Алкиона
Адам жүзі бар құс туралы миф
Қыстың ортасында, күннің тоқырауы кезінде Жерорта теңізінде кейде әдеттен тыс тыныштық орнайды — толқындар судың бетіндегі барқыттай жұмсақ шымырлаған дірілге айналып, жел басылады. Ежелгі гректер бұл тыныштықты «Алкиона күндері» деп атаған.
Аңыз бойынша Алкиона — жел құдайы Эолдың ажалды қызы, ол Кеик патшаның әйелі болған. Ерлі-зайыптылардың ғашық болғаны сонша, бір-біріне ынтыққан олар бір-бірін Гера және Зевс деп атауға батылы жетті. Әрине, мұндай күпірліктің жазасыз қалуы мүмкін емес еді. Бірде Кеик кемесімен әскери жорыққа аттануға мәжбүр болды, міне, осы кезде жай атқыш Зевс кемені найзағаймен соқты — кеме апатқа ұшырап, ондағы барлық адам суға батып кетті.
Сүйіктісінің тағдырынан бейхабар Алкиона барлық күнін Гераға құлшылық етумен өткізіп, күйеуінің аман-есен оралуы үшін отбасылық бақыттың әйел құдайына дұға қылды. ОвидийiОвидий Публий Назон (біздің дәуірімізге дейін 1 ғасыр), Рим ақыны.«Метаморфозада» былай деп жазған:
«Оның өлген күйеуі үшін дұға оқып тілек еткеніне әйел құдай бұдан әрі шыдай алмады...».
Алкиона өлген адамның амандығы үшін құрбандық шалып, алтарды қорлауын тоқтату үшін Гера оған өлі Кеиктің кейпіне енген ұйқы құдайы — Морфейді жіберді. Ол патшайымның түсіне кірді: өңі бозарған, үстінен теңіз суы сорғалап тұр және бұдан былай оған тек марқұмға бағышталған дұға оқып, құрбандық шалуын сұрады.
Шошып оянған Алкиона жағаға қарай жүгірді, патша сарайының алдында теңіз толқынында тербеліп жатқан күйеуінің денесін көрді. Алкиона жартастан теңіз тұңғиығына секірді, бірақ бұл кезде оның әкесі Эол оянып, қызын аяп, Алкионаны балықшы құсқа айналдырды (және неге екені белгісіз, оның күйеуін шағалаға айналдырды, қалай болғанда да құдайлардың логикасын түсіну қиын екені мәлім).
Ежелгі заман ғұламалары — Аристотельден бастап Плинийге дейін жазған көптеген жаратылыстану еңбегінде балықшы құстардың қыстың күні жұмыртқасын жағалаудағы дымқыл құмға көміп, балапандарын шығаратыны және «Алкиона күндерінің» құстардың тынық теңіздің жағасында тып-тыныш отырып, балапандарын басып шығаруына арналғаны туралы айтылады.
Шындығында, балықшы құстар теңізді онша ұнатпайды, олар тұщы су тоғандарының жағасында балық аулап, ұя салғанды жөн көреді (бірақ олар теңіз суында да балық ұстай алады), ал балапандарын жазда басып шығарады және бұл кезде солтүстікке ұшып кетеді.
Алкиона туралы миф жазылған көне мәтіндерді көбінесе әйел басты құстың бейнесін салып көркемдеген, осылайша Византияда және славяндарда «Алконост» — жер бетіне игі жаңалық әкелетін жұмақ құсының суреті пайда болды.