Қаһарлы қабан

Қорғаушы ма, әлде зұлымдықтың белгісі ме — көне мәдениеттегі қабан бейнесі

Қабан петроглифінің суреті/Ольга Гумирова

Алматы облысындағы Кіші Қойтас петроглифтерінің бір бөлігі Үлкен және Кіші Өсек өзендерінің тоғысқан жеріндегі бөгет құрылысы жүріп жатқанда жойылып кеткен. Қазір де өзеннің жағалауындағы тас үйінділерінен тұяқ пен мүйіздің фрагменттері бар сынған тастарды кездестіруге болады. Алайда ең қатыгез вандалдардың өзі жабайы қабандар бейнеленген тастарды бүлдіруге батылы бармады, себебі бұл сурет өте шебер салынған.

Ежелгі адамдар қасиетті орын үшін таңғажайып әсем және қолайлы жерді таңдап алған. Осы жерден айналадағы тау жоталары мен Өсек өзенінің аңғары керемет көрінеді. Кіші Өсек өзенінің арғы бетінде сақ дәуіріндегі қоныс пен қорым орналасқан. Мыңдаған жылдар бұрын бұл өзеннің суы бүгінгідей таяз болмаған, дегенмен бұл жерде адамдар өзеннен өздері ғана өтіп қоймай, жайлауға қарай мал айдап өтетін ескі белгілермен таңбаланған жол да салған. Бұл көне сүрлеу қасиетті орынның маңында созылып жатыр.

Кіші Койтас кластері/Ольга Гумирова

Қабан петроглифі/Ольга Гумирова

Ерте темір дәуіріндегі қолданбалы өнерде жабайы қабан бейнесі өте танымал болғанымен, осындай жартастағы бейнелер өте сирек кездеседі. Ал Кіші Қойтастағы шебер салынған бейнелер тіпті санаулы ғана.

Бұл жануарлардың бейнелері қола дәуірінде де тасқа қашалған, бірақ дәл ерте темір дәуірінде бұл бейненің ерекше мәні бар еді. Қабан бейнесі қару-жарақты, жауынгерлердің сауытын, діни ыдыстарды, құрбандық шалатын орынды, сондай-ақ жартастағы культтік көріністерді безендіру үшін қолданылған.

Кейбір теорияларға сүйенсек, археологтар Таяу Шығыстан Қара теңізге дейін, тіпті Қытайға дейінгі үлкен аумақтан табылған жабайы қабан культі әскери таппен байланысты болған деп санайды. Барлық кезеңде қабан аулау қиын әрі қауіпті іс болған, сондықтан аңшылықтан түскен олжа ерекше бағаланған. Бұл аңның күші мен қайсарлығы ерекше. Қабан өз жауына қаһарын төксе де, өз үйіріне, әсіресе торайларына, мейірімді қорған болған. Жабайы қабан бейнесі қару-жарақта, ең алдымен дулығада жиі бейнеленген. Бұл туралы тіпті Гомердің «Илиадасында» да айтылады. Өкінішке қарай, ерте темір дәуіріндегі көшпенділердің, яғни сақтардың, скифтердің, савроматтардың, массагеттердің мифологиясын толық реконструкциялау мүмкін болмай отыр, сондықтан біз тек болжам жасауға мәжбүрміз. Нақты деректер өте аз.

Қабан петроглифі/Ольга Гумирова

Көшпенділер мифологиясында жабайы қабанның бейнесі: бір жағынан — бұл қаһарлы және қауіпті аң, жерасты әлемнің өкілі, әлемдік зұлымдықтың символы іспеттес, ал екінші жағынан — әл-ауқат пен сенімнің, табандылықтың нышаны.

Кіші Койтас кластері/Ольга Гумирова

Кіші Қойтастағы көріністің композициясы өте күрделі әрі қат-қабаты көп, сондықтан оны біржақты түсіндіру мүмкін емес. Таста бейнеленген бірнеше жабайы қабан онша ызалы еместей, бастары салбырап, құйрықтарын көтеріп жайылып жүргендей көрінеді. Бірақ бұл тас қасиетті орынның шетінде, өзен өткеліне жақын жерде орналасқанын ұмытпау керек. Осы жағалауда қоныс пен қорым бар. Мүмкін, бұл жабайы қабандар бейнесі осы аңғардың тұрғындарының сенімді қорғаны бар екенін білдіретін бірегей символ болған да шығар.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді