Псалом
Ұлы неміс трагедиялық ақынының діни жыры
Ағартушылық пафосына орай Qalam әлемді түсіндіруді тырысады, сондықтан осы жерде қарастырылып жатқан әрбір тарихи я мәдени құбылыс сан алуан қосымша ақпаратпен ұштастырылған. Бірақ бұл айдардың артық сөз бен әдеттегі түсіндірмелерден ада болуын қаладық. Алдарыңызда біз үшін кейбірде аса ерекше сұлу көрінетін, аты затына сай, заманы мен елі бөлек өлеңдердің үзінділері. Осыған ұқсас мәселе жайлы бір замандас лириктің айтқанындай, бұл түсіндіруді талап етпейді, бәлкім, бұл тіпті қанымызға сіңген дүние.
Псалом
Бізді топырақ пен
Балшықтан қайта илейтін Ешкім қалмады,
Күлімізге қарап сөз ететін де,
Ешкім жоқ.
Осы бір Ешкім, жасасын.
Сен үшін жайнап, жарқырағымыз келеді,
Әрі құшағымыз саған ашық.
Біз ешкім емес едік, солай болып қала береміз,
Әрмен қарай да Ештеңеден,
Раушан гүліне айналып бүр жарамыз.
Біз раушанның қасиетті — жүрегі болған аналығынан,
Көк аспандағы аталығынан,
Тікенектердің үстіндегі,
Шырқаған қызыл тәжді,
Қылкүрең сөзден гүл жарамыз.
Пауль Целан (1920–1970) — Мартин Хайдеггердің сырласы әрі Осип Мандельштамның аудармашысы, сондай-ақ соғыс жылдарында геттода қамалып, бейбіт өмірде Сена өзеніне батып өлген тегі румындық неміс ақыны.