Сараң санта
Рождество жоралғыларының әлемдегі ең танымал мерекеге айналуы жайлы
Жыл мезгілдері ауысып тұратын аймақтарда тұратын халықтардың көпшілігінің дәстүрлі күнтізбеге сай ерекше атап өтетін мейрамдары болған. Мысалы, хризантема гүлдеген, папайя пісіп-жетілген, күзгі егін жинайтын, Ніл өзені тасыған, көктем шыққан, жердің көктей бастаған шағы — мерекелі күндер саналатын.
Поляр шеңберіне жақын өңірлерді мекендеген солтүстік халықтары үшін жылдың айтулы мезгілі — қыста күн тоқырайтын шақ. Жұрттың еріксіз қолы босап, қалыпты тұрмысы бұзылып, үрейге бой алдыратын шағы.
Түнек басқан қақаған аяз күндері үйіне қамалып, сыртқа шықпай отырған шаруалар астық қоры сарқылмасын деп, мал басын азайтып, яғни шетінен сойып, амалдауға мәжбүр болған. Әдеттегідей тірлік қылудан қалған жұрт құлазымай, бойын сергек ұстау үшін етті көп жеп, масайтатын сусындарды молынан ішіп, ән салып, би билеп, асыр салып көңіл көтеретін. Айналаны түнек басқан осы күндері о дүниедегі аруақтар қайтып келіп, тірілердің арасында жүреді деген наным тараған. «Күн қысқаратын» осы мезгілді өз салтында сатурналияiiСатурналия — ежелгі Рим халқы тойлаған мереке, сол күндері тіпті малайлар мен құлдар да жұмыстан босатылып, барша жұрт құдайларға құрбандық шалып, ойын-сауық құратын. тойлаған сонау римдіктер де дәріптеген, ал теріскей халықтары саналатын германдар, скандинавтар, кельттер т.б. мәдениетінде бұл мерекенің орны бөлек-тін, ол осы елдердің дүниетанымының түп қазығы санатында еді.
Аталмыш халықтар арасында тарай бастаған христиан дінінің әбден тамыр жайған осы бір ескі дәстүрді түбегейлі жоюға шамасы жетпей, ақыры оны өз канондарына бейімдеп алғаны ғажап емес. Бұлар жыл басы — жаңа күннің тууы мерекесін Иса Мәсіхтің дүниеге келуі, яғни Рождество мерекесімен алмастырып, оны теріскейдегі христиандардың басты мейрамына айналдырды. Жұрт Пасха мерекесіне де бұрынғыдай көңіл бөлмейтін болды, оның беделі көктемнің шығуын ерекше қуанышпен қарсы алатын оңтүстік өңірлерде ғана сақталған.
Рождество жергілікті халық арасында кеңінен тараған ақылға қонымды салт-жоралғыларды меншіктеп, жарамсыздарына (мысалы, адамды құрбандыққа шалу) тыйым салды.
Скандинавтар мен немістер ағаштарға арнап құрбандық шалған ба? Дін қызметшілері төбесіне Вифлеем жұлдызын қадап қойған мәңгі жасыл шырша — ажалды жеңген ақиқаттың символы, оны сәндеп безендірудің өзі сауапты іс деп айтатын.
Ал адамдардың бір-біріне тарту етуі — кезінде Мәсіх туған әулетке сыйлықтарын әкеліп, сәлем берген әулие абыздарды еске алу жоралғысы.
Осы күндері қабанды құрбандыққа шалушы ма еді?
«Еңгезердей дәу доңыз екен!...Әрең дегенде алып кіргеніміз осы, үсті жылтырап тұр, құлағы тікірейген... Ат айдаушы: «Рождествоға сойып жесін деп бұйырған екен, құрбандық шалып жібердік! Сәбиге ұйқы бермеді ғой, қорқылдап қоймады. Осыны шошқа деп атағаны де бекер емес қой! Ол жақындап барып, сипап көрмекші еді, мына айуанның түгі кіріп кетіп, қолын пісіп алды!»
И. Шмелев «Лето Господне»
Айта кетерлігі, әр халық Рождествоны өз салтына сай тойлайтын — шіркеудің бұған қарсылығы болмады.
Ал енді осы халықтар қоныс аударып, бір-бірімен етене араласқан, «өзге жұрттың салты осындай екен» деген сапарнамалық жазбалар тараған заманда олардың әдет-ғұрыптары, соның ішінде жаңа жыл қарсаңында атқаратын жол-жоралғылары да біртіндеп араласып кетті.
Шырша
Христиандық нышаны ретінде алма жемісі мен түрлі түсті ленталармен безенген Рождество шыршасы туралы мағлұмат сонау 12–13 ғасырлардағы жазба деректерден ұшырасады. Пұтқа табынған германдар мен скандинавтардың осы бір көне жоралғысы христиандар ортасына келіп, сіңісіп кеткен. Уақыт өте келе, шамамен 17 ғасырға таман, Нидерланд елі, герман княздіктері, Дания және Скандинавияның өзге де елдеріндегі Рождество шыршасы бізге қазір таныс кейіпке ене бастады — ағашты шауып алып, үйге әкеліп, бұтақтарына сыйлықтар іліп сәндейтін болды. Бұл, ең әуелі, балалардың мейрамы, өйткені біз осы күні Исаны сәби күніндегі кейпінде еске аламыз. Сыйлыққа сырты жалтыраған жаңғақтар мен қуыршақтар алған кішкентайлардың қуанышында шек жоқ, мұны көрген үлкендер де балаша қуанбай қайтсін! Кейін келе, әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтардың жаппай шырша қойып, оны безендіруі — немістерден, дат халқы мен голландықтардан тараған жоралғы.
Англияда шырша безендіру дәстүрі 19 ғасырдың орта шенінде кеңінен тарай бастаған — Виктория патшайымның жұбайы Альберт Саксен-Кобург-Гот ханзада балаларының көңілін аулап, Рождествоны өз Отаны — Бавария салтына сай тойлауды ұйғарады. Содан бері шыршаны король әулетінде ғана емес, ақсүйектердің үйлерінде де, мереке қарсаңында қала орталығындағы алаңдарға да орнататын болды. Чарльз Диккенстің 1843 жылы жазған әйгілі «Рождество әнінде» мереке нышандары деп шыршаны емес, жұрт сол заманда қастерлеген омела, сүйір жапырақ өсімдіктерін, үй иелері арнайы пісіретін пудингті, қуырылған қаз етін т.б. атаған. Ал 1849–1850 жылдарда Диккенс «Рождество шыршасы» деген эссесін жариялайды, сонда шырша да қастерлеуге тұрарлық атрибут болып көрінгенімен, автор оны әлі де «немістер ойлап тапқан бір ермек» деп атаған екен.
«Үстіндегі сансыз көп кішкентай шамдар мен жылтыраған заттар жарқырап, көздің жауын алады. Байқап қарасаңыз, жасыл тоғай арасынан сығалап қарап тұрған әдемі қуыршақтарды; бұтақтарға ілінген, теңселіп, істеп тұрған шағын сағаттарды (шын сағат — тілі айнала қозғалып тұр, тоқтамасын деп, тетігін бұрап тұруға да болады!); жалтыратып тазалап қойған орындықтар, үстелдер мен төсектерді, тіпті гардеробтар мен куранттарды, үйге қоятын өзге де жиһаз түрлерін көзіңіз шалады; арасында күлімсіреген домалақ бет ергежейлілер де бар, бұлардың түсі жылы, тартымды — мұның сыры бар: басын бұрап алсаңыз, ішінен мұз кәмпит шығады; мұнда скрипкалар мен барабандар, сылдырмақтар, кітапшалар, ашып-жабуға болатын әдемі қобдишалар, бояулар, тәттілер салынған қобдишалар, қысқасы, қобдишалардың түр-түрі бар; бойжеткен қыздар тағатын әшекейлер де осында, үлкендер тағатын алтын-күміс әшекейлерден де әдемі екен; түйреуіш қадайтын шағын сауыттар мен көпшіктер де бар; мылтықтар, қылыштар мен байрақтарды да іліп қойған; бал ашатын сиқыршы қыздардың мүсіндері де тұр; балалар қызықтап ойнайтын зырылдауықтар, инешектер, иіс тұзын сақтайтын құтылар, «сұрақ-жауап», бутоньеркалар; фольгаға оралған піскен жемістер; ішінде салмасы бар, қолдан жасалған алма, алмұрт, жаңғақ та бар; бір сөзбен, алдымда тұрған қыздың құрбысына сыбырлап айтқанындай, мұнда «не жоқ дейсің, бәрі бар».
Ресейде Рождество шыршаларын Бірінші Петрдің өзі қастер тұтқан деседі, Кукуя СлободасындағыiiiКукуя слободасы, Неміс слободасы — 16–17 ғасырларда Мәскеу аумағында болған неміс кварталы.немістермен аралас-құралас болған патшаға бұл атрибут таныс-тын, сондай шыршаларды Голландияға саяхаты кезінде де көрген. Император жыл басын қарсы алатын күнді 1 қыркүйектен 1 қаңтарға ауыстырып, 1699 жылы 20 желтоқсанда «Жаңа жылды тойлау туралы» жарлық шығарған. Жарлыққа сай, жұрт Жаңа жыл қарсаңында үй сыртын, есік алдын, орталық алаңдар мен ішімдік сататын жерлерді қарағай, арша және шырша бұтақтарымен безендіруге тиіс еді. Алайда Петр тұсында бұл дәстүр жалпыхалықтық сипатқа ие болмады. Ресейде шыршаны сәндеу дәстүріне тіпті Екінші Екатерина заманында да «немістердің ермегі» деп қарайтын. Тегі неміс Ресей патшайымы жақын-жуықтарының балаларына арнап, шырша безендіріп, шағын мерекелік кештер ұйымдастыруды талап ететін. Рождество мерекесінің толыққанды нышаны ретінде, безенген сәнді шыршаларды Ресей императорының сарайына 19 ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ғана қоятын болды — Бірінші Николай сүйікті жұбайы Александра Федоровнаға (православ дініне өткенге дейінгі аты — Пруссия әулетінен шыққан Шарлотта) ерекше ілтипатын осылай білдірген екен. Патша әулеті енгізген бұл дәстүр 19 ғасырдың қырқыншы жылдарында қарапайым қала тұрғындары үшін де қалыпты салтқа айналды. Ал шаруалар болса, үйге шырша қою жоралғысының мәнін түсінбеді, оны бай-бағландардың ермегі деп жақтырмаған. Көп ұзамай, Ресейде шырша қою дәстүрін шіркеу өкілдері қанатының астына алып, мереке қарсаңында қалалар мен ауылдарда, тіпті ауылдардағы шіркеулерде дін қызметшілерінің, кейде епископтардың мақұлдауымен үлкен шыршалар орнатылатын болды, осылайша осы дәстүрді ұстанатындар қатарына шаруалар да жаппай қосылды. Большевик революциясынан кейінгі жиырма жыл бойына шырша қоюға тыйым салынып, бұл атрибут «діни пропаганда құралы» деп танылған. Алайда отызыншы жылдардың соңында өкімет «шыршаны балаларға қайтару» туралы шешім шығарып, оны «атеистік совет билігінің мерекелік шыршасы» кейпіне салған — төбесіне қызыл жұлдыз қадап, әдепкі ойыншықтардың орнына қызыл әскер жауынгерлерінің мүсіндерін, шағын ұшақтар мен қызыл тулар іліп безендіретін болды.
АҚШ-қа шыршаны алғашқылар болып Голландия, Швеция және Германиядан қоныс аударғандар алып келген, яғни Америка халқына Рождество шыршасы еуропалықтардың осы ұлан-байтақ аумақты игере бастаған алғашқы жылдардан бері таныс. Пуритан салтын ұстанған протестанттар оны пұтқа табынушылардың белгісі немесе католиктердің ойлап тапқаны деп, жаратпайтын, қоюға тыйым салатын. Бірақ, жалпы алғанда, бұл елде шырша сәндеу салтының өріс алуына айтарлықтай кедергілер болмады.
Бүгінгі таңда шырша — бүкіл дүниежүзінде жаңа жыл мерекесінің ажырамас нышаны, көз үйренген атрибуты саналады. Шырша өспейтін елдердің өзінде оны сол өңірде бар өсімдіктерді безендіріп ырымдайды, я болмаса пластиктен жасалған шыршалар сатып алады. Жаңажылдық шыршаларды коммунистер билеген Қытайдың үлкенді-кішілі алаңдарынан, Жапония мен Кореядан, Тынық мұхиты аралдарынан, сондай-ақ экваторлық Африкадан да көрсеңіз ғажап емес. Ислам қағидаларына адал елдерде жұрттың діни сипатқа ие Рождество мерекесіне орай емес, жаңа жылды қарсы алу жоралғысы ретінде шырша қоятынына билік өкілдері көз жұма қарайтын болған. Сауд Арабиясының өзінде 2016 жылдан бері шыршаға ілетін ойыншықтарды сатып алып, үйде шырша қойып, тойлауға рұқсат берілген. Енді бұл салтқа заң жүзінде тыйым салынбайды, бірақ дінбасылары оны әлі де құптамайды екен. Шырша безендіру жоралғысын Израильде де жақтырмайды, бірақ елге көшіп келген орыс текті репатрианттардың бұл салттан бас тартатын түрі жоқ. Иранда да бұл дәстүр кең тарамаған, дегенмен қалауыңызға сай шырша алып безендіретін болсаңыз, сізді ешкім түрмеге қамамайды.
Рождество мерекесі мен қыста күн тоқырайтын мезгілді ерекше атап өтуді мүлде жат дәстүр санайтын елдердің өзінде шырша қою салтының кең тарағанының себебі неде?
Мұның себебі — шыршаны қызықтап, соны көргісі келетін үлкен аудиторияның болуында. Оны бәрінен бұрын кішкентай балаларымыз жақсы көреді ғой. Мереке қарсаңында бүлдіршін өмірі бұрын-соңды болмаған, ерекше сәттерге толы. Үйге сырттан шырша алып келіп қояды. Үйдің іші де, даладағы ғимараттар да айрықша етіп безенген, әдеміленіп қалған. Сәнді киінген адамдар келіп, саған тақпақ оқып, ән салып берші дейді. Сол күндері жайылатын дастарқан да ерекше. Ал шырша түбіне сыйлықтарды үйіп қойған! Ешкім құр қалмайды! Бәрі көңілді, жайдары!
Бала кезіңде көргенің, бастан кешкенің есте ұзақ сақталады емес пе: шырша түбіндегі сыйлықтарды алып қуанған, неше түрлі тәттілердің дәмін татқан баланың ойында «шырша=шаттық» деген байланыс айқындала түседі. Басқа мерекелерді үлкендерге арнап ойлап тапқандай — бала оларды сырттан бақылап тұрғандай болады, ал мына мерекенің басты кейіпкері, соның жуан ортасында жүрген тарап — бала.
Айта кететін тағы бір маңызды нәрсе — мереке элементтерінің айрықша әрі көпке таныс болуында. Көптеген мәдениеттерден сусындаған көне дәстүр — Рождество өзі тараған ортаның ең жарқын тұстарын бойына сіңіріп, өзге салт-жоралғыларға тән символдарды «шаңсорғыштай сорып алып», меншіктеп жаңа мәнге ие болған.
Шұлық және сүтке малынған печенье
О баста кельттер, бертін келе британиялықтар арасында тараған наным бойынша, жын-перілер шатырдағы мұржа арқылы ішке түсіп, үйді тіміскілейді екен, оларға арнап тарту, базарлық қалдырмаса, адамға кесірі тиеді-мыс. Осы бір көне мотив қыс мезгіліндегі мерекелер дәстүрімен тәп-тәуір үйлесіп кеткен. Санта Клаустың үйге пештің түтін шығатын жолы арқылы түсетінін, өзіне арнап қалдырған печенье жеп, сүт ішкенді жақсы көретінін білеміз. Ол біздің каминға іліп қойған шұлықтарға тиіспейді, керісінше, ішіне сыйлық салып кетеді. Ағылшындар арасында пайда болған бұл дәстүр кең тарап еді, мереке қарсаңында ата-аналар тағы шығындалатын болды: мысалы, АҚШ-та олар шырша түбіне қоятын сыйлықтардан бөлек «шұлыққа салатын сыйлықтарды» да алуға мәжбүр (алайда шұлыққа әдетте ұсақ-түйек заттар мен тәттілер салады).
Санта
Балаларға Жаңа жыл қарсаңында сыйлық берудің де мәнісі бар. Жыл бойы ата-анасының тілін алып, үлгілі бала болғандарға не келесі жылы үлкендердің көңілін қалдырмай, жақсы бала боламын дегендерге Санта сыйлық береді деп сендіреді. Тәртіпсіз балаларға кейде «сабақ болсын» деп, бір буда шыбық немесе бір кесек көмір сыйлайтын... Неге сыйламасқа? Бұл тартуды балаға ата-анасы емес, жоғарыдан көріп, бақылап тұрған Күш иесі береді емес пе? Ол кімнің қандай сыйлыққа лайық екенін жақсы біледі. Ол қыңқылдап жыламсыраған ерке баланың айтқанына алданбайды. Сыйлық беретін кейіпкердің образы да назар аударарлық. Кезінде абыздардың сәби Исаға сыйлықтар тарту еткені — Иса Мәсіхтің өзі де сыйлық тарту ететін тарапқа айналды дегенді білдірмейді. Жаратушыны атқа мініп, жер-жерді аралап, сыйлық тарататын кейіпте танытуға болмайды, сол себепті бұл рөлге лайық деп өзге кейіпкерлерді, көбіне пұтқа табынушылар ортасында әйгілі болған тылсым күш иелерін қарастырған (Крампус есімді жын немесе славяндардың Аяз атасы). Христиандар бұл рөлге өз кейіпкерін тағайындағанды жөн көрді. Лайықтыларға сыйлық беріп, жарылқайтын тарап ретінде әулие Николайды таңдаған (оны еске алу күні қыста күн тоқырайтын шақпен тұспа-тұс келеді десек те болады). Әулиенің өмір жолынан сыр шертетін деректерде мал-мүлкінен айырылып, амалы құрыған әкенің қыздарын жезөкшелер үйіне сатып жібермекші болған жерінен Николайдың сол қыздарды құтқарып қалғаны туралы тәмсіл бар. Ол әр қызға бір қап алтын береді, сөйтіп қыздар жасауын түгендеп, теңін тауып, күйеуге шығып кеткен екен. Әулие Николай кейбір елдердің мәдениетіне жақсы сіңісіп кетті, ал кейбір жерлерде оның есімі крампус пен карачунiiКарачун — славян халықтары фольклорының кейіпкері, қысқы күн тоқыраудың киесі деген құбыжықтармен қатар жүрген. Әулие Николай образының көпшілікке мейлінше танымал болған алтын ғасыры Coca-Cola компаниясының қызметімен тікелей байланысты. Дәл осы компания 20 ғасырдың отызыншы жылдарында сан алуан деректерден жинап құрастырған Санта Клаус бейнесін қосып, Рождество қарсаңында ауқымды жарнама науқанын жүргізген болатын. Соның арқасында Санта ел аузындағы кейіпкерге айналды. Оның ақ түсті аң терісімен жиектелген қызыл күрте, қызыл шалбар киген образын танымайтын адам жоқ шығар. Сантаның солтүстік полюсте тұратынын, әлемнің түкпір-түкпірін бұғы жеккен арбаға мініп шарлайтынын бәрі біледі. Санта өзіне ұқсас осындай образдардың бәрін мәдени кеңістіктен ығыстырып жібергендей болды. Тек Ресей мен бұрынғы Кеңес Одағының құрамына кірген елдер аумағында үстіне ұзын тон киген, ат жеккен арбаға мініп, қасына Ақшақар есімді немересін алып жүретін Аяз атаның беделі әлі де басымырақ.
Вертеп
Жаңа туған сәбиін бауырына басқан Мәриям бейнесі мен олардың қасында тұрған есек, ат, шөп салынған оттық, сәлем беріп тұрған абыздардың мүсіндері қойылған Рождество көрінісі. Оны мереке күндері көпшілік алдына шығарып қояды. Ерте заманда, сол бір айтулы күні Вифлеемде Исаның дүниеге қалай келгенін баяндап беру үшін шіркеу ауласына сауаты жоқ қара халықты жинап, актерлер жалдап, қойылым көрсетуге қаражат болмағанда, кейіпкерлерді қолдан — саз балшық пен ағаштан қуыршақ жасап, макет құрып көрсетуге болады деген ой келеді. Рождество құрметіне вертептер құрастырып қою дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Қазір вертеп деп Рождество стилінде жасалған кез келген макет түрлерін (тіпті қала, тау, теңіз, әскери ұшақтардың үлкен макетін) айтады. АҚШ-тағы, өзге де елдердегі ірі сауда орталықтарының бәрінде Жаңа жыл қарсаңында осындай мерекелік безендіру элементтері міндетті түрде қойылады. Қазір сондай макеттерден жұрт дәріптейтін әулиелер образын сирек кездестіресіз.
Шерткіш
Сұсты тышқан патшасымен күрескен Рождество ойыншықтары туралы баяндайтын Гофманның осы аттасiiГофман, Эрнст-Теодор-Вильгельм (1776–1822) — неміс романтик жазушысы, ертегіші әйгілі ертегісінің көпшілік таныған Рождество атрибуты болмай қалуы да мүмкін еді. Шерткіштің (жаңғақ шағатын ойыншық) Жаңа жыл қарсаңында сыйлыққа жаңғақ беру салты жоқ елдерде жұрттың сүйікті қуыршағы болуы екіталай ғой. Алайда Чайковскийдің балеті арқасында бұл ойыншық дүниежүзінде Рождествоның ең танымал атрибуттарының біріне айналды.
Темір жол
20 ғасырдың басынан бертінге дейін темір жол моделі әр баланың «маған алып берсе екен ғой» деп күні-түні армандаған ең қалаулы ойыншығы саналады. Сондықтан болар, шырша түбіне қорапқа салып қойған рельстер мен паровоздардың ойыншық макеті әрі осы сыйлыққа қуанғаннан көз алмай қарап тұрған балалар да — «бәріміз бұрыннан асыға күтетін Рождество» мейрамының ажырамас бір образына айналды. Бүгінде балаларымыз смартфондарға көбірек қызығады дегенімізбен, Жаңа жыл қарсаңында біреуге тарту етуге, тіпті шыршаны да безендіруге болатын тартымды зат ретінде темір жолдың ойыншық макеттері әлі де сұранысқа ие.