14-ғасыр басында Алтын Орда нағыз кемеліне келіп, шарықтау шегіне шықты. Бірақ одан кейінгі онжылдықтарда ішкі және сыртқы қақтығыстардың салдарынан бейберекетсіздік басталды. Өз заманындағы теңдессіз мемлекетті не күйретті? Бәлкім, бұған әйгілі оба дағдарысы әсер еткен шығар? Біз осы хақында, даладағы оба індеті мен империя тарихындағы түркілер рөлі туралы Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлымен әңгімелестік.
Жошы ұлысы қай кезде Моңғол империясының құрамынан шығып, дербес түркі-моңғол әлеміне айналды?
Көпшілік Жошы ұлысын, яғни Алтын Орданы 1269 жылы Талас құрылтайынан соң құрылды деп санайды.
Бұл ресми-құқықтық межеге өзім қарсы емеспін. Тек сол кезде іс жүзінде не өзгергенін түсінбеймін. Сондықтан қарсы сұрағым да бар: оған дейін Жошы ұлысы немесе Алтын Орда қандай болып еді?
Шыңғыс хан Жошыға әуелде Зайсан өткелі, Ертіс өзенінен бастап Солтүстік және Шығыс Еуропа жерлеріне дейінгі, тіпті одан әрі жатқан аумақты еншілеп берді. Алғашқы жорықтар 1220 жылдардың басында болды. Ал бұл аумақтарды жаулап алғаннан кейін-ақ сол жерлерді Бату хан басқарып келді. Менің пайымдауымша, ол іс жүзінде тәуелсіз билеуші әрі халықтың ықыласына бөленген хан еді.

Тақта отырған Бату хан. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») еңбегіндегі миниатюра. 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons
Сондықтан 1269 жылы қандай тағдыршешті өзгеріс болғанына көзім жетпейді. Қателесуім де мүмкін, бірақ мұны неге түбегейлі өзгеріс деп санау керектігін түсінбеймін.
Меніңше, әңгіме ресми-құқықтық анықтама хақында болса керек.
Моңғол элитасының түркіленуі нақты қалай жүрді?
Жобалауымша, Шыңғыс элитасының — Бату хан, Берке хан және өзге де бірінші буын ұрпақтарының жұбайлары моңғолдан болса, олармен моңғолша сөйлескен, екінші буын ұрпақтары да сөйткен шығар. Бізде олардың шежірелері мен әйелдерінің шығу тегі туралы біраз дерек бар.
Ал егер моңғол әскерлері бұл өлкеге әйелдері мен отбасыларын алып келмеген болса ше? Бұл туралы біраз іздендім, бірақ ештеңе таба алмадым.
Элита туралы айтпағанның өзінде, өте қызықты сұрақ туады. Моңғол жауынгерлерінің жанында әйелдері болған жоқ деп есептейік. Олар кімге үйленді? Кіммен отбасын құрды және балалары қай әйелдерінен өрбіді?
Ойлап қарасаңыз, Батыс Еуразия халқының едәуір бөлігі — Еділ бойы, Солтүстік Кавказ және басқа да кей аймақтары түркітілдес қыпшақтар мен құмандардан тұрды.
Жергілікті халық арасында ирантілді аландар да болды. Ара-тұра, әсіресе көбіне Қырымда германдар өмір сүрді. Солтүстік Кавказдағы сияқты, Қырым халқы да оншақты тілде сөйлеген. Орыстар мен басқа славян халықтары да болды.
Ал одан әрі солтүстікке қарай, Еділ аймағында, еділ-бұлғар тілінде сөйлейтін тайпалар мен олармен туыстас халық — чуваштардың ата-бабалары және түрлі фин-угор халқы өмір сүрді.
Сондықтан моңғол ерлері моңғол емес әйелдерден ұрпақ сүйді деген жорамал бар. Бұл ішінара этникалық және соған сай тілдік өзгерістерге де әкелуі мүмкін.
Бұған қатысты 1253–1255 жылдары Синоптан Анадолыға, қыпшақтар өлкесіне сапар шеккен Вильгельм де Рубруктің маңызды дерегі бар. Оны Шыңғыс ханның жауынгерлері қарсы алып, Бату ханға апарады, кейінірек Ұлы ханға да барады. Ол Бату ханның ордасы туралы тамаша сипаттама қалдырған.

Вильгельм де Рубрук моңғол билеушісінің алдында. Ортағасырлық қолжазбадағы миниатюра. 14-ғасыр / Корпус-Кристи колледжінің кітапханасы, Кембридж / Wikimedia Commons
Бату ханның жеке шатыры я үйі болмапты, есесіне оның әйелдері бар еді. Оның әр әйелінде үстіне отау артылған қырық арбадан болды, ол арбаларға шамамен он екі өгіз жегілетін. Әр әйелінде сондай болған. Барлық әйелі моңғол тілінде сөйледі дегеннің өзінде, олардың қызметшілері моңғол емес еді. Балаларын бағатын, әлдилеп, бесік жырын айтып, тамақтандырған әйелдер де моңғол болмаса керек. Менің ойымша, хан сарайында туған элита өкілдерін қоса алғанда, бір-екі ұрпақ ішінде-ақ балалар моңғол тілінде тәрбиеленбеді. Олар қос тілде сөйлесе де, уақыт өте келе біреуіне толық ауысуы мүмкін. Бұл бір ұрпақ ішінде, 1253 жылдан кейін, мүмкін, 1270 жылдар шамасында болған жайт деп есептейік.
Неге десеңіз, шамамен 1270 жылдары түркі тілінде жазуы бар монеталар соғылғанын бір жерден оқыдым. Ал 14-ғасырдың бірінші жартысында мұсылман түркі әдебиетінің дәстүрі қалыптаса бастады. Алтын Орда аумағында моңғол тілінде жазылған құжаттардың бәрі дерлік сақталмаған.
Көрнекті моңғолтанушы ғалым Николай Поппенің «Алтын Орданың қайың қабығындағы қолжазбасы» деген мақаласы бар. Онда моңғол жазуымен, моңғол тілінде жазылған қайың қабығының бөліктері туралы айтылады. Бұлар 13-ғасырға тән жазбалар болса керек. Пайза, мөр не сол сияқтыларды есепке алмасаңыз, бұл — моңғол тіліндегі жазба материалдың жалғыз мысалы. Олардың нешеуі табылғанын білмеймін. Қалай болғанда да, моңғол тілінің қолданысы туралы дәлелдер өте аз.

1238 жылы Бату хан әскерінің Суздальды талқандауы. Бейнелі жылнамалар жинағындағы миниатюра. 16-ғасыр / Ресей ұлттық кітапханасы / Wikimedia Commons
Сіз Алтын Ордадағы оба мен дағдарыстар туралы көп жаздыңыз. Алтын Орда мен Еуразияға «қара өлімнің» таралуы арасында қандай байланыс бар?
Біріншіден, он жылдай бұрын бір топ қытай ғалымдары обаның түрлі штамын антиденелердің заманауи генетикалық талдауына сүйене отырып зерттеп, Yersinia pestis бактериясының эволюциялық генетикалық тарихын қайта жазып шықты. Дәл осы бактерия оба ауруын тудырады. Ол кеміргіштер арқылы таралады.
Ғалымдар бастапқы індет ошағы Цинхай-Тибет тауларында, негізгі сауда жолдары тоғысқан жерде орналасқанын анықтады. Соңы өлімге әкелетін аса қауіпті бактериялардың мутациясын да олар осы аймақпен байланыстырады. Бұл шамамен 540 жылдай бұрын, Византия императоры Юстинианның билігі кезінде, құжатқа тіркелген алғашқы пандемия кезінде болды.
Содан кейін індет 13-ғасырда, 1200 жылдар шамасында таралды. 1330 жылдары таралуы ықтимал деген көзқарас та бар, бәлкім, одан ертерек, ал, бәлкім, 1340 жылдары дейікші. Осы кезеңде Ыстықкөл аймағы маңызды рөл атқарды. Бактериялар түрлі уақытта таралуы мүмкін еді, бірақ ол ұзағырақ өмір сүруі үшін «індет ошағы» деп аталатын жерде мықтырақ орнығуы керек.
Ыстықкөл маңында орналасқан Боран деген жерде ДНҚ талдауы арқылы Yersinia pestis бактериясының іздері анықталған он жеті адамның сүйек қалдығы табылды.

Оба ауруының қоздырғышы — Yersinia pestis бактериялары. Сканерлеуші электрондық микроскоппен түсірілген бейне / Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институты (NIAID) / Wikimedia Commons
Сол бактерия Еділ мен Кама өзендерінің түйіскен тұсындағы Бұлғардан алынған бір үлгіден де анықталды. Мен бұл тақырыпты 1980 жылдардан бері қаузап келемін. Бұған қатысты 1993 жылы жарық көрген алғашқы мақаламның бірінде Ыстықкөл маңын мекендеген несториан қауымының оба індетінен зардап шегуі ықтимал деген болжам жаздым.
Оба күллі Орталық Азияға тарап, Хорезмге жетті. Иранда жүргізілген соңғы зерттеулер кейінірек бұл аурудың Солтүстік Иран арқылы оңтүстікке қарай таралып, бүкіл елге жұққанын көрсетеді. Сондай-ақ біз бұл індет Каспий теңізін солтүстіктен айналып өтетін жол арқылы тарап, шамамен 1346 жылы Қырымға жеткен деп есептейміз.
1346 жылдан бастап ол Қара теңіздегі сауда жолдары арқылы Константинопольге, одан әрі Мысырдағы Александрия мен Сицилияға жетіп, кейін бүкіл Еуропаға тарады.
Солтүстіктегі жолдар арқылы да таралуы мүмкін деген теория бар.
Америкалық көрнекті тарихшы Уильям Макнилдің «Эпидемиялар мен халықтар» атты кітабындағы бір ғана абзац бұл мәселені зерттеуіме түрткі болды. Оның жазуынша, жарты әлемді жаулаған Моңғол империясының ыдырауына дәл осы оба індеті себеп болуы мүмкін.
Әрине, Алтын Орда тарихына қызығушылығы зор адам ретінде, «Тоқта-тоқта, бұл бір қызық нәрсе ғой!» деп түйіп алдым. Содан кейін жазба деректер іздей бастадым. Олар өте көп болып шықты. Араб деректерінде де, орыс жылнамаларында да, одан басқа көптеген материалда да бұл туралы мәліметтер жетерлік.
Мәселе мынада: зерттеушілер бұған дейін мұндай деректерді не іздемеген, не оларды тиісті тарихи контексте қарастырмаған. Мысалы, еуропалық зерттеуші Оле Йёрген Бенедиктоудың бағалауынша, обаның алғаш өршуінен бастап 1350 жылдардың ортасына дейін Еуропа халқының шамамен 60 пайызы осы індеттен қырылған.

Питер Брейгель (Үлкен). «Өлім салтанаты». Шамамен 1562 жыл / Прадо мұражайы, Мадрид / Wikimedia Commons
«Егер дәл осы індет алғаш Түркістанда немесе Алтын Орданың Сарай сияқты ірі қалаларында, халық тығыз қоныстанған Қырым секілді аймақтарында тараса, оның салдары да алапат болуы мүмкін емес пе?» деген ой келді.
Содан көптеген дерек таба бастадым. Қорытындыларымды қысқа қайырсам, оба Алтын Орда жерінде 1340 жылдардан, тіпті одан да ертерек (Хорезмде одан да ертерек болғаны анық) бірнеше толқын болып тараған. Егер ол отырықшы елдерге жетсе, халық саны апатты түрде азаюы ықтимал.
Еуропаның бір жерінде тұрғындардың 10 пайызы қырылса, көршілес бір жерде халықтың 90 пайызы қаза тапқан. Барлық жерде зардап бірдей болды демеймін. Бірақ бұл туралы көп ойланған сайын Батыс Еуразияда халық санының орасан қысқарғаны туралы пікір соғұрлым нанымды көріне түседі.
Әңгіме Еділ бойындағы жерлер, мүмкін, Жайық бойы және одан әрі батысқа қарай орналасқан аумақтар туралы болып отыр. Меніңше, бұл аймақтар қаңырап бос қалған. Сондықтан Алтын Орданың, дәлірек айтқанда, Жошы ұлысының батыс бөлігі, Ақ Орда және осы осьте жатқан Сарай–Еділ–Қырым аумағы 1359 жылға дейін ғана өмір сүргені таңғалдырады.
Оған дейін, 1340 жылдары обаның бірнеше толқыны болса керек, кейін 1350, 1357, 1358 жылдары қайталанған. Дәл осы кезеңде еділ-бұлғар жазба ескерткіштерін жасау тоқтайды. Әртүрлі деректен 1360 жылдары да оба толқындарының болғанын білеміз. 1364 жылы Сарайда «Нахдж әл-Фарадис» шығармасының авторы да қайтыс болды.
Сондықтан Алтын Орданың 1359 жылға дейін құламай тұруы таңғаларлық. Бірақ бір күйрегенде, салдары шынымен де жойқын болды.
Меніңше, отырықшы аймақтарда жан баласы қалмады. Жалпы алғанда, көшпелілер індеттерге азырақ ұшырады деп ойлаймын. Сондықтан эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда, олар аурудан азырақ зардап шеккен. Мұхамед пайғамбардың дәуірінде де, Юстиниан тұсында басталған оба індеті кезінде де дәл осындай жағдай болған деп пайымдаймын: бәдәуилер өз қауқарын сақтап қала алса, отырықшы халық қырылып кеткен.
Жобалауымша, Алтын Орданың Сарай, Қырым және Еділ Бұлғариясы аймақтары көп халқынан айырылып, орасан зардап шекті. Қолда бар деректерге қарағанда, сижиуттар, қоңыраттар, маңғыттар мен қияттар сынды көшпелі рулар ықпалды күш ретінде сақталып қалды. Ал отырықшы саяси орталық күйреді.
Тағы бір маңызды жайт бар. Кейін, 14-ғасырдың соңғы ширегінде, шығыстан Тоқтамыс келген кезде өзімен бірге шырын, барын, арғын және, шамасы, қыпшақ тайпаларын да ерте келді. Кейіннен олар Қазан, Қырым хандықтарының, сондай-ақ басқа да мемлекеттер тұрғындарының негізін құрады.

Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шайқас. Миниатюра / Топқапы сарайы, Ыстанбұл / Wikimedia Commons
Тоқтамыспен еріп келген адамдар қалайша кейіннен жергілікті халықтың негізгі бөлігін құрайды, оны қалай түсіндіруге болады? Меніңше, оның жауабы — бұған дейінгі халықтың аса көп бөлігінің қырылып кетуімен байланысты. Қоңыраттар Хорезмге, қазіргі Өзбекстан аумағына көшті, маңғыттар қырды мекендеп қалды. Қайсыбір өзге рулар туралы мәліметіміз аздау. Бірақ халық құрамының осындай елеулі өзгеріске ұшырауына 1340 жылдардағы немесе 1359 жылғы індеттен кейін халық санының күрт азаюы себеп болды деп ойлаймын.
Мұны Алтын Орданың әлсіреу себептерінің бірі болды деп айтуға бола ма?
Меніңше, Алтын Орданың толық күйреуінің себебі осы болды. 1359 жылғы оқиғалар мен сол кезде іргесін көтеріп жатқан хандықтар жағдайын бір-бірінен айырып қарау керек. Бұлар бір кезеңдегі оқиғалар емес, мүлде басқа тарихи жағдайлар.
Алтын Орда Зайсан көлі мен Ертістен бастап Шығыс Еуропаға дейін созылып жатты. Ал 1430 жылдары құрылған Қазан хандығы шамамен жүз шақырымдай ғана аумақты қамтыды. 1440 жылдары құрылған Қырым хандығы негізінен Қырым маңына шоғырланды.
Қасым хандығы одан да шағын болды. Рас, Тобыл мен Түмен маңында орналасқан Сібір хандығы әлеуеті жоғары, көп әскерге ие болуы мүмкін еді. Бірақ бұл мемлекеттердің ешқайсында алып құрлықтың орталық бөлігін толықтай бақылауда ұстауға жететін адами ресурс болған жоқ. Бұл болса Алтын Орданың қолынан келген еді.
