Жүзік тәрізді қабылан
Қабылан кімге шабуыл жасайды
Археологтар ежелден қалың патинамен көмкерілген петроглифтерден тосын жаңалық күтеді. Мұндай қабат қосымша бейнелерді жасыруы мүмкін болғандықтан, осындай нысандарды зерттеу кезінде ерекше мұқият болуға тырысамыз. Жетісудағы Дауылбай тауларындағы Ордақұл петроглифтері де үмітті ақтады. Оның беткі қабатын мұқият зерттеу барысында әрең дегенде ақыры бір графикалық бейне анықталды. Бұл — жүзіктей оратылған қабылан бейнесі.
Мұндай петроглифті табу — үлкен жетістік. Бұл бейне тасқа салынған суреттер арасында сирек кездеседі, бірақ сақтар, скифтер және сарматтардың алтыннан, қоладан, сүйектен, мүйізден және ағаштан жасалған артефактарында кеңінен таралған.
Дөңгеленген жыртқыш бейнесі скиф-сібір әлемінде ең танымал мотивтердің бірі болған. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 8 ғасырдан 3 ғасырға дейін ұзақ уақыт қолданылып келді. Осындай бейнелердің арасында диаметрі 2–6 сантиметр болатын көптеген тақташалар табылған. Олар ат әбзелдерінің бөлшектері немесе киімге тағылатын әшекейлер түрінде пайдаланылған. Сонымен қатар мұндай сюжеттер қару-жарақ пен қола айна дизайнында да жиі қолданылған.
Бұл мотивтің көпшілігі бір үлгіде жасалған, яғни жыртқыштың сирақтары параллель орналасқан, ал құйрығының ұшы тұмсығына тиіп тұр. Жүзіктей оратылған қабылан қабылан бейнесі Қара теңіз жағалауынан бастап Моңғолияға дейінгі кең аумақта, оның ішінде Қазақстанда да кездеседі.
Ордақұл қабыланы да дәл осындай стильде, тек графикалық түрде бейнеленген. Ол Қазақстандағы Майәмір қорғанынан табылған бір тақташамен айрықша ұқсас. Осыған сүйене отырып, бұл пантераның да біздің дәуірімізге дейінгі 7–6 ғасырлар шамасында салынғанын болжауға болады.
Ендігі сұрақ — бұл суреттің жұмбағы. Ғалымдар бұл туралы әлі тұшымды жауап бере алған жоқ. Белгісіз суретші-шаман бұл бейнені тасқа қандай мақсат көздеп салды? Ол мұнда жай ғана кездейсоқ келді ме, әлде оның руы осы аумақта тұрақты көшіп жүрді ме екен?
Бәлкім, шеңбер пішінді қабылан бейнесі — дәл сол әшекейлер мен айна, қару-жарақтардағыдай, жаман рухтардан қорғайтын тұмар ретінде салынған шығар. Азулы жыртқыштың тістері мен тырнақтары адамдардың жолын кесетін қауіп-қатерлерді жояды деген сенім болған.
Ордақұл қабыланы тас бетінде көрінер-көрінбес бейнеленген, бірақ оның рухы мыңдаған жылдар бойы Жетісудың тыныштығын күзетіп тұрғандай.