АШАРШЫЛЫҚТАН КЕЙІНГІ АРЕНА: ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ГҮЛДЕНУІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТІЛДІ?

Тарихшы Лиора Айзенберг Совет одағының Орталық Азияны өнер арқылы қалай «жөнге салып», «азат еткені» жайлы

~ 5 мин оқу
АШАРШЫЛЫҚТАН КЕЙІНГІ АРЕНА: ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ГҮЛДЕНУІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТІЛДІ?

Коллаж / Qalam

Орталық Азия халықтарын түп-тамырынан ажыратудағы мәдени саясаттың рөлі мен «Шығыс әйелін азат етудің» құны жайлы Гарвард университетінің докторанты Лиора Айзенбергпен сұхбат.

Ұлттық әуеннен еуропалық үлгіге

20-ғасырдың басында Қазақстан мен Өзбекстанда көпдауысты ән айту дәстүрі, оның ішінде опера болмаған-ды. Еуропалық классикалық музыка үлгісі ретінде ол Совет өкіметі тұсында күштеп енгізілді. «Еуропалық классикалық музыка» деп отырғаным, қазақтың күйі, өзбектің мақомы сияқты, қос халықтың да төл классикалық музыкасы бар еді.

Лиора Айзенберг / Qalam

Лиора Айзенберг / Qalam

Қазаққа төрт қабырғаның ішінде концерт қою салты да жат еді, өйткені дәстүрлі ән көбіне ашық аспан астында шырқалатын. Опера театрында, сахнада ән салудың өзі дәстүрлі қазақ мәдениетіне қайшы келетін. 1930 жылдары үні еуропалық аспаптарға жақынырақ болсын деп қазақ пен өзбектің ұлттық аспаптарын «жаңғыртып», «жетілдіру» науқаны жүрді. Сөйтіп, домбыра-бас, домбыра-прима, домбыра-тенор дегендер пайда болды.

Домбыра түрлері. «Қазақстанның музыкалық аспаптары» кітабынан иллюстрация  / Bonart.kz

Домбыра түрлері. «Қазақстанның музыкалық аспаптары» кітабынан иллюстрация / Bonart.kz

20-ғасырдың басына дейін сарайда өнер көрсету дәстүрі жалғасқан Өзбекстандағы жағдай басқашалау еді. Ол дәуірде бүгінгі Өзбекстан аумағы үш мемлекетке бөлінгені тарихтан белгілі: Қоқан, Хиуа хандықтары һәм Бұхара әмірлігі. Сарайда өнер көрсету үрдісі болғанымен, көпдауысты вокал бұл өңірде де жоқ еді.

«Феодализмнің сарқыншағы» және ашаршылық

Кеңес билігі өзбектің дәстүрлі өнері саналатын мақомды «феодал тұрмыстың сарқыншағы» деп бағалап, оған қырын қарады.

Мақом жанрының орындаушылары, Өзбекстан / daryo.uz

Мақом жанрының орындаушылары, Өзбекстан / daryo.uz

Қазақ өнерінде жағдай басқаша өрбіді: операларға ұлттық аспаптар үні қосылып, кейбірінде күйлерден тікелей үзінділер келтірілді. Бірақ есте тұтарлығы, 1930 жылдардың басында совет саясаты салдарынан қазақ халқының шамамен 40 пайызы қырылды. Сол халықпен бірге орасан мәдени қабат жойылды: күйшілер мен әншілердің тұтас бір буыны келмеске кетіп, ұлттық музыка мен өнер есеңгіреп қалды. Сөйте тұра, 1934 жылы Алматыда халық өнері қайраткерлерінің тұңғыш республикалық слеті өтеді. Елдің түкпір-түкпірінен әртістер ағылады. Меніңше, бұл — «қазақ мәдениеті гүлденіп тұр» деп көрсету үшін ұйымдастырылған шара. Әйтпесе мұныңыз ашаршылықтан кейін ес жиып үлгермеген елең-алаң шақ еді.

Қазақстан мен Өзбекстандағы алғашқы опералар

Айтпағым, ашаршылықтың Қазақстанның мәдени өміріне орасан соққы болғанын ескеру керек. Ұлттық кадр селдіреп қалды, Мәскеуден жіберілген еуропалық композиторлар симфония жазуға машықтанғандар еді. Ұлттық мәдениеті дәл сондай соққы көрмеген Өзбекстанда жергілікті кадр көбірек болып, еуропалық өнердің өзбек музыкасына «сыналап кіруі» қиындау болды.

Алматыға іссапармен келген Евгений Брусиловский 1934 жылы тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібекті» жазып, сол туындыны екі жылдан соң Мәскеудегі бірінші декадада сахналап жатты.

Роза Бағланова. Халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өнер көрсету сәті. КСРО Үлкен театрында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. 1959 жыл / ҚР ОМҚ ФД

Роза Бағланова. Халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өнер көрсету сәті. КСРО Үлкен театрында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. 1959 жыл / ҚР ОМҚ ФД

Өзбекстандағы алғашқы опера 1939 жылы ғана пайда болдыiкомпозитор С.Василенко мен шәкірті М.Ашрафидің «Боран» операсы. 1940 жылдардың басында композитор А.Козловскийдің өзбек тіліндегі «Ұлықбек» операсының премьерасы өтті. Козловскийдің зайыбы әрі осы операның либретто авторы Г.Герус естеліктерінде шығарманың ә дегенде екіұшты қабылданғанын айтады: орыстілді көрермен жылы қабақ танытса, өзбектілді аудитория жатырқай қараған. Тек 15–20 жыл дегенде ғана бұл опера өзбек топырағына жерсінді.

Совет одағындағы «халықты жөнге салу» деген не?

«Халықты жөнге салу» деген — жұрттың бойына белгілі бір құндылықтардан құралған социалистік тәрбиені сіңіру. Өнердегі сияқты, адамның да «мазмұны» социалистік, «пішіні» ұлттық болуға тиіс еді. Яғни советтік отанын сүю, интернационализмге адал болу, қайсыбір идеология мен еуропалық жүріс-тұрыс нормаларын қабылдау. Осыларға қоса ресми деңгейде ғана ұлттық мәдениетті ұмытпау талап етілді.

 Нина Короткова, Мария Ворон. Плакат, 1930 жыл / Flickr

Нина Короткова, Мария Ворон. Плакат, 1930 жыл / Flickr

Әйелді «азат ету» процесі осы жөнге салу жобасының бір бөлігі еді. Совет өкіметі шығыс әйеліне білім алуға, пәренжесіз жүруге, жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Алайда көп зерттеуші бұл «азат ету» бастамасын шын мәнінде экономикалық жоба болған деп есептейді.

«Шығыс әйелін» азат ету

Рас, Совет өкіметіне дейін Орталық Азияда әйелдер сахнаға белсенді шықпаған. Өзбекстанда бұл тіпті неғайбіл еді. Соны алға тартқан совет билігі әйелді қаншалықты азат етіп, «феодалдық құрсаулардан» босатқанын көрсеткісі келді. Жергілікті тыйым салдарынан алғашқы советтік әнші-бишілердің көбі этникалық өзбек емес, Өзбекстанда тұратын армян, Бұхара еврейлері не татардан шыққан әйелдер болды: олардың көбі пәренжесіз жүре алды, сахнаға шығуына да отбасы қарсылық танытпады.

Дегенмен бұл қатарда өзбек әйелдері мүлде болмады деуге де келмейді. Мәселен, Муқаррам Тұрғынбаева — Өзбекстанның алғашқы бишілерінің бірі, ұлттық би мектебінің негізін қалаушы саналады. Ферғана жазығынан шыққан армян өнерпазы Тамара Ҳанумның да даңқы одан кем емес. Өзбекстанның алғашқы драмалық актрисаларының бірі Мәриям Якубова Бұхара еврейі болатын.

Совет өкіметі келіп, әйелге «еркіндік берді», бірақ жергілікті халық бұл еркіндікті құшақ жая қарсы алмады. Иә, сондай қайшылықтар бар. «Азат етілген» әйелдердің бәрі мұндай еркіндікті қалады ма? Тарихшы Дуглас НортропiDouglas Northrop жазғандай, өзбек әйеліне пәренже шешкізу — сол әйелдердің қанымен боялған науқан еді. Оны шешкені үшін әйелдің жаны қиылып та кететін. Бүгінде Орталық Азия әйелдері қалағанын киіп, қалаған жеріне бара алатыны жақсы, бірақ бұл еркіндік қандай бағамен келді?

Әндіжанда Халықаралық әйелдер күнінде пәренжені өртеу. 1927 жыл, 8 наурыз / Үлкен совет энциклопедиясы / Wikimedia Commons

Әндіжанда Халықаралық әйелдер күнінде пәренжені өртеу. 1927 жыл, 8 наурыз / Үлкен совет энциклопедиясы / Wikimedia Commons

Өзбекстанның алғашқы актрисаларының бірі — он жетідегі Турсуной Саидазимова «сүйекке таңба салды» деген желеумен күйеуінің қолынан қаза тапты. Тағы бір жас өнерпаз — Нурхон Юлдашходжаева жұрт алдында чачвонсызiбетті көлегейлейтін тікбұрышты тор би билегені үшін туған ағасының қолынан өлді.

Ал Қазақстандағы жағдай өзгешелеу болды: соған сай қазақ әйелдерінің сахнадағы үлесі де көбірек.

Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиетінің тұңғыш декадасы

1936 жыл. Қазақстанда ашаршылықтың аяқталғаны кеше ғана, ал Мәскеуге «бәрі тамаша» деп көрсету қажет. Декаданың негізгі мақсаты осы еді. Екіншісі — «Шығыстың» қаншалықты заманауиланып, ілгерілеп, еуропаланғанын дәлелдеу.

Қанабек Байсейітов «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген рөлінде. Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. 1936 жыл / ҚР ОМҚ ФД

Қанабек Байсейітов «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген рөлінде. Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. 1936 жыл / ҚР ОМҚ ФД

Мәскеуге баратын қазақстандық делегация өкілдерінің өзі «декада» дегеннің не екенін білмегені жайлы оқығаным бар. Қазақ үкіметіне дайындалуға бар-жоғы бірнеше ай уақыт берілді. Еуропалық форматтағы сахнаға енді ғана бой үйретіп жатқан әнші-бишілер үшін бұл тым аз мерзім еді.

Сол дәуірде, мәселен, Күләш Байсейітова немесе оның өзбек әріптесі Халима Насырованың сахнада қалай ән айтатыны қатты уайым болды. Олардың ән салу үрдісі дұрыс қабылдана ма? Сол уақытта көптеген мәдениет қайраткері «әнді тамаққа салып айтса — халықтық, диафрагмамен айтса — еуропалық мәнерде орындағаны» деп бағалап жаттыiмұнда «тамаққа салып» дегені — дауыс желбезегін қысып айту, көмеймен орындау емес. Декададан кейін де осы бағыттағы талқылаулар жалғасты. Қайсыбір әншілерге қатысты «әнді дұрыс емес», яғни «ұлттық мәнерде орындады» деген сындар айтылып қалатын.

М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан көрініс. Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. 1958 жыл / ҚР ОМҚ ФД

М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан көрініс. Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. 1958 жыл / ҚР ОМҚ ФД

Ең бастысы — біз әлі күнге сол декадалардың контексін толық түсіне бермейміз. Бұл әрі өнер, әрі мәдени саясат десек те, ең алдымен саясат еді! Мақсат — қазақ пен өзбектің еуропалық шеберлікті: би, операны меңгеріп, мәдениеті «бір саты көтерілгенін» көрсету. Сол кездегі мәтіндерде жиі айтылатын әңгіме ауаны «қысқа уақыт ішінде әйелді азат еттік, алғашқы операны жаздық, зауыттар салдық, ал капитализм осындай мерзімде не бітірді?» дегенге саятын.

Ұлттық тілдің «жеңісі»

Әдетте ұлттық кадрлар өз тіліндегі шығармаларды орындауға тиіс болатын. Қазақ опералары орысша орындалған жоқ, Өзбекстанда да солай және осының өзі қайшылықты. Жергілікті халықтың еуропаланғанын көрсету керек болды дейік, бірақ еуропалық мәнердегі шығарманы өз тілінде орындауы шарт еді. Сөйте тұра, мұндай әртістер баласын көп жағдайда орыс тіліндегі мектепке беретін. Солайша, өнерпаздар сахнада туған тілінде ән салса да, олардың балалары көбіне ана тілін білмей, орысша шүлдірлеп өсті.

Себебі сол кездегі түсінікке сәйкес, мәдениетіңнің гүлденгенін көрсету үшін өз тіліңде ән айтуың керек. Ұлттық саясаттың төрт қазығы бар: мәдениет, тіл, элита, жер. Сахнада ұлттық тілдерге қолдау көрсетілді, ал сахнаның сыртындағы тіл жағдайы мүлде басқаша еді.

Бұл – КСРО-ның халықтарды мәдениет арқылы тәрбиелегені жайында Лиора Айзенбергпен болған сұхбаттың бір бөлігі. Толық нұсқасын Qalam History атты YouTube арнамыздан көре аласыз.