ТҮТІННІҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК ТАРИХЫ

1-бөлім. Альбион неліктен тұманды?

ТҮТІННІҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК ТАРИХЫ

«Баттерси» көмір электрстанциясы (қазір істен шыққан). 1960 жылы жасалған фото/Getty images

«Смог» — ағылшынның екі сөзінен тұратын неологизм, олар түтін және тұман дегенді білдіреді — smoke және fog. Бұл ұғым сонау 19 ғасырда Англияда пайда болды, ол кезде  көпшілік оны «Тұманды Альбион» деп атауға құмар болатын-ды. Британияны кезінде ежелгі гректер Альбион деп атайтын-ды. Бұл елдің Тұманды атануына әдетте, отты біреудің қолымен көсейтін британдық дипломаттардың сіңірген еңбегі зор. Дегенмен тұман ежелден ағылшындар өмірінің ажырамас бөлігі саналатын-ды. Уақыт өте келе, әлемдегі ондаған қалаларды, оның ішінде, Алматыны да тұманды деп атауға болатыны белгілі болды. 

 

Бұл түтіннің бүкіләлемдік тарихының бірінші бөлімі. Екінші бөлімін мына жерден оқуға болады.

Мазмұны

«Түтін мұржалардан көтеріле сала, жұқа қара жаңбырдай тарайды, ал күйе үлпектері өлген күнді жоқтап, қара жамылған үлкен қар түйіршіктері іспетті... Жан-жағыңның бәрі тұман… Тұман көзді тұмшалап, тамақты қабады… тұман аяқ пен қолдағы саусақтарды қатты шымшып алғандай,» –Чарльз Диккенс өзінің «Суық үй» кітабында бұл құбылысты осылай сипаттайды. Ауадағы сарғыш тұманды ол заманда «бұршақ сорпасы» деп атаған-ды.

Сол «Суық үй» кітабында «ерекше лондондық» деген атау пайда болады (сөйтіп, бекон қосылған бұршақ сорпаны «ерекше лондондық» деп атай бастайды). Түтін ауа райы сияқты өмірдің ажырамас бөлігіне, тіпті, Лондонды ерекшелендіретін белгіге айналды, сөйтіп, ол 19 ғасырда ханымдар арасында «қызықты бозару» деген ауыр анемия немесе туберкулездің симптомы ретінде емес, тартымды қасиет ретінде қабылданды.

Лондон тұманы туралы романтикалық күрсіністерді естігенде, бұл «тұманның» негізінен, күкіртті түтіннен, күйеден және жанбаған шайырлы битум тамшыларынан тұратынын есте ұстаған жөн.

Лондон қараша айында. 19 ғасырдың басындағы нақыш/Wikimedia Commons

Лондон қараша айында. 19 ғасырдың басындағы нақыш/Wikimedia Commons

БӘРІ ОСЫЛАЙ БАСТАЛҒАН-ДЫ

Жалпы, лондондықтар мұндай атмосферада бірнеше ғасырдан бері өмір сүріп келген-ді. 12 ғасырдың өзінде қала маңында ормандар аз қалды, сондықтан отынды алыстан тасуға тура келді, оның үстіне, ол қымбат тұратын-ды. Алғашында, бұл қала тұрғындарына үлкен ауыртпалық тудырған жоқ, өйткені тамақ дайындау көп отынды қажет етпейтін, оның үстіне, үйлерді жылытуға аса көп отын керек емес-ті – ол кез, тіпті, Шотландияда жүзім өсіретін ортағасырлық климаттық оптимум дәуірі болатын-ды.

Ал лондондық қолөнершілерге – темір ұсталарына, сыра қайнатушыларға, темір жасаушыларға, әк күйдіргіштерге – оңай болған жоқ. Олардың пештері көп отынды, дәлірек айтқанда, көмірді қажет ететін-ді - оны ауа кіргізбей, ағаштан өртеп алатын-ды. Ағаш көмір жәй ағашқа қарағанда, жылуды көбірек беретін-ді және түтін шығармай жанатын.

Уақыт өте келе ағаш көмірді (charcoal) қолөнершілердің қалтасы көтермейтін болды, сөйтіп жүргенде, оған балама – теңіз көмірі (латынша seacoal немесе carbo maris) табылды, қазір оны қатты немесе битумды көмір деп атайды. Оның құрамында сирек кездесетін және қымбатырақ антрацит көмірі сияқты көміртегі көп емес, ол битумға бай - мұнайға ұқсас өте қою шайырлы зат, бірақ оны өндіру оңай болатын-ды. Алғашында оны көмір қабаттары бетіне шыққан тік теңіз жағалауларынан жинайтын, сондықтан «теңіз көмірі» деп аталды.

Орта ғасырларда ағаштарды кесу. 15 ғасыр миниатюрасы/Legion-Media/Alamy

Орта ғасырларда ағаштарды кесу. 15 ғасыр миниатюрасы/Legion-Media/Alamy

13 ғасырдан бастап, Лондонға Англияның солтүстік-шығыс жағалауынан тұрақты түрде теңіз көмірі жеткізіле бастады – қала көшелерінің бірі әлі күнге дейін Seacoal Lane деп аталады, ал лондондық темір ұсталары, бояушылар, сыра қайнатушылар және әк күйдіргіштер оны өздерінің пештері мен буылдарында күйдіре бастады.

Олар жаңа отынның арзан болғанына және оның жақсы жанатынына риза болса, көршілері бұған қуана қоймады. Ағаш көмір түтін шығармай жанатын, ал «теңіз көмірі» мұржаларды қара күйемен өрнектеді. 13 ғасырдың ортасында Эланор патшайым («Британия пашайымы ауыр сырқат» балладасының кейіпкері) Ноттингем қаласынан түтіні көп шеберханалары жоқ Татбери замогына қашуға мәжбүр болды. Сөйтіп, ол тарихтағы алғашқы экологиялық босқын атанды.

Алайда лондондықтардың көпшілігінде экологиялық таза аймақта ондай замок болған жоқ, сондықтан олар шағымдануды бастады. Клириктер де, дворяндар да парламенттен шара қолдануды талап ететін болды, сөйтіп, 1306 жылы олар бірталай жетістіктерге қол жеткізді. «Батыр жүректегі» Мел Гибсонның кейіпкері, шотландықтардың көсемі Уильям Уоллесті жазалаған Эдуард I Долгоногий, сонымен бірге, таза ауа үшін күресті өз мүддесіне пайдалануды көздеген тарихтағы алғашқы саясаткер болып шықты. Ол парламент сессиялары кезінде теңіз көмірін жағуға тыйым салатын және осы уақытта ағаш отынға көшуді талап ететін жарлық шығарды.

Бірақ бұл шара аса табысты бола қоймады. Тарихшылыр айтқандай, ошағынан жанып жатқан көмір табылған бір адам, аталмыш жарлыққа сәйкес жазаланса, тағы бірнеше адамға дүре соғылды, бірақ бұдан еш нәтиже шыққан жоқ. Бір жылдан кейін Эдуард I қайтыс болды, ал теңіз көмірі бұрынғыдай, арзан болғандықтан, қолөнершілер салынған тыйымға, айыппұл салумен және қылмыстық пештерді бұзумен қорқытуға қарамастан, соны жағуды жалғастырды.

Орта ғасырларда тамақ дайындау/Legion-Media/Alamy

Орта ғасырларда тамақ дайындау/Legion-Media/Alamy

Үйдегі пештер мен плиталар тағы екі ғасыр бойы көмірмен жағылды – ешкім күкірт түтіні мен тамақтың тітіркенуіне шыдағысы келмеді. Бірақ отын бағасы қымбаттауын жалғастыра берді, Лондондағы кедей тұрғындар үйлерін көмір жағып, жылытуға көшті, ал 17 ғасырда, Иаков I билігі кезінде отынның қымбаттағаны соншалықты, тіпті, астанадағы байекеш отбасылардың өздері де көмір жаға бастады.

Егер 1600 жылы лондондық ханымдар теңіз отынымен жылытылатын бөлмелер мен үйлерге кіруден бас тартып, көмір пеште қуырылған етті жеуден бас тартса, келесі онжылдықтарда бұған көнуге мәжбүр болды. Сөйтіп, лондондық шежіреші Эдмунд Хоус жазғандай, «ренжіген мұрындарын ұжымдық саусақтарымен қысып, үйлерді жылытуға және тамақ дайындауға көмір сатып ала бастады».

Лондондықтар қаланың төбесінде үнемі ілініп тұратын «тұманға» толығымен мойынсұнды деп айтуға болмайды - тығыз, сары-қоңыр күйе түйіршіктері терезелерде майлы тамшылар қалдырып, тұрғындардың көздерін жасытып, тамағын ауыртты. Сөйтіп, қайта-қайта түтін мұржаларын биігірек жасауды, шеберханалар мен ұстаханаларды қала шетінен алты миль жерге шығаруды талап етіп, Уэльстен құрамында күкірт пен фосфор аздау антрацит жеткізейік, қалада көбірек жасыл желек отырғызайық деген ұсыныстар айтыла басталды. Комиссиялар құрылып, заңдар қабылданды, бірақ бұл еш нәтиже бермеді.

1 / 3

Сөйтіп, бұл кесапат астанамен шектелмей, кеңейе бастады: фабрикалардың жүздеген мұражалары тез өркендеп келе жатқан өндірістік қалалардың - Манчестердің, Бирмингемнің, Глазго мен Лидстің және тағы басқа да көптеген қалалардың аспандарын қара түтінге толтырды. Осы қалалардың мэрияларының отырыстарында толтырылған хаттамалар түтіннің адамдардың денсаулығы мен ауа тазалығына келтіретін зиянына айтылатын шағымдарға толы болды. Англияның орталығы мен солтүстігінде «қара белдеу» пайда болды, ол аймақтың тұрғындары, көңілсіз әзіл-оспаққа сенетін болсақ, күллі ұрпағымен аспанның табиғи түсі сұр, ал жапырақтың түсі қара болатынына шүбәсіз сенетін-ді.

Лондондағы фабрика. 1822 жыл/Getty Images

Лондондағы фабрика. 1822 жыл/Getty Images

ТҰМАН ТҮТІНГЕ АЙНАЛҒАНДА

Әдетте, «смог - түтін» деген сөзді ойлап тапқан доктор Гарольд Антуану де Во деп айтылады. Қазірге кезде біз оны қоғам белсендісі деп атаушы едік – ол Көмір түтініне қарсы күрес қоғамының қазынашысы болған-ды, 1905 жылғы 25 шілдеде ол Қоғамдық денсаулықтың корольдік институтының конгресінде «Түтін және тұман» деген баяндамамен сөйледі. Келесі күні smoke (түтін) және fog (тұман) сөздерінен құрастырылған терминмен бірге оның баяндамасы туралы ақпарат газеттерде жарық көрді. Дегенмен, де Во-ның өзі ол сөзді мен шығардым деп ешқашан айтқан емес. Осы орайда, атап айтар нәрсе, бұл сөз 1881 жылы Sporting Times газетінде Оскар Уайльдтың “Вера” (Вера Засуличтің өмірбаяны бойынша жазылған) пьесасының тас-талқанын шығарған рецензиядан, шамамен, 20 жыл бұрын шығуы мүмкін. “Смог" – Лондонның атмосферасын сипаттау үшін мен «түтін» және «тұман» сөздерінен құрастырып, ойлап тапқан сөз”, - деп жазды ұятты ысырып қойған “Загнанный бык” деп аталатын рецензияның авторы, әдеттегі өмірдегі заңгер Джеймс Дэвис, сондай-ақ ол драматург және либреттист ретінде танымал болған Оуэн Холл.

1 / 2

Бұл кезде дәрігерлер лондондық тұманның мақтан тұтар дүние емес, адамға өлім әкелетін қауіп екенін анық түсінген-ді. 1922 жылғы қарашада ерекше тығыз түтін екі апта мызғымай тұрды, осы уақытта дәрігерлерге сілтеме жасай отырып, «Таймс» газеті жазғандай, респираторлық сырқаттардан туындайтын кісі өлімінің саны екі есе көбейіп кеткен. Ол сәтте грипп эпидемиясы болған жоқ, сондықтан бұл өсімді инфекция салдары деп айтуға болмайды. 1926 жылы парламент ауаны ластауға қарсы үшінші және жеткілікті мөлшердегі қатаң заңды қабылдады. Алайда жағдай бәрібір мәз болмады.Лондондықтар қоршаған ортаның ластануына немқұрайды қарады немесе олардың арасында жеткілікті деңгейдегі жігерлі азаматтар болмады деушындыққа жанаспайды. Сонау викториан дәуірінде, 19 ғасырдың ортасында, Лондон тырысқақ эпидемиясын табысты еңсерген болатын-ды. Инфекция бастауы – ластанған су - анықталып, жаңа санитарлық стандарттар жасалып, су сорғыштар тазаланды, сөйтіп, мәселе шешілген-ді.

Түтіннен туындаған жөтелге қарсы дәрінің жарнамасы(1913)/Wellcome Library

Түтіннен туындаған жөтелге қарсы дәрінің жарнамасы(1913)/Wellcome Library

Ауа ластануы бойынша ахуал күрделірек, - жыл сайын түтін қанша адамның өмірін қиятынын ешкім айта алмады. Адамдар созылмалы аурудың салдарынан қайтыс болып жатады, сондықтан инфекция жағдайындағы себеп пен қатер нақты болғандай, себеп-салдарлық байланысты қатаң анықтау мүмкін емес. Ауаның ластануымен күрес қаланың төрт миллион тұрғынының әдеттерін, ал ең бастысы, экономиканы – жүздеген газ фабрикаларының, электрстанцияларының, қант зауыттарының, паровоз деполарының және порттардың жұмысын ауқымды түрде қайта құруды талап етті. Бірақ, ақыр соңында, мұның барлығын істеуге тура келді – алайда бұл үшін нғыз апат қажет болды.

1 / 2

Апат

1952 жылғы желтоқсанның алғашқы күні керемет еді – аспан ашық, ауа таза және қалыпты болатын-ды. Кешке қарай, атмосфераның жай-күйін тіркейтін аспаптар күкірт диоксидінің концентрациясы 0,09 промилле (текше метрге 0,23 миллиграмм), күйе — текше метрге 0,3 миллиграмм құрайтынын көрсетті, бұл қазіргі заманғы стандарттар бойынша да өте жақсы көрсеткіш болып саналатын-ды. Ауруханалар респираторлық сырқаттардың 81 жаңа жағдайын тіркеді, тәуліктегі барлық себеп-салдарлардан барлығы 259 адам қайтыс болды.

Лондонның медициналық жедел жәрдем қызметіне 261 шақыру түсті, олардың әрқайсысына, шамамен, 44 минуттан кетті. Келесі күн, 2 желтоқсан, аязды және ашық болды, күн ашық, баяу жел есіп тұрды, жедел жәрдемге 215 шақыру келіп түсті, олардың әрқайсысына, шамамен, 35 минуттан кетті. Атмосферадағы күйе мен диоксид күкүртінің үлесі сәл жоғары, бірақ соншалықты елеулі болған жоқ. 3 желтоқсанда да ауа райы керемет болды, күн сәулесін шашып, солтүстік-шығыстан ескен жел ауа райының өзгеріске ұшырайтынынан хабар бергендей, көгілдір аспандағы бұлттарды қуып бара жатты – аз қозғалатын құрғақ суық ауаның, антициклон массаларының орталығы әзірше, Лондонның солтүстігі мен батысына қарай бірнеше жүз миль жерде орналасқан-ды.

Ауа райы бейсенбі, 4 желтоқсанда өзгере бастады: температура төмендеді, ал ылғалдылық көтерілді, аспанда қара бұлттар пайда болды. Антициклон Шотландия мен Ирландияның басым бөлігін, сондай-ақ Англияның солтүстік және орталық бөлігін басты. Егер суық ауаның осындай массасы Темза аңғарында кешеуілдейтін болса, бұл «бұршақ сорпасының» пайда болуына жағдай тудыратынын синоптиктер жақсы түсінді. Антициклонның кешеуілдеуінің қаншалықты ұзақ болатыны көптеген факторларға байланысты болатын – негізінен, оны төменгі қысым аумағының – циклонның қаншалықты тез итеріп шығуына байланысты.
Мұндай циклон сол кезде Ирландияның батысында Атлант мұхитында болды және ол салыстырмалы түрде әлсіз көрінген-ді.

Лондондықтар болып жатқан оқиғадан ерекше ештеңе көрмеді - олар желтоқсанның жағымсыз ауа-райына үйренген-ді: аздаған түтін иісі бар ылғалды ауаға, ауадағы күйе түйіршіктерге, олар мұны Темза жағалауында орналасқан электр станциялары жұмысының салдарына жатқызды.

Антициклон Лондонға қапрай жылжып келе жатты, бейсенбі, 4 желтоқсанда кешке қарай, метеорологтар полицияны, жол қызметтерін, порт басшылығын және медиктерді, кем дегенде, 24 сағат тұратын қалың тұман түсетіні жөнінде ескертті.

4 желтоқсанда кешке қарай, көріну күрт нашарлап кетті – алты сағаттың ішінде миль ширегінің үштен бір бөлігінен 88 ярдқа дейін (шамамен, 80 метрдей). Температура одан да қатты төмендеді, кейбір жерлерде нөлден де төмен түсті. Суықты сезген көптеген лондондықтар пештеріне көмірді көптеп сала бастады. Алайда соған қарамастан, ауа салыстырмалы түрде таза қалпында қалды – бір текше метрге 0,44 миллиграмм күйе және 0,144 ppm диоксид күкүрті келді. Бірақ бұл өлшемдердің дұрыс ақпарат бермеуі де мүмкін – бұл тәуліктегі орташа мәліметтер. Түн ортасына қарай, лондондық тұман түтінге айнала бастады. Көріністің нашаралағаны соншалықты порт басшылығы Темзадағы кемелердің жүрісін жапты.

Жұма, 5 желтоқсанда таңертең лондондықтар үйлеріндегі пештерін жағып, электр аспаптарын қосты, сөйтіп, атмосфераға шығатын түтінді көбейте түсті. Қаланы қалың тұман басты – оның қалың болғаны соншалықты, көптеген адамдар жүретін жолдарын әрең тапты.

Арнайы бергіштер арқылы ауаны талдау. 1952/Getty Images

Арнайы бергіштер арқылы ауаны талдау. 1952/Getty Images

Уильям Вайз өзінің лондондық түтін туралы кітабында әңгімелегендей, доктор Брайан Виллистон бұл жолғы тұманның жылдың осы уақытында болатын тұмандардан ерекше екенін байқаған – ол сұр емес, сарғыш-кәріптас реңкте болған. Терезеден көрініп тұрған түтін мұржасына қараған доктор одан шыққан түтіннің жоғары көтерілмей, керісінше, қара бұлт сияқты төмен – жерге қарай түсіп бара жатқанын байқаған. Бұл инверсия болатын-ды.

Әдеттегі жағдайда ауа температурасы жоғарылаған сайын төмендейді – өйткені жер бетіндегі ауаны күн сәулесі жылытады, сөйтіп, қыздырылған ауа жоғары көтеріледі. Алайда кейде бұл жағдай керісінше сипат алады: жер бетіндегі ауа неғұрлым суық болады да жоғары биіктіктегісі жылы болады. Ауаның бұл қатпары көрпе немесе қақпақ іспетті болады, ол ауаның араласуына жол бермейді, сөйтіп, барлық түтін суып, жоғары көтерілмейді, керісінше, төмен түседі, соның салдарынан, ауаны ластайтын заттардың шоғырлануы арта түседі.

Доктор Виллистон 1930 жылы Мааса аңғарында 60 астам адамның өмірін жалмаған апатты оқиға және адамдардың өліміне дәл осы инверсия себеп болып, нәтижесінде, 1948 жылы америкалық Донора қаласында орын алған ұқсас жағдай туралы білетін-ді. Ол мэрияға қоңырау шалады, бірақ қала билігі оған сенбей, біздің мәліметтер бойынша инверсия жоқ дегенді алға тартады.

Жұма, 5 желтоқсанда кешке қарай, түтін қоюлана түсті, соның салдарынан, респираторлық сырқаттардың күрт өршуінің саны өсе бастады. Медбикелердің айтуынша, алдағы күнге қарағанда, олардың саны екі есе артқан. Жедел жәрдем шақыру үштен бірге өскен, ал тәуліктегі өлім-жітім саны 50 пайызға артқан. Метеорологиялық ахуал нашарлап, жағдай қиындай түсті – жел тыныштанды.

Лондон 1953 жылы/Getty Images

Лондон 1953 жылы/Getty Images

Билік басындағылар ешқандай арнайы ескертулер жасаған жоқ, барлығы жағдай қалыпты деп есептеді: “бұршақ сорпасы” – бұлтартпас зұлымдық, ол орын алғанда, егде және сырқат адамдар қайтыс болады. Орын алған жағдайды ешкім апат деп қабылдаған жоқ – Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері де, баспасөз өкілдері де.

Ерекше суық және желсіз түннен кейін лондондықтар сенбі, 6 желтоқсанда оянған сәтте, түтін қала орталығынан барлық бағытта 20 мильге созылып жатты. Кейбір аудандарда көру мүмкіндігі 50 ярдқа дейін төмендеді. Түтіннің кесірінен, аэропорттар жабылды, ал Темзадағы кемелер қозғалысы одан да бұрын тоқтатылған-ды. Азық-түлікке бару - көріну мүмкіндігі шектелген жағдайда нағыз шытырман оқиғаға айналып, бірнеше сағатқа созылатын болды. Үйіне оралған адамдар жөтелге және көздерінің қышынуына шағымдана бастады.

Сенбі күні Лондон көшелеріне шығуға мәжбүр болғандар үшін даладағы көрініс қорқынышты түске айналды. Автобустар тоқтап, гаражға жету үшін алау ұстаған «жолбасшылардан» көмек күтуге мәжбүр болды. Машиналарын жолдың жиегіне қалдырған жүргізушілер қалың тұманда көлігін басқа бір көлік қағып кетпеу үшін фарын және машинаның басқа жарығын сөндірмеуге мәжбүр болды. Біраз уақыттан кейін көшеде аккумуляторы өшкен жүздеген машина тұрды.

1 / 3

Адамдар полиция учаскелеріне келіп, жоғалып кеткен көршілері туралы хабар бере бастады. Көрсетілген мекен-жайға барған полицейлер көп ретте, мәйіттерге тап болып жатты – қайтыс болғандардың көпшілігі дәрігер шақыруға үлгермеген немесе шамасы келмеген жалғызбасты егде адамдар болатын-ды. Бейсенбіден сенбіге дейін қайтыс болғандардың саны әдеттегіден екі есе көп болды.

Жексенбі, 7 желтоқсан күні таңертең лондондық үй шаруасындағы әйелдер үйлеріне сіңген түтін барлық заттардың үстінде - перделер мен жиһаздарда қалың қара жабысқақ пленка қалдырғанын және бұл пленканың тазармайтынын анықтады.

Көшедегі жағдай одан сайын нашарлай түсті. Кемелер тоқтап тұрды, аэропорттар жабылды, жергілікті және алыс жолға шығатын поездар бір-екі сағатқа кешігіп жатса, кейбіреулері мүлдем тоқтатылды. Тіпті, метродағы поездар да кешіге бастады –бір бағыт кестеден, кем дегенде,бір сағат кешігіп жатты.

Жексенбі күні таңертең Лондонның көлік басқармасы автобус бағытарының қозғалысы тоқтатылатынын хабарлады – тек қаланың оңтүстігіндегі үш бағыттағы бірнеше машиналарды қоспағанда. Осы уақытта ауруханалар жедел жәрдем қызметіне хабарсыз кеткен науқастар туралы жаңа сұранысхаттар жібере бастайды.

Олар сырқаттардың келуін күтеді, бірақ машиналар келмейді. Мәселен, жексенбі күні кешке қарай, ауруханалардың бірі төрт науқасты әкелетін жедел жәрдем машинасын күтеді, бірақ ол келмейді. Бірнеше сағаттан кейін машина табылады. Сөйтсе, машина жолға шыққаннан кейін санитар жүргізушіге төрт пациенттің өліп қалғанын хабарлайды. Сондықтан жүргізуші төрт жолаушының өлі денесін ауруханаға емес, бірден жақын маңдағы мәйітханаға апаруды жөн көреді.

Шығыс Лондондағы фабрика, 1952 жыл/Getty Images

Шығыс Лондондағы фабрика, 1952 жыл/Getty Images

Тек дүйсенбі, 8 желтоқсанда циклонның қысымынан антициклон ығыса бастайды. Сөйтіп, Шотландияны және Англияның солтүстігін басып өткен циклон Темза аңғарына жылыны, жаңбырды жеткізіп, түтінді сейілтеді. Күндіз жүздеген сағаттардан кейін алғаш рет теңізден ескен самал леп тоқырап қалған ауаны алғаш рет қозғайды.

Сейсенбіге қараған түнде, 9 желтоқсанда суық және ерекше ластанған ауа орнынан қозғалды, оңтүстік пен батыстан соққан жел таза ауаны түтін басқан аймаққа толтыра бастайды. Таң ата желдің жылдамдығы күшейе түседі де түтін сейіледі. Таңға қарай астананың барлық кварталдарында ауа тазарады. Бірақ ол кезде тұрғындардың ешқайсысы Лондонның қандай апатты басынан өткізгенін түсінген жоқ. Тек бірнеше күн және ай өткен соң, ауырған және қайтыс болған адамдар туралы толық ақпарат жиналғанда ғана апаттың ауқымы анықтала бастады.

1953 жылғы шілдеде парламент ауаның ластану мәселесі бойынша арнайы комиссия құрды, оның басты мақсаты апаттың барлық жай-жапсарын анықтау болды. Сол жылғы қарашада комиссия алдын ала жасалған баяндаманы ұсынды. Комиссия қаланы түтін басқан уақытта ауруханаларға барып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген пациенттердің саны, тіпті, 1951 жылғы қаңтардағы грипп эпидемиясы кезіндегіден екі есеге артқанын анықтады: күніне 293-тен 492 адамға дейін жеткен.

Өлім-жітім туралы мәліметтер қаланы түтін басу салдарынан, 4 мыңға жуық адамның қайтыс болғанын көрсетті. Түтін басу кезінде бронхиттен болатын өлім-жітім, шамамен, тоғыз, пневмониядан – төрт есе өскенін көрсетті.

Ұлы түтіннің нәтижесіндегі өлім-жітімді көрсететін график/Wikimedia Commons

Ұлы түтіннің нәтижесіндегі өлім-жітімді көрсететін график/Wikimedia Commons

Алайда бұл мәлімет түпкілікті болған жоқ. 2001 жылы америкалық зерттеушілер Дебора Девис және Мишель Белл 1952 жылғы желтоқсандағы және 1953 жылдың бірінші айларындағы медициналық статистиканы қайта бағалап, 1953 жылдың алғашқы айларындағы «артық» өлім-жітімдер британдық билік есептегендей, гриптен емес, түтін басудың салдары болды деген тоқтамға келеді. Олардың бағалауы бойынша желтоқсаннан ақпанға дейінгі аралықта аталмыш себептерден 12 мыңға жуық адам қайтыс болған.

1956 жылғы шілдеде Clean Air Act қабылданды, ол ауаны қорғау жөніндегі алғашқы пәрменді құрал болды – сөйтіп, тас көмірді жаққаны үшін айыппұлдар салынатын, қатаң түрде түтін шығармайтын отын түрлерін пайдаланатын және белгілі стандарттарға сәйкес келетін пеш түрлерін пайдалануға рұсат ететін аймақтар анықталды.

Екінші бөлімін мына жерден оқуға болады.

Илья Ферапонтов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ