Сүлеймен патшаның мұңлы мақлұғы
Кентавр қалай крестьяндықтармен достасты
Әдетте не болса соған сене беретін адамдар болады. Айталық жұрт Диана ханшайымды өлтіруге Британия патшайымы «бұйырған» немесе обыр ауруынан ине шаншу арқылы емделуге болады дегенге иланып жатады. Бірақ кейде абсурдтық бір дүниеге деген сенім қызықты көрінеді.
Оңтүстік және Шығыс Еуропадағы славяндар орта ғасырларда христиан дінімен тек Библия (ол шақта әріп танитындар санаулы болған) емес, Көне Келісімнің еркін тәпсірі арқылы қанық болған. Аталған еркін тәпсірді уағызшылар әдетте, ұзақ кеште уақыт өлтіру үшін византиялық мәтіндерден алынған түрлі қиял-ғажайып аңыздармен тұздықтап отырған. Сондай апокрифиялық ескеркіштің бірі ретінде — 9–15 ғасырларда жазылған, негізінен грек дереккөздерінің, сондай-ақ еуропалық аңыздардың гректік нұсқаларымен толыққан және еркін аудармаларынан құралған «Палея» уағыздар жинағын атасақ болады.
Славян фольклорындағы атақты кейіпкердің біріне айналған Китоврас жөнінде алғаш дәл осы жинақтан кезіктіреміз. Китоврас («кентаурус», кентаврдың өзгерген нұсқасы) — бұл Сүлеймен патшаның дәуірінде өмір сүрген данагөй жаратылыс. Өзі жартылай адам-жартылай жануар, сиқыршы әрі пайғамбар. Аталған мақлұқ ежелгі дереккөздерде жылқы, арыстан немесе ит денелі, қанаты бар, кейде үш басты, кей тұстарда алты тілі бар, көзі жанып тұрған және т.б. айрықша ерекшелігі бар жаратылыс ретінде сипатталады.
Дегенмен дәстүрлі сурет өнерінде Китоврасты әдетте, өте мұңлы етіп бейнелейді (оның себебі бар). «Сүлеймен және Китоврас жөніндегі аңыздың» ең мәшһүр нұсқасында, Китоврас шайқаста Сүлейменнен жеңілісіп тауып, мәңгі бақи оған бағынышты болуға мәжбүр болған. Бірде Сүлейменге аяқ-асты сиқырлы дананың кеңесі қажет болып, Китоврасқа шабарман «қысқа жолмен» Иерусалимдегі патшаның сарайына жет деген бұйрықты жеткізеді.
Бірақ Китоврастың «бұралаң жолдармен емес, тек түзу жолмен ғана жүре алатын» қызықты бір ерекшелігі болған. Оның рухы біртоға, я денесі түп түзу ме әлде оның тұрқы ұзын әрі икемсіз болғандықтан солай болды ма белгісіз, ол тек тура ғана жүре алған. Сондықтан патша қол астындағыларға Китоврастың алдынан шығар ғимараттардың бәрін қиратуды бұйырады.
Дегенмен Китоврас жүріп өтер қысқа жолдың бойында орналасқан бақытсыз жесір әйелдің үйі болады. Байғұс әйел көз жасын көл қылып, үйді қиратуға келгендерге жалғыз ғана баспанасын сүріп тастамауын өтініп: «Мырзалар, мен сирағы шыққан қу кедей жесірмін. Сондықтан мені қорламаңыздаршы!» деп жалынып сұрайды. Әлгі жесірдің өтініші жөнінде естіген Китоврас, лашықты айналып өту үшін барын салады, бірақ бұрылып жатқан мезетте қабырғасын сындырып алады. Аңыз бойынша жарақат алған Китоврас «Сөз сүйектен өтеді» деген деседі және аталған сөз «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман дінінен шығады» дегенді аңғартқан мәтелге айналып кеткен көрінеді.
Құдіретті әрі мейірімді Китоврастың бейнесін крестьяндар қатты жақсы көріп қалғаны сонша, ауыл үйлеріндегі сандығын, ұршық пен ыдыс-аяқтарын 20 ғасырдың басына дейін тұрқы ұзын, жартылай адам-жартылай жануардың суретімен әрлеп келген.
Айтпақшы, бірқатар зерттеушілердің жорамалы бойынша, «Сүлеймен және Китоврас жөніндегі аңыздың» жоғалып кеткен гректік түпнұсқалары, Артур патша мен сиқыршы Мерлин жөніндегі кельттік аңыздарға негіз болған: византиялық сюжеттерді Британ аралдарындағы жұрт аударып, өздеріне лайықтап өзгертіп алған.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
Апокрифы Древней Руси. Сост., предисл. М.В. Рождественской. — СПб: Амфора, 2002.
Веселовский А.Н. Собрание сочинений. Славянские сказания о Соломоне и Китоврасе и западные легенды о Морольфе и Мерлине. — Двенадцатая государственная типография, 1921