Түркілер мен римдіктердің қасиетті аңы

Ежелгі адамдар қасқырды не үшін кие тұтқан

Астанадағы қасқыр мүсіні/ Getty images

Адам баласын емізген қасқыр — әлем мәдениетіндегі ең көне образдың бірі.

Әлемнің көптеген халқы ата-бабасы киелі деп санаған аңға табынған. Дін тарихында бұл сенім жүйесін тотемизм деп атайды. Азия, Австралия, Америка, Африка және Еуропа тайпалары өзінің тегі деп саналған жануарға табынған. Адамдар бұл аңның бас сүйегін қастерлеген, олардың терісіне қасиетті зат ретінде қарап, трансқа түсіп, ата-баба аңының рухымен тілдескен және осы аңға қатысты елеулі салдары бар деп сенген кез келген көрініске маңызды оқиға ретінде қараған. Қазірдің өзінде жануар бейнеленбеген Мемлекеттік Елтаңба жоқтың қасы. Арыстан, бүркіт пен жылқы бейнесі мифологиядан геральдикаға көшті.

1925 жылы ұсынылған Асена бейнеленген Түркия Елтаңбасының жобасы/Wikimedia Commons

Тотемді тек күшті әрі қаһарлы аң деп ойласақ, дұрыс болмас. Біз ұлу, балпақ (сарышұнақ) және тасбақа секілді елеусіз тіршілік иелеріне табынған тайпалардың болғаны белгілі. Ежелгі Грецияның ең ұлы батырының бірі Ахилл тотемдік жануары бір кездері құмырсқа болған мирмидондықтар басшысы болғанын еске түсірсек жеткілікті. Аполлон құдайының көптеген атағының арасында «Сминфей» (тышқан) деген атағы бар, өйткені бір кездері Аполлонға табынуды алғашқылардың бірі болып бастаған тышқан да тотем болған.

Алайда Аполлонның басқа атауларының арасында «Ликей» (Қасқыр) дегені де бар. Өйткені тышқанның аты тышқан, құмырсқаның аты құмырсқа ғой, көбіне ежелгі әлемдегі ең танымал тотемдер әдетте алып та қуатты жануарлар болды.

Крит-Микен пантеоны бұқаға, кельттер бұғыға, неміс-славян пантеоны ең алдымен аюға табынған. Бірақ түркілер мен римдіктердің талғамы сәйкес келді, яғни қасқыр (бөрі) екі мәдениеттің де негізгі тотемі саналды.

Қасқырлар аюға қарағанда, күштірек, айласы асқан әрі батыл болып келеді. Қашанда құрбандыққа әзір, өз үйіріне қорған. Сонысымен де тотем ретінде тартымды болған.

Үндістердің тотемдік тіректері. Канада, Британдық Колумбия/Alamy

Түркілер мен ежелгі латындардан басқа, біз Үндістанның кейбір аймақтарында, славяндардың кейбір жерінде, ішінара герман халқы да қасқырға табынған. Білуімізше, тотем деген — ең алдымен ата-баба кие тұтқан аң; ежелгі халықтар оны тек бағыттаушы және қамқоршы рух ретінде ғана емес, бір кездері адамзатты аман сақтап, өзінің нақты биологиялық ата-бабасы деп есептеген.

Кейінірек бұл идеяны, әрине, көбею мен ұрықтандыру теориясын жақсырақ түсінуді үйренген халықтар ой елегінен қайта өткізді. Ата-баба аңы туралы көне мифтерде жетім қалған сәбилерді мейірімді құртқа тауып алып, емізіп, өсіргені секілді сюжет бар. Мысалы, Марс құдайы мен кәрі ханшайымнан туған егіздердің, Римнің негізін қалаушы — Рем мен Ромулдың аңызы осындай. Ханшайым діни қызметкер оның некесіз бала туғаны үшін өлім жазасын береді деп қорқып, балаларын орманға апарып тастағаннан кейін, Рим халқының шынайы, азу тісті анасы тарих сахнасынан көрініс тапты.

Тегін қасқырдан тарату мотиві неміс-скандинавиялық «Нибелунгтар туралы жыр» эпосының кейіпкерінің бірі Зигмундтың оқиғасынан да байқалады. Мифтің соңғы нұсқасында оның денесін құртқа жалағаннан кейін қасқырдың терісін жамылып, қасқырға айналып кетеді. Бұл — ескі тотемиялық нанымдардың қалдығы.

Зигфрид. "Нибелунгтар туралы жыр" кейіпкері/Wikimedia Commons

Бірақ Қасқыр-ананың түркі халықтарының мифологиясындағы образы айқын. Жалпы, бұл түркі мифінің драмалық сипаты басым. Оның айтуынша, бір кездері тайпаға ұқсас үлкен отбасы болған. Мифтің кейбір нұсқаларында бұл тайпа ғұндар тектес екендігі жазылған. Міне, сол тайпаны жаулары аяусыз қырып тастаған. Ашина деген бір ғана бала аман қалып, қол-аяғынан айырылып, өлімші халде жатады. Бірақ жараланған баланы Көк құртқа тауып алып, оны шұңқырға сүйреп апарып, жараларын жалап жазады да, өзіне деп аулаған аң етімен асырайды. Бала есейген кезде бөрі оған он ұл туып берген, міне, солардан күллі түркі халқы тараған. Бұл миф Бейжіңнен Ыстамбұлға дейін және барлық түркі халықтарына белгілі, олардың көпшілігі өз эмблемаларына Көк құртқаның бейнесін салған. «Ежелгі түркі аңыздары бойынша түркілердің ұрпағы Ашина қасқыр болып өскен, батырдың ұрпақтары Алтай тауларынан кең далаға шығып, көшпелі мемлекет құрушы болған... Бұл генеалогиялық аңыздар ежелгі түркілердің этногенезін ежелгі үйсіндер мен Сақ-скифтермен байланыстырады», – деп жазды Түркі мифологиясын зерттеуші Василий Ушницкий.

Асена бес лиралық банкнотта. 1927 жыл/Wikimedia Commons

Миф шындыққа негізделуі мүмкін бе? Адам баласы шынымен қасқырдан тараған ба?

Бірден айтайық, Ромул мен Рем бұл тұрғыда ешқандай шындыққа жанаспайды. Жаңа туған нәресте қасқырды өздігінен еме алады деп ойласаңыз да, адам баласын тойдыруға қасқырдың сүті жетпейді. Қасқырдың сүт шығу уақыты алты аптадан аспайды, себебі осы уақыт ішінде бөлтірік бауырын көтеріп, етпен қоректене бастайды.

Капитолий қасқыры бейнеленген мозаика. II Виктор Эммануиль галереясы, Милан./Shutterstock

Жалпы алғанда, жануарлардың ішінде мұндай ерлікке, яғни жаңа туған нәрестені өздігінен емізіп, асырауға, адамтектес маймылдардан өзге ешқайсысының қабілеті жетпейді. Мұның өзі де тек теориялық тұрғыдан ғана.

Жануарлардың ортасында өскен «жабайы» балалар жағдайы туралы әңгімелердің тіпті бүгінгі күні жалған деп есептелмейтіндері де бар. Біз тілге тиек еткен аңыздардың қандай да бір жолмен қомқорлықсыз қалып, жануарлардың (көбіне иттер мен маймылдар) ортасына түскен, сөйтіп жүріп сөйлеу қабілетінен айырылып, түрлі адамдар өмір сүретін елді мекендерде қаңғырып, қоқыс аралап, қолына түскенін қорек етіп жүрген кішкентай балаларға қатысы жоқ.

Мауглидің барына әлі күнге дейін нақты дәлел болмаған. Бірақ белгілі бір себептермен жалғыз қалған, құртқаны қолға үйретіп, онымен бірге аң аулаған, өзіне қалыңдық тауып, содан кейін үлкен тұқымның негізін қалаушы болған жасөспірім баланың бейнесі биологиялық логикаға қайшы келмейді. Керісінше, оны қазіргі антропология ғылымы да жоққа шығармайды.

Николай Рерих. Сиқыршылар. 1905 жыл/Wikimedia Commons

Адамзат тарихында азулы иттердің өкілдері ата-бабаларымызға шын ықыласымен қорған болып, қоректендіріп, асырап, аман қалуына көмектескен. Белгілі палеоантрополог Пәт ШипманiПенсильвания университеті, АҚШ өзінің «Басқыншылар: адамдар мен иттер неандертальдарға қарсы» кітабында тіпті Homo sapiens біздің негізгі ата-бабамызға пайдалы болған иттердің, қолға үйретілген және жартылай қолға үйретілген қасқырлардың арқасында басқа адам түрлерімен қарсыласқанда жеңіске жете алатынын өте сенімді түрде дәлелдеді: жануарлар жемтігін аңди алу қабілеті, қауіп төнсе белгі беріп ескерту жасайтыны және ең бастысы суық түнде үсіп қалмайтындай, дене температурасы 39 градус тірі жылытқы homo sapiens-ке шағын мұз дәуірінде аман қалуға көмектесті. Homo sapiens миының ерекшелігі жануарларды қолға үйретуге және олармен ортақ тіл табуға мүмкіндік берді, ал неандертальдықтар мен ежелгі адамның басқа да түрлері мұндай әлеуметтену ерлігіне қабілетсіз болды.

Ендеше, адамды тек екі аяқты жемтік ретінде көретін арыстандар мен аюларға қарағанда, құртқаның «Қасқыр-ана» аталуына толықтай хақы бар.

ОҚУҒА ҰСЫНАМЫЗ

1. В.В. Ушницкий. Ежелгі Ашина түркілерінің генеалогиялық аңыздары: қасқыр мен бұғы тотем ретінде. — Шығыстану мәселелері. 2016.

2. Ю.А. Зуев. Көне түркілер: оқиғалар мен идеология очерктері. — Алматы: ДайкПресс, 2002.

3. Пэт Шипман. «Басқыншылар: адамдар мен иттер неандертальдарға қарсы». — Альпина, 2016.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді