ӘМІР ТЕМІРДІ ДӘРІПТЕУ МЕН МАНСҰҚТАУДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Самарқаннан Делиге дейін оған деген көзқарас әр дәуірде қалай өзгерді?

~ 8 мин оқу
ӘМІР ТЕМІРДІ ДӘРІПТЕУ МЕН МАНСҰҚТАУДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

18-ғасырға дейін Самарқанда Әмір Темірдің кесенесіне тиісті күтім жасалмағаны рас па? Темірді Темірлан не Әмір Темір деп атаудың қайсы дұрыс? Ол Алтын Ордамен неге араздасты?

Осы және басқа да даулы сұрақтарға Индиана (АҚШ) университетінің профессоры Рон Села жауап береді.

Әмір Темір мен Темірлан деген екі атаудың айырмашылығы қандай?

Темірлан деген — Әмір Темірдің Батыста, әсіресе ағылшынтілді ортада танылған есімі. Оның аты әртүрлі жазылып, әрқалай аталады. Тамерлан, Тамерлано, Тамбурлейн, Ақсақ Темір деген сияқты. Ал Әмір Темір — белгілі бір қолжазба дәстүрінде қалыптасып, қазіргі кезеңде кеңінен тараған атау. Мұнда Темірдің есіміне оның лауазымын білдіретін «әмір» сөзі қосылған.

Рон Села

Рон Села

«Әмір» — араб тілінен енген лауазым атауы. Бастапқыда ол әскербасы деген мағынаны білдірсе, кейін тайпа көсемі мағынасында да қолданыла бастады. Жалпы, бұл атақ әскери билігі бар адамға қатысты айтылған. Сондықтан «Әмір Темір» атауы, әсіресе ғылыми-көпшілік әдебиетте, оның есімінің кең тараған нұсқасына айналды. Алайда Темірдің көзі тірісінде оны әртүрлі атаған. Ол өзін біреулердің Темірлан деп атағанын тіпті білмеген де болар деп ойлаймын. Білуімше, оны көзінше ешкім «Темірлан» деп атамаған.

Әмір Темір Шыңғыс әулетінен шықпаған, яғни сахарада билік жүргізуге заңды құқығы бар төре текті емес еді. Бұл жағдай оның саяси ұстанымдарына қаншалық ықпал етті? Ол осы қайшылықтың шешімін қалай тапты?

Оның сахарада билік жүргізуге заңды құқығы болмады деген пікіріңізбен келісе қоймаймын. Мұндай тұжырымның дұрыстығына күмәнім бар.

Егер таққа отыруға Шыңғыс хан ұрпақтарының ғана құқығы болды деп есептесек, онда Шыңғыс ханға дейінгі жағдайды қалай түсіндіреміз? Шыңғыс хан 1227 жылы қайтыс болды. Сонда оған дейінгі дала билеушілерінің бәрінің билікке келуге заңды құқығы болмағаны ма?

Иә, Шыңғыс ханнан кейін таққа заңды түрде оның ұрпақтары ғана отыра алады деген дәстүрдің болғаны рас. Түптеп келгенде, бұл дәстүрді қазақтар да, басқа халықтар да мойындаған.

Шыңғыс хан әулеті өзін әрдайым ру-тайпалық бөліністен жоғары қойған. Мәселен, Шайбани ханды өзбек деп атайтындар көп. Алайда Шайбани өзін өзбекпін деп санаған жоқ. Сол сияқты Тәуке ханды қазақ дейміз. Бірақ ол өзін бүгінгі біз түсінетін мағынадағы қазақ деп санады ма? Шыңғыс хан ұрпағы ретінде ол өзін ру-тайпалық жүйенің немесе кейінірек қалыптасқан қазақ жүздерінің бір бөлігі емес, билеуші әулеттің өкілі ретінде қабылдаған.

Кемал әд-Дин Бехзад. Мұхаммед Шайбанидің портреті. Шамамен 1507 жыл / Өзбекстан көркемсурет академиясы / Wikimedia Commons

Кемал әд-Дин Бехзад. Мұхаммед Шайбанидің портреті. Шамамен 1507 жыл / Өзбекстан көркемсурет академиясы / Wikimedia Commons

Темір бұл заңдылықты белгілі бір дәрежеде мойындады да. Ол төре тұқымынан шыққан ханшайымға үйленіп, таққа Шыңғыс хан әулетін отырғызды.

Алайда мұның әшейін саяси көз алдау екенін бәрі түсінді. Сондай-ақ уақыт өте келе Темірге ондай айланың қажеті болмайтынын да жақсы білді. Бірақ бұл Шыңғыс хан тегінен шығудың еш маңызы болмады дегенді білдірмейді.

Керісінше, оның маңызы орасан зор болды. Шыңғыс хан әулетінен шыққан адам беделді, ықпалды еді. Мұндай артықшылық кей өңірлерде 19-ғасырға дейін сақталды. Алайда бұл әулеттің ұрпағы болу қандай құқық пен артықшылық беретіні жөніндегі түсінік барлық жерде бірдей болған жоқ.

Бәрі де нақты жағдай мен тарихи ахуалға байланысты еді. Меніңше, Темірді алға жетелеген басты күш бұл емес. Оны алға жетелеген өзінің даңққұмарлығы еді. Сонымен қатар ол жас жігіттердің дербес билеуші ретінде әрекет етуіне мүмкіндік беретін дәстүрге сүйенді. Кейін бұл құбылыс «қазақылық»iqazaqlÏq деп аталды.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҰЛТЫ КІМ?

Қазақтардың этногенезі мен этникалық кімдік мәселелерін сыни тұрғыдан талдау

Белгілі бір уақыт бойы қалыптасқан қоғамдық тәртіптен тыс өмір сүрген мұндай адамдар кейін билік үшін ашық күреске түсе алатын. Темір осы күресте тамаша табысқа жетті. Тэмуджин, яғни Шыңғыс хан да дәл сондай жолдан өтті. Екеуінің де жағдайы бірдей еді: Шыңғыс ханның да өз кезінде таққа отыруға заңды құқығы болған жоқ.

Алайда ондай құқық басқалардың бәрінде болған емес. Басқаша айтқанда, кім жеңсе, билік сонікі болатын.

Әмір Темір Делиді, Бағдат пен Дамаскіні ойрандады. Бұлардың бәрі мұсылман қалалары еді. Ол мұсылмандарды қырып-жойып, сонымен бірге өзін исламның қорғаушысы деп атады. Ол бұл әрекетін қалай ақтап алды?

Темір салған ойранның ауқымы мен сипатына қатысты әртүрлі көзқарас бар. Қайсыбір қалалар шынында да жермен-жексен болды. Ал Дамаск сияқты кей шаһарлар қоршауға алынғанымен, толық қиратылған жоқ.

Темірдің бұйрығымен көп адам қаза тапқанына күмән жоқ. Бірақ адамзаттың қолмен жасаған қырғынының алғашқысы да, соңғысы да ол емес. Темірдің мұсылман болуы да оның басқа мұсылмандарды өлтіруіне кедергі келтірген жоқ.

Бұл бір ерекше жағдай еместігін да атап өтуіміз керек. Күні бүгінге дейін өзін исламның ақ жолындамыз, исламды біз ғана дұрыс түсінеміз деп санайтын, бірақ солай дей тұра, өзге мұсылмандарды еш қымсынбастан өлтіріп, құлдыққа салып, азаптайтындарды көріп келеміз.

АҚШ-тағы студенттеріме үнемі айтып жүремін: бір тектен шыққан не ортақ қасиеттері бар адамдардың бәрі бір-бірін жақсы көреді деген сөз емес.

«Мұсылман» деген сөздің орнына кез келген басқа бір анықтауыш сөз қойсаңыз да, осы нәтиже өзгермейді. Христиандар да миллиондаған басқа христиандарды қырып-жойды. Мұсылмандар да миллиондаған басқа мұсылмандардың қанын арқалады.

Темірдің іс-әрекеті міндетті түрде діни ынтымаққа негізделді деуге болмайды. Оның үстіне Темір түркітекті еді. Түркілерді сүннеттің қорғаушысы деп қабылдау олардың мұсылман әлемінде алғаш көріне бастаған кезеңінен-ақ қалыптаса бастаған. Махмұд әл-Қашқаридің еңбектері мен «Диуани лұғат ат-түрік» сияқты белгілі дереккөздерде түркілерге Құдай айрықша міндет жүктегенін баяндап, оларды сүннеттің қорғаушысы деп дәріптейтін хадистер келтіріледі. Бірақ бұл хадистердің шынайылығы күмәнді.

Әмір Темірдің Бағдатты қоршауы. «Зафарнама» («Жеңіс кітабы») қолжазбасындағы миниатюра. 15-ғасыр / Wikimedia Commons

Әмір Темірдің Бағдатты қоршауы. «Зафарнама» («Жеңіс кітабы») қолжазбасындағы миниатюра. 15-ғасыр / Wikimedia Commons

Ғұламдар жүйесі, яғни халифтер әскерге алған жауынгерлер де сүннетті қорғауға қызмет етті. Кейін саяси сахнада алдыңғы орынға шыққан түркі әулеттері — Қарахан әулеті, Селжұқтар мен Ғазнауилер өзін сүннет қорғаушылары ретінде танытты. Селжұқтар мұны ашық мәлімдеді.

Шайбани ханның «сүннет қорғаушысы» деген мәртебесі оның өз мақсатына жету үшін өзге мұсылмандарды, соның ішінде қазақтар мен шииттерді қырып-жоюына кедергі болған жоқ. Қазақтарға қарсы соғыс бастар алдында ол шаһ әл-ислам Фазлаллах ибн Рузбихан Хунджиден шариғи үкім сұратты. Ол болса қазақтар исламды қабылдағанымен, кейін одан бас тартты деп мәлімдеді.

Сөйтіп, оларды өлтіруге бола беретін болып шықты. Орталық Азияда жүздеген мың парсы құлдар болды. Бұл аймақтағы хандықтардың, әсіресе Хиуа хандығының экономикасы құлдарға байланысты болатын.

Сүннит мемлекеттеріндегі құлдардың көбін шииттер жерінен, Хорасан мен Ираннан әкелетін. Неге десеңіз, мұсылман заңгерлері шииттерді құлдыққа салу шариғатқа қайшы емес деп тәпсірледі.

Яғни таңылған аттар мен анықтамалар бізді жаңылдырмауға тиіс. Айтқым келгені — осы. Ортақ бірегейлік ынтымақ орнатуға ықпал етуі мүмкін, бірақ үнемі олай бола бермейді.

Кезінде Темір Тоқтамысты қолдап, Алтын Орданың ханы болуына көмектесті, кейін оны өзі талқандап тастады. Сонда олардың араларында не болды?

Меніңше, олардың қарым-қатынасы біршама күрделі болды. Оның үстіне біздің қолымызда қажетті ақпараттың бәрі бар дей алмаймыз.

Екі билеушінің арасындағы алауыздық бір жағы Тимуридтер мемлекетінің ішкі саяси оқиғаларымен, екінші жағынан біз бүгінде Алтын Орда деп атайтын аймақтағы саяси жағдаймен байланысты болды.

Тіпті қос әулеттегі кімнің кімге тұрмысқа шығатыны немесе кімнің қай қызға үйленетіні деген сияқты отбасылық дау-дамайлар да белгілі бір рөл атқарды. Сауда жолдарына билік ету жолындағы бәсекелестіктің де ықпалы аз емес. Басқаша айтқанда, алдымен қақтығысқа, кейін шайқасқа, ал соңында жаппай қиратуға ұласқан араздықтың себебі көп.

1391 жылдың 18 маусымындағы Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның шайқасы. «Зафарнама» қолжазбасындағы миниатюра. 1436 жыл / Wikimedia Commons

1391 жылдың 18 маусымындағы Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның шайқасы. «Зафарнама» қолжазбасындағы миниатюра. 1436 жыл / Wikimedia Commons

Дешті Қыпшақ, Хорасан, Иран мен Мәуреннахр, яғни Орталық Азияның осы аумағының билеушілері Алтын Орданың кейбір жерлеріне ежелден көз тігетін. Жерге, жайылымға, басқа да ресурстар мен сауда жолдарына талас, осыларға қатысты дау-дамай үнемі болып отырған.

Ұлы МоғолдарiМоғолдар — Әмір Темір мен Шыңғыс ханның ұрпағы Бабыр 16-ғасырда құрған Ұлы Моғолдар империясының билеуші тобы. 17–18-ғасырларда олар басқарған мемлекет Үндістандағы ең бай әрі қуатты мемлекеттердің біріне айналды. Ол түркі және иран мәдени дәстүрлерін ұштастырып, Тәж-Махал тәрізді сәулет өнерінің жауһарлары мен бай мәдени мұра қалдырды., СефевилерiСефевилер – 16–18-ғасырларда Иранды билеген әулет. Алғашында сопылық тариқат болып қалыптасқан олар кейін қуатты саяси күшке айналып, шиизмді мемлекеттік дін дәрежесіне көтерді. І Шах Исмаил 1501 жылы құрған бұл мемлекет маңызды мәдени орталыққа айналды. Олардың Осман империясымен көпғасырлық бақталастығы аймақтың тарихи келбетін айқындап берді. және Османдар – бұлардың бәрі де Темір мұрасына ие болуға ұмтылған. Орталық Азия халқының жадындағы Темір бейнесі осы империялардың көзқарасындағы Темір бейнесінен неліктен өзгеше болды?

Меніңше, осы әулеттердің әрқайсы оның мұрасына әртүрлі қарады.

Қысқаша айтқанда, Османдар шын мәнінде Темірді өзіне ізбасар санамаған, өйткені олардың бұған деген көзқарасы өте қайшылықты болатын. Әмір Темір Баязид Йылдырымды тас-талқан етіп жеңіп, жерін ойран етті. Сиваста «осы жерде бір кездері қала болған» дегенді білдіру үшін қаланың қақпасын ғана қалдырды. Сондықтан Османдар Темірді аса жақтырған жоқ.

Түркияның Сивас қаласындағы Гөк медресесі (Көк медресе) / Wikimedia Commons

Түркияның Сивас қаласындағы Гөк медресесі (Көк медресе) / Wikimedia Commons

17-ғасырдың басында Темір бейнесі Осман империясындағы кей ақсүйектер үшін сұлтандарды сынайтын құралға айналды. Сөйтіп, Темірдің есімі белгілі бір мақсатта пайдаланылғанымен, өзін ешкім құрметтеген жоқ.

Сефевидтер Темірдің әскери жетістіктеріне қарап, белгілі бір дәрежеде оған сүйсінетін. Оның атақ-лауазымдарына, билік жүргізу тәсіліне қызығатын.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ИРАНДЫ БАСҚАРҒАН ТҮРКІЛЕР

Тарихшы Джорджо Рота Сефевидтердің кім болғаны мен олардың Осман империясымен неге соғысқаны жайында

Дегенмен оның Орталық Азиядан шыққанын, моңғолдармен байланысын жақтырмайтын. Әмір Темірді парсы әдебиетін жебеуші деп жоғары бағалағанымен, оның мұрасының басқа қырларына аса көңіл аудармады.

Ал Ұлы Моғолдар оны басқаша қабылдады. Темір — олардың қаны бір бабасы, арғы атасы.

Олар шежіресін Әмір Темірден таратты: Темірдің ұрпағы Бабыр олардың тікелей бабасы еді. Алайда Ұлы Моғол билеушілері Ақбардың тұсында ғана Темірді жай ғана арғы бабасы емес, билік жүргізу құқығын бекітетін тарихи тұлға ретінде қарастыра бастады. Ақбар Темірді Құдайдың таңдауы түскен, ғаламат билеуші деп таныды, оған еліктеді.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ТОҒЫСҚАН ЖҰЛДЫЗДАР, ҚАРҒЫСТЫ ҚАЗЫНА МЕН ҰЛЫ МОҒОЛДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Әлемдегі ең бай империяның негізін қалаған Әмір Темір ұрпақтары хақында

Кейінірек Ұлы Моғолдар өздерін Тимуридтер немесе Гүрхания деп атады. Бұл Темірдің төретекті ханшайымға үйлену арқылы алған «гүрхан», яғни «күйеу бала» деген патшалық лауазымынан шыққан.

Темірдің есімі Орталық Азия халықтарына жалпы таныс болды, бірақ қоғамдық өмірде айқын болған жоқ. Тіпті Самарқандағы Гүр-Әмір кесенесі тозып, қирай бастағанда да оны қалпына келтіруге кіріскен кім еді?

Құрылысқа кеткен қаражатты кім берді? Біржола құлап қалғалы тұрған ғимаратты кім сақтап қалды? Кесенені күтіп ұстаған шырақшыға (мутавалли) кім жалақы төледі? Осының бәрін жергілікті халық емес, Ұлы моғолдар атқарды. Самарқанда бұл мәселеге ешкім аса бас қатырмады.

Бәлкім, мавзолейдің тағдыры біреулерді алаңдатқан да болар, бірақ ондай ақпарат дереккөздерде кездеспейді. Әмір Темір есімі Орталық Азияда 18-ғасырда ғана қайта жанданды, әңгімеміздің басында осы туралы айтқанбыз. Ол Орталық Азия халықтарының жадына батыр қаһарман болып қайта оралды.

Ақсақ Темір жерленген Гүр-Әмір кесенесі («Әмірдің моласы») / Фотосурет: DEA / C. SAPPA/De Agostini Getty Images арқылы

Ақсақ Темір жерленген Гүр-Әмір кесенесі («Әмірдің моласы») / Фотосурет: DEA / C. SAPPA/De Agostini Getty Images арқылы

«Өзіміздің балаға» айналды. Бұл енді мүлде басқа әңгіме. Османдар алыста. Сефевидтер шииттер, олардан алатын ештеңе жоқ. 18-ғасырға қарай, Аурангзеб дәуірінен кейін Ұлы Моғолдардың да баяғы беделі қалмады.

Есесіне енді біздің өз арамыздан шығып, бүкіл әлемді жаулаған батырымыз бар. Ол халықтың рухын көтеріп, тарихқа жаңа мән үстеді. Өйткені ол — халықтың ішінен шыққан қарапайым түркі баласы, жай ғана «түрк-бача».

Енді дүние жүзі түркілер десе Әмір Темірді, Әмір Темір десе түркілерді еске алады. Бұл түсінік оның бір кездері әлемнің билеуші әулеттері қалыптастырған бейнесінен мүлде бөлек.