Арқарлыдан табылған бұғылар
Ежелгі дәуірдің ғажайып бейнесі
Оңтүстік Оралдан Сібірге дейін созылып жатқан аймақтан және Моңғолия жерінен табылған петроглифтерде, аша тұяқты жануарлардың төлімен бірге салынған бейнелері жиі кездеседі. Бағзыдағы бабаларымыз бұл бейнелер арқылы не айтқысы келген екен?
Ілкіде өмір сүрген халықтардың басым бөлігі аша тұяқты жануларды құдай-ана бейнесінде қабылдап, осы бір ақпарды төлімен бірге бейнеленген ұрғашы жануар арқылы жеткізген деген ойды ғалымдардың көпшілігі құптайды. Әрі мұндай петроглифтерде аша тұяқты жануарлар негізінен суреттердің қақ ортасында бейнеленеді. Петроглифтерде құдай-ана бейнесінде саулық қойды қозысымен, арқарды қомасымен, маралды бұғышағымен бірге салу кең етек алған. Ал бие құлынымен, түйе ботасымен бірге қашалған петроглифтер сирек кездессе, сиыр бұзауымен бейнеленгендері некен-саяқ.
Жетісу облысы, Арқарлы тауында орналасқан №7 петроглифтер шоғырында ежелгі дәуірден қалған нағыз жауһар деп бағалауға болатын ғаламат туынды бүгінге дейін жеткен. Тасқа қашалған үлкен композицияның қақ ортасына мүйізі үлкен бұғы және бұғышағын емізген марал бейнеленген. Аталған композицияда бұғылармен қатар арқарлар мен тау ешкілері де қашалған. Бұл жануарларға қола дәуірінің аңшылары мен орта ғасырлық салт атты садақшы оқ жаудырып тұр.
Аталған композицияны салу бірнеше мыңжылдыққа созылған ұқсайды. Айталық, тастағы алғашқы бейнелер қол дәуірінде (б.д.д. 2 мыңжылдықтан б.д. 8 ғасыр арылғы) қашалса, сурет толықтай орта ғасырда аяқталған.
Композицияның орталық бөлігі (бұғылар отбасы) бірнеше мәрте жаңартылып, кей тұстары қайта қашалғанға ұқсайды. Дегенмен Арқарлы тауының етегін қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейін мекен еткен жұрт аталған бейненің мәнін ұғып, жылы қабылдап келген. Мұны аша тұяқты ұрғашы жануарлар бейнесіндегі құдай-ана культінің ұзақ уақыт бойына жойылып кетпей сақталып келгені айғақтайды. Ал бұл, өз кезегінде Жетісу өлкесін мекен еткен халықтардың ғасырлар бойы үзілмей жеткен мифологиясы мен дәсүр сабақтастығынан хабар береді.
Дегенмен Арқарлы тауындағы бұл туындының жойылып кетпей, аман жетуінің өзі бір ғажайып жағдай. Айталық, сөз етіп отырған петроглифтер шоғыры қашалған жерден 70-100 метр төменде тақтатас шығаратын компанияның базасы орналасқан. Бірнеше жыл бұрын петроглиф салынған тастың жанында тұрған бірнеше жартасты компания жарылғыш затпен қопарып тастаған. 2021 жылы «Охотники за петроглифами» еріктілер тобының ғылымдары мен Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары мен жергілікті халық тізе қосып, бірегей киелі орынды аман алып қалды. Тау етегінде өмір сүретін кейбір тұрғындар ежелгі дәуірден жеткен бұл суреттің емдік қасиеті бар деп сенеді. Олардың сөзінше, суретті бір көрген адам ауруынан айығып, әрмен қарай бақуатты өмір сүреді-мыс.
P.S. Мақалада қолданылған суреттер: «Петроглифы гор Архарлы. Материалы и исследования по археологии Казахстана, том XV» деп аталатын монографиядан алынған. Монография авторлары: А.А. Горячев, Е.С. Казизов, Т.А. Егорова, О.Н. Гумирова.