Ежелгі граффити құпиясы

Көреген көзді тәнті етер сурет

Арқарлыдағы граффити көрінісі. Тек кейінгі петроглифтер көзге түседі/Ольга Гумирова

Егер Жетісудың Арқарлы тауларындағы осы тас тақтада орта ғасырлар мен жаңа заманның көзге оғаш көрінетін ешкілерінен басқа ештеңе бейнеленбеген деп ойласаңыз, бұл жерден бейқам өтіп кетерсіз, бәлкім. Тек өте қырағы, көреген жан ғана қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің петроглифтерімен үстінен төменге дейін бедерленген тақтадағы таңғаларлық көріністі байқары анық. Олардың ерекшелігі — бұл суреттер тек таңертең ерте немесе күн батар шақта, яғни күн сәулесі көлбеу түскенде ғана көрінеді.

Ежелгі суретші-шамандар тегіс тас тақтаның бетіне ерекше сирек кездесетін граффити техникасымен сурет салған. Археологтар бұл терминді біз білетін заманауи «граффитиден» мүлдем басқа мағынада қолданады. Археологияда граффити деп аэрозоль бояумен қабырғаларға немесе қоршауларға жазу емес, өткір ұшты қатты құралмен қашап немесе ойып салған сызықтарды айтады. Бұл сызықтардың кейбірі қауырсын қаламмен сызғандай жіңішке. Тасты нақты қандай құралмен ойғаны жайлы ғалымдардың арасында әлі күнге дейін пікірталас бар. Ең ықтимал болжам бойынша бұған обсидиан сияқты қатты жыныстардан жасалған үшкір тастардан бастап, берік қоладан немесе темірден жасалған құралдарға дейін әртүрлі материалдар қолданылған.

1 / 2

Суретшілердің шеберлігі де таңдай қақтырады. Мұндай техникамен сурет салғанда бір ғана қиыс кеткен қозғалыстың өзі суретті мүлдем бүлдіреді, кейін ол түзеуге де келмейді, өйткені тастың бетіндегі сызықты өшіргішпен жою мүмкін емес қой. Кейбір суреттердің ықшамдылығы мен мәнерлілігі Пикассоның графикалық туындыларына тең десек қате болмас.

1 / 3

Арқарлыдағы көрініс көптеген қабаттан құралған күрделі композиция. Мұнда бір-бірін жапқан тұяқты жануарлар, жыртқыштар, адамдар, жебелер және түсініксіз сызықтар бейнеленген. Бұл композиция мыңдаған жылдар бойы жасалып отырған. Қазіргі кезде бұл көріністі егжей-тегжейлі зерттеу қиын болғандықтан, ғалымдар оның мазмұнына әзірге түсініктеме берме алмай отыр. Кейбір сызықтардың нәзіктігі соншалық, оларды қағазға немесе компьютерге айна-қатесіз көшіру өте қиын.

1 / 2

Тағы бір ерекше жайт жүзден астам петроглиф тақталарының ішінде тек осы тақтадағы суреттердің барлығы граффити техникасымен орындалған. Бұл тақтаны әртүрлі дәуірде өмір сүрген суретші-шамандар безендіргені анық: қола дәуірінен, яғни біздің заманымызға дейінгі 2 мыңжылдықтан бастап, түркі кезеңі мен жаңа дәуірге дейін. Олар бір-біріне еліктеді ме, әлде алдыңғыларынан шабыт алды ма? Немесе бұл техника арқылы ерекше маңызды ақпарат жеткізілді ме? Бұл сұрақтарға әлі күнге жауап жоқ.

Төбеден қарағандағы аңғар мен Іле Алатауы көрінісі/Ольга Гумирова

Төбеден қарағандағы аңғар мен Іле Алатауы көрінісі/Ольга Гумирова

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы