Бай қазақ, кедей қазақ
Ақмола және Семей облыстарында түсірілген фотосуреттер
«Мың рет естігеннен бір көрген артық» деген халықтың ерекше тағылымы бар. Сол себепті Qalam түрлі дәуірден бізге кеп жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа айдар қосты. Бұл жолы Орталық Азияны зерттеген атақты франк-венгр ғалымы Уйфальви де Мезоковездтің 1877 жылы Ақмола және Семей облыстарында түсірген фотосуреттерін ұсынып отырмыз.
Қазақтың танымал этнографы, саяси қайраткері Әлихан Бөкейханов өз еңбектерінде 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басындағы бақуатты және жарлы қазақтардың тұрмысын жан-жақты зерттеп, әр аймаққа тән өзгешеліктерді толық сипаттап берген. Оның зерттеулерінде бай мен кедейдің мүлкі қандай болғаны, мұрагер мәселесі қалай шешілгені, жұмыс күші мәселесі, сонымен қатар түрлі шартпен қарыз беру ісі де жан-жақты айтылады. Сондай-ақ Бөкейханов дәулетті, ортаңқол һәм кедей адамдардың қандай мал сойғанын да егжей-тегжейлі суреттеген.
Сол замандағы қазақтардың әл-ауқатындағы айырмашылықты атақты франк-венгр этнографы Шарль Эжен Уйфальви де Мезоковездің (1842–1904) фотосуреттерінен де байқауға болады. Ғалым 1876–1878 жылдары Франция үкіметі Сібір және Орталық Азияны аралауға жіберген экспедиция құрамында болған. Мезоковез түсірген фотосуреттердің екеуі кейін оның жұбайы, белгілі зерттеуші, саяхатшы Мари Уйфальви-Бурдонның (1842–1904) «Парижден Самарқанға, Ферғанаға, Құлжаға және Батыс Сібірге. Париж әйелінің саяхаттан алған әсері» (1880) атты кітабында қолданылған суреттерге негіз болыпты.