ПОП-МУЗЫКА АЛЫБЫНЫҢ 10 ТУЫНДЫСЫ

Куинси Джонсты еске алу

ПОП-МУЗЫКА АЛЫБЫНЫҢ 10 ТУЫНДЫСЫ

Куинси Джонс, Лос-Анджелес, Калифорния. 1981 жыл/Bobby Holland/Michael Ochs Archives/Getty Images

92 жасқа қараған шағында америкалық поп-музыка әлемінің шын алыбы Куинси Джонс өмірден озды. Мұндағы «алып» сөзі құр метафора емес, бір кездері Фрэнк Синатраның Куинсиге қарата айтқан «гигант» сөзіне сүйеніп отырмыз, ал Синатра нағыз іріліктің не екенін жақсы түсінетін.

Мазмұн

«Көлігімнің жүксалғышында су жаңа Майкл Джексон, су жаңа Маккартни, су жаңа Куинси Джонс бар, бәрі жаңа, бәрі құнды, бойымды шалық билеп тұрғанын қарашы!» – деп мақтанған еді Александр Абдулов 1989 жылғы «Қара раушан — мұң нышаны, қызыл раушан — махаббат нышаны» фильмінде. Осы қызықты сөздер Куинси Джонстың қандай биікте тұрғанын айқын көрсетеді — ол тек бірегей жұлдыз ғана емес, сол аталған шын дарындардың жұлдызын жарқыратқан тұлға еді.

Ол 28 мәрте «Грэмми» сыйлығын жеңген және ол жоғарыда аталған Джексон мен Синатрадан бастап, Майлз Дэвис пен Элла Фитцджеральдқа дейін бәрімен жұмыс істеген. Ол Билли Холлидеймен бірге сахнаға шықса, Элвис Преслимен трубада ойнаған және The Beatles тобын әлемдегі ең нашар музыканттар деп атаған екен. Ал 1985 жылы «We Are The World» атты қайырымдылық әнін жазып жатқанда, студия есігінің сыртына «жұлдыздар, эголарыңызды сыртқа тастап, кіріңіздер» деген ескерту іліп қойған. Бір жағынан, ол өзі де сондай қарапайым адам еді. Сіз оның атын білмеуіңіз де мүмкін, бірақ сіз Куинси Джонс әуенімен үндескен әлемде өмір сүресіз.

Оның мәдени мұрасы туралы бірнеше дәріс оқуға болар еді, алайда әзірше Qalam оның қолтаңбасы қалған он танымал туындыны таңдап алды. Мұндағы әндерге Джонс кейде композитор, кейде әрлеуші, кейде продюсер ретінде еңбегін сіңірген (біз бұл тізімге «We Are The World» пен Майкл Джексонның танымал хиттерін қоспадық, себебі олар айрықша танымал әрі дербес туындылар).

Quincy Jones — Soul Bossa Nova

Джонс бұл боссановаға жасаған пародияны 1962 жылы бар болғаны жиырма минутта жазып шыққан — ал әуеннің жазылғанына алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге танымал (бұл туынды тоқсаныншы жылдары Остин Пауэрс туралы тыңшылық комедияның арқасында қайта жаңғырды).

Donna Summer — Love Is In Control (Finger On The Trigger)

1982 жылы Куинси Джонс Донна Саммердің жеке альбомына продюсерлік етіп, дәуірдің ең жаңашыл диско-нөмірлерінің бірін — Love Is In Control композициясын (Finger On The Trigger) тудырды. Дегенмен бұл жерде «эгоны есік сыртында тастап кетіңдер» деген кеңесі продюсердің өзіне аса әсер ете қоймағандай. Кейінірек Саммердің өзі мойындап, былай деген-ді: «Өзімді тек Куинси Джонстың альбомындағы қосалқы әнші қыз сияқты сезіндім».

Jose Feliciano — Old Turkey Buzzard

1969 жылы Грегори Пек пен Омар Шариф түскен «Маккенаның алтыны» уестерні 1974 жылы кеңестік прокатқа шығып, 63 миллион көрермен Куинси Джонс жазған әнге құлақ түрді. Оның түпнұсқасын Хосе Фелисиано орындаған, ал Леонид Дербеневтің өлеңіне жазылған жаңа, салтанатты нұсқасын Валерий Ободзинский ұсынған еді: «Тағы да, тағы да алтын бізді арбайды!».

The Brothers Johnson — Strawberry Letter 23

Куинси Джонс бұл дуэттің мүшесі Луи Джонсонды әлемдегі ең ұлы бас-гитарист деп санаған және 1977 жылы продюсер ретінде осы керемет тректе оның шеберлігін барынша ашуға тырысқан. Тарантино көрегенділік танытып, жиырма жылдан кейін бұл әнді «Джеки Браун» фильміне саундтрек ретінде қосқан.

Quincy Jones — Hangin' Paper

1967 жылы Джонс Трумен Капотенің «Аяусыз өлім» романының экранизациясына арналған өте дәл, шебер әрі шиеленіске толы саундтрек жазды. Айтуларынша, Капоте композиторды нәсілшілдік себептермен жобадан шеттеткісі келген, бірақ бұл ойы жүзеге аспады. Ал жылдар өткен соң, басқа себептермен, көпшілік назарынан Капотенің өзі тыс қалды.

Boomer & Travis — Fowl Owl On The Prowl

1967 жылы Куинси Джонс тағы бір Оскар сыйлығын алған «Тымырсық түн» фильміне саундтрек жазды. Бұл жолы оны ешкім шеттете алмады, себебі басты рөлде афроамерикалық актер Сидни Пуатье ойнады, ал фильмнің оқиғасы нәсілдік алалаушылық мәселесіне негізделген болатын (Джонс Мартин Лютер Кингпен алғаш танысқан кезінен бастап белсенді азаматтық құқық қорғаушыға айналған еді). Фильмнің негізгі әнін Рэй Чарльз орындады, ал ұмытылмас музыкалық элементтер арасында Cotton Curtain деп аталатын флейта әуені мен Boomer & Travis-тің аңға шыққан үкі туралы кантри миниатюрасы да бар.

Frank Sinatra — Fly Me to the Moon

Алпысыншы жылдары Фрэнк Синатра Джонсты екі альбомына дирижер әрі әрлеуші болуға шақырған, онда олар Каунт Бейси оркестрімен бірге жұмыс істеді. Джонс шеберлігі мен ерекше музыкалық сезімін дәлелдесе, ал Синатра Лас Вегаста қалай ішу керек екенін көрсетті — ол бір сағаттың ішінде жеті стақан бурбон ішкен деседі.

George Benson — Give Me The Night

1980 жылы Куинси Джонс продюсерлік еткен, Джордж Бенсонның джаз стиліндегі нәзік әрі балдай жағымды даусы жазылған бұл альбом платина деңгейіне дейін жетті.

Aretha Franklin — Somewhere

Тәжірибелі джаз аранжировщигі ретінде Джонс кез келген атақты музыканы күш-қайратын салып қайта өңдейтін. 1973 жылы ол Аретта Франклин үшін «Уестсайд оқиғасы» фильмінің әуенін қайта жасап, жаңа сипат берген еді.

Leslie Gore — You Don’t Own Me

1963 жылы Джонс Лесли Гордың таңғажайып протофеминистік хитіне продюсерлік етті — бұл әнді 1980 жылдары Клаус Номи керемет қылып қайта орындап шықты.