Ас ішіп жатқан қазақтар/Library of Congress
Ежелгі салт-дәстүрлердің бесігі, түрлі идеология, мәдениет және наным-сенім тоғысқан жер — Орталық Азия ертеден алыс-жақыннан ат арылтып келген саяхатшылардың қиялына қанат бітірген. Олар өздерінің жарқын жазбалары мен ой толғауларында үнемі риясыз болмаса да, бұл аймақтың шулы базары, көшпенді ғұрпы мен мәдени мұрасы сынды айшықты бай өмірінің сан қиылысына есік ашты. Осы мақалалар сериясында Qalam әртүрлі дәуірді қамтитын және аймақтың санқырлы болмысын ашатын әңгімелер мен естеліктерден үзінділер ұсынады.
Бүгін 19-ғасырдағы қазақтардың Рамазан айын қалай атап өткені жайлы түрлі жазбадан үзінді жариялап отырмыз.
Бір қызығы, 19-ғасырдың екінші жартысында қағаз бетіне түскен жолжазбалардан қазақтардың Рамазан айындағы өмірі туралы бір-біріне қарама-қайшы пікірлерді көреміз. Мәселен, Қазақ даласы жайлы Л. Мейер 1865 жылы құрастырған «Ресейдің географиясы мен статистикасына арналған материалдарда» қазақтардың намазды қаза қылмайтыны, бірақ оразаға жүрдім-бардым қарайтыны айтылады:
«Мұхамедтің дінінде міндет етілген намазды қырғыздар айтарлықтай дұрыс орындайды, бірақ тамақсау келгендіктен, оразаны ұстай бермейді. Бұл, әсіресе, қарапайым халық арасында байқалады. Таң және күн батқандағы намаз айрықша маңызды саналады, қалғанын соншалық қатал ұстанбайды. Жалпы, қырғыздар намазға жығылғанымен, мешітті жақтырмайды. Жақтырмайтыны сонша, ішкі орданың марқұм ханы Жәңгір халықтың бойындағы діни сезімді ояту үшін күтпеген шаралар қолданған екен. Атап айтқанда, қырғыздар хан ордасы маңындағы жәрмеңкеге топталып жиналғанда, хан жасағындағы бірнеше атты орыс-казак күтпеген жерден атып шығып, жұртты қамшылап мешітке қуатын болған».
Киіз үйдегі қазақтар/Library of Congress
Алайда Николай Фридерикстің 1869 жылғы «Түркістан және мұндағы реформалар. Куәгер жазбаларынан» атты еңбегінде жағдай мүлдем басқаша суреттеледі. Бұл жазбада қазақтардың жол үстінде жүрсе де, яғни ораза ұстау міндетті болмаған жағдайда да аузы берік екені айтылады:
Үлкен орда қырғыздары Мұхамед дініне көп орыс ойлағаннан әлдеқайда жақын. Рас, олар Құран оқымайды, себебі бәрі дерлік сауатсыз, бірақ мереке мен оразаны жібермейді. Мұндай күндері ақшам уақытында қырғыздардың топ-топ болып жиналып, беті мен сақалын сипап, тізерлеп тұрып, иіліп-жығылып намаз оқығанын көрдік. Ораза кезінде бір ай бойы қырғыздың бәрі дерлік таң атқаннан кеш батқанға дейін нәр сызбай, тіпті су да ішпей аш жүреді. Құран жолаушылап шыққан адамға ораза ұстамауға рұқсат етеді, бірақ күннің суықтығына қарамастан, бізбен жүрген қырғыздардың аузы берік болды. Комиссия 15 шақырымдай қашықтағы ауылдардан шақыртып алған кедейлер кешке үйіне жаяу қайтады (жылқысы болған күннің өзінде арық, жүдеу) және уақытқа салсаң, ауылына күн батқан соң, түнде жетуі тиіс. Ал қыста тек байлардың киіз үйінде ғана қазы мен сүр ет үзілмейді. Оны қуырылған және келіде түйілген тары мен су, яғни көже қайнап тұрған қазанға салады.
Ал Оразадан кейін келетін айтты 19-ғасырдағы қазақтар жақсы көрген екен. Тіпті осы күндерге басқа шараларды да орайластырып қоятын болған. Бұл жайлы Фок 1866 жылғы «Елдер мен халықтардың табиғаты және өнімділігі жайлы жазбаларында» айтады:
Бұлар мейрам-тойды жақсы көреді. Күнделікті өміріне пәлендей әсер ете қоймайтын Рамазан айынан соң, бұлар қандай да бір бай сұлтанына барып, той тойлайды: балаларын үйлендіреді, ас береді, өздері қадір тұтатын адамына барады, жалпы, ешбір оқиғаны қалт жібермейді.
Кедей ауылдарда мейрам қой союмен және гимнастикалық жаттығулармен шектеледі. Тұрмысы нашарлау ауылға жолыққанымда, сол жердің үлкені әбігерге түсіп, бәрін жинап алып келуді тапсырды.