ШЫҢҒЫС ХАН ТУРАЛЫ БАР ШЫНДЫҚ

Моңғол империясын зерттейтін әлемдегі жетекші ғалымдардың бірімен сұхбат

~ 7 мин оқу
ШЫҢҒЫС ХАН ТУРАЛЫ БАР ШЫНДЫҚ

Коллаж / Qalam

Шыңғыс хан қазіргі әлемнің негізін қалаған тұлға деуге болады. Оның қатыгездігі, діни төзімділігі, саяси көрегендігі мен әскери жеңістері төңірегіндегі пікірталас әлі күнге дейін толастамай келеді. Тарихшы Джек Уэзерфорд Qalam-ға берген арнайы сұхбатында Шыңғыс ханның өмірі мен мұрасы туралы айтып, Ұлы хан жайындағы кең тараған мифтерді жоққа шығарады.

Шыңғыс ханның балалық шағы

Темужин қарапайым отбасынан шыққан. Бұл елеусіз ғана, шағын әулет еді. Басым бөлігі жұтаң тіршілік кешкен дала халқының өлшемімен де Темужиннің әулеті сіңірі шыққан кедей болатын. Тіпті оның әкесі, біз баһадүр деп танитын Есугей батыр жауынгер болғанымен, хан немесе қандай да ықпалды адам болған емес.

Шыңғыс ханның балалық шағы өте ауыр болған. Әкесі қайтыс болған соң, оның ағалары, немере туыстары мен өзге де ағайындары Есугей баһадүрдің екі әйелі — Темужиннің анасы Оэлун мен Сочихэлді қуып жібереді. Батырдың бұл екі әйелден жеті баласы бар еді.

Шыңғыс хан және Уан хан. «Тарих-и Рашиди» жылнамалары жинағы. Иран, 1430 жыл / Bibliothèque nationale de France. Département des Manuscrits. Division orientale / Wikimedia Commons

Шыңғыс хан және Уан хан. «Тарих-и Рашиди» жылнамалары жинағы. Иран, 1430 жыл / Bibliothèque nationale de France. Département des Manuscrits. Division orientale / Wikimedia Commons

Оларды қуып жібергенімен қоймай, қолдағы азын-аулақ малын тартып алып, бәрін де ажал аузына тастай салды.

Темужин бұл кезде сегіз-тоғыз жасар бала еді. Отбасындағы балалардың үлкені болғанымен, мұндай жасында қолынан келер не бар? Өзеннен балық ұстауға, талғажау болар тамақ әкелуге тырысқаны болмаса.

«Шыңғыс хан» есімінің мағынасы

Ұлы құрылтайдан (1206 жыл) бірнеше жыл бұрын Моңғолиядағы Қара Жүрек тауының маңындағы көл жағасында өзінің жақтастары оны Шыңғыс хан деп жариялап қойған еді, бірақ ол тұста Темужин тайпа көсемі ғана болатын. Кейінірек ол керейіттермен және Уан ханмен арақатынасын үзді. Бұған оның ұлы Жошыны Уан ханның қызына үйлендіргісі келгені, бірақ Уан ханның бұдан бас тартуы себеп болды. Жеме-жемге келгенде Уан ханның ұлы Жошыны қарындасына үйленуге лайық емес деп мәлімдеген-ді.

Тұңғышының намысын қорғаған Шыңғыс хан меркіттерді тас-талқан етіп, күйрете жеңді. Осы жеңістен кейін өз руы мен тайпасының сапында оның соңынан ергендердің қатары көп болды. Бұрынғысынша қарсы болғандар да аз емес еді.

Оған керейіттер мен татарлардан да келіп қосылғандар болды. Шыңғыс хан осы тайпалардың басын біріктіріп, оларға жаңа «моңғол» деген атау берді.

Өзінің Шыңғыс хан деген атын өзгертпеді. Бұл ежелгі лауазым емес еді. Мысалы, далада ең танымал титул «гүрхан» болатын.

Ұлы ханды да гүрхан деп атайтын, алайда Шыңғыс хан ешқашан бұл лауазымға ұмтылған жоқ. Ол өзін жай ғана Шыңғыс хан деп атады. Бұл жаңа лауазым еді. Бұл сөздің мағынасы жөнінде толық, айқын ақпарат жоқ, дегенмен оған қатысты өз пікірімді білдіре кетейін.

Рашид әд-Дин. Шыңғыс ханның Онон өзенінің бастауында таққа отыруы (1206 жыл), «Жамиғ ат-тауарих» шығармасынан миниатюра. Герат, Ауғанстан. 1430 жыл / Франция ұлттық кітапханасы

Рашид әд-Дин. Шыңғыс ханның Онон өзенінің бастауында таққа отыруы (1206 жыл), «Жамиғ ат-тауарих» шығармасынан миниатюра. Герат, Ауғанстан. 1430 жыл / Франция ұлттық кітапханасы

Моңғолдар әр тілде әртүрлі, бірақ тек жағымды мағына беретін сөздерді жақсы көретін. Бір жағынан, бұл есім теңіз ұғымын білдіретін «тэнгис» сөзімен тығыз байланысты еді. Екінші жағынан, ол ішкі қуат пен батылдығын айшықтайтын моңғол сөзін еске салатын.

Бұл өте сәтті таңдалған есім еді. Осы лауазымды таңдау дәл осыған байланысты болды деп ойлаймын. Бар мәселе осымен ғана шектеледі деп айта алмаймын, алайда белгілі бір байланыстың болғаны сөзсіз.

Дінге көзқарасы туралы

Шыңғыс хан әр халықтың төл діні болады және адам ата-анасының сенімін ұстануы тиіс деп санаған. Бүкіл әлемге Ұлы Көк Тәңірі билік жүргізеді деп түсінді.

Ол өзі ешқашан біреудің дінін өзгертуге талпынбаған. Оның немересі Мөңке хан, меніңше, бұл ойды өте сәтті жеткізген сияқты: әлемдегі түрлі дін Құдай-Тәңірдің саусақтары іспетті. Олардың қайсын кесіп тастауға дәтіңіз барады?

Қол астына бағынған халықтарға деген мұндай көзқарас Шыңғыс хан мен ұрпақтарының саясатына арқау болды. Бұл оған әртүрлі конфессия өкілдері арасынан адал жақтастар табуға мүмкіндік берді.

Шыңғыс ханның даңқы туралы

Шыңғыс ханның мұрасы қайшылықты болғанымен, даңқы орасан зор. Мәселен, парсы ғалымдары ол туралы небір сұмдықтарды жазған. Ол заманда орыстар Шыңғыс хан жайында аса көп жаза қоймағанымен, Киев жылнамаларында өте жағымсыз пікірлер ұшырасатын. Соғыста жеңілген халықтың жеңімпаз билеушіні дәріптеуі — егер бұл халық онымен қалай да байланысты болмаса — әдетте өте қиын деп ойлаймын. Шыңғыс хан әулетімен құдандалық, рулық байланыстары болған Әмір Темір сияқты тұлғалар да бар еді. Мұндай адамдар Шыңғыс хан бейнесін барынша қолдап-қорғап бақты.

Дегенмен тарихшылардың басым бөлігі отырықшы халықтан шыққан қалалық адамдар еді. Қала мәдениеті өкілдері далалықтарды қалай қабылдағаны түсінікті. Сондықтан Шыңғыс хан туралы теріс пікір басым болғанымен, әуелден-ақ оған зор құрметпен қараған көрнекті авторлар болды. Мәселен, парсы тарихшысы Жувейни. Шыңғыс ханға ортағасырлық ағылшын ақыны Джеффри Чосер де, 17-ғасырдағы француз протестанттары да, тіпті АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның жұбайы да тәнті болған.

Белгісіз суретші (Гилберт Стюарттың түпнұсқасы бойынша). Марта Вашингтонның портреті. АҚШ. 19-ғасырдың алғашқы жартысы / АҚШ Ұлттық портрет галереясы

Белгісіз суретші (Гилберт Стюарттың түпнұсқасы бойынша). Марта Вашингтонның портреті. АҚШ. 19-ғасырдың алғашқы жартысы / АҚШ Ұлттық портрет галереясы

Шыңғыс ханның мұрасы мен абыройы жағымды болса да, жағымсыз болса да, ол ең атақты тұлға болып қала берді. Тіпті оны өз дәуірінің әлемге танымал болған қайраткері дер едім. Шыңғыс ханның жеткен жетістігінің ғаламаты сонша — оны ақылды, парасатты, данышпан санағандар да, жер бетіндегі ең қатыгез, дөрекі варвар деп айыптағандар да — бәрі түгел мойындады.

Соған сәйкес оның атақ-даңқы да асқақтай берді, сондықтан әркім осы бір құдіреттің титтей де болсын үлесін алып қалуға ұмтылды. Оның кіндігінен тарағандарда Көк Тәңірінен немесе өзге де бір құдіреттен дарыған ерекше қуат ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратындай көрінетін. Сол себепті де өзін Шыңғыс ханның ұрпағымын деп жариялайтындар көбейді. Бірақ солай дегеннің бәрі шынымен Шыңғыс ханнан тараған деп айта алмаймын.

Ол дәуірде Шыңғыс ханнан атағы асқан Пайғамбар ғана шығар. Одан басқа адам бұл тұрғыда Шыңғыс ханмен теңесе алған жоқ.

Шыңғыс ханның ДНҚ-сы

Белгілі бір топ арасында, бұл орайда әсіресе Еуразиядағы ер адамдарда генетикалық туыстықтың бары — нақты дәлелденген факт. Яғни олардың ортақ бабасы бар. Зерттеушілердің болжамынша, осы ортақ баба Шыңғыс хан болуы мүмкін.

Алайда біздің қолымызда Шыңғыс ханның ДНҚ-сы жоқ. Мүлде ештеңе жоқ. Кейде «міне, мынау Шыңғыс ханның ұрпағы» деп жатады. Жақсы, ол расында да Шыңғыс ханнан тараған болуы мүмкін. Бәлкім, асыранды ұрпақтан тараған. Біз мұны дөп басып айта алмаймыз. Сондықтан бұл арадағы әңгіме ғылыми гипотеза төңірегінде ғана.

ДНҚ / ChatGPT генерациялаған бейне

ДНҚ / ChatGPT генерациялаған бейне

Мұндай гипотеза он бес, жиырма жыл бұрын пайда болды. Қалай десек те, ол біраз уақыт бұрын айтылған. Менің түсінуімше, белгілі бір генетикалық байланыстың бар екеніне осыдан басқа дәлел болмаған. Біреу жай ғана «мейлі, онда бұл ортақ баба — Шыңғыс хан болсын» деп шешкен сияқты.

Ол мыңжылдықтың ең ұлы адамы болды, демек, бәріне ортақ арғы баба да сол болуы керек еді. Менің ұғымымда (жаратылыстану ғылымдарынан хабарым жоқ екенін айта кетейін) бұл деректер шын мәнінде Шыңғыс хан дәуірінен біршама бұрынырақ кезеңге нұсқайтын сияқты. Меніңше, бұл генетикалық байланыс расында да түркі-моңғол әлемінде пайда болған. Бірақ мұны нақты бір адамның ғана атына таңа алмаймыз.

Моңғол әйелдері туралы

Моңғол империясында Шыңғыс ханға дейін әйелдердің орны ерекше болған. Дала өмір-салтының өзі солай қалыптасқан. Ер адам мал соңында жүреді, жорыққа, соғысқа кетеді. Айлап, кейде тіпті жылдап түзде жүруі мүмкін. Осы уақыттың бәрінде әйелдер мал-жайға қарап, бала-шағаны бағып, жолаушы-қонақтарды күтіп, қажетті шешімдерді өз бетінше шығаратын.

Шыңғыс хан осы дәстүрге сүйенді. Моңғолия халқының саны шамамен бір миллион болған. Ер адамдар жаугершілікте жүрген уақта халықтың тең жартысын жұмыссыз, әрекетсіз қалдыру мүмкін емес еді. Сондықтан Шыңғыс ханның әйелдері мен қыздары Моңғолияны, көрші аймақтарды, соның ішінде Қытайдың бағындырылған жерлерін де басқарды.

Ол ұлдарына әйел таңдағанда саяси тұрғыдан тиімділігіне ғана қарап қойған жоқ, сонымен қатар әулет келіндерінің қабілетті болғанын қалады. Олардың арасында міндетті түрде ақылды, білімді, оқып, жаза алатын сауатты әйелдер болуы керек еді.

Төле Сорқақтани бегімен бірге. «Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан алынған миниатюра, Парсы елі. 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Төле Сорқақтани бегімен бірге. «Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан алынған миниатюра, Парсы елі. 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Соның айқын мысалы — Үгедейдің әйелі Төрегене. Үгедейдің өмірінің соңына қарай ол іс жүзінде мемлекетті өзі басқарды, ал күйеуі қайтыс болғаннан кейін бес жыл бойы регент, яғни билік ауысқанда мемлекетті уақытша басқаратын адам болды. Бұған дейін мұндай үлкен империяны әйел адам басқарған емес.

Төрегене Хорезмнен шыққан білімді әйелдерді кеңесшілікке таңдап алған.

Ең ықпалды әйелдердің бірі Сорқақтани бегім болды. Ол өзінің ұлы Мөңкенің билік басына келуіне күш салды, моңғол билеушілерінің жаңа буынын тәрбиелеп шығарды. Алайда үшінші ұрпақ ауысар тұста әйелдер бұрынғы саяси ықпалынан айырыла бастады. Құбылай хан билік жүргізген тұста оның әйелі Чабидің ықпалы әлі де айқын еді. Бірақ Чабиден кейін империя тарихында Төрегене мен Сорқақтанимен тең түсер ықпалды әйел болған жоқ.

Шыңғыс ханның қабірі

Моңғолияда Шыңғыс ханның жерленген орны туралы әңгімеге өте сақ қарайды. Бұл жағдайды айта берудің қажеті жоқ. Өйткені Шыңғыс хан: «Менің тәнім жоғалсын, ал халқым өмір сүрсін» деген. Ол өзін дәріптегенді қаламаған.

Ешқашан өз портретін салуға, мүсінін орнатуға немесе ғимараттарға атын беруге рұқсат бермеген.

Оның аты жазылған монеталарды біреулер «ол осыны қалауы мүмкін» деп пайымдап, өз бетінше соққан. Бірақ монеталарда оның бейнесі ешқашан болған емес, ондай нәрсе мүлде кездеспеген.

Ол тек өзі дүниеге келген табиғат құшағына қайта оралғысы келген. Бары сол. Моңғол империясының ұлы хандарының бәрі де дәл солай ізсіз кетті.

Онон өзенінің панорамасы. Хэнтий аймағы, Моңғолия / Wikimedia Commons

Онон өзенінің панорамасы. Хэнтий аймағы, Моңғолия / Wikimedia Commons

Барлығын дерлік бір жерге жерлеген. Тек Үгедей хан мен Күйік хан бөлек, Алтай жақта мәңгі мекенін тапқан. Дәл қай жерде екені белгісіз, әйтеуір сол маңда жерленгенін ғана білеміз. Ал басқа хандардың сүйегі Шыңғыс ханның туған жеріне, Моңғолиядағы кіндік қаны тамған өңірге жеткізілген.

Ешқандай мүсін, ғимарат қалған жоқ. Кейінірек Құбылай хан сол жерде шағын ғимарат салды. Алайда кейін ол жерге кіруге тыйым салынды.

Онда ештеңеге рұқсат жоқ. Ағаш кесуге, аң аулауға болмайды. Жол, ғимарат салуға да тыйым салынып, аумақты қоршай қарауыл қойылған. Бір жағынан, адамның туған жерін өзі дүниеге келген кездегі табиғи қалпында сақтау, сол табиғатты қорғау оған көрсетілер ең биік құрмет болса керек. Бұл аумақ әлі күнге дейін қорғалады.

Бұл — белгілі тарихшы Джек Уэзерфордпен болған Шыңғыс ханның өмірі мен мұрасы туралы сұхбаттан үзінді. Толық нұсқасын ағылшын тілінде Qalam Global YouTube-арнасынан көре аласыздар.

Дәурен Исағұлов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ