Репрессияға қарсылық: Алаш қозғалысының тууы

Жетісу губернаторының қазақ зиялыларымен күресі

~ 12 мин оқу
Репрессияға қарсылық: Алаш қозғалысының тууы

Коллаж / Qalam

1909 жылы тұтқындалып, бірнеше ай түрмеде отырған, кейін қазақ даласынан жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлының араға бес жыл салып, өзін қуғындауға себепкер болған адамға алғыс айтуы таңғаларлық жағдай еді. Шын мәнінде сол қуғын-сүргін болмағанда, Байтұрсынұлы ағартушылық жолын жалғастырғанымен, қазақтың бас газетінің шығарушысына айналмауы мүмкін болатын. Алайда аса күдікшіл бір губернатор мен Ресей империясының басқару жүйесіндегі ерекшеліктер оның ағартушыдан қоғам қайраткеріне айналуын жеделдетті. Бұл туралы Qalam оқырмандарына тарихшы Томохико Уяма баяндайды. Мәтін автордың рұқсатымен оның бұрын жарияланған еңбектері негізінде бейімделді.

Партикуляр империя деген не?

«1917 жылға дейін Жетісу облысындағы жергілікті шаруалар Жалпы губерния басқармасына бағынып, облыстың әскери губернаторына қарасты болатын; ал Ресейден жаңа қоныс аударғандар қоныстандыру мекемелеріне қарайтын,  қазақтар мен қырғыздар Дала ережесі мен әскери губернаторға; қалалар Қала ережесіне; казактар ерекше әскер ережесі мен атаманға; тараншылар, яғни ұйғырлар Түркістан ережесі мен әскери губернаторға бағынатын»iЖетісу казак әскері атаманы Ионовтың адмирал Колчакқа берген есебінен, 1919 жылғы 30 сәуір.

Бұл дәйексөзден патша заманындағы Орталық Азияны басқару жүйесі қаншалық шым-шытырық болғанын анық аңғарамыз. Ресми түрде бұл жүйе аумақ қағидатына сүйенетін, алайда бір облыс тұрғындарының өзі ұлтына, дініне, қай сословиеден шыққанына қарай түрлі мекеме мен қилы заңға бағынатын.

Ресей империясы тұсындағы Жетісу облысының картасы. 1913 жыл / Wikimedia Commons

Ресей империясы тұсындағы Жетісу облысының картасы. 1913 жыл / Wikimedia Commons

Ортақ ереже жүйесінің орнына сансыз ерекше нұсқаулық, ерекшелік не уақытша шешім жүретін мұндай тәртіпті тарихшылар партикуляризм дейді. Бұл көбіне самодержавиелі империяның басқару жүйесіндегі ерекшеліктерге байланысты болатын. Бағынышты әр ел, әр халық монархқа жеке-жеке ант беріп, оларға бөлек-бөлек құқық, артықшылық пен алым-салық тәртібі жүретін.

Константин фон Кауфманның портреті / Wikimedia Commons

Константин фон Кауфманның портреті / Wikimedia Commons

Бодандарды басқаруда жеке тұлғаның да ықпалы зор болған. Губернаторлар мен генерал-губернаторлардың әкімшілік және сот билігі ауқымды еді, олар өз саяси бағытын ұстана алатын. Мәселен, жергілікті жұрт «жарты патша» атаған Түркістанның тұңғыш генерал-губернаторы Константин фон Кауфман өлкені әміршіл де патриархал жолмен билеп, сонымен бірге Ресей империясында қолданылған мағынасында «ағартушы» да болды. Ал оның ізбасары Михаил Черняев, керісінше, аса консерватив бағыт ұстанды; соның бір айқын көрінісі — Кауфман ашқан Ташкент көпшілік кітапханасын талқандауы. Басқару ісі заңнан гөрі шенеуніктердің жеке шешімі мен ықпалына көбірек тәуелді болған мұндай жүйе Орталық Азияда Ресей империясы құлағанға дейін сақталды.

Мемлекет қазақтарға қалай қарады?

Империя өкіметінің қазақтарға көзқарасы қайшылыққа толы болды. Патша шенеуніктері қазақтарды «өркениеттің төмен сатысында тұрған» көшпелі халық деп санады. Бірақ сонымен бірге «қазақтар ислам дінінің қағидаларын қатаң ұстанбайды, сондықтан Орталық Азиядағы отырықшы мұсылман халықтарына қарағанда оларды орыс билігі мен мәдениетінің ықпалына түсіру оңайырақ болады» деп есептеді.

Татар мектебі / Низами Ибраимовтың жеке топтамасынан / Ашық дереккөздерден

Татар мектебі / Низами Ибраимовтың жеке топтамасынан / Ашық дереккөздерден

Біреулер қазақтар арасында православие мен орыс білімін таратайық десе, енді біреулер ашық миссионерлікке қарсылық болады деп қауіптенді. Ақыры өкімет татар мұғалімдері мен Орынбор мұсылман діни жиналысының ықпалын әлсіретуге тырысты, бірақ қазақтарды жаппай шоқындыруға бәрібір білек сыбанып кірісе алмады.

Әскери қызмет мәселесінде де дәл осындай екіұштылық байқалды. Өкімет қазақтарды туа біткен шабандоз, төзімді, даланың қатал тіршілігіне үйреніп өскен халық деп білетін, сөйте тұра шенеуніктер сол ержүрек халықтың қолына қару ұстатқанды қауіп көретін. Біреулер әскери қызметті қазақтарды орыстандырып, толық құқылы бодан етудің құралы деп білсе, енді біреулер көшпелілердің жауынгер рухын оятып алудан қорқып, оларды әскер қызметінен босатып ұстаған жөн деп санады. Империя қазақтардан адал бодан болуды талап етті, оларды отырықшыландырып, орыс мәдениетіне жақындатуға тырысты, сөйте тұра оларға жалпыға ортақ құқықтар беріп, міндеттер жүктейтіндей сенім артқан жоқ.

Тақырыпқа орай

КСРО-дағы қуғын-сүргін

КЕҢЕС БИЛІГІ ХАН ТҰҚЫМЫН ҚАЛАЙ ҚУДАЛАДЫ?

«Қызыл террор» және Бөкей ханның ұрпағы

Александр Тройницкий кім?

Александр Николаевич Тройницкий ақсүйек шенеуніктер әулетінде дүниеге келген. Императорлық құқықтану училищесін бітірген соң, 1891 жылы Ішкі істер министрлігінде қызметін бастайды. Түрлі лауазым атқарып, 1910 жылы Семей облысының губернаторы болып тағайындалады. Тройницкийдің өзіне дейінгілерден бір ерекшелігі — азаматтық қызметтен келген шенеунік болуы еді. Бұған дейін Семей облысын тек әскери адамдар басқарған. Алайда губернаторлыққа азаматтық шенеуніктің келуі патша билігінің жергілікті халыққа қатысты саясатын жұмсарта қойған жоқ.

Александр Тройницкийдің портреті / Wikimedia Commons

Александр Тройницкийдің портреті / Wikimedia Commons

Тройницкий қара жүздіктерге (черносотенцы) жақын оңшыл көзқарас ұстанған. Губернияға орыс шаруаларын көшіріп әкелуді қолдаған ол Қытаймен арадағы шекара бойында орыс қонысы көбірек болуға тиіс деп санады. Тройницкийдің шекара маңындағы аудандарда «орыс элементін» күшейтуге ұмтылғаны оның қазақтарды «зымиян әрі жау пиғылды халық» атап, күдікпен қарауына да байланысты еді. Оның пікірінше, халықаралық қақтығыстарда қазақтар үнемі жеңген жаққа шығып кетеді, орыс-жапон соғысы мұны көрсетіпті-мыс — Ресейден Қытайға, Қытайдан Ресейге еркін көшіп жүре береді, сондықтан шекара маңында тұратын бұл халыққа мүлде сенуге болмайды.

Тройницкий көшпелі халық үшін жасалған ерекше құқық тәртібін жоюды жақтады. Ол «мемлекет бодан халыққа өзінің байырғы төл халқынан артық құқық бере алмайды» деп санап, әдет-ғұрып құқығымен іс қарайтын сайланбалы соттарды сақтауға қарсы болды.

Жоғары тұрған шенеуніктерден полиция штатын және басқа да қадағалау органдарын көбейтуді сұрап, үнемі өтініш жолдап, өзі тікелей қарасты Дала генерал-губернаторы Евгений Шмитті облыстың дамуын тежеп отыр деп айыптайтын. Бұл кезеңде генерал-губернаторлық институтын жергілікті басшылардың жиі сынауы қалыпты жағдайға айналғанын да айтпай кетуге болмас.

Генералдар Александр Медведев пен Евгений Шмит жұбайларымен бірге. Омбы, шамамен 1909 жыл / Wikimedia Commons

Генералдар Александр Медведев пен Евгений Шмит жұбайларымен бірге. Омбы, шамамен 1909 жыл / Wikimedia Commons

Жалпы Тройницкий Семей губернаторы қызметіне аса разы емес еді. Қоластындағы қызметкерлерге көңілі толмайтын, казактарды да жалқау деп жиі айыптайтын. Ата-анасына: «Дөңгелекке түскен тиіндей зырылдап жүрмін», «ешкімнен көмек көрмеймін», «бәрін жалғыз өзім істеуге мәжбүрмін» деп шағынатын. Семей облысын «жабайы өлке» атап, қызметінің алғашқы жылдарынан-ақ Еуропалық Ресейге ауысуды армандайтын. Сондықтан Тройницкийдің қазақ белсенділеріне қатысты саясатын оның жеке жағдайынан бөліп қарауға болмайды.

20-ғасыр басындағы Қазақстан

Тройницкий губернатор болған жылдар Қазақстанның саяси және мәдени тарихындағы бетбұрыс кезеңмен тұспа-тұс келді. Орысша білім алған алғашқы ірі қазақ зиялылары — ең алдымен Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин 19-ғасырдың ортасында-ақ шыққан. Ғасыр соңына қарай қазақ даласында білімді, қоғам өміріне белсене араласатын зиялылардың едәуір шоғыры қалыптасты. Алайда қазақтар саяси өмірге шын мәнінде 1905 жылғы революция кезінде араласты.

Илья Репин. «1905 жылдың 17 қазаны». 1907–1911 жылдар / Wikimedia Commons

Илья Репин. «1905 жылдың 17 қазаны». 1907–1911 жылдар / Wikimedia Commons

Әр қала, әр кентте митинг, жиындар өтіп жатты. 1905 жылғы маусымда Семей облысындағы Қарқаралыда өткен съезге қатысқандар петиция қабылдап, оған 12 767 адам қол қойды. Петиция авторлары мемлекеттің дін ісіне араласуын, орыстандыру мен отарлау саясатын сынады. Бірнеше қазақ зиялысы І және ІІ Мемлекеттік думаға сайланды. Олардың арасында болашақ Алаш Орда автономиясының басшысы Әлихан Бөкейхан да бар еді.

Әлихан Бөкейхан, Семей түрмесі. 1908 жыл / Wikimedia Commons

Әлихан Бөкейхан, Семей түрмесі. 1908 жыл / Wikimedia Commons

Алайда 1907 жылғы маусымда-ақ қазақтар мен Орталық Азияның өзге де халықтары Мемлекеттік думаға депутат сайлау құқығынан айырылды, саясат белсенділеріне қысым күшейді. Ашық саяси қызмет біраз уақыт бәсеңдеді. Алайда көп ұзамай қазақ зиялылары қайта бой көрсетіп, саяси маңызы күн санап артып келе жатқан мәдениет және қоғам саласына араласты.

Қазақ тіліндегі кітап саны күрт көбейді. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті шыға бастады. 1917 жылы Алаш қозғалысына ұласқан идеялар мен байланыстар дәл осы ортада біртіндеп қалыптасты.

«Айқап» журналының мұқабасы. 1911–1915 жылдар / Wikimedia Commons

«Айқап» журналының мұқабасы. 1911–1915 жылдар / Wikimedia Commons

Ақбаев ісі

Тройницкий бастаған алғашқы ірі қуғын-сүргін — Жақып Ақбаев ісі. Ақбаев 1903 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, 1905 жылғы қарашада қызметтен кеткенге дейін Омбы сот палатасында және басқа да сот мекемелерінде істеген. Революция кезінде демонстрацияларға қатысып, патшаға және үкіметке арнап үндеу жазған. Әсіресе 1905 жылғы қарашада Павлодар мен Қарқаралыдағы митингілерде сөйлеген отты сөздері оның атын кеңінен шығарды. 1906 жылы ол тұтқынға алынды, бірақ кейін сотта ақталып шықты. Босаған соң алқалы адвокаттың (присяжный поверенный) көмекшісі болып істеп, жергілікті тұрғындардың атынан билікке өтініш пен шағым жазып жүрді.

Жақып Ақбаев / Wikimedia Commons

Жақып Ақбаев / Wikimedia Commons

1908 жылғы қарашада губернатор Александр Тройницкий Дала генерал-губернаторы Евгений Шмитке: «Ақбаев халықты билікке бағынбауға үндеп жүр, өзін даланың «кіші патшасындай» ұстайды» деп жазды. Губернатордың пікірінше, «жартылай тағы» тұрғындар мұны биліктің осалдығы деп түсінуі мүмкін еді, ал Қытаймен шекаралас облыста бұл ерекше қауіпті болатын. Тройницкий Ақбаевты алдымен Ақмола облысының шалғай бір түкпіріне жер аударып, сосын Ішкі істер министрінен оны Сібірдің алыс губернияларына бес жылға айдатып жіберсін деп сұрауды ұсынды.

Тақырыпқа орай

Сұхбат

АЛАШ РЕСПУБЛИКАСЫ

Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы Алаш көсемдері қандай мемлекет құруды көздегенін және олардың болашаққа бағдарын түсіндіреді

Шмит Ақбаевты Ақмола облысының Омбы уезіне жер аударады да (шын мәнінде оны шалғай жер деп айту қиын еді), министрден оны Якут облысына жіберсін деп сұрады. Алайда министр шешімді сәл жұмсартып шығарды: Ақбаевқа Петербург, Мәскеу, астаналық губерниялар мен Дала генерал-губернаторлығынан басқа жерден, полицияның бақылауында тұратын орынды өзі таңдауға рұқсат берілді. Шектеу екі жылға белгіленді. 1909 жылғы ақпанда Ақбаев Омбыдан Жетісу облысындағы Қапалға аттанды. Сөйтіп, ол туған жері Қарқаралыдан гөрі Қытай шекарасына әлдеқайда жақын орналасқан қазақ қаласына барып тұрды, ал Тройницкий оны жер аудару керек деп, шекара маңында жүргені қауіпті екенін де дәйектеген еді.

Қапал қаласының орталық алаңы. Жетісу облысы, 1857 жыл / Wikimedia Commons

Қапал қаласының орталық алаңы. Жетісу облысы, 1857 жыл / Wikimedia Commons

Ақбаев Ресей заңдарын жақсы білетін, саяси санасы да ояу еді, сондықтан үнсіз қалғысы келмеді. Сол кезде граф Пален басқарған сенаторлық тексеру Түркістан өлкесінің, оның ішінде Жетісудың жай-күйін зерттеп жатқан. 1909 жылғы сәуірде Ақбаев Паленге 73 беттен тұратын ұзақ өтініш жолдады. Өтініште Ақбаев өзінің жер аударылуына жергілікті шенеуніктермен арадағы қайшылықтары себеп болды деген емеурін танытады. Өйткені бұған дейін осы шенеуніктердің қызмет бабын асыра пайдалану әрекеттерін бірнеше рет әшкерелеген.

Сонымен қатар Ақбаевтың төңірегінде Абдул-Әзиз Бекметев есімді жасырын ақпарат беруші болған. Полицияда тілмаш болып қызмет атқарған ол Ақбаевтың әйелінің туысы еді. Бекметев Қарқаралыдағы белгілі татар көпестерінің әулетінен шыққан, әрі бұған дейін Конституциялық-демократиялық партияның идеяларына іш тартқан. Алайда уезд бастығының өзін жер аударып жіберуінен қауіптенген ол билікке агент болуға келісіп, Ақбаевқа қарсы мәлімет жинай бастаған. Бұл оқиға шенеуніктердің жергілікті қайшылықтар мен қуғын-сүргінге ұшырау қаупін өз пайдасына қалай жаратқанын көрсетеді. Олар осындай тәсілдер арқылы билікке қолайсыз азаматтарды тықсырып, жоқ жерден жазықты етуге тырысқан.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: ҮЛКЕН ҮМІТ

3-дәріс.

1910 жылғы қаңтарда Ақбаев тағы бір өтініш берді. Қапал уезінің бастығы бақылаудағы оның жүріс-тұрысы мінсіз екенін айтып, жер аудару мерзімін азайту туралы өтінішті қолдады. Оны Жетісу облысының әскери губернаторы да құптады. Соған қарамастан, сол жылғы ақпанда Ішкі істер министрі тоғыз қазаққа, соның ішінде Ақбаевқа да, екі жыл бойы Дала генерал-губернаторлығы аумағында, сондай-ақ Жетісу және Торғай облыстарында тұруға тыйым салды.

Мұны Тройницкийдің ішінара жеңісі деуге болар. Ақбаев Қытай шекарасынан алыс, әйтсе де бұрынғыдай Қазақ даласының іргесінде тұрған қала — Орынбор губерниясындағы Троицкіге көшіп барды.

Байтұрсынұлы, Төгісов және Дулатұлы істері

1909 жылғы шілдеде Қарқаралыда ақын, бұрынғы мектеп меңгерушісі Ахмет Байтұрсынұлы тұтқынға алынды. Оған үкіметке қарсы үгіт жүргізді, сепаратистік әрекет жасады деген айып тағылды. Байтұрсынұлының жұбайы Дала генерал-губернаторына «іс өзімен бақас қазақ тобының жалған мәліметіне сүйеніп қозғалған, күйеуім жазықты болса — соттасын, жазықсыз болса — босатсын» деп жазды.

Ахмет Байтұрсынұлы / Wikimedia Commons

Ахмет Байтұрсынұлы / Wikimedia Commons

Тройницкий оны босатуға қарсы болды. Губернатордың айтуынша, Байтұрсынұлы Ақбаевты қайтаруға тырысып жүрген, автономия құруды насихаттаған, салық төлемеуге үндеген, орыстар мен қазақтарды бір-біріне шағыстырған-мыс. Күзге қарай ақынды босату талабы Петербургке жетті: Мемлекеттік дума депутаты Николай Скалозубов Ішкі істер министрлігіне хат жолдады, ал «Современное слово» газеті «Киргизский народный поэт в тюрьме» (Қырғыз халық ақыны түрмеде отыр) деген мақала жариялады. Тек оның пайдасы шамалы еді. Байтұрсынұлы 1910 жылғы ақпанға дейін айып тағылмастан қамауда отырды, кейін оған дала облыстарында тұруға тыйым салынды. Ол Орынборға барып тұрды.

1909 жылғы тамызда бұрын бітістіру судьяларының тілмашы әрі хатшысы болған, ресми құқығы болмаса да адвокаттық қызмет көрсетіп жүрген Көлбай Төгісов тұтқынға алынды. Төгісов мұны шаруа бастығы Чернавиннің қызметтен қуылуына себеп болған шағымы үшін өш алмақ әрекет деп білді. Тройницкий, керісінше, оны «аса солшыл партиялармен» байланысы бар, «қараңғы бұқара» арасында ықпалы орасан зор қауіпті үгітші етіп көрсетті. Губернатор Төгісовке жер дауын қоздырды, салық төлемеуге үндеді, орыс шаруаларының қоныс аударуына және көшпелі халықты отырықшыландыруға кедергі болды деп айып тақты. Ол тіпті Төгісовтің әрекеті қарулы көтеріліске ұласып кетуі мүмкін деп, оны Якут облысына бес жылға жер аудартып жіберуге әрекеттенді.

Тақырыпқа орай

Ескі газет қиындылары

Жасасын түркі-татар баласы!

«Үш жүз» газетіне жолданған хаттар

Алайда бұл жолы Дала генерал-губернаторы Тройницкийді қолдамады. Іс дәлел жоғынан тоқтатылды. Бұрын Төгісовті жер аударып жіберу туралы қаулыға қол қойған казактардың бірі өзіне шаруа бастығы Холмский адастырып қол қойғызғанын мойындады. Холмский Тройницкиймен достығын арқа тұтып, оның шешіміне оңай ықпал ете аламын деп сендірген. Төгісов өзі де Ішкі істер министріне: «Тройницкий мырзадан ешбір рақым күтпеймін» деп жазып, «жазығым жоқ» деген сөзін тағы қайталады.

Кейін Төгісов тағы тұтқынға алынды. 1912 жылы босап шығар алдында Тройницкий оны тағы да шалғайдағы Якут облысына, ең құрығанда Енисей губерниясына жіберуді ұсынды. Алайда генерал-губернатор Шмит әкімшілік жолмен жер аударуға тек ерекше жағдайда мұрсат берген Ішкі істер министрлігінің өкіміне сілтеп, Төгісовке Қапалға барып тұруға рұқсат етті.

Міржақып Дулатұлы / Wikimedia Commons

Міржақып Дулатұлы / Wikimedia Commons

Ақын Міржақып Дулатұлы 1911 жылғы маусымда тұтқынға алынды. Оған «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы себеп болды: авторға халықты үкіметке қарсы үгіттеді, императордың ұлы мәртебесін қорлады деген айып тағылды. Түрлі ведомство тілмаштары кітапқа түрліше баға бергені көп нәрсені аңғартады: генерал-губернатор кеңсесі кітаптан заңға қайшы ештеңе таппайды, ал Семей губернаторының тілмаштары одан қылмыс белгісін табады. Ақыры Қазандағы баспасөз істері жөніндегі уақытша комитет жинаққа тыйым салып, сот Дулатұлын кінәлі деп тапты.

1912 жылы босап шыққан соң Дулатұлы Орынборға барып тұрып, сонда Байтұрсынұлымен бірге, Әлихан Бөкейханның қатысуымен «Қазақ» газетін ашады. Сөйтіп, жер ауып кеткенімен, зиялылар шоғырланған ең маңызды орталықтарға көшкен олардың қоғамдық қызметі тоқтап қалған жоқ.

 «Қазақ» газетінің жетінші саны, 1913 жылғы 22 наурыз / Wikimedia Commons

«Қазақ» газетінің жетінші саны, 1913 жылғы 22 наурыз / Wikimedia Commons

Ақбаевтың ісі сияқты, Байтұрсынұлы, Төгісов және Дулатұлы істері де Тройницкийдің өзіне тән қолтаңбасын танытты: ол азаматтарды сотсыз ұзақ қамауда ұстап, өзіне жақпағандарды мүмкіндігінше алысқа жер аударып жіберуге тырысқан. Алайда губернатордың билігі шексіз емес еді. Тройницкийдің талаптарын әдетте Дала генерал-губернаторы мен Ішкі істер министрлігі қарап, уақыт өте келе олар бұл талаптардың көбін шектен шыққан әрі жеткілікті дәлелге сүйенбеген деп табатын. Зиялылардың өзі де, отбасы да қол қусырып отырмады: өтініш жазды, бюрократиялық қайшылықтарды пайдаланды, сөйтіп, кейде шешімді жұмсартып та алды. Империя заңдары өкіметтің озбырлығын жоймаса да, оны біршама тежеуге мүмкіндік беретін.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

АЛАШ ОРДА ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ДИПЛОМАТИЯСЫ

Ұмыт болған миссиялар мен қолдан сусып кеткен егемендік

Тройницкийдің қазақ ұлт қозғалысына ықпалы

Тройницкийдің қуғын-сүргіні мен ағартуға жаны қас ұстанымы туралы хабар бірте-бірте астанаға да жетті. Петербургтен шығатын «В мире мусульманства» басылымы губернатор Семей мұсылмандарына бастауыш білім мәселесін талқылайтын жиын өткізуге тыйым салғанын, ағарту қоғамының жарғысын бекітпегенін, қазақ шәкірттерінің стипендиясын тоқтатып тастағанын хабарлады. Алайда Тройницкий жауапқа тартылған жоқ, мансабына да түптеп келгенде еш нұқсан келмеді.

1914 жылдың басында Тройницкий Тула губерниясына губернатор болып ауыстырылды. Семей облысының тұрғындары оның кеткенін көптен күтіп жүрген еді. «Русское слово» газеті қазақтар 1911–1912 жылдары жаппай мал қырылған жұтты қоса алғанда, өлкеге төнген бәле-жаланың бәрін дерлік содан көрді деп жазды. Губернатордың кеткеніне қуанғаны сондай — жұрт Құдайға шүкір айтып, алты жүз қой құрбан шалыпты-мыс.

Александровская көшесі, Семей. 20-ғасыр басы / Ашық дереккөздерден

Александровская көшесі, Семей. 20-ғасыр басы / Ашық дереккөздерден

Тройницкийдің қуғын-сүргіні Ресей империясының да өлшеміне сыймайтын, бірақ ол басқару жүйесінің өз ішінен туған құбылыс еді. Ресей империясында ұлан-ғайыр даланы жергілікті қоғамның жай-жапсарын біле бермейтін шағын аппарат басқарып отырған, сондықтан өкімет сенімді дәлелі болмаса да күдіктілерді тұтқынға ала беруді сақтық шарасы деп санады. Өкімет астыртын хабаршыларға сүйенді, ал олар көбіне жеке басының өшін алу үшін домалақ арыз жаза беретін. Алайда қуғындалған зиялылар да қол қусырып отырған құрбан болған жоқ: олар Ресей бюрократиясы қалай құрылғанын білетін, Ішкі істер министрлігіне өтініш жолдап, Мемлекеттік дума депутаттарына жүгінетін.

Жер ауып кеткен күнде де олардың қызметі тоқтап қалған жоқ, керісінше, олар Дала өлкесінің шет аймақтарындағы қалаларға көшіп барды. Орынборда Байтұрсынұлы мен Дулатұлы татар баспагерлерімен, саясат қайраткерлерімен араласты; Ақбаев пен Төгісов барып тұрған Қапал Верный мен Семей арасындағы жұрт ағылып жатқан жолдың бойында тұрған; Троицкіде «Айқап» журналы шығатын. Жер ауып барғандар оқшауланып қалудың орнына, жаңа адамдармен танысып, араласып, өздерінің журналистік қызметіне жол ашты. Мәселен, Тройницкий ауысып кеткеннен кейін Байтұрсынұлы оған тосыннан алғыс айтты:

Өз басым Тройницкийге алғыстан басқа һеш нәрсе айтпаймын. Өйткені жалған жала, жасырын шағымға инабат етіп, бұлдаушы болмаса, менің үстімнен жасырын шағым болмас еді. Жасырын шағым болмаса, мен Қарқаралыдан Орынборға қуылмас едім. Орынборға қуылмасам, Қарқаралыда тұрып, осы істеп отырған ісімді істей алмас едім. Елу-алпыс балаға ғана арнап берген сабақтан алты миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін.

Байтұрсынұлы «алты миллион қазақтың ісі» деп Дулатұлымен бірге шығарған «Қазақ» газетін меңзеген. Газет жер мәселесін, саяси басқару, дін ісін және халықаралық оқиғаларды талқылап, сонымен бірге қазақ тілі мен әдебиетін дамытты. Алаш қозғалысына негіз болған идеялар мен байланыстар осы газеттің төңірегінде қалыптасты. Сөйтіп, қазақ зиялыларын басып-жаншу әрекеті кері нәтиже берді: Тройницкий өзі де байқамай қазақ ұлт қозғалысының қалыптасуын жеделдетіп жіберді.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

Uyama T. Repression of Kazakh Intellectuals as a Sign of Weakness of Russian Imperial Rule: The Paradoxical Impact of Governor A. N. Troinitskii on the Kazakh National Movement // Cahiers du monde russe. 2015. Vol. 56. No. 4. P. 681–703.

Uyama T. A Particularist Empire: The Russian Policies of Christianization and Military Conscription in Central Asia // Empire, Islam, and Politics in Central Eurasia / ed. by T. Uyama. Sapporo: Slavic Research Center, Hokkaido University, 2007. P. 23–63. (Slavic Eurasian Studies. No. 14).