Шоқан Уәлиханов «Тұран» атауын географиялық термин ретінде қолданады. 19-ғасырдың соңындағы Осман империясының саясатында бұл ұғым түркі, моңғол және орал халықтарының ортақ тілдік туыстығы мен шығу тегінің символы деп есептелді. Кеңес дәуірінде қазақ зиялылары репрессияға ұшырап, соның ішінде пантұраншылдықпен айыпталып жатқанда, ол «түркі-татар халықтарының» географиялық құрамдас бірлестігіне теңестірілді. Бүгінде ол ойдан шығарылған саяси одақ мағынасында қылаң беріп қалады.
Расында Тұранның тарихи мән-маңызы қаншалықты? Qalam-ға ирантанушы Ислам Жеменей жан-жақты талқылап берді.
Киелі «Авеста» мен «шайтан елі»
«Тұран» ұғымы түркі халықтарының жадындағы өшпес атау ғана емес, тарихы тамырлас жұртты қайта бірігуге шақырып тұрған үні, сағынышы іспеттес. Бұл атаудың қайдан шыққанын түсініп, түп төркінін тарқатуға тырысқанда археологиялық деректерден бөлек фольклорға, жазба әдебиеттерге арқа сүйейміз. Сондықтан «Тұран» атауы тұңғыш рет «Авеста» кітабында хатқа түскенін тілге тиек етпей өте алмаймыз.

Фаравахар және дәстүрлі киім киген парсы және мидия сарбаздарының барельефі. Персеполис / Google arts and culture
«Авеста» кітабы ежелгі Ирандағы заратустра дінінің пайғамбары Зәрдөшттің кітабының аты еді. Мыңжылдықтар аралығында кезең-кезеңімен жазылған көне дәуір туындысының жалпы көлемі 815 бөлім, жиырма бір кітаптан тұрады. Бірақ оның алты бөлімі ғана қазіргі заманға жеткен. Кітаптың бірінші кезеңі Зәрдөшт өмір сүрген заманнан 2800 жыл бұрын жазылыпты. Пайғамбар өлген соң кітап мазмұнына біраз өзгерістер енген деген пайым бар.
Екінші кезеңі — кітаптың бұрынғы кезеңіндегі Гаһан тарауы бастапқы мазмұнды қамтамасыз етсе, енді оған Зәрдөшттің тәңірлік әндеріне арналған Гаттар тарауы қосылған. Иранның көне діни кітабы саналатын шығарманың үшінші кезеңіне «ұлттық дастандар» енген.

Осы күнге дейін сақталған Сасанид Авестасының жалғыз томы – «Вендидад-Саденің» ирандық қолжазбасының алғашқы беті. Columbia University Rare Book and Manuscript Library MS Or 320 - FOLIO, Vendidad Sade / Wikimedia Commons
«Авестаның» соңғы бөлімі шамамен б.з.б. 7–4-ғасырлар аралығында жазылған. Бұл уақытта Иран мен Тұран арасындағы саяси бәсеке әбден шиеленісіп, әскери қақтығысқа ұласқан еді. Иран мен Тұран соғысында тұрандықтар анық жеңіске жеткен. Тұран патшасы Иранда 12 жыл, кейбір болжамдар бойынша 26 жыл салтанат құрыпты. Сондықтан «Авеста» таза діни кітап болса да, кітаптың соңғы бөлімін жазған автор жауын өшпенділікпен «Тұран» және оның патшасын «Афрасиаб» деп атаған. Кітаптың діни мазмұнына орай Иран елін «Әһура», яғни «илаһи елі» десе, Тұранды «Әһримән», яғни «шайтан елі» деп жазған. Бұл, әрине, патриот автор үшін табиғи рефлекс дегенімізбен, «Авеста» кітабын тарихи дерек ретінде қарасақ, мұны Тұран мен оның патшасы хатталған тұңғыш жазба дерек деп есептейміз.
Афрасиаб: ұлы тұлға ма, үрейлі патша ма?
Көне діни кітапта «Афрасиаб» екі рет, «тұрандық Афрасиаб» бір рет, «жауыз Афрасиаб» бір рет, «тұрандық жауыз Афрасиаб» төрт рет тілге тиек болғанiҮсейін Шәһиди Мазандарани-Бижән, «Шаһнама түсіндірме сөздігі», Теһран, «Бәлх» баспасы, 1377 ж. 812-бет. حسین شهید مازندرانی – بیژن، «فرهنگ شاهنامه»، تهران، انتشارات بلخ، 1377، 812 ص. Соңғы бөлімдегі «ұлттық дастандар» тарауында Тұран патшасы Афрасиабтың «аса қайратты тұлға» болғаны бес рет қайталанады. Демек, екі арадағы соғысқа қарамастан автор жауының асқақ рухын еріксіз мойындаған деп болжаймыз.

Фирдаусидің «Шаһнамасынан» («Патшалар кітабы») миниатюра. Кейхұсрау Афрасиабтың басын алар сәт. Иран, шамамен 1590–1600 ж.ж. / Артур М. Саклер галереясы / Google arts and culture
Кітапта Тұран патшасының болмыс-бітімі түптің түбінде мойындалғанымен, Афрасиаб атауының астары бәрібір ойландырмай қоймайды. Неміс ғалымы, авестатанушы Фердинанд Юсти (1837–1907) «Авеста» кітабына арналған «Есімдер кітабы» атты сөздігінде Афрасиаб сөзін «үрей тудыратын адам» деп түсіндіреді. Бұл есім «Авеста» кітабында «Фәрнәгрсин», ал пәһлеви жазбасында «Фрасияв», «Фрасиак», «Фрасиаб» түрінде кезігеді, яғни Фердинанд Юсти мұны «Фәрнәгрсин» сөзін «асқан үрей тудыратын адам» деп тәпсірлеген.
Жүсіп Баласағұнның айтуынша, Афрасиаб есімін тәжіктер берген. Түркілер оны «Алып Ер Тоңға» деп атағанын айтады. Мұндай қарама-қайшылық қайдан шыққан?

Фирдаусидің «Шаһнамасынан» («Патшалар кітабы») миниатюра. Рүстем Афрасиабтың белбеуінен ұстап, ат үстінен аударып жатыр. 1430–1440 ж.ж. / MET / Google arts and culture
Иран тілі үш мың жылдық дәуірге бөлінеді. Бірінші мың жылдыққа Авеста және шеге жазуындағы тілдері жатса, екінші мың жылдығында пәһлеви жазуы мен тілі бар. Үшінші мың жылдығы Абдолла Рудаки (858–941) бастаған поэзиялық көркем әдебиетімен басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ирандықтар бұл тілді «парсы дәри» тілі деп айтса, тәжіктер осы тілді қолданады. Ирандағы парсы тіліне араб тілі молынан енген. Оның басым бөлігі парсыланған араб сөздері құрайды. Қысқасы, кітаптан мұра қалған дүниелер кейін пәһлеви тілінен парсы дәри тіліне аударылып, оған «Шаһнама Мансұри» деп ат қойылады. Демек, «Авестаның» парсы дәри тіліне аударылып, қаншалықты өзгеріске ұшырағаны да мұқият зерттеуді қажет етеді.
Тұран патшасын түркілер қалай атаған?
Махмұд Кашғари (1029–1101) Тұранның ұлы қағаны «Алып Ер Тоңға жоқтау» жыр шумақтарын ел аузынан жазып алып, «Түрік сөздігі жинағына» енгізген:
Алып Ер Тоңға өлді ме?
Жалған дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жарыларiМ.Қашғари, Түрік сөздігі. Ауд: А. Егеубай – Алматы, – 1-том. 70-бет.!
Алып Ер Тоңға кім болғанын Жүсіп Баласағұн 1069–1070 жылдар аралықта он сегіз айда жазған «Құтты білік» кітабында былай түсіндірген:
Түрік бектері ішінде атын асырған,
Алып Ер Тоңға ер еді, құты тасыған.
Тәжіктер оны Афрасиаб атаған,
Елдерге ол көп ізгілік жасаған.
Қажет білсең білім, ақыл, даналық,
Қолға алуға дүниені қаратып.
Тәжіктер де хатқа мұны түсірген,
Кітапта жоқ болса, кімдер мұны түсінген.
Түркілер «Алып Ер Тоңға» деп атаған Тұран патшасын ежелгі Иран жазбаларында неге «Афрасиаб» деп жазылғаны енді түсінікті болған секілді. Юстидің түсініктемесінде оның Иран жұрты үшін сүйкімсіз тұлға болғанын көрсек, Тұран патшасы түркілер тарапынан мақтанарлық тұлғаға айналғанын бейнелеп тұр.
«Түркістан» атауы қайдан жүр?
Иран аңыздары бойынша Тұран мен Иран елінің шекарасы Жейһун өзенінің (Әмудария) орта сызығынан әрі қарай белгіленген. Аңызда айтылғандай, Иран-Тұран шайқасы ұзаққа созылып, ақыр соңында екі жақ бейбіт мәмілеге келуді көздейді. Келісімге сай, Иранның Ареш атты садақшысы Эльбурс тауының шыңына шығып, солтүстіктегі сайын далаға бағыттап садағын тартып қалады. Арештің жаны зымыраған садақ жебесімен бірге кете береді, ал ұшқан жебе Әмударияның ортасына барып қадалады. Содан бастап бұл өзен Иран мен Тұранның шекарасы болып бекітіледіiСияуыш Кәсраи, садақшы Ареш поэмасы – سیاوش کسرایی، آرش کمانگیر..

Дарафш. Саадабад кешеніндегі садақшы Ареш мүсіні. Тегеран, Иран / Wikimedia Commons
«Авестадағы» Тұран елі сақ тайпаларынан құралатын. Тұранның негізгі жағрафиялық кеңістігі бүгінгі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстанның солтүстік бір бөлігі мен Солтүстік Пәкістан территориясын қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азия аумағы ежелгі Тұран елінің жер көлемі болған.
704–756 жылдары билік құрған Түркеш қағанаты тұсында түркілер тұрған Тұран кеңістігі «Түркі елі» атанып кетті. Араб жорықтарынан кейін ислам дінін қабылдаған түркілердің «Түркі елін» араб жазба деректерінде «Түркістан» атымен де береді. Бірақ одан бұрынғы заманда елдердің шекарасы саяси-әскери қуатына байланысты бірде ауқымды, бірде шектеулі шеңберде өзгеріп тұратын. Тұран және Түркістан шекарасы да аталған заңдылыққа бағынып, территориялық жағынан тарихи кезеңдерде сан құбылып келді.
«Шаһнама» және Афрасиаб
Әбілқасым Фирдауси (980–1040) өмір сүрген заманда Араб халифатының жорығынан Иран жеңіліс тауып, олардың мәдени шабуылына ұшырады. Соның кесірінен иран тілі біртіндеп жойыла бастады. Бірақ сол тілде сөйлейтін, мұсылман сүнни парсы тілді Саман әулеттерінен шыққан Мансұр Ибн Саман Хорасанда билікке жеткенде ежелгі иран мәдениеті мен тілін сақтау жолында реформа жасады. Ел тарихын жетік білетін қариялардың басын қосып, Иранның ежелгі тарихына қатысты қолда бар жазбаларды сарай кітапханасына жинайды. Билеушінің бұйрығы бойынша ежелгі Иран патшаларының өмірбаянын пәһлеви тілінен «парсы дәри» тіліне аударылды. Қара сөз түрінде аударылған алғашқы нұсқа әмір Мансұрдың құрметіне «Шаһнама Мансұри» аталды.

Шах Тахмасптың «Шаһнамасынан» миниатюра. Фирдауси және Ғазни ақындары. Шамамен 1532 жыл / Aga Khan Museum / Wikimedia Commons
Кейін Фирдауси прозалық дүниені жырға айналдырды. Ол кітапты еркін аудармамен поэзия тіліне айналдырып, басына Дақиғи Тусидің өмірбаяны мен оның жырлап кеткен 1000 бәйітін қосты. Тақырыптық өзгерістер жасап, қосымшалар енгізді. Сол үшін жыр кітабы «Фирдауси шаһнамасы» деген атаумен ел арасына кеңінен тарады. Тіпті Түркістан өлкесінің түріктері де оған қатты қызығып, парсы дәри тілін үйрене бастады.
Фирдауси ирандықтар арабтың саяси-мәдени шабуылының кесірінен парсы тілінен айырылып қалу қаупін бастан өткеріп жатқанда «Шаһнама Мансұри» дастанын жырға қосып, парсылардың ұлттық санасының оянуына түрткі болды. Алайда «Шаһнама» жыр дастанының негізгі кейіпкері — Тұран патшасы Афрасиаб еді. Ирандықтар араб шабуылына қарсы ұлттық рухын көтеру үшін оны аса қуатты өзге бір елден жау ретінде көрсетуге тырысты. Сол себепті Фирдауси «Авеста» кітабында аса қатал бейнеленген қайратты ерді таңдаған.

Сұлтан Мұхаммед. Каюмарс ауласы. Фирдаусидің «Шаһнамасынан» миниатюра. Шамамен 1525–1535 ж.ж. / Aga Khan Museum / Wikimedia Commons
Кейбір ғалымдар «Шаһнаманың» толық нұсқасы ретінде Мәскеу басылымын есептейді. Ұзын-саны 75 тараудан тұратын ол кітапта Иран патшасы Кейхұсрау мен Тұран патшасы Афрасиабтың кескілескен шайқасы да жырланған. Бірақ Афрасиаб Иран патшасы Кейхұсраумен шайқаста жеңіліп қалады. Содан оның қолына түспеу үшін қашып жүрген ол ақыры тұтқынға түсіп, Кейхұсраудың қолынан ажал құшадыiФирдауси, «Шаһнама», толық мәтін, алтыншы басылым, Теһран «Қәтре» баспасы, 1379 ж. 1367 бет – علی رواقی، فرهنگ شاهنامه، جلد دوم، تهران، موسسۀ تالیف، ترجمه و نشر آثار هنری"متن"، چاپ اول، 1390، 1367 ص.. Бұл тарау жайында кейбір шаһнаматанушылар «ақынның өзі ирандықтардың рухын көтеру үшін жалған хикая құрастырып жырлаған» деген пікірде. Себебі тұрандықтар ешқашан Иран әскерінен жеңілген емес деген уәж айтадыi
«Шаһнама», қазақ тіліне еркін аударма жасаған: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, баспаға дайындаған: И.Жеменей, Алматы, «Арыс» баспасы, 2015, 896 бет.
«Тұран» атауы қайдан шыққан?
«Шаһнамадағы» ежелгі аңыздарда Феридун патшаның үш ұлы болыпты деседі. Феридуннің таққа отырған кезі арий тайпалары үш топқа бөлініп, үш жаққа тарап кеткен заманға тұспа-тұс келеді. Патша билік құрған шағында мемлекетін үш баласына — Сәлім, Тұр және Ирәжге үлестіріп береді. Рұм мен Шығыс Сәлімнің, Түрік пен Қытай Тұрдың, ал Иран елі Ирәждің еншісіне тиеді. Соңында ағайындылар арасында келіспеушілік туындап, Сәлім мен Тұр екеуі Ирәжға қастандық жасап, өлтіреді. Ирәж қазасын естіген әкесі Феридун қатты қайғырғанымен, сарайдағы «Маһаферид» атты бір күң баласынан екіқабат болғанын естіп, қуанып қалады.

Иран мен Тұран. Адольф Стилердің картасы (Қаджарлар әулеті кезіндегі Парсы және Орталық Азия). 1843 жыл / Wikimedia Commons
Маһаферид Ирәж өлген соң бір қыз туады. Феридун патша немересін бауырының баласы Пәшәнгке ұзатады. Олардан Мәнеушер атты ұл туады. Бала ержеткен соң әкесі Ирәжді екі бауыры Сәлім мен Тұр өлтіргенін біледі. Әкесінің кегін алуды көздеген Мәнеушер Сәлім мен Тұрға қарсы жорық ашып, екеуін өлтіреді. Бастарын кесіп үлкен атасы Феридунға жібереді. Феридун патшалық тәжін Мәнеушердің басына кигізеді де, өзі саяси биліктен шет кетіп, тыныш өмір сүріп, өмірден өтеді.
«Шаһнамада» Феридун мен үш ұлы — Сәлім, Тұр, Ирәж үш тарихи елдің патшасы ретінде сомдалған. Сәлім Араб сахарасына билік құрған, Ирәж Иран елінің патшасы болған. Тұр түрік пен қытай жұртына билік еткендіктен, оның мемлекеті «Тұран» деп атанған дейді. Сондықтан Фирдаусидің айтуынша, Иран, Тұран, Арабия патшалары — бір атаның балалары. Иран мен Тұранның, яғни екі ағайын елдің өштесуі Афрасиаб патшаның тағдырына да ұласады. Алайда Афрасиабқа қатысты оқиғалар Фирдауси мен өзге тарихи жазба деректерде біркелкі емес.

«Хұсрау хатынан» литография. Ирәж (жоғарғы), Селім (төменгі оң жақта) және Тұр (төменгі сол жақта). Тегеран, Мұхаммед Тағи шебердің зауыты, 1868 жыл / Wikimedia Commons
Осы тұста айтарымыз, «Шаһнама» жырындағы «тұран» ұғымы сөз тіркесі түрінде бірнеше рет өзгешелеу тілге тиек болған. Олар: тұр — адам есімі, ан — мекенге қатысты жалғау. Тұр+ан = Тұр+елі. Тұрандық, Түрік елі, Тұран әскері деген түрік әскері тіркесіне балама сөз есебінде қолданылып келген. Бір қызығы, «Авеста» кітабынан кейін өзге тарихи-әдеби кітаптарда Афрасиаб бейнесін жауыз етіп көрсетпейді.
Афрасиаб патшаның өлімі
Ежелгі Иранның Киан династиясынан екінші болып таққа отырған Кейкавуыс (кейде Кавуыс деп айтылады, қаза тілінде Кейқауыс деп те жазылады) еді. «Кей» сөзі ежелгі иран тілінде «патша» деген мағынаны білдіреді. Кавуыс есімінің алдына жалғанса, «Кавуыс патша» дегенге саяды. «Шаһнамада» ол еліктегіш, бірбеткей адам бейнесінде сомдалған. Әркімнің сөзіне еріп асығыс шешім қабылдайтын патша жеке басы мен мемлекет мүддесіне орны толмас зиян келтіреді. Ол жүз елу жыл өмір сүріп, талай тарихи және трагедиялық оқиғаларды басынан өткерген. Соның бірі — Афрасиаб және Сияуыш Кейкавуыс ұлының тоғысқан тағдыры еді.

Хұсраудың Айланы өлтіруі. Байсұнқардың «Шаһнамасы». 1430 жыл / The Gulistan Palace Museum / Flickr
Күндер айға, айлар жылдарға жалғанған бір күні Афрасиаб бастаған Тұран әскері Жейһун өзенінен (Әмудария) өтті деген хабар жетеді. Кейкавуыс патша әскерін Сияуыштың қолына тапсырып, қарсы шабуылға жөнелтеді. Иран мен Тұран қолы бетпе-бет келгенде Афрасиаб бейбіт келісімге келуді ұсынып, Сияуыштың ордасына жүз жауынгерін сенімді өкіл етіп жібереді. Сияуыш келісім танытқанымен әкесі оған: «Жүз жауынгерді бізге жібер, өлтірейік», – дейді. Әкесінің ұсынысын «мәрттікке жатпайды» деп есептеген Сияуыш уәжін қабылдамай тастайды. Тіпті әкесінің қара пейілінен үрейленіп, соңында Афрасиабтан саяси пана сұрайды. Афрасиаб болса, Пиран атты уәзірімен ақылдасып, Сияуыштың өтінішін қабыл етеді. Тіпті оған уәзірінің Жәрире және Фәригес атты өз қызын тұрмысқа береді.

Сияуыштың Жейһун (Әмудария) өзенінің арғы жағында Афрасиабпен кездесуі. Шаһнаманың джайн стилінің шеберлері. Үндістан, 1450 жыл / Wikimedia Commons
Осыдан соң тату-тәтті жаңа өмір басталып, Афрасиабтың Сияуышқа деген ықылас-мейірімі күн өткен сайын арта түседі. Афрасиабтың Сияуышқа мейірі артысымен туған бауыры Гәрсивәздің іші қызғаныштан қыж-қыж қайнайды. Содан ағасына Сияуышты жамандап, ғайбаттай береді. Өсек-аяңның ақырында Афрасиаб оны өлтіртеді.
Сияуыш пен зайыбы Фәригестен (Афрасиабтың қызы) Кейхұсрау есімді ұл қалған. Ол ержеткен соң әкесі Сияуыштың нағашы атасы Афрасиаб қолынан қаза тапқанын естіп, кегін қайтаруға бел буады. Сөйтіп, Кейкавуыс патшаның қызметіне, Иран әскеріне қолбасшы болып қосылады. Нағашы атасымен кескілескен шайқасқа бастап, ақырында атасын қуып жүріп, ажал құштырады. Жырдағы Афрасиабтың өмірі осылай аяқталады.
Афрасиаб және түркі әлемі
Тұран патшалығы мен Афрасиаб жайында өзге де араб, парсы, түркі тілінде мәліметтер бар. Еуропа мен Иран ғалымдары тарапынан да көп зерттеліп келеді. Соның бірі — Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлаттың (1499–1552) «Тарих-и-Рашиди» кітабы. Онда:
«Ежелгі заманнан бері Кашғар сұлтандары Афрасиаб — түрік ұрпағынан шығатын еді. Осы Афрасиабты моғолдар Бұға хан деп айтады. Оның тегі: Афрасиаб ибн Пиш ибн Дад Нишин ибн Тұр ибн Афридун»
(159-б) десе, әрі қарай: «Кашғар мазарының ең біріншісі — Сатұқ Боғра хандікі, ол Афрасиаб әулетінен шыққан» (170-б), – дейді. Сонымен қатар «беделді кітаптар мен тарихи шығармаларда Баласағұнды Афрасиабтың салған қалаларының бірі деп айтады» (251-б) деп көрсеткен.
10-ғасырда соғды тарихшысы Әбубәкір Нәршәхи (899–959 ж.ж.) жазған «Бұхара тарихы» атты кітабында:
«Ежелден патшалар қонысы саналған Бұхара басында ауыл болған. Кейін қалаға айналғанда патшалар қыс мезгілін осында өткізетін. Бұхараны тұңғыш рет Афрасиаб салған, Афрасиаб бұл өлкеге келген сайын сонда қонатын, басқа ешбір мекенге бармайтын едіiӘбубәкір Мұхаммед ибн Жапар Нәршәхи «Бұхара тарихы», Теһран, «Тус» баспасы, 1363 ж. 443-бет - ابوبکر محمد ابن جعفر نرشخی، تاریخ بخارا، تهران، انتشارات توس.
Парсының сирек жазбаларына сенсек, Афрасиаб екі мың жыл өмір сүрген және сиқырлы адам болған. Нұх Мәлік әулеттерінен тараған ол Сияуыш атты күйеу баласын өлтірген. Сияуыштың Кейхұсрау деген баласы әкесінің кегін алу мақсатымен Афрасиаб өлкесіне қалың қолымен жорық жасаған. Афрасиаб Рамтин қонысын әбден қоршап, қорған салған екен. Кейхұсрау екі жыл бойы қоршауды төңіректеп жүріп, қорғанның қарсы алдына Рамеш (көңіл көтеру) атты қорған салады. Екі жылдан кейін Афрасиабты тұтқынға алып, өлтіреді. Афрасиабтың мазары Бұхара қақпасының жанында орналасқанiсонда – 23-бет. Осы кітаптың түсіндірме тарауында: «Афрасиаб: «Тұран патшасы, түркілер қаһарманы», – деп түсінік бергенi
сонда – 189-бет.

«Хұсрау хатынан» литография. Афрасиаб. Тегеран, Мұхаммед Тағи шебердің зауыты, 1868 жыл / Wikimedia Commons
«Авестада» Афрасиаб атымен жек көрінішті кейіпкер ретінде бейнеленген Тұран патшасы түркі әлемінің жадында Алып Ер Тоңға есімімен жаңғырып тұрғаны сөзсіз. Алып Ер Тоңға атанғалы үш мың жылға жуық уақыт өтсе де ел есінен шықпаған. Оған Махмұд Кашғари ел аузынан хатқа түсіргені анық айғақ. Өйткені бұл деректер оның халық арасында ұлы қаһарман атанып, ұмытылмас елбасы болғанын дәлелдейді. Осы арқылы Алып Ер Тоңғаның сол Афрасиаб — Тұран патшасы екені тарихи шындыққа жақындаса түседі.

Николас Рерих. Әлем Анасының жұлдызы. «Оның Отаны» сериясынан. 1924 жыл / Google arts and culture