Қожа Ахмет Ясауи қабіржапқышы

Бір қиық мата тарих жайлы қандай сыр шертеді?

~ 5 мин оқу
Қожа Ахмет Ясауи қабіржапқышы

Коллаж / Qalam

Ғылыми айналымға енбей тұрып-ақ даңқы жайылатын бұйымдар болады. Жұрт оларды көзінің қарашығындай сақтап, меймандарына көрсетеді, олар жайлы аңыз-әңгімелер өрбітеді, сөйте тұра, бұл бұйым қашан, қайдан, кімнің қолынан шықты деген ең қарапайым сұрақтардың жауабы ондаған жылдар бойы табылмай келуі мүмкін. Қожа Ахмет Ясауи қабіріне жабылған қабіржапқыш дәл сондай жәдігер болды. Қазақстанда Ясауи есімін білмейтін адам некен-саяқ, оның маңызы ұлт тарихының шеңберіне сыймасы тағы анық. Орталық Азиядағы ең ірі сопылық дәстүрдің бірімен байланысты Ясауи мұрасы Түркістаннан әріге тарап кеткен. 14-ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен Ясауи басына көтерілген кесене аймақтың ортағасырдағы архитектурасының бас жәдігерінің біріне айналды. Қабірдің үстіне жапқан көне қабіржапқыш — Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған болуы мүмкін сол кешендегі ең бір сыры мен құпиясы көп бұйымдардың бірі. Qalam-ға құнды жәдігер туралы археолог, тарихшы әрі реставратор Тетяна Крупа әңгімелеп берді.

Қабіржапқыш (парсыша قبرپوش, қабр-пуш) — ерекше қасиетті адамдар жерленген орынның үстінен салынған кенотафтарды бүркейтін алуан түрлі мата. Мұндай қабіржапқыштар имамзадаларда (имам ұрпақтарының қабірханаларында), сопылардың киелі орындарында және өзге де жерлеу кешендерінде кездеседі. Кейбірі қабіртасқа арнап жасалса, ал кейде қабірдің үстіне қымбат мата, кілем, тіпті Қағбаны жабатын кисуаның бір бөлігі жабылған.

Мұсылман қажыларының Құран аяттары алтын және күміс жіптермен кестеленген қара жібек мата — кисуамен жабылған Қағбаны қоштасу рәсімінде айналып өтуі. Мекке, Сауд Арабиясы, 2026 жылғы 30 мамыр / Али Атмаджа / Anadolu via Getty Images

Мұсылман қажыларының Құран аяттары алтын және күміс жіптермен кестеленген қара жібек мата — кисуамен жабылған Қағбаны қоштасу рәсімінде айналып өтуі. Мекке, Сауд Арабиясы, 2026 жылғы 30 мамыр / Али Атмаджа / Anadolu via Getty Images

Қабіржапқыштардың арасында жай матадан бастап, түйіндеп тоқылған нәзік бұйымдар, күрделі тәсілмен тоқылып, шым-шытырық өрнек пен мол жазу төгілген маталар бар. Олар жүннен, мақтадан, жібектен тоқылып, алтын және күміс жіппен кестеленіп, әшекейленген. Жерге төсейтін кілем сияқты, қабіржапқыштарды киелі орындар мен зиярат ететін жерлерге арнайы тапсырыспен жасатады. Алайда бұл жәдігерлер әлі күнге дейін жеткілікті зерттелмеген.

Әлбетте, сонау ортағасырда тоқылған матаның қазірге дейін әуелгі қалпын бұзбай жетуі — өте сирек жағдай. Қожа Ахмет Ясауидің бізді 15-ғасырдың аяғындағы мәдени әлеммен жалғап тұрған қабіржапқышының бірегейлігі де осымен астасып жатыр.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

Қазақтың кие культі

Дәстүрлі сенімдер ислам мәдениетімен қалайша сыйыса алды?

Қай жылы жасалғаны белгісіз жәдігер

Қабіржапқыштан біздің заманымызға құрақ-құрақ бөлшектер жеткен. Сақталып қалған бөліктерін жинағанда, өлшемі 210×318 шамалас бұйым шықты. Алайда бастапқы өлшемі қандай болғаны белгісіз. Матасы жыртылып қалған, кейін жалғанып, жөнделгені байқалады, әшекейінің бір бөлігі жоғалған.

Көп уақыт бойы бұйымның жасалу мерзімі әжептәуір бертінгі кезең деп көрсетіліп келді: музей құжаттарында 18-ғасыр деп көрсетілсе, кейінірек 16–17-ғасырлар да аталып жүрді. Шын мәнінде, қабіржапқыштың өзіне не жасалу мерзімі, не шебердің аты-жөні жазылмаған. Бұйымның тоқылуы, тігілуі туралы жазбаша құжат та әлі табылған жоқ. Әйткенмен мәселенің түйіні оның қашан жасалғанында еді.

Қожа Ахмет Ясауи қабіржапқышының құрақ-құрақ болып сақталған бөліктері. Бұйымның күйін 2025 жылы бақылау кезінде түсірген / Автор ұсынған сурет

Қожа Ахмет Ясауи қабіржапқышының құрақ-құрақ болып сақталған бөліктері. Бұйымның күйін 2025 жылы бақылау кезінде түсірген / Автор ұсынған сурет

Егер қабіржапқыш 18-ғасырдан қалды десек, бұл — аса құнды, бірақ беріректе жасалған, Ясауиді қастер тұту дәстүріне байланысты бұйым болғаны. Ал 14-ғасырдың аяғы, 15-ғасырдың басында жасалған болса, демек, кесене салынған кезде тоқылған, яғни Әмір Темір заманының көркем шежіресі есепті.

Матаның өзі қандай сыр шертеді?

Әдетте тарихи тоқыма бұйымдардың түсін, өрнегі мен кестесін зерттейді. Ал зерттеуші одан тереңірек үңіледі.

Мата деген — технология құжаты. Ол қандай талшықтан тоқылған, жіп қалай иірілген, қалай ширатылған, суреті қалай салынған, металл жіптер неден жасалған, кейінгі жөндеудің, жамап-жасқаудың іздері бар ма — бұл сұрақтардың қай-қайсы да аса маңызды.

Қожа Ахмет Ясауидің көне қабіржапқышының жалпы көрінісі. 2009 жыл / Автор ұсынған сурет

Қожа Ахмет Ясауидің көне қабіржапқышының жалпы көрінісі. 2009 жыл / Автор ұсынған сурет

Кейде бұйымның құрамындағы оннан бір микрон металдың өзі оның жасалған уақыты туралы түс-өрнектен әлдеқайда артық дерек айтады. Қабіржапқышты зерттей келе, оның жібек мақпалдан жасалған көпқұрамды текстиль туындысы екенін түсіндік. Оңында алуан түсті, соның ішінде боялған индиго-көк түсті жібек матадан құрақтай жапсырған бедерлі аппликация болған. Өрнек түс қана емес, көлем ерекшелігінен де туған.

Айрықша маңызды элемент — алтын жіптер. Аты алтын болғанымен, заты да алтын деген сөз емес, текстиль тарихында алтын мен күміске ұқсайтын, құрамында металл бар жіптер солай аталатын.

Алтын Орда дәуірінен қалған алтын жіптің SEM/РЕМ кескіні (400 есе үлкейтіп түсірген). Органик өзегі мен алтыннан жасалған металл жабыны анық көрінеді. 2007 жыл / Автор ұсынған сурет

Алтын Орда дәуірінен қалған алтын жіптің SEM/РЕМ кескіні (400 есе үлкейтіп түсірген). Органик өзегі мен алтыннан жасалған металл жабыны анық көрінеді. 2007 жыл / Автор ұсынған сурет

Электрон-микроскопқа салып қарағанда, жіптің металл бөлігі — органик өзегі бар жіңішке таспа екені білінді. Зерттелген үлгідегі металл таза күміс болып шықты.

Мерзімінен хабар берген жіп

Осы жіптердің құрамы мен құрылысын 13–14-ғасырлардан қалған археологиялық текстильмен салыстыра келе, шешуші дерекке қол жеткіздік. Олардың арасында технология принципі жақын, яғни жіңішке органик өзегі металл жабын я таспамен көмкерілген жіптер бар еді.

Қабіржапқыштың алтын жібінің SEM/РЕМ кескіні (45 есе үлкейтіп түсірген). Органик өзегі мен күмістен жасалған металл жабыны анық көрінеді.  2009 жыл / Автор ұсынған сурет

Қабіржапқыштың алтын жібінің SEM/РЕМ кескіні (45 есе үлкейтіп түсірген). Органик өзегі мен күмістен жасалған металл жабыны анық көрінеді. 2009 жыл / Автор ұсынған сурет

Бірақ Ясауи қабіржапқышының жіптері ол үлгілермен бірдей емес. Бұл — аса маңызды жайт. Технологиясы ұқсас деген — бір шеберханадан шыққан не жасалған уақыты бірдей деген де сөз емес. Бар болғаны, екеуі жақын технологиялық дәстүрге тиесілі екенін меңзейді.

Зерттей келе түсінгеніміз, органик өзегінің қалыңдығы, металл жабынның сипаты, жіпті қалыптастыру тәсілі болжалды 18-ғасырға емес, ортағасырлық технологияға көбірек сәйкес келеді. Қабіржапқыш едәуір ертерек кезден қалған деген болжамды растайтын бірінші салмақты дәйек осы болды.

Кейінірек металл жіптер туралы деректерге мата, аппликация және жалпы жасалу тәсілі туралы мәліметтер қосылды. Соның бәрі қабіржапқыш 14-ғасырдың аяғы, 15-ғасырдың басынан қалғанын нұсқады.

Әмір Темір әлеміндегі Түркістанның маңызы

Технология өзі шыққан тарихи ортадан дербес өмір сүрмейді. 14-ғасырдың аяғында шеберлер бір өңірден екінші өңірге көшіп жүріп, материалдар мен көркем идеялар кең тарады. Әмір Темір мемлекетінде сәулетшілер, құснихатшылар, тоқымашылар, ұсталар мен кестешілер елдің бір тұсынан басқа тұсына барып жұмыс істейтін. Зәулім кешендерді әр өңірден ағылған мамандар жұмылып әшекейлейтін. 15-ғасыр басында Әмір Темір сарайына барған испан елшісі Руй Гонсалес де Клавихо сән-салтанатты маталар мен мата бетіне алтыннан төгілген күрделі бедерлі өрнектерді сипаттаған.

Тақырыпқа орай

Тарих дәмі

ӘМІР ТЕМІРДІҢ САРАЙЫНДА ЕТТІ ҚАЛАЙ АСҚАН?

Испан саяхатшысы жазбаларындағы ас та төк дастарқан

Бұл технологиялардың өзі Әмір Темір дәуірінен бұрын-ақ болған, шыққан тегі де әр алуан еді. Бедерлеп кестелеу мен металл жіп қолдану дәстүрлері Таяу Шығыс, Орталық Азия мен Шығыс Азияны жалғап жатқан. Темір әулеті тұсында осы байырғы тәсілдер зәулім құрылыстар мен сарай өнерінде тоғысты.

Өрнек те сөйлейді

Қабіржапқыштың бетінде өсімдік бейнесін бедерлеген ірі өрнектер, геометриялық әшекейлер мен жазу түскен бөліктер сақталған. Әсіресе өсімдік өрнектерінің шиыршықтала иілген тұстары қызық.

Арабша жазудың ізі қалған қабіржапқыштың шиыршық өрнегі. 2010 жыл / Автор ұсынған сурет

Арабша жазудың ізі қалған қабіржапқыштың шиыршық өрнегі. 2010 жыл / Автор ұсынған сурет

Өрнек түзудің осыған өте жақын тәсілдері кесененің өзінен де көрінеді. Олар қабірхана күмбезінің шеңберінде, сәндік белдеулерде, порталдар мен михрабта ұшырасады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өрнекті қыш тақталармен безендірілген күмбезі. Түркістан, Қазақстан / Getty Images

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өрнекті қыш тақталармен безендірілген күмбезі. Түркістан, Қазақстан / Getty Images

Қабіржапқыштың жиектерін бойлай сүлс үлгісімен, өсімдік өрнегіне кіріге төгілген ірі арабша жазулар жүргізіліпті. Жазудың кей тұстары ғана сақталып қалған.

Қазақстандық мамандар сақталған үзінділерден Мұхаммед пайғамбар, Әли, Фатима мен имамдардың есімі аталатын дұға мәтінін — салауатты таныды. Мәтінді тұтас жаңғырту әзірге мүмкін болмай отыр.

Кейінірек жүргізген зерттеулер көрсеткендей, қабіржапқыш дәл осы қабіртасқа арнап жасалса керек. Қабірдің үстіне кез келген қымбат матаны кейінірек әкеліп жаба салған дегеннен гөрі, осы болжам қисындырақ көрінеді.

Ойымызды түпкілікті дәлелдеу үшін қабіржапқыштың сақталған бөліктерін қабіртаспен заманауи үш өлшемді әдіспен салыстыру керек. Әйткенмен мата мен жіптің қалай жасалғаны туралы деректерге осы сәйкестікті қоссақ, қабіржапқыш кесененің әуелгі көркемдік кешенінің ажырамас бөлігі болды дейтіндей тағы бір уәж шығады.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ӘМІР ТЕМІРДІ ДӘРІПТЕУ МЕН МАНСҰҚТАУДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Самарқаннан Делиге дейін оған деген көзқарас әр дәуірде қалай өзгерді?

Неге 14-ғасырдың аяғы мен 15-ғасырдың басы дейміз?

Металл жіптерді жасау тәсілі 13–14-ғасырлардағы ортағасырлық үлгілерге жақын. Мата мен бедерлі әшекейдің құрылымынан бұйымды күрделі технологияларды меңгерген шеберлер жасағаны көрінеді. Өрнегі кесененің көркем тіліне үндеседі. Ал өрнекті бөліктерінің орналасуына қарағанда, қабіржапқыш белгілі бір қабіртасқа арнап жасалса керек.

Қожа Ахмет Ясауидің араб жазуымен өрнектелген қабіртасы. Түркістан, Қазақстан / Getty Images

Қожа Ахмет Ясауидің араб жазуымен өрнектелген қабіртасы. Түркістан, Қазақстан / Getty Images

Осы дәйектерге қарап отырып, қабіржапқыш Әмір Темір дәуіріндегі сәулет пен өнер кешені қалыптасқан тұста Ясауидің қабіртасына арнап жасалған деуге негіз мол. Бірақ оны әлдебір шеберге Әмір Темірдің өзі тапсырып жасатқан деп айтуға әзірге ерте. Ондай құжат табылған жоқ.

Бір бұйымның бірнеше тарихы

Діндар жандар үшін бұл қабіржапқыш — әулиені қастерлеп, есте тұтуға байланысты құнды жәдігер. Өнер тарихшысына Әмір Темір дәуірінің бас жәдігерлерінің бірі қалай әшекейленгенін көрсететін бұйым. Технологияны зерттейтін маманға мұнда жібек, металл жіп, аппликация мен бедерлі әшекей күрделі түрде ұштасқаны жайлы дерек бар. Ал Орталық Азия тарихшысына қабіржапқыш Түркістанның кәсіп пен көркемдік тәжірибе алмасқан халықаралық ортамен қаншалық тығыз байланыста болғанын көрсетеді.