91—23: ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАНЫМАЛ МУЗЫКАСЫ ЖАЙЛЫ

Алматылық «Рухани» рок-клубынан Adil-ге дейін

91—23: ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАНЫМАЛ МУЗЫКАСЫ ЖАЙЛЫ

«А-Студио» тобы, алғашқы жылдар/vk.com/astudiomusic

Біріншіден, бір қарағаннан-ақ, тәуелсіз Қазақстанның танымал әуендерінің толық энциклопедиясы Айра Роббинс пен басқа классикалық музыка мұрағатшыларының ең озық дәстүріне сай болып шықты. 

Академиялық ұстанымға қарамастан, еңбек жеке адамның қолынан шыққандай көрінеді — мысалы, оны жазған адамдардың тәуелсіз музыкаға бүйрегі бұратыны анық байқалады. Сөйте тұра жиі тыңдалатын түрлі бағыттағы поп пен эстрада да өзіне лайық, құрметті орынды иеленген. Жалпы алғанда, осы сипаттағы озық зерттеулерді тәуелсіз музыканы сүйіп тыңдайтындар жасай алады — себебі, ресми қалыптан шыға алатындар әдетте поп-музыканы жақсы көреді және ол туралы жаза алады, ал тәсіл керісінше ешқашан нәтиже бермейді.

Атауынан көрініп тұрғандай кітап хронологиялық бірізділікті сақтайды, негізінен топтар мен орындаушылардың толық тізімінен құралған (арасында сазгерлер мен продюсерлер жайлы баяндап отырады). Әр уақыт кезеңіне тоқталғанда көлемді кіріспе эссе түрінде ВАА (вокалдық-аспаптық ансамбль) мұрасы мен оның қазақстандық хип-хопқа айналу жолы жайлы баяндайды. Бұл эсселерді өз алдына жеке диалог деп қарастырса да болар, тіпті екі көзқарастың тартысы десек те қателеспейміз, өйткені авторлардың бірі — Александр Медведев Алматыда туып-өскен, Арбатта Fugazi пираттық кассеталарын сатып алған және бүкіл әлемдік музыка дәстүрінен шабыттанған (өзінің айтуынша, «заманауи деп санайтын музыкалық бағыттардың бәрі өз жолын Алматыдан бастайды»). Екінші автор — Әділ Айжарық, Атыраудың тумасы, нағыз қазақи әндерді тыңдап өскен, сондықтан ол мүлде басқа көзқараспен талдайды. Энциклопедия екі тілде жазылған, бірақ екі автордың эссесі тек өз тілінде берілген, қазақ немесе орыс тілінде аудармасы жоқ, бір қарағанда мұны кемшілік деп те санауға болар.

Музыкалық энциклопедияның/баспасөз қызметі мұрағатының мұқабасы

Музыкалық энциклопедияның/баспасөз қызметі мұрағатының мұқабасы

Қандай да бір кезеңге талдау жасағанда Медведев көбіне ғаламдық тектоникалық үрдістер — музыка нарығы, эфир саясаты, медиадағы трендтер, сыбайлас жемқорлық, әлеуметтік жауапкершілік туралы жазады. Идеологиялық құрылымнан жалыға бастағанда ол сөз ауанын сәтті бұрып, өткен мен қазірдің құнды деректерін көз алдыңызға әкеледі, мысалы: «Бублики» тобының гүлді тоны, айданат фанаттар бірлестігі, SHAMAN ЕЩЕ БУБЕН озық металл тобы, музыканттар кодексіндегі «ивент» пен «тойдың» айырмасы немесе әйгілі SAMRATTAMA тобы, т.б. жайлы айтады.

Александрдың жазбасынан ерекшелігі, Әділ қазақстандық музыканы танудағы өз әдісін сипаттайды, өзі өскен аймаққа тән емес музыкалық ағымдарды зерттеу жолы жайлы айтады, осылайша кітапта тіл кеңістігі, эмоция мен байланыстар тұрғысынан алғанда біздің музыканың бинарлық құрылымы бар екені ашылады. Түптеп келгенде, қазақстандық танымал әуендер бинарлықтан синтезге өткенше отыз жылдай уақыт өтті, қазір Қайрат Нұртас хипстерлік кештерде ән шырқайды, ал «Рахат-Лукум» поп-тобының бұрынғы әншісі Ксения Сухомазова қазақ ұлттық әндерін айтып жүр және онысы өте жарасымды.

Осы тұрғыдан алғанда жас Әділдің жазбасын (негізі екі автор да салыстырмалы түрде жас деуге болады) оқи отырып дүниетанымның әрқилы болатынын түсінеміз, мысалы, «ауқатты отбасынан шыққан балалар» орындаған рок-музыка Батыста (Қазақстанның батысында) бүлікшілер мен бұзақылардың әуені сияқты қабылданған.

Фото: баспасөз қызметінің мұрағаты

Фото: баспасөз қызметінің мұрағаты

Топтың тізімі өте қатаң сақталған, дерек тым көп; тіпті маған кейбір жерінде артық кеткендей көрінді — қатысушылар туралы нақты мәліметтер кей жобаның музыкалық мәнін ашуға мүмкіндік бермеген. Екінші жағынан, бір кезеңнің рухын толық сезіну үшін кейде ештеңе түсіндіру қажет болмайды, «Максим Сергеич» деген топтың болғанының өзі миды ашытатын cultural studies-ке қарағанда сол бірегей кезең туралы көбірек ақпарат береді. Баяғыда ұмыт болған өскемендік музыкалық топтар, Қазақстандағы бірінші әрі жалғыз ауыр металл тобы болған «Пилот» пен «Телевизор» туралы айтқанда дыбысты оқшаулау үшін шкафта жазып алған қыздар, жабайы көрінетін дэкко стилі — осындай егжей-тегжейлі деректер Қазақстанның музыкалық әлемінің таңғаларлық калейдоскопиялық суретін қалыптастырады. Бұл әлем әлі толық ашылмаған, себебі мақаланың көбі: «ары қарай орындаушы жайлы ештеңе білмейміз», «бұл музыканттың кейінгі тағдыры белгісіз», «соңғы рет ол туралы дерек 2009 жылы жазылды», т.б. деп бітеді. Шынында, бұл музыкалық материяның қаншалықты әлсіз екенін көрсетеді, музыкалық топтардың өмірі тым қысқа әрі жүйесіз, тіпті ең тату деген ұйымның өзі тез тарап, із-түссіз кетуі мүмкін.

91—23/Meloman.kz

91—23/Meloman.kz

Біздің байқауымызша, бұл тамаша еңбекте олқы болып тұрғаны — төл сөздің болмауы. Кітап топ мүшелерінің естелігіне негізделгенін ескерсек, ауызша оқиғалар мен кейбір қатысушылардың монологтары оны тіпті жақсарта түсер еді; «Қазақтың жаңа толқыны» атты жақында шыққан энциклопедиялық кинозерттеу солай жазылған. Не десек те, «9-23» — үлкен еңбектің жемісі, енді оны әзірлеген топтан приквел күтеміз, яғни, КСРО кезеңінен бергі қазақтың поп-музыкасын мұқият зерделесе дейміз.

Жобаны жасаушылар қандай да бір мәліметтің қамтылмай қалуы мүмкін екенін есте сақтап кітапты «энциклопедия» деп атамағанымен, біз оны солай атауға әбден лайық санаймыз. Тақырып ауқымы, мазмұнның жүйесі зерттеушілер мен меломандар үшін тамаша анықтамалық құрал болмақ. Энциклопедияларды жаңғыртып, қайта шығаруға болады, кейде ғасырлар бойы қайталанып тұрады, сондықтан келесі басылымды күтеміз және тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасының эволюциясын бақылаймыз.

Meloman.kz

Meloman.kz