Жұмекеннің қоңыр түсі

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...

Qalam редакциясы

Ағартушылық пафосына орай Qalam әлемді түсіндіруді тырысады, сондықтан осы жерде қарастырылып жатқан әрбір тарихи я мәдени құбылыс сан алуан қосымша ақпаратпен ұштастырылған. Бірақ бұл айдардың артық сөз бен әдеттегі түсіндірмелерден ада болуын қаладық. Алдарыңызда біз үшін кейбірде аса ерекше сұлу көрінетін, аты затына сай, заманы мен елі бөлек өлеңдердің үзінділері. Осыған ұқсас мәселе жайлы бір замандас лириктің айтқанындай, бұл түсіндіруді талап етпейді, бәлкім, бұл тіпті қанымызға сіңген дүние.

ҚОҢЫР

 

Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
Көзін сулап, қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп — 
Қоңырқай ой маза берер емес түк.

Қоңырайып жатыр алда жол әлі — 
Кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.

Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда — 
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге…

Жұмекен Нәжімеденов (1935–1983) — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы