АДАМДАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

1-дәріс. Біз неліктен екі аяққа тік тұрдық?

АДАМДАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Зденек Буриан. Неандерталдар/Wikimedia commons

Энгельс адамды адам еткен еңбек деп есептеді. Алайда қазіргі ғалымдар біздің түрдің қалыптасуына махаббат, балалық таңырқау сезіміміз бен ұзақ қашыққа жүгіруіміз еңбектен де зор ықпал етті деп санайды. Палеонтолог Александр Марков Qalam-ға арналған жаңа лекциялар курсында саналы адамның қалайша және неліктен пайда болғаны жайында баяндайды.

Мазмұны

Адамда қайсысы бастапқы — рух па, әлде дене ме деген сұрақты мыңдаған жыл бойы философ, дін ғалымы мен ақын біткен талқылап келеді. Пікірталастың дәл осы түрі өте қызық әрі әсерлі болғанымен, әдетте нақты қорытындыға әкелген емес. Ал осы мәселені биологтар қарастыра бастағанда, жауап біртіндеп қылтия бастады да өткен шақ тұманнан сейіле түсті. Бұл курс адамның эволюциясына және «қоршаған ортаның» онда қандай рөл атқарып келгеніне арналған.

Эволюциялық биология маманы саналмайтын адамдар арасында эволюция процесін организмдердің сыртқы қоршаған ортаның өзгерістеріне қарсы реакциясы ретінде қабылдауға болады дейтін пікір кең тараған («суық болды — қалың түк өсті» деген принцип бойынша). Алайда мұндай көзқарас тым біржақты әрі толыққанды емес. Биологиялық эволюцияны сыртқы ортаның талаптарына қарсы реакция ретінде түсіну дұрыс емес. Әрине, қоршаған орта эволюцияға әсер етеді, бұған дау айту қиын. Тірі ағзалар қоршаған ортаның жағдайына биологиялық (генетикалық) эволюция жолымен бейімделеді, ал адамдар бұған қоса мәдени эволюция арқылы да бейімделеді («суық болды — тері-тонға орану қажет»). Бірақ ағзалардың құрылымы олар бейімделіп жатқан қоршаған ортаның тікелей нәтижесі болып шықпайды. Дәл сол қоршаған ортаға бейімделудің сан алуан жолы бар.

Мысалы, құстардың қанаты, қауырсыны мен ұшуы — бұл Жер атмосферасының белгілі бір тығыздығының болуының «салдары», сондықтан онда құстар секілді ұшуға болады. Бірақ мұндай мәлімдеме мазмұнды болмайды, өйткені осы атмосферада өмір сүру үшін, ауада қозғалу үшін көптеген басқа тәсілмен бейімделуге болады. Өрмекшілер тордың көмегімен қозғалады, құстар қауырсыны арқылы қанатын қағады, ал жарқанат, птерозавр мен инеліктің қанаты мүлде басқа конструкцияны көз алдымызға әкеледі, адамдар, тіпті, ұшақ ойлап тапты.

МӘДЕНИ АДАМ

Адам эволюциясының ең маңызды оқиғалары плейстоцен немесе мұз дәуіріндеiжыл санауымызға дейінгі 2,58 миллион жылдан 11,7 мың жылға дейінгі кезең болды, сол дәуірде Солтүстік жартышарда кезең-кезеңмен мұздану басталып, ата-бабамыз өмір сүрген Африкада климат құрғақ бола түсті, орман алқаптары қысқарып, саванналар аумағы ұлғайған еді. Ата-бабамыз бастан кешірген эволюцияның көп ерекшелігі олардың орманнан шығып, саваннадағы өмірге бейімделуімен байланысты жүзеге асты.

Бірақ бұл, бұрындары кейбір сапасыз ғылыми-танымдық кітаптарда жазылғандай, «адам мұз дәуірінің басталуымен пайда болды» дегенді әсте білдірмейді.

Себебі мұз дәуірі барша жануарға бірдей әсер етті. Африкада көптеген түрлер ормандардың қысқаруы мен саванналардың кеңеюіне бейімделуге мәжбүр болды. Мысалы, павиандардың ата-бабасы да орманнан шығып, саваннаға жақсы бейімделді, бірақ ақылды тіршілік иесіне айнала алған жоқ.

Адамдарда генетикалық тұқым қуалау принципіне негізделген биологиялық эволюциядан бөлек, әлеуметтік үйренуге негізделетін мәдени эволюция бар — бұл білім, дағды, әдет-ғұрып, сенім мен технология атаулының генетикалық емес жолмен бір адамнан екінші адамға берілуі. Мәдени бейімделуіміз (мысалы, тұрғын үй, киім, отта тамақ пісіру) әуелгіде денеміз биологиялық эволюция жолымен бейімделіп келген сол «сыртқы ортаны» түбегейлі өзгертті. Мәдениет денемізді қалыптаған табиғи сұрыпталудың бағыты мен қуатын айқындаған болса, денеміздегі өзгерістер (оның ерекше маңызды бөлігі — мидың өзгеруі) мәдениеттің одан әрі дамуына әсер етті.

Моңғолия Ұлттық тарихи музейінде құрал саймандарды жасап отырған тас дәуірінің гоминид мүсіндері/Wikimedia Commons

Моңғолия Ұлттық тарихи музейінде құрал саймандарды жасап отырған тас дәуірінің гоминид мүсіндері/Wikimedia Commons

Бұл курс аясында біз осы айтылғанның барлығын ескере отырып, адамдағы маңызды ерекшеліктердің қалыптасуы туралы заманауи деректерді — тік жүруі, ұзақ қашықтыққа жүгіру қабілеті, денесінде қалың түктің болмауы, тер бездерінің көптігі, тұрақты некелік жұп құруға бейімі мен ұзаққа созылатын балалық шағы жайында талқы жасаймыз. Бұған қоса, ата-бабамыздағы ми көлемінің (эволюция өлшемі бойынша) өте тез ұлғаюының себебін түсінуге тырысамыз.

ТІК ЖІРУДІҢ ҚАЖЕТІ НЕ ОСЫ?

Адам эволюциясы туралы әңгіме көбіне тік жүру немесе бипедализмнен — яғни екі аяқпен жүру жайын сөз етумен басталады. Барша маймылдың ішінде тек бізде, яғни адамдарда қозғалудың осы тәсілі негізгі. Бірегей қасиетіміздің бірі осы. Қызығы, эволюция барысында тік жүру бізді шимпанзеден (ең жақын жойылмаған туысымыз) ажырататын басқа сипаттардың барлығынан бұрын қалыптасты.

Дегенмен, шимпанзе, горилла да (сәл алысырақ туысымыз) кейде тік тұрып, екі аяқпен жүреді. Бірақ олар мұны өте сирек жасайды: 5–10% уақытын ғана солай жүруге арнайды. Бізден басқа барша адамтектес маймыл үшін мұндай жүру ыңғайсыз, әрі аса қажет те емес: олардың қолдары ұзын екені сонша, сәл еңкейсе болды төрт аяқпен жүріп кетеді. Оларға саусақтарының буынына, жұдырығына немесе алақанына сүйеніп жүрген әлдеқайда ыңғайлы.

Дәл қазір Жер бетінде екі аяқты маймылдың жалғыз түрі — Homo sapiens, яғни біз ғана өмір сүріп жатырмыз.

Бірақ бұрындары мұндай түрлер әлдеқайда көп болған. Палеонтологтар шамамен жеті миллион жыл бұрын Африкада екі аяқты адамтектес маймылдардың ерекше тобы пайда болғанын анықтады. Бұл топ ұзақ уақыт өмір сүріп, дамып, айтарлықтай алуан түрлі кейіп тапты: бірнеше туыстық топ пен он бес-жиырма түрден құралды. Олардың миы бастапқыда шимпанзенің миынан үлкен болмаған және ойлану қабілеті бойынша шимпанзеден асып түспеген болуы кәдік.

Өкінішке қарай, миы шимпанзенің миындай болған бұл екі аяқты маймылдың адамға айналғанынан басқасының барлығы жойылып кетті. Олардың бәрі «адамзаттың» эволюциялық жетілу сызығында болды, тіпті олар адамдарға шимпанзеден гөрі жақынырақ туыс еді. Біз осы сызық өкілдерін гоминидтерiлатынша «адамтектестер», жекеше түрде «гоминид»деп атаймыз. Гоминидтер Африкада пайда болды және олардың бастапқы эволюциясы сол жерде өтті. Адамдардың қазба кезінде табылған ата-бабасы Африка континентінде өмір сүрген дейтін болжамды Чарльз Дарвин «Адамның шығу тегі және жыныстық іріктеу» кітабында айтқан. Ол кезде ғалымдардың қолында маймыл мен адам арасындағы «аралық буынға» ұқсайтын бірде-бір сүйек болмағандықтан, Дарвиннің бұл болжамы өте батыл болып көрінген еді.

Чарльз Дарвиннің 1837 жылғы эскизі. Оның Түрлердің трансмутациясы туралы алғашқы дәптеріндегі эволюциялық ағаштың алғашқы диаграммасы/Wikimedia Commons

Чарльз Дарвиннің 1837 жылғы эскизі. Оның Түрлердің трансмутациясы туралы алғашқы дәптеріндегі эволюциялық ағаштың алғашқы диаграммасы/Wikimedia Commons

Гоминидтерге ортақ маңызды белгі — екі аяқпен жүру. Бипедализмге (тік жүруге) көшуге қатысты түрлі гипотеза бар, гипотезаның көптігі сонша кейде оларды екі аяқпен жүруге мәжбүрлеген себептердің санымен теңеседі. Мысалы, маймылдар таяз су айдынын кесіп өткенде тік жүреді. Мүмкін, біздің ата-бабамыз көп уақытын суда өткізгендіктен, екі аяқпен жүруге бейімделген болар? Мынадай да гипотеза бар. Маймылдың еркектері ұрғашыларына қырындағанда, тік тұрып, жыныс мүшесін көрсетеді. Ата-бабамыз жыныс мүшесін үнемі көрсетіп жүруді қалаған шығар? Бұл да бір гипотеза. Кейде ұрғашы маймылдар баласын қарнына қысып ұстап, екі аяқпен жүреді (егер бала анасының арқасына жабысып отырмаса). Мүмкін, олар екі баланы бірден тасымалдау үшін қолын жерге тіреуден бас тартқан болар? Бұл да бір гипотеза...

Баласын көтерген бонобо шимпанзе (Pan paniscus) екі аяқпен тік  жүр. Заир, Конго/Getty Images

Баласын көтерген бонобо шимпанзе (Pan paniscus) екі аяқпен тік жүр. Заир, Конго/Getty Images

Бұл бер жағы ғана. Ата-бабамызды тік жүруге мәжбүрлеген тағы бір себеп олардың барынша көбірек аймақты көруді қалауы болып еді (әсіресе орман ішінен саваннаға шыққаннан кейін бұл маңызды бола түсті). Болмаса тіпті жон арқасына күн сәулесінің көбірек түсіп қыздыруын болдырмау мақсатында тік жүрген болуы мүмкін (тағы да саваннаға шыққаннан кейін). Осындай көп идеяның ішінен қайсысын дұрыс деп таңдауға болады? Әлде бірнешеуі бірден дұрыс болуы мүмкін бе? Мұны дөп басып айту қиын. Әр гипотезаның дәлелін қолдайтын тұтас мақалалар мен кітаптар бар, бірақ олардың ешбірінде бұлтартпас дәлел жоқ.

Мұндай жағдайда, менің ойымша, мәселені егжей-тегжейлі түсіндіру қуаты басым гипотезаларға иек артқан жөн, яғни олар тек екі аяқпен жүруді ғана емес, сонымен бірге гоминидтердің басқа да бірегей ерекшеліктерін түсіндіруі керек. Бұл жағдайда бізге даулы болжамдарды азырақ қабылдауға тура келеді. Енді осындай гипотезалардың бірін талқылап көрелік. Алдымен фактілермен жақынырақ танысу қажет.

ЕКІ АЯҚПЕН ЖҮРГЕН ЕЖЕЛГІ МАҚҰЛЫҚТАР

Дәстүрлі көзқарас бойынша, адам мен шимпанзенің соңғы ортақ ата-бабасы шамамен шимпанзе сияқты төрт аяқтап жүрген деп есептелді. Бастапқы (примитив) қозғалыс тәсілі шимпанзе, горилла мен орангутанда әлі де сақталған, ал біздің эволюциялық жолымызда бұл тәсіл орманнан ашық саваннаға көшуімізге байланысты екі аяқпен алмастырылды деп түйдік. Алайда кейінгі зерттеулер, адам мен шимпанзенің соңғы ортақ ата-бабасы, екі аяқтап жүрмесе де, қазіргі шимпанзе мен гориллаға қарағанда тік жүруге көбірек бейім болған болса керек дейтін күмән туғызды. Мұның мүмкін екенін жаңа палеоантропологиялық зерттеулер тапқан табысты жаңалықтар құптайды.

6 жасар Боката атты ойпатты горилланың ұрғашысы өзеннен өту үшін екі аяқпен жүр. Бай Хокоу, «Дзанг Сангх» қорығы, Орталық Африка Республикасы/Getty Images

6 жасар Боката атты ойпатты горилланың ұрғашысы өзеннен өту үшін екі аяқпен жүр. Бай Хокоу, «Дзанг Сангх» қорығы, Орталық Африка Республикасы/Getty Images

Соңғы 30 жылда археологтар Африкада біздің заманымыздан 7 миллионнан 4 миллион жылға дейінгі аралықта өмір сүрген өте ежелгі гоминидтердің бірнеше түрінің сүйегін тапты. Бұл формаларды классификациялау мәселесі әлі де талқылануда. Олар үш жаңа туыс ретінде сипатталғанымен (Sahelanthropus, Orrorin, Ardipithecus), енді бір сарапшылар олардың кейбірін бір-бірімен немесе кейінгі Australopithecus туысымен біріктіру керек деп санайды.iлатын және грек тілінен аударғанда «оңтүстік маймыл» — 4,2-ден 1,8 миллион жыл бұрын өмір сүрген приматтар туысы

Люси есімді австралопитектің мүсіні (Australopithecus afarensis) Дюссельдорф музейі, Германия/Alamy

Люси есімді австралопитектің мүсіні (Australopithecus afarensis) Дюссельдорф музейі, Германия/Alamy

Бұл ең ежелгі гоминидтердің ең бір қызық ерекшелігі — олардың бәрі, шамасы, екі аяқтап жүрген, бірақ біз сияқты сенімді емес әрине. Бұған шүйдесіндегі жоғары жылжыған тесігі дәлел: омыртқа бас сүйекке артынан емес, төменнен бекітілген, бұл сөзсіз екі аяқпен жүруге дәлел бола алады. Осылайша, тік жүруді ата-бабамыз өте ерте меңгерген. Адам мен шимпанзенің эволюциялық жолдары бөлінгеннен кейін (шамамен 7 миллион жыл бұрын) «біздің» даму сызығымызды өрнектейтін бабаларымыз сол кездің өзінде екі аяқтап жүрген. Мүмкін, бұл одан да ерте болған шығар? Адам мен шимпанзенің ортақ ата-бабалары сол кездің өзінде артқы аяғымен жүре алатын болып, есесіне қазіргі шимпанзелердің қолына сүйеніп қозғалу тәсілі кейінірек қалыптасқан боп шықса ше? Сонымен қатар, олар ашық саваннада емес, ағашы сирек орманда немесе орманды аймақ ашық жерлермен алмасып отыратын аралас ландшафтта өмір сүрген. Негізі бұл екі аяқпен жүру қабілетінің дамуы бастапқыда орман тұрғындарының ашық жерлерде өмір сүруге көшуімен байланысты деген ескі теорияға қайшы келмейді. Тек жаңа деректер бойынша өзгеріс бір сәтте емес, біртіндеп жүзеге асқан.

ОРАНГУТАН БАУЫРЫМ

Соңғы уақытта екі аяқпен жүрудің ағашта өмір сүрген адамтәрізді маймылдардың қозғалу тәсілдерінен пайда болуы мүмкін деген деректер көбейіп келеді. Мысалы, бертінде орангутандардың қолымен бұтақтарды ұстай отырып, екі аяқпен қозғалу мәнері адам жүрісіне ұқсас келетіні назарға ілікті.

Бұрын ата-бабаларымыздың сүйегі мен бұлшық еті ағашта өрмелеу дағдыларының арқасында екі аяқпен жүруге бейімделген деген идея айтылған еді. Бұл кезде дене тік бағыт алады, ал аяқ жүру кезіндегі қозғалыс қимылын жасайды. Алайда Ливерпуль университетінің антропологы Робин Кромптон және оның әріптестері Сюзанна Торп пен Роджер Холдер (Бирмингем университеті) ағашқа тік өрмелеуге қарап, сондай-ақ шимпанзе мен горилланың жүрісіне сүйеніп адамның екі аяқпен жүруі қайдан шыққанын топшылау қиын деп есептейді. Бұл қозғалыстардың механикасында маңызды айырмашылықтар бар. Мысалы, шимпанзе мен горилланың тізелері ешқашан толық жазылып түзелмейді. Біз маймылдардың кейде жерде екі аяқпен қозғалатынын, сонда да аяқтары жартылай бүгілген күйде қалатынын білеміз. Олардың жүрісінде адамның жүрісінен өзгеше басқа да айырмашылықтар бар. Ал орангутандар енді басқа мәселе, ірі адамтәрізділердің ішіндегі ірісі әрі ең «ағашқа бейімделгені» осылар, олардың мінез-құлқын Кромптон және оның әріптестері Суматра аралының ормандарында бақылаған еді.

Антропологтар орангутандардың ағаштың ұшар басында жасаған 2811 жеке «қозғалу әрекетін» тіркеді. Әрбір жағдайда қолданылған тіректердің (бұтақтардың) саны, олардың қалыңдығы, сондай-ақ қозғалу тәсілі есепке алынып отырды. Орангутандардың қозғалыс-қимылының үш тәсілі бар: екі аяқпен (қолымен бір нәрседен ұстай отырып), бұтақты қолы мен аяғының саусақтарымен қапсыра ұстап төрт аяқпен және үшіншісі тек қолымен не тек аяғымен бір нәрсені ұстай отырып аспалы қозғалу.

Зерттеулер көрсеткендей, қозғалу тәсілі тірек саны мен олардың қалыңдығына байланысты. Жуан әрі мықты бұтақтардың үстімен жүргенде, орангутандар әдетте төрт аяқпен қозғалады. Орташа қалыңдықтағы бұтақтарда олар қолымен өрмелейді. Ал жұқа бұтақтардың үстімен жүргенде, олар сақтықпен аяғымен қозғалып, қолымен қосымша тіректі ұстап жүреді. Бұл кезде олардың жүрісі адамдікіне өте ұқсас: әсіресе тізесін толық жазып тік жүреді. Осындай қозғалыс тәсілі жұқа, иілгіш және сенімсіз бұтақтардың үстімен жүргенде ең қауіпсіз әрі тиімді. Қосымша артықшылығы — бір қолының бос болуы, ол жеміс теруге мүмкіндік береді.

Жіппен келе жатқан орангутан Луна және оны қапсыра құшақтаған үш айлық төлі. Busch Gardens, Тампа, Флорида, АҚШ/Jefferee Woo/Tampa Bay Times via ZUMA Press Wire/Alamy

Жіппен келе жатқан орангутан Луна және оны қапсыра құшақтаған үш айлық төлі. Busch Gardens, Тампа, Флорида, АҚШ/Jefferee Woo/Tampa Bay Times via ZUMA Press Wire/Alamy

Жұқа бұтақтардың үстімен жүре алу — ағашты мекендейтін маймылдар үшін ұсақ-түйек нәрсе дей алмас ек. Осы қабілетінің арқасында олар орманның үстіңгі қабатында еркін қозғалып, бір ағаштан екінші ағашқа жерге түспей-ақ сырғып жүре алады. Бұл оларға күш-қуатты үнемдеуге мүмкіндік береді, яғни азық-түлік іздеуге кететін энергия шығынын азайтады. Сондықтан мұндай қабілет табиғи сұрыпталу жолымен қолдау табуы тиіс қасиет.

Орангутандардың ата-бабасы біздің ата-бабамыздан горилладан бұрын бөлініп шықты, ал горилла шимпанзеден бұрын бөлінді. Зерттеушілердің пікірінше, жіңішке бұтақтармен екі аяқпен жүру барлық ірі адамтектес маймылдардың ежелгі ата-бабасына тән болған. Оңтүстік-Шығыс Азияның ылғалды тропикалық ормандарында мекендейтін орангутандар бұл қабілетті сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамытты. Ал горилла мен шимпанзе бұл қабілетті жоғалтып, орнына саусақтарының буындарымен төрт аяқтап жүруді және жартылай бүгілген екі аяғымен сирек қолданып жүруді меңгерді. Африкадағы тропикалық ормандардың мезгіл-мезгіл «құрғап», саванналарға айналуы бұл өзгерістерге ықпал етуі мүмкін. Адам эволюциясының өкілдері жіңішке бұтақтарда жүргендегідей тізесін түзу жазып жерде жүруді үйренді.

Эволюция/Wikimedia Commons

Эволюция/Wikimedia Commons

Кромптон мен оның әріптестері бұл болжам екі аяқты жүрудің шығу тегін түсіндіретін басқа гипотезаларда жұмбақ болып көрінетін фактілердің екі тобын талдап түсіндіріп бере алады деп есептейді. Біріншіден, бұл болжам адам мен шимпанзенің ортақ ата-бабасына жақын формалардың бойындағы (мысалы, сахелянтроп, оррорин және ардипитек) екі аяқпен жүрудің айқын белгілері неге олардың қаңқа құрылымында көрінетінін түсіндіріп бере алады, қалай болғанда да олар саваннада емес, орманда өмір сүрді ғой. Екіншіден, австралопитектердің, яғни алғашқы адамдардың (Homo тегінің өкілдері ) арғы тегі саналатын екі аяқты маймылдардың қолы мен аяғының құрылымы қарама-қайшы болып көрінуден қалады. Австралопитектердің аяғы тік жүруге жақсы бейімделген, бірақ қолы өте ұзын және мықты, бұтақтарды ұстауға және ағаш басында өмір сүруге ыңғайлырақ.

Австралопитек (Australopithecus afarensis) мүсінін қалпына келтіру. Смитсон ұлттық табиғи тарих музейі/Wikimedia Commons

Австралопитек (Australopithecus afarensis) мүсінін қалпына келтіру. Смитсон ұлттық табиғи тарих музейі/Wikimedia Commons

Осылайша, адамдар мен орангутандар өздерінің ежелгі ата-бабасының тік жүру қабілетін сақтап қалған болуы кәдік, ал горилла мен шимпанзе бұл қабілетті жоғалтып, оның орнына саусақ буындарымен төрт аяқтап жүруді дамытқан. Бұл тұрғыда адам мен орангутанды «қарапайым» деп, ал шимпанзе мен горилланы «эволюциялық тұрғыдан дамыған» деп санасақ әбес емес.

СЫМБАТТЫ АРДИ БІЗГЕ НЕНІ ҰҚТЫРДЫ?

Екі аяқпен жүрудің шығу тегін түсіндіру ісінде ежелгі гоминид Арди туралы зерттеулер одан да көбірек айқындық әкелді. Қазіргі уақытта жан-жақты зерттелген ең көне гоминидтердің бірі саналатын Арди, осы саладағы ғылыми зерттеулерге үлкен үлес қосты.

2009 жылдың қазан айында Science журналында ардипитектің сүйектерін жан-жақты зерттеуге арналған арнайы басылым жарық көрді. Ардипитек — шамамен 4,4 миллион жыл бұрын Эфиопияның солтүстік-шығысында өмір сүрген екі аяқты маймыл. Ardipithecus ramidus түрі алғаш рет 1994 жылы бірнеше тіс пен жақ сүйегінің фрагменттері бойынша сипатталған болатын. Келесі жылдары ардипитектің сүйек қалдықтарының коллекциясы айтарлықтай толықты. Ең үлкен табыстардың бірі — әйел жынысындағы ардипитектің қаңқасының көп бөлігі табылған сәт болды. Ғалымдар бұл қаңқаны «Арди» деп атап, оны журналистер мен жалпы жұртшылыққа салтанатты түрде таныстырды. Ресми құжаттарда Арди «ARA-VP-6/500 қаңқасы» деген атаумен тіркелген.

4,4 миллион жыл-гоминидтер отбасының ең көне зерттелген өкілінің жасы.

Science журналының арнайы санында жарық көрген он бір мақала көп жылдар бойы жұмыс істеген ірі халықаралық зерттеу тобы еңбегінің қорытындысын ұсынды. Бұл мақалалар мен ондағы басты кейіпкер Арди кеңінен танылды, десек те бұл бос дақпырт емес еді. Ардипитек сүйектерін зерттеу гоминидтердің эволюциясының ерте кезеңдерін анағұрлым нақты және егжей-тегжейлі қайта құрастыруға мүмкіндік берді.

A. ramidus түрі адамның және шимпанзенің ортақ ата-бабасы мен кейінгі гоминидтер — австралопитектер арасындағы өтпелі кезеңдегі маңызды буын болуы мүмкін деген болжам расталды (бұл ата-бабамыз оррорин мен сахелянтропқа жақын болған). Ал австралопитектерден адам тегінің (Homo) алғашқы өкілдері шықты.

Ардипитек қаңқасы (Ardipithecus ramidus )/Wikimedia Commons

Ардипитек қаңқасы (Ardipithecus ramidus )/Wikimedia Commons

2009 жылға дейін ең ежелгі және жақсы зерттелген гоминид австралопитек Люси болып келіп еді, ол шамамен 3,2 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Бұрынғы кезеңдерге жататын гоминидтер (ежелгі екендігіне қарай: Australopithecus anamensis, Ardipithecus ramidus, Ardipithecus kadabba, Orrorin tugenensis, Sahelanthropus tchadensis) тек фрагменттік материалдар арқылы зерттелген еді. Сондықтан олардың құрылысы, өмір салты және эволюциясы туралы мәліметтер де фрагменттік әрі нақты болмаған. Алайда 2009 жылы «ең ежелгі және жақсы зерттелген гоминид» атағы Люсиден Ардиге ресми түрде өтті.

A. ramidus сүйектері шамамен 3 метр болатын шөгінді қабаттан табылды, ол екі жанартау қабаттарының арасында орналасқан. Жас мөлшері аргон-аргон әдісімен анықталып, шамамен 4,4 миллион жыл бұрын болған деп көрсетілген. Бұл сүйектің қабаты салыстырмалы түрде тез, яғни 100 000 жылдан аспайтын уақытта, ал шындығында бірнеше мыңжылдық немесе тіпті ғасыр ішінде (су тасқынының әсерінен) қалыптасқанын білдіреді.

Ардипитек (Ardipithecus ramidus) — жойылып кеткен гоминидтер тұқымдасы. Ұрғашы гоминидінің тасқа айналған жартылай бассүйегінің жартысы/Alamy

Ардипитек (Ardipithecus ramidus) — жойылып кеткен гоминидтер тұқымдасы. Ұрғашы гоминидінің тасқа айналған жартылай бассүйегінің жартысы/Alamy

Ардидің қаңқа фрагменттері 3 шаршы метр аумаққа шашылған күйде табылған. Оның сүйектері өте нәзік болғандықтан, оларды топырақ жынысынан шығару үлкен еңбекті талап етті. Ардидің өлімінің нақты себебі анықталмаған. Оны жыртқыштар жемеген, бірақ оның сүйектерін, шамасы, ірі шөпқоректі таптаған, әсіресе бас сүйегі майдаланып кеткен.

A. ramidus сүйектерімен қатар түрлі жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары да табылды. Өсімдіктердің көпшілігі орманды аймақтарға тән болса, жануарлар ағаш жапырағымен және жеміспен қоректенген. Бұл ардипитектің саваннада емес, орманды аймақта, сирек ормандар мен ашық алаңдар алма-кезек келетін ортада өмір сүргенін көрсетеді. Бес A. ramidus түрінің тістерінің эмалындағы көміртек изотоптарының (12C және 13C) арақатынасы ардипитектердің негізінен орман өсімдіктерімен қоректенгенін растайды (саванна шөптерінде изотопының мөлшері жоғары, яғни 13C болады). Ал олардың ұрпақтары, австралопитектер, ашық кеңістіктегі экожүйелерден 30-80% көміртек алған, ал ардипитектердің бұл көрсеткіші небәрі 10-25% болған. Дегенмен қорегі 100% орманнан табылатын шимпанзелер секілді ардипитектер таза орман тұрғыны болмаған.

Ардипитектердің орманда өмір сүргені, алғашқы гоминидтердің эволюциясы мен екі аяқпен жүрудің саваннаға шығумен байланысты деген ескі гипотезамен қайшы келеді. Бұған ұқсас қорытындылар оррорин мен сахелянтропты зерттеу кезінде де жасалған болатын. Олар да екі аяқпен жүрген, бірақ орманды аймақтарда мекендеген. Дегенмен, бұл жағдайды басқаша түсінуге де болады: ерте гоминидтердің мекен еткен ормандары аса қалың болмаған, ал олардың екі аяқпен жүру қабілеті толық дамымаған еді, яғни гоминидтер қалың ормандардан ашық алаңдарға біртіндеп ауысып, олардың жүрісі де осы процесс барысында жетілген.

Ардидің бас сүйегі сахелянтроптың бас сүйегіне ұқсас. Екі түрдің де ми көлемі шамамен 300-350 см³ болған, омыртқа желкедегі үлкен тесігіне алдыңғы жағынан бекітілген (адамдікіндей). Олардың азу және кіші азу тістері шимпанзе мен гориллаға қарағанда аз дамыған. Бұл мәліметтерге сүйене отырып, қазіргі африкалық адамтектес маймылдардағы жақ сүйектің алға шығыңқы (прогнатизм) болуы олардың ата-бабасының сипаттамасы емес, керісінше, олар адам ата-бабасынан бөлінгеннен кейін дамыған деген тұжырым жасауға болады.

Ардипитек  (Ardipithecus Ramidus) қаңқасының фрагменттері/Wikimedia Commons

Ардипитек (Ardipithecus Ramidus) қаңқасының фрагменттері/Wikimedia Commons

Ардипитектің тістері — бәрін жей беретін жануардың тісі іспеттес. Тістің мөлшері, пішіні, эмалінің қалыңдығы, тістің беткі жағындағы микроскопиялық сызаттардың сипаты және изотоптық құрамы ардипитектердің белгілі бір диетаға, мысалы, шимпанзе секілді тек жеміс жеуге бейімделмегенін көрсетеді. Ардипитектер, көрініп тұрғандай, әрі ағаштарда, әрі жерде қоректенген және олардың тағамы аса қатты болмаған.

Маңызды фактілердің бірі — қазіргі адамтектес маймылдардан (адамнан басқа) айырмашылығы, A. ramidus аталықтарының азу тістері ұрғашыларынан үлкен болмаған. Маймыл аталықтары азуларын қарсыластарын қорқытуға және қару ретінде белсенді пайдаланады. Ежелгі гоминидтердің (Ardipithecus kadabba, Orrorin, Sahelanthropus) аталықтарының да азулары ұрғашыларымен бірдей болуы мүмкін, бірақ бұл жөнінде түпкілікті қорытынды жасау үшін деректер әлі жеткіліксіз. Адамның эволюциялық даму сызығында азу тістердің мөлшеріндегі жыныс аралық айырмашылықтар ерте жойылғаны анық. Аталық азуларының кішіреюін «феминизация» деп атауға болады. Шимпанзе мен горилланың жыныс аралық айырмашылықтары кейінірек қайтадан ұлғайып, аталықтар үлкен азу тістерге ие болды. Бонобо аталықтарының азу тістері басқа қазіргі адамтектестерге қарағанда кіші. Сондай-ақ, бонобо ең төменгі деңгейдегі түрішілік агрессиямен де ерекшеленеді. Көптеген антропологтар аталықтардың азу тістерінің мөлшері мен түрішілік агрессия деңгейінің арасында тікелей байланыс бар деп есептейді. Басқаша айтқанда, біздің алыс ата-бабамыздың азу тістерінің кішіреюі әлеуметтік құрылымдағы өзгерістермен, мысалы, аталықтар арасындағы қақтығыстардың азаюымен байланысты болуы мүмкін.

Арди шамамен бойы 120 см, салмағы 50 кг болған.

Ардипитектердің аталықтары мен ұрғашылары мөлшер жағынан шамамен бірдей болған. Шимпанзе мен бонобода да жыныс аралық айырмашылық әлсіз және оларда жыныстар арасындағы қарым-қатынастар салыстырмалы түрде тең құқықты болған. Ал гориллаларда бұл айырмашылықтар өте айқын байқалады әрі бұл әдетте полигамия және гарем жүйесімен байланыстырылады.

Арди жер бетінде екі аяғымен жүрген, бірақ Люси мен оның туыстары — австралопитектерге қарағанда сенімсіздеу жүрген. Сонымен қатар, Арди ағаштарға тиімді өрмелеу үшін көптеген арнайы бейімделу қасиетін сақтап қалған. Сондықтан оның жамбас пен аяқ құрылымында өрмелеуге арналған примитив және жүруге бейімделген дамыған белгілердің үйлесімі байқалады.

Ардидің қол саусақтары өте жақсы сақталған (Люсидің қолына қарағанда). Оларды зерттеу маңызды қорытындылар жасауға мүмкіндік берді. Бұрыннан белгілі болғандай, адамның арғы тектері шимпанзе мен горилла сияқты саусақтарының сүйектеріне сүйене отырып жүрді деп есептелді. Бұл ерекше жүріс тәсілі тек африкалық адамтектес маймылдарға және орангутандарға тән; ал қалған маймылдар жүргенде әдетте алақанына сүйенеді. Алайда, Ардидің қол саусақтарында «саусаққа сүйену» ерекшелігі жоқ. Ардипитектің қолы шимпанзе мен гориллаға қарағанда икемді әрі қозғалғыш болып, бірнеше белгілер бойынша адам қолына ұқсас болған. Енді белгілі болғандай, бұл белгілер «примитив сипатта» болған, яғни гоминидтер үшін бастапқы деңгейде (мүмкін тіпті, адамның және шимпанзенің ортақ ата-бабасы үшін де). Ал шимпанзе мен гориллаға тән қол құрылысы, керісінше, «дамыған», яғни маманданған болып шығады. Шимпанзе мен горилланың мықты, қарымды қолдары бұл ірі жануарларға ағаштар арасында тиімді қозғалу мүмкіндігін береді, бірақ заттарды икемді түрде ұстау қабілеті төмен. Ардипитектің қолы оған ағаш бұтақтарымен алақанға сүйеніп жүруге мүмкіндік беріп, құралдарды қолдану үшін де қолайлы болған. Сондықтан эволюция барысында біздің ата-бабамызға қолын түбегейлі өзгерту қажет болмады.

Ардипитек білек сүйегінің Science журналындағы цифрлы суреті/Wikimedia Commons

Ардипитек білек сүйегінің Science журналындағы цифрлы суреті/Wikimedia Commons

Ардипитектің аяқ құрылымында мозаикалық белгілер байқалады: бұлар — бұтақтарды ұстау қабілетін сақтауды білдіретін үлкен саусақтың қарсылығы және екі аяқпен тиімді жүруге бейімделген, қазіргі адамтектес маймылдарға қарағанда аяқ табанының доғасы шұңғылдау. Ардипитектердің ұрпақтары — австралопитектер — аяғымен бұтақтарды ұстау қабілетінен айырылып, адамның аяқ табанына өте жақын құрылымды иеленген.

Ардипитек антропологтарға көп жаңалық сыйлады. Мысалы, ешкім біздің арғы ата-бабамыз алдымен жамбастың өзгеруі арқылы екі аяғымен жүруге бейімделіп, содан кейін ғана үлкен саусақ пен аяқтың қармаушы қызметінен бас тартты деп ойлаған емес.

Осылайша, ардипитекті зерттеу гоминидтердің эволюциясы туралы танымал гипотезалардың кейбірін қайта қарау қажеттігін көрсетті.

Қазіргі адамтектестердің көптеген белгілері, шынында да, примитив емес, керісінше дамыған сипатта болып шықты, яғни шимпанзе мен горилланың ағашқа өрмелеуге, бұтақтардан салбырауға, саусаққа сүйеніп жүру мен арнайы тағам түрлеріне бейімделуін білдіретін диетасына ыңғайланып «мамандануымен» байланысты пайда болған ерекше белгілер болып шықты. Біздің олармен ортақ ата-бабаларымызда мұндай белгілер болмаған. Адам өніп шыққан ежелгі маймылдар қазіргі маймылдарға аса ұқсамаған.

Бұл тек физикалық құрылымға ғана емес, мінез-құлық пен қоғамдық құрылымға да байланысты осылай өрбіген болуы әбден мүмкін. Шимпанзенің ойлау жүйесі мен әлеуметтік қатынастары біздің ата-бабаларымыздың ойлау жүйесі мен қоғамын реконструкциялау үшін соншалық негіз бола алмауы мүмкін. Біздің тік жүріп үйренген ата-бабаларымызды, яғни австралопитектер мен ардипитектерді шимпанзеге ұқсатып елестету қате болуы ықтимал. Шын мәнінде, шимпанзе мен гориллалар — ерекше маманданған, реликтті приматтар, олар тропикалық ормандардың қалың жапырақтарының арасында жасырынып, осының арқасында ғана бүгінгі күнге дейін жеткен болуы мүмкін. Жаңа деректерге сүйене отырып, америкалық антрополог Оуэн Лавжой және Ардиді зерттеуге белсенді қатысқан оның әріптестері гоминидтердің ерте эволюциясының жаңа моделін жасады. Бұл туралы келесі дәрісте айтылады. Тек бір нәрсені ескерте кетейік: біздің түрдің қалыптасуында махаббат пен мейірім қазір ашылған жаңалықтардан көріп отырғанымыздай, біз ойлағаннан да маңыздырақ рөл атқарған.

Александр Марков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ