ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ АҢҒЫРТ СОЦИАЛИСТІК РЕАЛИЗМІ

Өмірдің көркі мен идеология қысасының арасында

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ АҢҒЫРТ СОЦИАЛИСТІК РЕАЛИЗМІ

Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев. 1953 жыл./ҚР ОМ КФДЖ

Материал ForteBank Kazakhstan қолдауымен дайындалды

Әбілхан Қастеевтің өмірбаянына үңілсек, бір-бірімен тоғыспайтын екі түрлі жолды көреміз. Әуелгісі бақташы болып жүргендегі даладағы тасқа сурет салған уақыттары, қара жұмысқа жалданып, жер қазушы болып жұмыс істеген кездері, сөйте жүріп көркемсурет студиясының студенті атануы, байқауларда бақ сынап, көрмелерге қатысып, қазақтың тұңғыш суретшісі деген атқа ие болуы. Бұл жолда «нағыз суретші жолы» деп айтарлықтай романтикалық үйлесім жатыр. Әбілхан Қастеев Қазақстанның өнер тарихындағы шығармашылығымен алғашқы бастау жолды салған, үлгілі дәстүрге айналған тұңғыш қазақ суретшісі. Ғұмыр даңғылының екінші бір тармағын «шенеуніктің жолы» деп атасақ болар. Бұл жолда ол Қазақстан Суретшілер одағына мүшелікке енді, Суретшілер одағының төрағасына дейін көтерілді, «Қазақстанның халық суретшісі» деген ресми атақты және бірқатар мемлекеттік медальдар мен ордендерді иеленді, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, көркемсурет училищесінде білімін жетілдірді, содан соң еліміздің бас мұражайына Әбілхан Қастеевтің есімі берілді.

Суретшінің шығармашылығы да өмір жолы секілді жіктелді. Айталық, оның қылқаламынан тамған туындылары әртүрлі адамның қолынан шыққандай әсер береді. Мәселен, 1935 жылы салған «Кенесарының портреті» мен 1950 жылы бейнелеген «Амангелді Имановтың портреті» сынды көркем дүниелерінің айырмашылықтары сөзімізге айғақ болар. Иә, бұл екі туындының ұқсас тұстары көп: екеуінде де халық азаттығы үшін күрескен ұлт көшбасшысы портреті, екеуі де майлы бояу техникасымен салынған, қос суреттің де артқы фонында қаруланған бұқара халық бейнеленген. Бұл арадағы айырмашылық таңғаларлық. Ол тіпті бірінші портрет аңғырт өнер стилінде жасалып, ал екіншісі социалистік реализмнің классикалық үлгісі болғандығында емес.

1 / 3

Шамасы, бұл трансформацияның себебі дәл осы екі портретті бөліп тұрған бірнеше онжылдықта жатыр. Қастеевті ұжымдық шығармашылықтың жемісі деп санаған ұйғарым-пікір Қазақстанның қазіргі отарсыздану ревизионизмнен бұрын кәсібилер арасындағы пікірталастарда ортаға салынып, талқыланған еді. Қазақстанның мәдениет қайраткерін өмірде болмаған, ойдан шығарылған конъюнктуралық кейіпкер деп жариялады. Бір жағынан, бұл процестердің негізі бар. Осы жағдайға ұқсас жайтты айта кетейік. Жамбыл есімінің де кеңестік пропаганда кесірінен қорлануы кез келген заманауи зерттеуші бейжай қарамауы керекті мәселе. Кеңес кезінде «Жамбыл феномені» туралы сталиндік мәдениеттің өкілі ағылшын-американдық зерттеуші, әдебиет және кино тарихшысы Евгений Добренко мынадай өрескел пікір айтты: «...Айналасында не болып жатқанын біліп, болжай алмайтын 90-дағы Жамбылды кеңес әдебиетінің пысықай Остап Бендерлері мақтау өлең жазатын идеологиялық мылжыңға айналдырып еді, оның өмірі ертегідегідей өзгеріп шыға келді».

Қастеев сол жылдары тіпті де қарттың жеңбеген кезі еді, керісінше, күш-қуаты мен қайраты тасып тұрған шағы. Ол Алматыға көшкен жылдары «Киіз үйдің ішкі көрінісі» (1929), «Мектепке» (1930), «С. Құсықбаевтың портреті» (1930), «Түрксіб» (1932) шығармаларын өмірге әкелді әрі Қазақстанда революциялық Ресей суретшілері бірлестігінің бөлімшесін «көркемдік қызмет және қалың еңбекші бұқараны тәрбиелеу» мақсатымен ұсынылған бірлестік құрылды.

1 / 3

1933 жылы Қазақстан Суретшілер одағының Ұйымдастыру бюросы құрылып, көрме өз жұмысын бастады және 1934 жылдың өзінде-ақ Мәскеуде зор жетістіктерге жетті. Қастеев осы іс-шаралардың барлығына белсене қатысып, соның арқасында оның жұмыстары негізделіп құжатқа қатталды. Бұл оның шынайы өмірдегі «шығармашыл бірегей тұлға» екендігіне, сонымен бірге оның мұрасы ойдан құралғанына күмән сейілді. Ол «нағыз суретші» болғысы келді, соның жолында әріптестерінен үйреніп, мұражайлардан білім алып, өз тәжірибесінде қолданды. Әрине, Мюнхен өнер академиясын бітірген кескіндеме виртуозы А. Риттих сынды суретші мен өз бетінше үйреніп-жетілген еткен Қастеевтің арасында үлкен айырмашылық бар еді, бұл туралы Ю. Домбровский «Әбілхан Қастеев қазақтың тұңғыш суретшісі» деген әйгілі еңбегінде жазған болатын. Ол суретшінің үлкен еңбекқорлығын да тілге тиек етті. Расымен де Әбілхан Қастеевтің еңбекқорлығына дау жоқ. Мысалы, өзі құрастырған галерея топтамасының каталогін алайық. Шевченко (Қастеев мұражайының ізашары) 1971 жылы шыққан 187 экспонаттың тізімін ұсынды. Мемлекеттік мұрағат пен Мемлекеттік тарих мұражайының коллекциясын есептемегенде осыншама еңбек өмірге келіпті.

Қастеев шығармаларын хронологиялық реттілікпен зерделей келе, оның «дұрыс» жұмыс істеуді кезең-кезеңімен қалай үйренгенін байқауға болады. Мысалы, геометриялық және колористік композиция заңдылықтарын меңгерген, әуе перспективасының принциптерін үйренген, кейін реалистік модельдеуді білген. Бірақ «дұрыс» техникалық әдістермен қоса танылған стиль социалистік реализм де дұрыс ойларды талап етті. Қастеев жеткен «реализм», «ұқсастық», образдың иллюзорлық сипатын «Күйіктің қой шаруашылығы» (1960), «Таудағы тың игеру» (1956), «Қойшы А. Ахметжанов» (1966) шығармалары арқылы деректі түрде аңғара аламыз. «Қазақ суретшілерінің, әсіресе, Қастеевтің картиналары, коммунистік арман-мұраттың әлеуметтік-реалистік түрде жүзеге асуы ғана емес, шын мәнінде, олардың жат кескіндеме ортасында ұзақ та көшпелі тарихты түсінуін кеңестік-қазақстандықтың іске асыруы еді», – деп жазады социалистік реализмнің ағылшын-қазақстандық зерттеушісі А. Абыкаева-Тизенгаузен. Зерттеушінің пайымдауынша, бейнелеу өнері арқылы «кеңестік өзбек» пен «кеңестік қазақты» тәрбиелеу идеясын қозғаған көптеген эпизодтар бар. Бірақ, әрине, жаңа заман адамын «тәрбиелеу», «жасау шығару» өнер мен мәдениеттің ғана міндеті емес еді. Кеңес үкіметі болса радикалды әдістерге жүгінді. «Қазақстандағы 19301933 жж. аштықтың болуына «қазақ» деп аталатын түркітілдес көшпенді мұсылмандарды нақты шегараларымен қоса Кеңестік Қазақстан деп атап, жаңа советтік ұлтқа айналдыруға жасаған Мәскеудің қатаң талабы себеп болды деп есептеймін. Сондай-ақ қазақ ашаршылығы кеңестік Қазақстанды нақты белгіленген шегаралары бар тұрақты аумақ ретінде және кеңестік экономикалық жүйенің ажырамас бөлігі ретінде құруға, сондай-ақ қазақтардың жаңа ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін қатыгез құралға айналды деген қорытындыға келемін», – деп Орталық Азия қоғамдары мен мәдениеттері тарихының маманы, Мариленд университетінің профессоры Сара Кэмерон Қазақстан Суретшілер одағының құрылу аясын осылай сипаттайды.

Тәжірибелік деңгейде Қазақстан мен Украинадағы, тіпті Ресейдегі де ашаршылық колхоздарды ұйымдастырудың бір салдары болды, ал кеңестік өнердің міндеті ұжымдық шаруашылықтарға күштеп ендірілген халықтың бақытты және мол өмірінің иллюзиясын жасауға арналған үлкен Бүкілодақтық жоба болды. «Колхоз мерекесі» деп аталатын кенептегі суретті салған С. Герасимов А. Пластовпен бірге Қастеев те «Колхоз тойын» бейнеледі. Көрсетілген жұмыстардың бір жылда, яғни 1937 жылы салынуы, ақын айтқандай, «әрдайым тұлабойды қалтыратты». («Меня на цифре 37 всегда бросает в дрожь» деген В. Высоцкийдің өлең жолдарын айтып тұр. – ауд.). Бұл, бәлкім, КСРО Суретшілер Одағына берген партия мен үкіметтің бас тартуға болмайтын бұйрығы я тапсырысы болса керек-ті.

Ә. Қастеев. Колхоз тойы. 1937 жыл / ҚР мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы

Ә. Қастеев. Колхоз тойы. 1937 жыл / ҚР мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы

Қастеевтің алғашқы шығармаларының өзегі болған аңғырт өнер 19 ғасырдың аяғында модернизмнің ресми мойындалған бағыты ретіндегі мәртебесін алған, А. Руссо мен Пиросмани есімдерімен байланысты болды. Алайда А. Руссо мен Пиросмани есімдерімен қоса, кейінірек 20 ғасырдың 20 жылдарында И. Генералич, М. Ларионов және Н. Гончарова сынды көрнекті есімдер жарыққа шыға бастады. «Көптеген модернизм ағымының суретшілері көрермендердің назарын қазіргі заманның әлеуметтік мәселелерінен тым алшақтатып жібереді. Олардың өнері шынайы өмірден, өмірдегі қайшылықтарынан алыс, шығармашылық еркіндікті былай қойғанда, негізінен үстем таптың пайдакүнемдік мүдделеріне қызмет етеді», – деп кеңестік өнертану оқулықтары «реализмнен ажырауды» осылай тұжырымдаған.

Сталинизмнің ең басты пиғылы болмысы көнбіс «жаңа кеңес адамын» жасау. Ол үшін деректі бейненің «ұқсастығы» маңызды болды. Социалистік-реалистік теория тұрғысынан қарағанда аңғырт өнер нанымсыз әрі ертегідей, оған қоса өмір шындығын бейнелемей, керісінше, жалғандыққа қарай бұрмалайды деп келтірді. Ал кеңес өнерінің алдында тұрған мақсат басқаша еді, ол ертегіні шындыққа айналдыру. Пластов пен Герасимов бұл тапсырманы тамаша орындады. Дегенмен Қастеев өз жұмыстарын соншалықты тиянақтылықпен, композиция заңдылықтарын сақтай отырып, мейлінше ыждағаттылықпен орындады. Оны адамдардан құралған топтардың бөлінісіндегі мінсіз симметриясынан байқауға болады. Сондай-ақ кенептің нақты үш бөлікке бөлінуінен және тұрақты әуе перспективасындағы бұлыңғырланудың барған сайын қоюлануынан да аңғарылады. Бұл аңғырттықтың берік сезімі арқылы қазіргі көрермен санасында автордың ирониялық көзқарасына деген күдік тудырмайды.

Мақсатты түрде я механикалық түрде болса да, өз бетінше жетілген Қастеев социалистік-реалист Қастеевке қарсы тұра білді: Пойызды балалар ойнайтын ойыншық текшелерден түзілгендей қылып «Түрксібті» бейнелеуіне, я болмаса мүлде мультфильм бейнелеріне ұқсатып салған «Қазақстандағы Қызыл Армия ұйымы» (1948) фильміне күдігімізді қайта қарауға тура келеді.

Көптеген зерттеушілер үшін туған жерге деген махаббатты жеткізудің жолы — пейзаж салу болды. Пейзаждық жұмыстар циклінде Қастеев кескіндеме заңдылықтарын түсінуде ғана емес, ең бастысы, жанды эмоционал сезім мен шынайылықты жеткізуде зор жетістікке жетті. Өнертанушы ғалымдардың барлығы дерлік олардың поэзиясын, жылылығын, тыныштығын сөз етеді. Ландшафтты дәріптеу типтік кеңестік пейзаждың қажетті шарты еді. Осы орайда «Колхоз үйлері» (1947), «Сара Шоқа» колхозы (1948), тіпті «Тың игеру» (1956) тақырыптарын еске түсірсек болар.

Ә. Қастеев. Қызыл армияның құрылуы. 1948 жыл / ҚР мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы

Ә. Қастеев. Қызыл армияның құрылуы. 1948 жыл / ҚР мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы

Бір ғажабы Қастеевтің қолында бір кездері барлығы, тіпті авангард суретші Калмыков та салған Сталиннің бірде-бір портреті жоқ еді. Негізі бір-екеуі болды, алайда оларды портрет деп атауға келмейтін. Бұл 1950 жылғы «Сталинге сыйлық» деп аталатын шығарма. Ол суретте таулары мен өзендері бар ғажайып ландшафттың аясында (фонында) құрметті қонақтар жайғасқан шағын ауылды көреміз.

Біреуі күнделікті киім киген, Орталық Комитеттің өкілі болса керек. Газетте басылған көсемнің портретіне шұқшиып, ұқсап-ұқсамайтындығын анықтаумен әлек. Екінші кейіпкер жартылай әскери киім киген, шамасы, кегебист, қолөнершілерге қарама-қарсы отыр; олар болса, генералиссимус бейнесі тоқылған кілемді нұсқап көрсетуде. Ол теледидардың алдында отырғандай тік отыр, жақсылап жайғасқан, ұзақ уақытқа келген болуы керек-ті. Сол кезде газет редакцияларында айтқандай, мұны мүлдем істемегеннен гөрі, артық жасаған әлдеқайда дұрыс. Осылайша бір шығармаға Сталиннің бір емес, екі портреті де сыйып кетті. Суретші оның бірін газетке, екіншісін кілемге бейнелейді. Бір қызығы, әрі барлық нұсқауларға қарсы түрде, Сталин мұнда басты кейіпкер емес. Ал бір ғажабы, жоғарыда тілге тиек еткен, 1950 жылы жарық көрген ресми «Амангелді Имановтың портретінен» айырмашылығы, «Сталинге сыйлық» шығармасы дәл сондай егжей-тегжейлі ойластырылуымен өте көркем түрде бейнеленген. Бұл көріністегі суретшінің басты мотиві ауылдың пейзажы мен күнделікті өмірі болған ұқсайды.

Бәлкім, «Амангелдідегі» қылқаламның құрғақтығы суретшінің өз кейіпкерінің шынайы өмірде бар екеніне көрерменді сендірудегі аса қиын жұмысының нәтижесі шығар. 1916 жылы Ресей империясының Бірінші дүниежүзілік соғыста окоп қазуға қазақтарды алу ниетіне қарсы көтерілісте басшылық еткен бүлікшіні қызыл командирге айналдыру. Ұқыпты түрде мұқият жасалған иллюзия табиғаты оның «тірі» екеніне құжаттық дәлел қызметін атқарады. Ал енді әбден сенімді тарихи тұлға бола отырып, ертегі кейіпкеріне ұқсайтын Кенесарының сәнді портретімен салыстырып көрелік. Екеуі де Ресей империясына қарсы күресті басқарды. 1837–1847 жылдар аралығындағы Кенесары, 1916 жылдағы Амангелді. Бұл екінші портретті 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жетістіктерімен оңай байланыстырды. Кинематографиядағы, музыкадағы және әдебиеттегі социалистік-реализм туындылары да «құжаттық» дәлелге айналуы тиіс еді. Иә, бұл орындалды. Ал Кенесарының портреті 2000 жылдарға дейін Әбілхан Қастеев мұражайының қоймаларында сақталып келген.

Не оқуға болады?

1. Abykayeva-Tiesenhausen, Aliya. Central Asia in Art. From Soviet Orientalism to the New Republics. London & New York: I. B. Tauris, 2016.

2. Добренко, Евгений. «Джамбул. Идеологические арабески». В кн. Джамбул Джабаев приключения казахского акына в советской стране. Москва: НЛО, 2013.

3. История зарубежного искусства. Москва: Изобразительное искусство, 1983.

4. Камерон, Сара. Голодная степь. Голод, насилие и создание Советского Казахстана. Алматы: СОЗ, 2023.

5. Союз художников Республики Казахстан. 1933-1991. Алматы: Интерпринт, 2009.

Валерия Ибраева

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ