АДАСҚАНҒА ЖОЛ

Арыс

Ел дүрлігіп жатты, ақ патшаның құлағанын жұрт білсе де, іс бұлай насырға шабады деп ешкім ойламады. Есқараның жанына Қосжан жүгіріп келді:

– Есқара, енді не қыламыз? – деді. Болыс болғалы сақалына ақ түсе бастаған Есқара, Қосжанға ешнәрсе деп жауап қатуға батпады. Не дегенмен елге «көтеріл, жерімізді қорғаймыз» десең бейкүнә халық нақақтан‑нақақ қырылып қала ма деп қорқады, бірақ тыныш жата беруге де болмайтынын түсінікті еді.

– Қайттық, – деді де, Есқара атын, кері бұрып жүріп кетті. Төресінің артынын Қосжан да бұрылды:

– Есқара, қазақтың жері ғой мынау, мыналар неге оны...

– Қосжан, керек емес, қайттық. Ауылға барып кеңеспен шешейік, – деді де, екеуі ары қарай үндеместен Тақыркөлге қарай тартты. Есқара Түркістанға онша көп келе бермеуші еді, досы болған Арын бимен кездесуге ғана келіп тұрғаны болмаса, орыс халқының әскерлері қаптай бастағалы ол да келгіштеп кетті. Әйтпесем өзінің Тақыркөлге қайтқысы ақ келіп тұрғаны бар. Бұл дүниенің қу тірлігіне бас қатырғысы жоқ, бірақ не шара, Болыстыққа түскен өзі, халықтың қамын жеймін деп өз басына өзі бәле тілеп алғандай.

Осыдан сегіз жыл бұрын ғана Есқара болыс болып, ел арысында абыройы артып, іске бастаған. Адам басқару мал басқарудай емес екенін ол әлден білетін, қайда бұрсаң сонда кете қоятын адам емес, көндіру керек, келісу керек, ең бастысы түсіну керек. Жастайынан Түркістан аймақтық генерал‑губернаторының қолында өскен ол ел басқару ісіне бейімденіп, құдды бір сол сәтті күткендей еді. Болыстықты ертерек алар меді, ағасы Абылдың өтінішімен ғана болыстық сайлауға ертерек түспеді, тоқпалат руынан шыққандар өз адамдарын қойып, содан олардың біраз ел билегені бар, ал Есқара болса халықтық комиссар қызметін атқарып, жәрдемін берді. Бірақ айналып келгенде бәрібір де бұл іс Есқараның қолына тиді.

Үлкен ұлы Балқыбекті үйлендіргеніне көп болмаған, келіні Тоқашты Ташкенттен әкелгенде ел‑жұрт дүрлігіп, қуанышын білдірген еді. Сол қуаныштың артынша болыс сайлауы да жақындады, ел арасында сыбыс көбейіп, халық арасында құрметті Есқараның аяғынан шалмақ болғандар да аз емес еді. Сол сайлау жақындағаннан үйге келетін қонақ көбейіп, тақыркөлдің айналасындағылардың барлығы дерлік қаншама жыл халқы үшін қызмет еткен Есқараны қолдайтынын білдіруге ұмтылды. Сол күндердің бірінді Есқара жас келінінің, ол кезде он бесте болатын, қолы күйіп шелпек басып отырғанын көрді.

– Әй Тоқашжан, қызым‑ау, абайласаңшы, – деді Есқара. Келіні қызарып, қайынатасына сәлемін берді де:

– Жоға қайыната, күнде пісіріп жүрмізғой, – деді де, ісіне кірісіп кетті. Қонақтар таусылмады, ұлы да өсіп келеді, келіні де еңбекқор, ауыл да оған жақ. Сол күндер Есқараға мәңгілік созылардай болып көрінді.

Болыстыққа сайланғаннан кейін алғашқы екі жылы тыныш өтті, Есқара ісін атқарып, күндіз демей түн демей аймаққа қарады. Бірақ екі жылдан кейін елді дүрліктірген хабар келді, «соғыс» деп жұрт дүрлікті. Ақ патша қазақ ұлдарын майданға әкетіп жатыр деді, елдің тынышталар түрі жоқ, Есқараға да уайымға салынды Бірақ ол істің бергі жағы еді. Соғыс уақыт өткен сайын созыла берді, созыла берді, елді тылға әкетеміз деген орыс комиссарлары тынышталар емес, болыстық атқарған Есқара қалай боларын білмей жүргенде аспаннан жай түскендей болып он жетінші жылы елді тағы да дүрліктірген хабар естілді. «Ақ патша құлады» деді хабарды алып келген Қосжан.

– Не дейсің?

– Ақ патша құлады деймін, – деді қайталап. Есқара мұның жақсылыққа апармайтынын сол кезде сезген еді, бірақ әлі уақыт келмеген еді, уақыт...

Елдің арасында шу көбейген сайын мазасы қашқан Есқара Түркістанға барып келмекке бекінді, өз бабасы болған, Абылай ханның батыры, Сүйіндіктің мазарына зиярат етіп, құран оқып шықпаққа. Жол алыс болса да, Есқара қанша жүргенін байқамай да қалды, жол бойы ойы сансаққа кетіп, Түркістанға жетіп қалды. Атасының мазарына кірместен бұрын досы Құлбайдың[Есімі ойдан шығарылған] үйіне кіріп шықпақшы болды. Құлбай да болыс болып қызмет ететін. Түркістан аймағында ол екеуіндей жақын дос жоқтай, бірін‑біріне келе қалса екеуі той тойлатып, күтіп алатын. Бұл жолы оған Құлбайдың да, Есқараның да мазасы бола қоймады. Екеуі бірін‑біріне қарап, құшақтасып амандасты да, үстелге шайға отырды. Есқара бісміләсін айтып дастарханнан бауырсақ алып, бір үзімін аузына салды. Артынша шай ұрттап жіберді де, жаймен әңгімені Құлбай бастады.

– Есқара, не болды, мазаң жоқ қой? – деді.

– Білмеймін, соңғы күндері тірлік қарбаласып кетті. Не істерімді білмеймін. Менен бұрын өзіңнің де көңіл‑күйің көтеріңкі емес қой.

– Білесің бе, мұнда не хабарлар жүргенін? – дегеннен кейін Есқара шайын үстелге қойып, досына құлақ салды.

– Не хабарлар?

– Қызылдар бас көтеріп, Мәскеуде қырғын болып жатыр дейді, – деді де, Құлбай үнсіз қалды.

– Сонымен? – деді Есқара іштей жайсызданса да онысын білдірместен.

– Есқара, қызық екенсің, бір жақтан ақтар, бір жақтан қызылдар басынып жатыр, екі өгіздің ортасында езілген шыбын болып қалмаймыз ба деп қорқамын, – деді.

– Қазақты шыбын деп тұрсың ба?

– Қайдағыны айтпашы, қазақты көк бөрі дейсің бе, бүркіт дейсің бе өз еркің. Бірақ бір сөз рас, ол жануар мына жанындағы жұрттан өзін қорғай алмайды қазір, – деп Құлбай үндемей қалды. Есқара ашуланса да, досының айтқанына шарасыз келісуде еді. Сөзі рас.

Артынша Есқара атасының мазарын зиярет етті де, Тақыркөлге қайтты. Сол күннен кейін әр күнін санап, елін қалай аман алып қаларын білмеген Есқара сары уайымға салынжы. Жасы жетпіске тақаса да бұған дейін шашына онша көп ақ түсе қоймаған еді, енді қара шашы санаулы ақ қалды. Сол күннен бері екі жылдан асты, сол тынымсыз күндердің бірінде ауылға Құлбайдың бір хабаршысы келді, әдетте ауылға қарай шаппайтын қазақ еді, тұяғы жерге тимей келе жатқан адамды көргеннен Есқара қорықты. Хабаршы келгенше өз‑өзімен арпалысқандай болды. Адам дереу жетіп, аттан түсті де, салтты бұзбай алдымен амандасты:

– Ассалау мағалейкум ақсақалдар, – деді. Сәлемін қабыл алғаннан кейін Есқараға қарады да. – Төрем, Құлбайдан хабар алып келдім, – деді.

– Жасырмай айта бер, арамызда артық ешкім жоқ, – деді Есқара. Өзі іштей не хабар екенін білсе де, жанындағылардың есігенін қалап үндемеді.

– Торғай, Ақмешіт, Әулиеата бәрі‑бәрі кетіп жатыр!

– Кім? Қайда кетіп жатыр?

– Қызыл әскер болыстардың басына шықты. Қара халықты мал қылып айдап, жұртты қырмаққа. Ұсталғанан аман қалдырмайды, – деп еді, өзге ақсақалдар үнсіз үрейге түсті.

– Құлбай ше? – деді Есқара.

– Құлбай төрем Тәшкентке тартты, Түркістанда қалмайтынын айтты. Аман қаламын десе жүрсін деді, – де шабарман үнсіз қалды. Есқара Балқыбекке нұсқап, шабарманды үйге кіргізуін, шай беруін пәрмен етті.

Түн жамылып ауыл ақасақалдары жиын құрды. «Енді қайтеміз?», «Не қыламыз?», «Қашамыз ба әлде қаламыз ба?», «Қашсақ қайда қашамыз?», «Қалсақ қайда қаламыз?» сұрақ осы. Түні бойы дауласқан олар таңға дейін келісе алмады. Біреуі:

– Қалайық, берілсек аяп қалар, – дейді. Басқасы:

– Өзгені аямағанда сені кім аяйды дейсің. Өлтіреді. Құлбайдың артынан кетейік Ташкентке, – дейді. Үшіншісі оған да келіспей.

– Мына жерде ұстаса Ташкентте басыңнан сипап жібереді ме. Тақыркөлге жеткен әскер Ташкентке бір‑ақ аптада барады, – деп келісе алмады. Соңғы сөзді Есқара айтты.

– Кетеміз! – деді. Өзгелер келіспеушілігін көрсетсе де, үнсіз қалды. – Бірақ Ташкентке емес, Ауғанға, – деп еді, ақсақалдар орнынан атып тұрды.

– Есқара, бұл не дегенің? – деді де, жерді тебініп отқан Есқараны көргенде бірден түсінді. Расында басқа шара да жоқ еді.

Ауыл жиналды, ел қамына қорыққан Есқары бірінші болып үйіндегі бар алтынды бір қапқа жинатқызды. Қайтып келген күні қажет болады деп, үйден алып кетті де, тоғайға қарай бет бұрды, көміп келмекке.

Ауыл көшуге дайын болғанда Есқара өз шабармандарын көрші ауылдарды хабарландыруға жіберді де, көшке жылжуды бұйырды. Мыңдаған қой мен жүздеген жылқы жолға асықпай шықты. Белді тәуекелге буған Есқара дәл осы жерде жерленгісі келсе де, көзі тірісінде қайтып оралмайтынын біліп жолға шықты.

Жол ұзақ болды, айтуға жеңіл болғанымен Ауғанға отар‑отар қоймен жету әркімнің қолынан келе беретін іс емесі анық. Соған бел буған Есқараның жүрегі батылдыққа толып, көзін жан‑жаққа салып жүрді. Ешнәрсе оған бұл жолда кедергі келтірмеуі керек болатын. Өз елін қиып кету оған да жеңіл тиген жоқ.

Ауылдан шыққанда күздің соңы тақап қалған еді. Оңтүстікке қарай жылжыған сайын күн суый берді, қыстың келе жатқаны жұртқа аян болса да Есқара ол мұншалықы ерте басталып кетеді деп ойламады. Ішкі уайымы тау асып Ауғанға жетсе болды, мына халықпен, артындаға малымен ол жақта аш қалмастан, аман есен қалар еді.

Күндер өткен сайын ауа суый түсті, жұрт қалың киімдерін шығарып, қалыңырақ орана бастады. Алғашқы рет қар жауғанда Есқараның жүрегіне ауғанға жете алмай қаламыз ба деген күман пайда болды. Алайда нағыз сұмдық әлі алда еді.

Бара‑бара қар қалыңдай берді ал жел болса күшейе түсті. Көш күндіз жүрісін азайтып, түнде ұзағырақ демалатын болды. Мал да әрең шыдап келеді. Қойын жаятын қора да жоқ, бөрі шапса қорғаймыз деп жастар жүгірді. Алғашқы қар түскеннен жеті күн өткен еді, Есқараның іші уайымға толды, жүрегі дүрсілдеп, тынысы тарыла түсті. Бәрі күткеніндей‑ақ еді, сол түні көк аяз боран басталды. Онсыз да үсіген мал бірінен кейін бірі қырылып, құлай берді. Артынан ерген адамдар да болысының пәрменін күтті. Есқараның жанына ұлы Балқыбек келді.

– Әке, мал қырылып барады. Қайтеміз енді?! Мына түрмен ертең таңға дейін бірі аман қалмайды, – деп еді, Есқараның арқасы терлеп кетті.

– Ортасын ашып, арам қатқандарын қоршап үйіңдер де, арасына аман қалғанын кіргізіңдер, – деді. Бұл ой басына кенеттен келген еді, бірақ ақыры не боларын өзі де білмеді. Түн қарайған сайын, жұмыс ауырлай түссе де, ауылдың кішкентай балаларына дейін бұл іске араласып жатты. Келіндер де құр қалмады, Есқара арасынан өз келіні Тоқашты да көріп қалды. Тек таң ауа ғана бүкіл малды ортаға жинап, қоршауын аяқтады да, ел жұрт ұйқыға кетті. Бірақ Есқара көз шырымын ала алмады.

Боранның тоқтайтын түрі жоқ, бірнеше күн қатарынан соққан дауылдан, жұрт тіккен үйлерінен шыға алмай қалды, аштан қырылып қалуға да бар еді, үш күн дегенде ғана боран тоқтап ел, аман қалды. Есқара үйден шыға салысымен өзге үйлерге жүгірді, бәрін ашып, жұрттың амандығына көз жеткізгеннен кейін ғана үйіліп тұрған мал өлекселеріне бет бұрды. Қар үйген қоршауын сырттай көріп үйіндінің неден қаланғанын байқай алмас едің, Есқара, қарға белшесінен батып, қоршаудың үстіне мінді де, маңыраған малын көрді. Көбісі аман еді, ең бастысы елін аман алып қалуға жетеді. Есқара артынан қарды жарып келе жатқан біреуді көрді. Бөрігінен таныған еді:

– Қосжан, сенбісің? – деді.

– Төрем, амансыз ба?

– Аман болмай қайда барам. Қосжан, малымыз амандықта Ауғанға өтсек барып сонда төре болар едік, – деді Есқара, Қосжан үндемеді. – Енді мына малымызбен барсақ құл боламыз. Қосжан, көштің басын бұр.

– Қайда төрем?

– Ташкентке.

Көшірілді