Жаңақорғандағы ашаршылық
«Бірлік туы» газетіне келген оқырманның хаты
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ағарту ісін қолға алып, газет-журнал шығара бастады. Алайда ағарту ісімен қатар, сол заманның өзінде іскерлік, саяси-қоғамдық, әзіл-оспақ, өнер тақырыбында қалам тербеген басылымдар, тіпті қолжазба газет-журналдар да болған. Qalam сіздерге сол заманда қазақ баспасөзінде қандай мәселе қозғалғанын, халықтың тұрмысы қандай болғанын көрсететін тарихшы Абай Мырзағали жинаған үзінділерді ұсынамыз.
Қазақстанда 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 20 ғасырда қазақ жерінде миллиондаған адамның өмірін қиған ашаршылықтың үш толқыны өтті, оның алғашқысы 1916–1918-жылдары Түркістан өлкесінде болды. «Бірлік туы» газеті 1918 жылға дейін ашаршылық туралы оқырмандардың жан түршігерлік хаттарын жариялап отырған. Назарларыңызға газеттің 1918 жылы №28 санында жарияланған Жаңақорған ауылының тұрғыны жолдаған хатын ұсынамыз:
«Жаңақорғанда аш қазақтарға жәрдем комитеті ашылып еді. Күн сайын даладан шұбырып келіп жатқан адамдар көбейіп тұр. Неше күндей тамақ ішпей, суыққа тоңып келгендіктерінен күніне екеуден, үшеуден өліп те жатыр. Далада ішерге тамақ таба алмай, киерге киім таба алмай кез келген жерде сандалып жүргендердің есебі жоқ. Осы күні бұл ашаршылық үстіне жаман бір қызыл жел соғып, мал шаруасының да берекесі кетіп тұр. Осындай халық әрі ашаршылыққа, әрі мал жұтына ұшырап не қыларын білмей өлгені өліп, өлмегені сандалып басы ауған жаққа кетіп жатқан жайы бар. Бірен-саран адамдар азын-аулақ тапқан тиындарына алып келе жатқан бір-екі пұд азықтарын жолда тартып алып, бұл нашар халдерінің үстіне құр алақан қалғандар да көп және бұл таршылық, тапшылыққа түсіп тұрғаны аз болған сықылды советтер елге кісі шығарып, бүтін дәулетіңіздің оннан бірін бересіз деп ықтиярсыз алып кетіп жатыр. Бұл советтер шығарған адамдарға бір қатар өз атқа мінген азаматтарымыз да араласып, астас болып бірге іс етіп жүр. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, өзі ашаршылық һәм жұтқа ұшырап тұрған халыққа бұл істе оп-оңай болып тұрған түрі жоқ. Тек ақыры қайырлы болғайдағы».
Сапарбеков
«Бірлік туы» газеті (1917–1918) — Ташкент қаласында шығып тұрған, қазақ-қырғызға ортақ басылым. Газеттің алғашқы сандарын Мұстафа Шоқай шығарған.1