Түйеге ілес!

Қола дәуіріндегі жол белгілері

Мал жүретін соқпақтың үстіндегі петроглиф. Сурет, Алабасы/Ольга Гумирова

Жетісудағы Алабасы тауларында жүздеген соқпақ жатыр. Қай жолдың қайда апаратынын аңғару өте қиын. Дәп бір шым-шытырық лабиринт пе дерсің. Бірақ петроглифтердің көмегімен бағытты анықтауға әбден болады.

Бір кездері археологтар осы соқпақтардың бойында ешкі мен арқардың (жиірек ұшырасады), түйенің, жыртқыштардың және атты адамдардың (сиректеу кездеседі) көптеп салынған суретіне мән бере қоймайтын. Мұндай петроглифтың сюжеті де қарапайым еді: әдетте екі-үш бас, кейде одан көп жануардың әлдебір жаққа бет алып бара жатқанын көреміз. Кейбір суреттерде адам да бірге ілесіп жүреді. Сондай-ақ бір тақтада қола дәуірінде, ерте темір ғасырында, орта ғасырларда, тіпті жаңа заманда салынған суреттер қатар орналасуы мүмкін. Қазақстанда мұндай петроглифтарды Қаратаудан Алтайға дейінгі сары далада шашырап жатқан аласа таулардан жиі жолықтырасыз.

Мал жүретін соқпақтың үстіндегі петроглиф. Алабасы/Ольга Гумирова

Мал жүретін соқпақтың үстіндегі петроглиф. Алабасы/Ольга Гумирова

Бұл суреттердің қандай да бір тарихи құндылығы жоқ секілді көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес екені анық. Соңғы зерттеулерде осы сипаттағы суреттер — жолаушыға қандай да бір соқпақтың қайда апаратынын айтып тұратын жол белгісі екенін растады. Кей петроглиф әдейі алыстан көзге түсетіндей етіп жасалған. Мәселен, жотаның етегінде немесе тіпті сонау төмендегі алқапта кетіп бара жатқан салт атты адам байқай алатын петроглифтер бар. Жартасқа қашалып салынған суреттердің ә дегенде дерлік әппақ түсті болғанын, яғни қашықтан көрінетінін айта кету керек.

Мал жүретін соқпақты белгілеу үшін көбінесе ешкілерді салған/Ольга Гумирова

Мал жүретін соқпақты белгілеу үшін көбінесе ешкілерді салған/Ольга Гумирова

Заманауи саяхатшының кез келген орынның қайда екенін көрсететін картасы бар, ал жол бойында, қала ішінде, ұлттық парк аумағында арнайы белгілер орнатылған. Бірақ ежелгі дәуір адамында тек жартас болды. Сондықтан ол оны «ақпараттық тақта» ретінде қолданды.

Мал жүретін соқпақ маңындағы жазулар мен суреттер төбенің етегінен де көрінеді/Ольга Гумирова

Мал жүретін соқпақ маңындағы жазулар мен суреттер төбенің етегінен де көрінеді/Ольга Гумирова

Ғалымдарда қай петроглифтың нені білдіретіні жайлы анық-қанық ақпарат жоқ, оның үстіне түрлі жерде суреттер түрліше салынған болуы мүмкін. Дегенмен айқын дүние де жетерлік. Мәселен, соқпақ үстіндегі жартаста түйе жетектеген адамның суретін ұшырастырсаңыз, бір кездері мұнда керуен жолы өткен деп біле беріңіз. Оның мысалы — Дауылбай тауларының Ордақұл қорымындағы (Жетісу) төбеден төменге дейін түйенің түрлі дәуірде салынған суреттерімен көмкерілген үлкен тақта тас. Расымен де, оның маңында кемі бірнеше мың жыл қолданыста болған жол жатыр. Ал тұмсық түйістірген екі ешкінің суреті шатқал ішімен өтетін бағдардың бел ортасын білдіріп тұрса керек.

Мал жүретін соқпақ маңында түрлі уақытта салынған петроглифтер/Ольга Гумирова

Мал жүретін соқпақ маңында түрлі уақытта салынған петроглифтер/Ольга Гумирова

«Петроглиф аңшылары» тобына кіретін ғылыми еріктілер үшін 2019 жылы Алабасыдан тапқан сурет ерекше қызығушылық тудырды. Зерттеушілерге жол көрсетіп жүрген шопан Медет Жапсарбаев жартасқа салынған жануарлардың Жоңғар Алатауындағы биік тау үстіндегі жайлауға (жазғы жайылым) беттеп бара жатқанына назар аударды. Суреттегі малдың тұмсығы тура сол бағытты көрсетіп тұр: заманауи жол бойындағы белгіде берілген көрсеткіш пе дерсің. Медеттің өзі де малын жазда дәл сол жайлауға айдайды екен.

Медет Жапсарбаев жайлауды көрсетіп тұр. Белгі-петроглифтер тізбегімен өтетін соқпақ сонда апарады/Ольга Гумирова

Медет Жапсарбаев жайлауды көрсетіп тұр. Белгі-петроглифтер тізбегімен өтетін соқпақ сонда апарады/Ольга Гумирова

Жартас бетіндегі алғашқы суреттер қола дәуірінде пайда болған. Кейін композиция ерте темір ғасырында толықтырылып, жаңартылыпты. Одан соң орта ғасырларда тағы бір «редакцияланған». Бұл отар-отар малды жайлауға жеткізу үшін әлі күнге дейін қолданылатын соқпақтың жасы кемі 3500 жыл дегенді білдіреді.

1 / 2

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы