей халық деп ұқсастыруға болмайтын моңғол жаулап алушыларына да, шапқыншылық кезінде маңызды рөл атқарған аландық көшпелі ирандықтарға да, сондай-ақ көшпелі қоғамдарда белгілі бір сипаты мен саны болған отырықшы ирандықтар мен арабтарға қатысты да терминологиялық ыңғайсыздықты болдырмауға мүмкіндік береді. Еуразияның ішкері аймағынан және Орта Шығыстан Византияның шегарасына келген халықтар қай тілде сөйлесе де, оларды мәдениеті мен экзистенциалдық тәжірибесінің Азияның өзіне тән болғаны біріктірді және де олардың постантикалық Рим парадигмасына қатысты жат екенін анықтады. Бұл әртүрлі, бірақ бәрібір дәл «азиялық» типтер болды, олар алуан түрлі және әртүрлі уақытқа тән үндіеуропалық, семит, алтай және ішінара қытай тәжірибесін жинақтады. Осы маңызды ескертпелерді тұжырымдай келе, мен әрі қарай басқа белгілеумен қатар бәрімізге әлдеқайда үйреншікті «түркілер», «парсылар», «арабтар» деген анықтамаларды пайдаланамын. Ортағасырлық этнонимдердің әлеуметтік мәдени астары олардың лингво-этникалық мазмұнымен сәйкес келмейтінін және онымен шектелмейтінін есте ұстаған маңызды.
Осы әңгімелер топтамасында мен византиялықтар мен азиялық халықтардың арасындағы қарым-қатынастың әлдебір жалпы бейнесін синтездеуге тырысамын және мұны салыстыру жолымен жасауға ниеттеніп отырмын. Осы орайда мен әдейілеп әңгімеміздің аясын тура Византия-Азия қарым-қатынасына дейін тарылтып, мүмкіндігінше Византия қоғамының да, Азия қоғамының да ішкі өмірінің мәселелерін талқылаудан аулақ боламын. Мені негізінде бәрінен де Византияның тарихы контекстінде талданатын қарым-қатынастардың жалпы логикасы қызықтырады.
Курстың бірінші бөлімінде мен Византияның саяси және зияткерлік көкжиегінде түркілердің алғаш рет көрінгені туралы айтамын. 10 ғасырға дейін Византия мен әртүрлі түркі халықтарының арасындағы тікелей байланыстар көптеген себепке орай ауық-ауық орын алып, жергілікті деңгейде және тұрақсыз сипатта болды. Сондықтан бұл байланыстардың әсерінен Византия мен Түркі қоғамдарының қандай да бір елеулі трансформациясы болды деп айта алмаймыз. Сонымен қатар византиялықтар мен түркілер бір-бірімен алғаш рет ерте дәуірде танысты, түркілер дәл сол кезде Византияның зияткерлік кеңістігінде өздерінің тайпалық атауына ие болды.
Екінші бөлім Балқан көшпенділері де, Анадолы гибридтік отырықшы және көшпелі дүниесі де қамтылған 11–13 ғасырлардағы Византия-Азия қатынастарына арналады. Маңызды әскери-саяси және дипломатиялық оқиғалар туралы әңгіме Византияның ішкі өміріне қандай да бір әсер еткен немесе белгілі бір істерімен гректерді таңғалдырған, тегі азиялық болған ерекше адамдардың «портреттерімен», сондай-ақ тақырыбымыз үшін маңызы бар сол дәуірдің әлеуметтік, мәдени және экономикалық феномендеріне экскурспен толықтырылады. Бұл біздің әңгімемізге кеңірек және сонымен бірге егжей-тегжейлі әлеуметтік мәдени және антропологиялық өлшем береді.
Келесі үшінші бөлім 13–15 ғасырлардағы византиялық мемлекеттердің құлдыраған және күйреген кезіне арналады. Дереккөздерде бұл дәуір туралы бай материал сақталған, ол ерте дәуірлер туралы белгілі мағлұматпен салыстырғанда әлдеқайда егжей-тегжейлі және алуан түрлі. Менің басты мақсатым — әртүрлі ақпараттың ішінде Византия-Азия драмасының логикасын және негізгі сюжеттік бетбұрыстарды бөліп көрсету. Әңгіме Византияның кері кетіп, әлемдік державадан аймақтық державаға дейін төмендеуі, империяның тез құлдырауы және түркілерге алым-салық төлеушіге айналуы, ақыр аяғында оның күйреуі туралы болмақ.