ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛҒАН?

Сұлтан һаремі және басқа да тақырыптар жөнінде тарихшы Сурайя Фароки әңгімелейді

~ 12 мин оқу
ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛҒАН?

Джон Фредерик Льюис. «Скутаридегі кәуапхана, Кіші Азия». 1858 жыл / Wikimedia Commons

Осман империясының тарихы әлем жұртын қызықтыратыны хақ. Бұған көп жағдайда тарихи телехикаялардың да ықпалы бар. Дегенмен таңғалдырар қуатты мемлекеттің тұрмыс-тіршілігі сарайдағы сұлтандар, уәзірлер мен кәнизактардың күндестігінен, астыртын әрекеттерінен де сан қырлы еді. Арнайы Qalam үшін сұхбат берген Осман империясы тарихының білгірі Сурайя Фароки империя идеологиясы неге арқа сүйегенін және ірі қалалар мен аймақтардың тыныс-тіршілігі қандай болғанын баяндап берді. Әлбетте, һарем туралы да сөйлестік.

Османлылар әлемінде түркі және оғыз бірегейлігінің шын маңызы қандай еді?

Шыны керек, 13–14-ғасырларда өмір сүрген адамдардың бірегейлігі туралы білетініміз тым аз. Сондықтан 20-ғасырдың кейінгі ширегінде шыққан терминдерді ол заманға абайлап қолдану керек. Өзім университетте оқып, жұмыс істей бастаған 1960–1970 жылдардың өзінде бірегейлік деген ұғымды дербес ғылыми зерттеу нысаны деп қарайтындар жоқтың қасы еді.

Османлылар туралы алғашқы дерек шамамен 1400 жылдары шыққан, сондықтан бұл тақырыпта білетініміз көп емес. 14-ғасырдағы Анадолы жұрты әлдене жазса, негізінен арабша я парсыша жазған. Түрікше жазу сирек кездесетін, тіпті тосындау нәрсе саналса керек. Мәселен, Коньяда туып-өскен Жалаладдин Мәулана, сірә, әлдебір тосын реңк қосу үшін өлеңдеріне бірді-екілі түрікше сөз қосқан. Алайда оның өлеңдерінде грекше тіркестер де ұшырасады. Өйткені 13-ғасырда Конья жұрты осы екі тілде сөйлеген.

Қаратай медресесіндегі сәулеттік безендіру бөлшегі. Конья, Түркия / Getty Images

Қаратай медресесіндегі сәулеттік безендіру бөлшегі. Конья, Түркия / Getty Images

Қараман әулетінің бір билеушісі іс-қағаз түрік тілінде жүргізілсін деп талап еткені жиі айтылады. Алайда оның мақсаты қандай болғанын білмейміз. Демек, шын мәнінде 20-ғасырдың кейінгі ширегінде ғана қалыптасқан ұғымды сол заманға апарып телу — даулы нәрсе.

Сол себепті нақты дерекке сүйенгенді жөн көремін: адамдар қай тілде сөйлеген, қай тілде жазған? Түрік тіліндегі әдебиет қай кезден бастап пайда болды? Бұлар — нақты жауабы бар нақты сұрақтар. Көбіне біз анық айта алатын нәрсе бір-ақ ауыз сөзге барып тіреледі: айтқанымды өзгелер түсінсін дегендер түрікше сөйлеген.

Осман әулетінің негізін қалаушы — I Осман. Белгісіз суретшінің портреті / Wikimedia Commons

Осман әулетінің негізін қалаушы — I Осман. Белгісіз суретшінің портреті / Wikimedia Commons

14-ғасыр бойы оқыған-тоқығандар парсы тілін артық көрді, ал парсы тілі олардың ана тілі болмауы да мүмкін. Әбден мүмкін. Әйткенмен, өздеріңіз де жақсы білетіндей, талай мәдениетте жазба тіл мен күнделікті сөйлеу тілі екі бөлек болады. Иә, османлылар қайы деген тайпадан тарағанбыз дегенді ара-тұра айтып қалатын. Алайда мұндай деректер беріректе жазылған.

Осман шамамен 1326 жылы қайтыс болған. Алайда оның қандай тіл білгені, қай тілде сөйлеп, қай тілде жазғаны, қай кезде білімдар көмекшілеріне жүгінгені жөнінде қолымызда мүлде дерек жоқ. Сондықтан кейініректе жазылған жалғыз деректегі тұжырымға сүйеніп, романтикалық түсінікке еріп кетпеу, соған негіздеп толықтай гипотеза құрастырмау маңызды.

Тақырыпқа орай

Сұхбат

ОСМАН ИМПЕРИЯСЫ НЕГЕ ҚИРАДЫ?

Үш құрлықтың тағдырын анықтаған тарихи драма

Осман империясының саяси идеологиясының өзегі неде еді?

Сірә, мұнда бірнеше фактор ұштасқан болса керек. Әлбетте, исламдағы «ғаза» идеологиясының маңызы зор болған. Алайда османлылар ғазаны өзінше түсінетін: олардың түсінігі өз дәуіріндегі Мысыр оқымыстыларының көзқарасымен бірдей бола бермеген.

Себебі дүниетанымы исламға сүйенгенімен, олар ислам әлемінің шекара шебінде өмір сүргенін ескерейік. Жемал Кафадар Османлы тарихының ерте кезеңі туралы «Ислам әлемінің қиыры» деп аталған тамаша кітап жазған. Яғни османлылар ислам әлемінің бөлшегі болғаны да, өзін солай танығаны да даусыз. Әйткенмен сол әлемнің қиырында жатқаны да рас.

Енді мына қызықты қараңыз. Бізге жеткен ең көне түрік жібек бұйымы, Бурсада тоқылып, Баязид Йылдырымның аты жазылған кездеме православ монастырінде сақталған. Ол жерге қалай жеткенін де анық білмейміз. Бәлкім, Баязид Әмір Темірдің тұтқынында жүргенде қасында болған, кейін Сербияға қайтып кеткен жесірі — серб кінәзінің қызы сол матаны ала барып, марқұм күйеуінің аруағына бағыштап монастырге берген шығар. Бұл да жорамал ғана екенін ұмытпайық.

Осман сұлтаны I Баязид есімі жазылған жібек матаның фрагменті. Шамамен 1400 жыл / Студеница монастырі, Сербия / Cornucopia

Осман сұлтаны I Баязид есімі жазылған жібек матаның фрагменті. Шамамен 1400 жыл / Студеница монастырі, Сербия / Cornucopia

Нақты білетініміз мынау ғана: бізге мәлім Осман жібегінің ең көне үлгісі қазіргі Сербия жеріндегі православ монастырінде сақтаулы тұр. Осының өзі көп нәрсені аңғартады. Бір жағынан, өзін ислам әлеміне жатқызатын элита болған. Екінші жағынан, сол элита шекара аймағындағы жұртпен тығыз араласып-құраласып өмір сүрген. Басқаша болуы да мүмкін емес еді. Серб кінәзінің қызын алған Баязид жалғыз емес: Балқандағы өзге кінәздердің де қыздары сұлтандарға әйел болған.

Әдетте олардан ұл тумайтын. Кейбірінің қыздары болды. Мәселен, І Баязидтің әйелінен екі қыз туған, оларды кімдерге ұзатқаны да белгілі. Ал бұдан арғы анық дерегіміз тым шектеулі.

Аға янычар (сол жақта) және қади — Осман империясының судьясы (оң жақта). Леметр, Массон және Монненнің «Түркия тарихы» кітабындағы гравюрасы. 1840 жыл / Getty Images

Аға янычар (сол жақта) және қади — Осман империясының судьясы (оң жақта). Леметр, Массон және Монненнің «Түркия тарихы» кітабындағы гравюрасы. 1840 жыл / Getty Images

«Осман империясындағы әйелдер» деген кітабыңызда Шығыс әйелдері дәрменсіз, қақысыз болған деген таптаурын түсінікке қарсы шығасыз. Сұлтан сарайындағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігі шын мәнінде қандай еді? Олар саясат пен мәдениетке қаншалық ықпал ете алатын?

Ең алдымен, сарай әйелдері — мүлде бөлек бір топ. Менің кітабымда олардың да орны бар, алайда әңгіме өзегі олар емес. Маған ең алдымен империяның дәргейіндегі қарапайым әйелдер, әдетте азды-көпті дәулеті, мүлкі бар әйелдер қызық.

Азды-көпті дәулетің болмаса, қоғамда орның да болмайды, даусыңды біреуге естірту де қиынның қиыны. Ал сарайда жағдай мүлде басқаша еді. Көп адам сарайдағы тәртіп бүкіл Осман қоғамына жүрген деуге бейім. Маған салса, бұл — жаңсақ ой.

Біріншіден, сарай әйелдері күң болған, ал қарапайым қала тұрғыны, шаруа әйелінің басы азат еді. Айырма жер мен көктей. Екінші жағынан, 16–17-ғасырларда сарайдағы кей әйелдердің шынымен билік жүргізіп, өз бетімен әрекет ететін мүмкіндігі болған. Оның үстіне, бұл біз ойлағаннан ертерек басталған. Мысалы, Сүлейменнің анасы Хафсаның өзі де беделі зор әйел еді. Ол Манисада үлкен мешіт кешенін салдырған. Кейін ұлы оны кеңейтіп, үлкейтті, алайда іргесін қалаған — Хафсаның өзі. Беделді болғаны сондай — оны тіпті татар ханының қызы болған деген қауесет шыққан. Мен бұл мәселенің маманы емеспін, алайда мамандар мұны дәлелденбеген жағдай дейді: Хафса да өзгелер секілді күң болғаны мәлім.

Алайда «ханның қызы» деген әңгіме шыққанының өзі-ақ оның белгілі дәрежеде билігі, беделі болғанын аңғартады.

Сүлеймен 1520 жылы таққа отырды, ал Хафса 1530 жылдардың ортасында қайтыс болды. Демек, 16-ғасырдың бірінші жартысының өзінде ол елге танымал, елеулі тұлға болғаны анық.

Одан кейін сарайда едәуір ықпалды бірнеше әйел шығады. Тіпті біреуінің өмірі жайлы Лесли Пирс жеке кітап жазған. Ол туралы дерек жеткілікті сақталғандықтан, Пирс тұтас бір ғұмырнамалық кітап жаза алған. Сүлеймен қайтыс болғаннан кейін оның ұлы ІІ Селим де, сірә, сүйікті кәнизагымен некелессе керек. Ал Қанунидің солай жасағаны анық, тіпті Ыстанбұлдың қақ ортасындағы Ат-Мейданы алаңында бұқараға ашық той жасаған. Яғни жұрттан жасырын емес, жария некелескен.

Ұлы да, шамасы, сүйікті кәнизагын азат қылып, содан кейін некелессе керек. Алайда бұл туралы білетініміздің бәрі венециялықтардың жазбаларына сүйенеді. Осман әулетінде үлкен той болса, венециялықтар әдетте сый-сияпат жіберетін. Сондықтан олар Селим Нұрбанумен шынымен некелесті ме, жоқ па дегенді анық білгісі келген. Оларға «некелесті» деген жауап жеткен. Алайда Осман империясының өз ішінде бұл оқиға дабыралап жария етілмеген.

Әлбетте, венециялықтар құр шығынданғысы келмейді. Сірә, Венецияның тұрақты елшісі — байлоның өз хабар тасушылары болған, сұлтанның неке қидырғанын солардан білсе керек. ІІ Селим содан кейін көп жасаған жоқ.

Ол өлген соң, ІІІ Мұрат тұсында Нұрбану аса ықпалды әрі бай әйелге айналды. Ол салдырған алып мешіт кешенінің едәуір бөлігінде қазір, реставрациядан кейін, Ыстанбұлдағы университеттердің бірі орналасқан. Нұрбану Венеция билігімен хат та жазысқан. Өзін Венеция ақсүйектерінен тараймын деп таныстырған. Бұл рас болмауы мүмкін. Тіпті рас болмаса керек. Алайда екі жаққа да соны шын деп білген тиімді болған.

Осман сұлтаны III Мұраттың анасы Нұрбану сұлтанды жерлеу рәсімі. «Шаханшахнаме» шығармасындағы миниатюра. 16-ғасырдың аяғы / Wikimedia Commons

Осман сұлтаны III Мұраттың анасы Нұрбану сұлтанды жерлеу рәсімі. «Шаханшахнаме» шығармасындағы миниатюра. 16-ғасырдың аяғы / Wikimedia Commons

Нұрбанудан кейін Сафие тарих сахнасына шығады. Оның салдырған мешіті Каирде әлі тұр. Одан кейін 17-ғасырдың басындағы әйелдер келеді. Солардың бірі — І Ахметтің сүйіктісі Көсем. Кейін оның ұрпақтары таққа отырғанда валиде, яғни сұлтанның анасы ретінде құрметке бөленді. Ұлы өлгеннен кейін де валиде мәртебесін сақтап, бүйүк-валиде, яғни үлкен валиде атанды. Сөйтіп, немересін қамқорлығына алды. Ақыры оны тақта отырған сұлтанның анасы Хатиже Тұрхан биліктен тайдырып, өлтіртеді.

17-ғасырдың аяғында тағы бір ықпалды валидені көреміз. Ол да аса дәулетті болған. Ол салдырған үлкен кешен әлі күнге Үскүдардың сәніне сән қосып тұр.

Бүйүк Валиде-хан — 17-ғасырда Көсем сұлтанның бұйрығымен салынған керуен сарай. Ыстанбұл, Түркия / Wikimedia Commons

Бүйүк Валиде-хан — 17-ғасырда Көсем сұлтанның бұйрығымен салынған керуен сарай. Ыстанбұл, Түркия / Wikimedia Commons

Демек, бұл әйелдердің ақшасы да, ықпалы да болған. 19-ғасырда ІІ Махмұттың бірнеше жары болған, солардың бірі — Безмиәлем. Кейін ол Абдул-Мәжит сұлтанның тұсында валиде болды. Ол ашқан мекеменің көптігі сондай — бәрін сипаттаған кітаптың өзі шамамен 450 бетке жеткен. Соған қарағанда сол мекемелердің жұмысына өзі де жіті көңіл бөлсе керек. Ыстанбұлдағы жаңа үлгідегі алғашқы жалпыға ортақ ауруханалардың бірін де осы Безмиәлем аштырған.

Безмиәлем аурухана жұмысын тексеріп келгенде өзі түсетін бір бөлме болсын деп талап еткен. Яғни ол ақша беріп қана отырған жоқ, шаруа барысын өзі қадағалағысы келді. Қайырым жасай жүріп Безмиәлем қоғамға танылған ірі тұлғаға айналды. 19-ғасырдың екінші жартысында осылай танылған соңғы әйел — Абдул-Әзиздің анасы болса керек. Қалай болғанда да, валиде болған сарай әйелдерінің көбі аса дәулетті болатын.

18-ғасырдың аяғынан бастап олар дәстүрлі діни қайырымдылыққа тікелей қатысы жоқ бастамаларды да қолдай бастады. Безмиәлем Алтын Мүйіз үстіне салынған алғашқы көпірге қаржы құйған, сонымен бірге жаңа тұрпаттағы Осман шенеуніктерін даярлайтын мектепке ақша берген. Одан бұрынғы валиделердің бірі ауызсу жеткізу ісіне қыруар қаражат жұмсаған.

Ағайынды Абдуллалар. Долмабахче мешіті мен оның алдындағы алаң. Ыстанбұл, Осман империясы. 19-ғасыр / Google Art Project / Wikimedia Commons

Ағайынды Абдуллалар. Долмабахче мешіті мен оның алдындағы алаң. Ыстанбұл, Осман империясы. 19-ғасыр / Google Art Project / Wikimedia Commons

Ұлы таққа отырып, анасын қадірлеп тұрғанының арқасында бұл әйелдер әжептәуір өз бетінше қимылдап, бастама көтере алған.

Алайда ол әйелдер һарем жұртының үркердей ғана бір шоғыры болатын. Бетүл Арғыттың 18-ғасырда еркіндік алған әйелдер туралы өте жақсы кітабы бар. Ағылшынша атауы — «Һаремнен кейінгі өмір». Сұлтанның құлдары ресми түрде азаттық ала алмайтын болса, сарай күңін күйеуге берерде ең алдымен оның басын азат ететін. Бұған арнап арнайы рәсім жасалмаған, алайда азат етілгені құжатқа түсірілген.

Тақырыпқа орай

Мамандықтар

ТҮРІК СҰЛТАНЫНЫҢ ЕВНУХТАРЫ

Ерекше мамандық бойынша қысқаша нұсқаулық

Содан кейін сарай оларға күйеу тауып берген. 18-ғасырда олардың бірі беделді адамдарға тисе, енді бірі орта дәрежелі адамдарға ұзатылған.

Олар туралы мәлімет сақталып жеткеніне бір себеп — олардың дүние-мүлкін сарай бақылап отырған. Өйткені бұлар — сұлтанның бұрынғы күңдері. Ол әйелден мұрагер қалмаса, ал кейде мұрагері қалған күннің өзінде, сұлтан да оның мұрагері болатын. Сондықтан сарай әкімшілігі бұл әйелдердің есебін жүргізіп отырған.

Сірә, олардың өз ойы мен қалауы есепке жүрмесе керек. Сарайға жас күнінде күң болып баратын, сонда тәрбие көріп, қызмет ететін. Жаңа қыздар келгенде белгілі бір жасқа жеткендерін азат қылып, ұзататын.

18-ғасырда мұндай әйелдер сарайлы, яғни сарай әйелі аталған. Бетүл ханым өте қызық монографиясында олар сарай мен қала жұртын жалғап тұрған дәнекер болған дейді. Мұндай байланыс көп емес еді. Сарай мен қала жұрты көбіне екі бөлек дүниеде өмір сүрген. Алайда сарайда тәрбиеленген, сондағы өмірді көріп өскен әйел кейін орта дәрежелі бір шенеунікке ұзатылып, жағдайы келсе, төңірегіне дос-жаран, таныс әйелдер жинайтын. Сөйтіп, соның арқасында сарайдағы әдет-салттың кейбірі Ыстанбұл жұртының арасына да тарауы мүмкін еді.

«Һаремде». Жеке коллекциядан / Getty Images

«Һаремде». Жеке коллекциядан / Getty Images

Сондықтан сарай әйелдерінің өзін бір қалыпқа салып қарауға болмайды. Бір жағында — Нұрбану мен Хүррем, енді жағында — Бетүл ханым зерттеген, аты-жөні тарихта қалмаған бұрынғы күңдер. Бір сарайда қызмет еткенімен, олардың тағдыры бір-біріне мүлде ұқсамаған.

Сарай маңынан ұзап көрсек: османлы қоғамы мен экономикасындағы әйелдердің орны мен жөні қандай еді? Бір сөзіңізде олар мүлік иелене алатын дедіңіз. Сонда олар өзі кәсіп қылып, саудаға жүре алатын ба еді?

Иә, әйелдер дүние иелене алатын. Ең алдымен, олар әкесінен мұра алатын. Кейде еншісін бұйыртпай, иемденіп кеткен бауырларымен тартысып болса да ала алатын.

Қыз үйінен ұзатыларда болашақ күйеуінен әлдебір ақша не дүние алуға тиіс болған. Мұны мәһр дейді. Әдетте мәһрдің бір бөлігі той үстінде, күйеу қалыңдығының жүзін алғаш көрген кезде берілетін. Қалған бөлігі неке бұзылғанда: күйеуі өлсе де, әйелін талақ қылса да, әйелдің өзі қайтыс болса да төленуге тиіс еді. Әйел өлген жағдайда әлгі дүние оның мұрагерлеріне өтетін.

Мысырлық шаруа әйел. 1872 жыл / Wikimedia Commons

Мысырлық шаруа әйел. 1872 жыл / Wikimedia Commons

Демек, кей әйелдердің өз меншігі болған. Қазір мен 15-ғасырдың аяғында Бурсада тұрған бір әйелдің мұрасын зерттеп жүрмін. Оның мақпал тоқитын тұтас бір шеберханасы болыпты. Өлерінен аз уақыт бұрын сол шеберханасын уақыпқа айналдырып кеткен. Уақыптың басқарушысы — мүтәуәлли етіп, ол кезде көзі тірі күйеуін емес, бұрын өзі басына еркіндік берген құлын тағайындап, уақыбын басқаруды соған тапсырған. Көріп отырғаныңыздай, Айше бинт Әли деген бұл әйелдің жеке мүлкі болып қана қоймаған, өлгеннен кейін сол дүниенің күйі не болатынын да өзі анық белгілеп кеткен.

Әлбетте, бұл — айрықша жағдай. Бәрі осылай болған деуден аулақпын. Алайда ондай мүмкіндік болған.

Ыстанбұл секілді империяның ірі қаласындағы тіршілік ауыл-аймақтағы өмірден қаншалық өзгеше болған? Астана мен аймақтардың экономикасы, қоғамы мен мәдениетіндегі негізгі айырма неде еді?

Ыстанбұл көп жағынан мүлде бөлек дүние болған. Тіпті ең қарапайым тұрмыс-тіршіліктің өзінен айырма көрінетін. Сірә, аймақтағы қалалардың қарапайым жұрты Құрбан айттан басқа кезде етті көп жемеген.

Ал Ыстанбұлға жыл сайын қыруар қой айдап әкелетін. Оның басты себебі — янычарларға ет керек: ет жеу олардың бір артықшылығы болған. Оның үстіне, ет жегені адамның қоғамдағы мәртебесі жоғары екенін көрсетеді деген түсінік те болса керек. Бір жолы осыны тайға таңба басқандай ашық жазған құжат кездестірдім: Ыстанбұлда мәртебелі адамдар көп, оларға ет жеу керек деген.

Алайда қойдың бас-сирағы секілді аса өтімді емес мүшелері де қалмай ма. Өзім Ыстанбұлда оқып жүрген кезімде Едірнекапы маңында қойдың басын асып сататын дүкендер әлі бар еді. Шынымды айтсам, ол көрініс өзіме ұнамайтын, бірақ алушыларға бәрібір болса керек. Қойдың басы мен сирағынан арнайы көже жасалады, оны пісірудің өзі бөлек кәсіп саналған.

Осман империясындағы янычарлар корпусының лауазымды тұлғалары: қазынашы, бөлім бастығы, кіші шенді офицер және қарауыл бастығы / Getty Images

Осман империясындағы янычарлар корпусының лауазымды тұлғалары: қазынашы, бөлім бастығы, кіші шенді офицер және қарауыл бастығы / Getty Images

Ондай сорпаны маңайға сатып, ақша тауып жүрген әйелдер де болған. 18-ғасырдың басынан өте қызық бір құжат сақталған. Арнайы сондай сорпа пісіретін кәсіпқой аспаздар сұлтанға шағынып, әйелдерге соны сатқызбасын деген. Іс сұлтанға жеткенде, әскери-теңіз арсеналында істейтін ұсталар қарсы өтініш жазыпты. Орталық билік құжаттарында оның қысқаша мазмұны ғана қалған. Соған қарағанда, олар шамамен былай деген:

«Әйелдеріміз пача пісіріп сатып, азын-аулақ ақша таба алмаса, біз арсеналда жұмыс істей алмаймыз. Кейде отты сөндірмей ұстап тұру үшін бірнеше күн үйге бара алмай қаламыз, ал үй-ішіміз аш отырады».

Тақырыпқа орай

Мамандықтар

ҚҰЛДЫҚ, ТЕҢДІК, БАУЫРЛАСТЫҚ

1-бөлім. Янычар деген кімдер?

Сондықтан әйелдерге пача сатуға рұқсат берген ең жөнді шешім болған. Сұлтан цех шеберлерінің айрықша құқығына қарамай, сауда жасауға рұқсат берген. Ірі қалаларда осылай майда кәсіп қылған әйел аз болмаған: көрші-қолаңға пача сатып, соған керек ет пен сүйекті тауып, пісіруге қажет шаруаның бәрін өздері реттеп жүрген.

Ыстанбұл көшесінде попкорн сатып отырған әйелдер. 19-ғасырдың аяғындағы гравюра / Getty Images

Ыстанбұл көшесінде попкорн сатып отырған әйелдер. 19-ғасырдың аяғындағы гравюра / Getty Images

Сірә, бұл соншалық сирек құбылыс болмаған. Элита аса тәуір көрмеген мал мүшелері басқа жерге қарағанда Ыстанбұлда әлдеқайда оңай табылатын. Қалаға жыл сайын негізінен Балқаннан, сондай-ақ Анадолыдан жүздеген мың қой айдап әкелінетін.

Әйелдердің кейбірі отбасы уақыбынан түсетін табыстан күн көрген. Олардың сол табыстан енші алатындар қатарына қосылатын-қосылмайтыны, шамасы, өздерінің де уақыпқа не қоса алатынына байланысты болса керек. Зерттеуші Бешара Думани бұл құбылысты қазіргі Палестина мен Ливан жерінде зерттеген. Екі қаланың бірінде әйелдер отбасы уақыбы ісіне жоқтың қасы қатысса, өзгесінде олардың орны едәуір болған.

Көріп отырғаныңыздай, бір кезеңнің өзінде әр өңірдің салты басқа болуы мүмкін.

Профессор Думани мұның себебін былай түсіндіреді. Тарабулуста, яғни қазіргі Ливандағы Триполиде табыстың едәуір бөлігі қаланың іргесіндегі зәйтүн бақтарынан түскен. Әйелдер ондағы жұмысқа емін-еркін араласа алған: зәйтүн қағып, теріп, оны май сығатын жерге жеткізген.

Көше саудагері үйінің табалдырығында тұрған әйелге тауарларын ұсынып тұр. Константинополь, Осман империясы, 1907 жыл / ullstein bild via Getty Images

Көше саудагері үйінің табалдырығында тұрған әйелге тауарларын ұсынып тұр. Константинополь, Осман империясы, 1907 жыл / ullstein bild via Getty Images

Ал Палестинадағы жағдайда ауыл-ауылды аралайтын саудагерлер туралы сөз болып отыр. Әйелдер ондай іске араласа алмаған. Сондықтан олар бұл шаруашылық байланыстарынан да, соған қарай уақып жүйесінен де тыс қалған. Екі қалада уақып құру жолы бір-бірінен едәуір бөлек болғанын, сірә, осыдан түсіндіруге болады.

16-ғасырдағы Ыстанбұлда әйелдер құрған қайырымдылық уақыптары өте көп болған. Көбі шағындау болатын. Мәселен, бір әйел өзі азат еткен күңдері баспанасыз қалмасын деп үйін уақыпқа бере алатын. Мұндай шағын дүниені орташа дәулетті әйелдің де шамасы көтерген. Уақып құру үшін міндетті түрде асқан бай болудың керегі жоқ еді.

Түрік әйелі. Осман империясы, шамамен 1885 жыл / adoc-photos / Corbis via Getty Images

Түрік әйелі. Осман империясы, шамамен 1885 жыл / adoc-photos / Corbis via Getty Images

Уақып құрғандардың арасында әйелдер үлесі бір кезеңде шамамен 40 пайызға жеткен. Яғни уақып құрғандардың жартысына жуығы әйел болған. Бұл әрине, таңғаларлық. Көбінің уақыптары шағын болғанымен, заң жүзінде бәрібір толық уақып саналатын.

Өңірлердегі қалаларда мұндай жағдайды көрмейміз. Ал ақша табатын мүмкіндікке келсек, ірі сауда орталықтарында ондай мүмкіндік көбірек болған. Каир тарихының маманы, әріптесіміз Нелли Ханна онда қоғамның әр қабатынан шыққан көп әйелдің сауда-саттыққа араласқанын көрсеткен.

Мәселен, Ыстанбұлдан келген Осман бақылаушылары Каирде нанды әйелдер сатып тұрғанын көріп таңғалған. Өйткені Ыстанбұлда ондай болмаған. Бұл туралы 17-ғасырдан да, 19-ғасырдан да дерек жеткен.

Нан пісіріп жатқан әйелдер. Мосул, Месопотамия, Осман империясы. Шамамен 1900 жыл / ullstein bild via Getty Images

Нан пісіріп жатқан әйелдер. Мосул, Месопотамия, Осман империясы. Шамамен 1900 жыл / ullstein bild via Getty Images

Сірә, Каирге ғана тән құбылыс — әйелдер басқаратын наубайханалар болған, нанды да өздері сатқан. Тағы бір деректерден қоғамдағы беделді азаматтардың әйелдері де қосымша ақша табу үшін кесте тіккенін көреміз.

Өзім жақсы көретін әңгімелердің бірі — күйеулері әжептәуір ауқатты екі әйелдің арасындағы дау. Біреуі екіншісіне кесте тігуге алтын жіп берген. Дайын кестесін қолына алған соң, алтыным азайып қалды деген. Екеуі сарап қылсын деп зергерді шақырған. Ол шағымның шынымен де орынды екенін анықтаған. Істің аяғы немен тынғанын білмейміз, алайда өңірлік қаладағы әжептәуір ауқатты отбасының әйелі ақыға кесте тіккенінің өзі — назар аударарлық жайт.