
Айгүл Ісімақова / Qalam
19–20-ғасырлардағы қазақтың саяси ой-танымын цензура дәуірлеп тұрған кезде сөзімен, ісімен ұлттық бірегейліктің негізін қалаған «Алаш» қозғалысынсыз, ондағы жазушылар, ғалымдар, публицистерсіз елестету мүмкін емес. Алаштанушы ғалым Айгүл Ісімақова Qalam-ға берген сұхбатында қазақ ағартушыларының жоғалған және тыйым салынған кітаптары және сол кітаптарды жанкештілікпен сақтап қалуға тырысқан жандар туралы айтып берді.
Патшалық Ресей тұсындағы тыйым
1909 жылы Санкт-Петербургте Абайдың жинағы шығады. Мұхтар Әуезов жазғандай, Абай «қазақ отарлауға түсті, құл болдық» деп зарлаған Шортанбай, Шернияз, Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы секілді зар-заман ақындарының сөзін тоқтатты. Ол:
«Зар илегенді қою керек. Қазақ енді соғыс, балта-найзамен емес, саяси жолмен құлдықтан құтылу керек. Өз дініне, тіліне ие болатын істің басында болайық», – деді.
Ахмет Байтұрсынұлы оны «қазақтың бас ақыны» деп атады. Кейінірек, дәл осы жылы сол қалада Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» кітабы жарық көрді. 1908 жылы бұл туралы Әлихан Бөкейхан:
«Қазақтың бірде-бір кітабы Ресейдің орталық баспасынан шыққан жоқ. Ал Ахмет Байтұрсынұлы деген ұлт ұстазы Иван Крыловтың керемет мысалдарын қазақшалап жүр», – деп жарнама жасайды.
Сөйтіп, «Қырық мысал» басылады. Ал Крылов орыс саясатын, өз халқын құлдықта ұстаған патшасын сынаған. Тек жануарлардың бейнесімен тұспалдап берген. Осы мысалдарды Ахмет Байтұрсынұлы қазақшаға аударады. Бірақ Крыловта қысқа 8-9 жол болып тұрса, Ахмет оған 15-26 жол қосып, дамытқан. Сол арқылы патшаға қызмет еткен қазақ жандайшаптарының әрекетін мысқылдап айтқан.
Абайдың кітабын, Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» оқыған Міржақып Дулатұлы 1909 жылы Уфада «Оян, қазақ!» шығарады. Онда Міржақып:
«Кім бізді құлдықта ұстап отыр? Оның жандайшаптары ауылнайлар, болыстар, яғни өзіміз екен. «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты. Енді Кенесары, Наурызбай сұлтандар секілді қамшымен емес, орыс тілін меңгеріп, олармен өз тілінде сөйлесіп, халықтың санасын көтеріп, саяси жолмен отарлау жағдайын жеңілдетуді іске асырайық», – деген үндеу тастаған.
Осы үш кітап патша кезінде қазақтың тыйым салынған тұңғыш ғылыми-поэтикалық дискурсы саналады.

«Алаш» партиясының мүшелері. Семей, 1918 жыл / Wikimedia Commons
Ахмет Байтұрсынұлының жоғалған кітаптары
1923 жылы Байтұрсынұлының елу жылдығы аталып өтеді. Осыған орай өткен жиында Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов баяндама жасаған. Сонда Әуезов:
«Аха, биыл «Мәдениет тарихы» деген кітабыңыз шықты. Қолымызға алдық. Үлкен қаракөк кітап екен. Мұқабасының ортасында «Мәдениет тарихы» деп төте жазумен беріліпті. Құтты болсын! Онда бүкіл көшпелі мұсылман жұртының, оның ішінде қазақтың Алтын Ордадан басталған тарихы мен мәдениеті тұр», – деп құттықтапты.
Сол кітап жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының өзі:
«Сібірге айдауға кеткен соң кітаптың бір данасын жұбайым Бадрисафаның өзімен алып жүретін қызыл көрпесіне тықтым. Екіншісін айдалып бара жатқанда Мәскеуде кездескен Әлихан Бөкейханның қолына бердім», – дегені бар.
Мұхтар Әуезов үшіншісін көрген. Біз Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде Мұхтар Әуезов сипаттаған осы кітаптың макетін жасап қойдық. Ал 2023 жылы оның бес томдық академиялық жинағын шығарғанбыз. Соған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінің бірнеше нөмірінде жарияланған «Шаруашылық мәдениеті» деген еңбегін «Мәдениет тарихының» алғысөзі деп бердік. Бұдан бөлек, екі-үш ахметтанушымен «Мәдениет тарихы» кітабының негізгі бөлімін таптық.
Бірақ ол 60-жылдары Кеңес үкіметіне белсенді қызмет еткен, Алашқа қарсы болған адамның атынан жарық көрген. Ол кісі туралы бәрі біледі. Жазушы. Тек бірде-бір ғылыми мақала жарияламаған. Ал ана кітапта Ахметтің сөзі тұр. Оның үстіне, жоғарыда айтқан «Шаруашылық мәдениетінің» келесі бөлімі ретінде де дәл келеді. Тура сол сөйлемдермен жалғасып кете береді. Бірақ мұндай ғылыми мәтін дәлелдеуді қажет етеді. Бұған бір тоқтаммен, сабырмен қарап, әлгі жазушыны кешіру керек. Кінә артудың қажеті жоқ.
Мен де басында: «Алашты сатып, өз атынан шығарғаны — қандай оңбағандық», – деп ойлағанмын. Кейін қарасақ, Ахмет Байтұрсынұлы хаттарында: «Жариялансын. Мен мұны қазақ надан, сауатсыз, ғылымы жоқ дегенге қарсылық деп жаздым. Біз өлсек те, кейінгі ұрпақ ғалым болуы үшін осы кітаптар мектепте оқытылуы қажет», – деп аманат еткен көрінеді.
Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір жоғалған кітабы — бүкіл түркі жұртының тіл сақтауы, тіл жазылуы, сөз жасамының тәртібі келтірілген «Тіл танытқыш». Күні бүгінге дейін табылмады. Біреулер «қолжазбасын тыққан» дейді. Өкінішке қарай, бірде-бір ізі жоқ. Дегенмен біреулер: «Ол кітапты Бадрисафа Қостанайда, өзі тұрған үйдегі қораның артында, екі қазанның ішіне салып, жерге көмген», – деген дерек айтып, маған хабарласты. «Тіл танытқыш» табылып қалуы мүмкін деп ойлаймын.
Өртелетін кітаптарды сақтап қалған кітапханашылар
Ең бірінші ашылған, кейін С.Бегалин аты берілген кітапханадағы жағдай жайында куәгерлер мынадай сөз келтіреді. Кеңес үкіметі кезінде осы жерде төте жазудағы кітаптарды өртейміз деп, аулаға шығарып дайындап қояды екен. Оны ел көрмесін деп, демалыс күнге әзірлейтін болған. Тез өртеп жіберу үшін бензин әкеледі. Сонда түскі ас кезінде немесе күзетіп тұрғандар теріс қарағанда кітапханашы қыз-келіншектер көмектескен сыңай танытып, үйілген кітаптардың арасынан қолдарына іліккенін көйлегіне тығып алып шығады екен. Кейбірі сол жерде ұсталып, соққыға да жығылыпты.

Ю. Кельдин. Қойшы ауылдағы кітапхана (фотоэтюд). Семей облысы, 1981 / «Мәдениет және тұрмыс» журналы / ҚРОМКФДЖА
Сонда да қайтпай, әрқайсы бір-екі кітаптан тасып, отыз-қырық еңбекті сақтап қалып отырған. Кітапханашылардың көбі әйел ғой. Алып шыққан туындыларды Ленин мен Сталин кітаптарының ішіне салып сақтапты, яғни мұқабасы басқа, ашып қарасаң тыйым салынған еңбектер бар. Оны басшылық та білмеген, өйткені әр кітапты ашып тексермейді ғой. Сол жанкешті кітапханашылардың ерлігі туралы еш жерде айтыла бермейді.
«Встать! Міржақыптың қызы төрде отыру керек!»
Гүлнәр Міржақыпқызы тоқсаннан асып қайтыс болды. Кішкентай кезінде Әлихан мен Ахметтің тізесінде отырған апамыз ғой. «Ақаңдікі» деп әндер айтып отыратын. Мағжанның бүкіл өлеңін жатқа біледі. Сол кісі «Алаштың сөнбес жұлдыздары» деген кітабында қайныағасы Бауыржан Момышұлына қатысты 1964 жылы болған мынадай әңгіме айтады.

Міржақып Дулатұлы / Ашық дереккөздерден
Бауыржан Момышұлы сол кезде Жазушылар одағынан сыйлық алыпты. Соның құрметіне банкет өткізіп, осы шараға Гүлнәрді шақырады. Ал бұл кісінің күйеуі қайтыс болған. Соған қарамастан қаралы отырған келініне «кел» деп бұйрық береді. Бармайын десе, қайныағасынан қорқады. Сөйтіп жүріп, кешігіп жетеді. Келсе, бәрі отыр екен. Бауыржан Момышұлы қасындағыларды «Встать!» деп тұрғызып жіберіп, Гүлнәр Міржақыпқызын оң жағына отырғызыпты. Сол жерде жүрген Әнуар Әлімжанов, Әди Шәріпов секілді дөкейлердің бірі үндемеген. Сонда Бауыржан:
«Мына кісі кім? Білесіңдер ме? «Оян, қазақ!» деген өлеңді білмегендей отырсыңдар. Сол Міржақыптың жалғыз қызы. Төрде сендер емес, осы отыру керек», – депті. Жалпы Бауыржан Момышұлы Гүлнәрді құрметтеген.
Үйіне барып, «әкеңнің өлеңі» деп қайбір жерден жазып алғанын әкеп беріп жүретін болған.
«Еңсеңді көтер. Халық жауының қызы емессің. Бүкіл қазаққа ұран болған Міржақыптың қызысың. Ертең тәуелсіздік келгенде, бұлар басына көтеретін Міржақыптың қызы ретінде бетің жарық болуы үшін әкеңнің шығармаларын қазірден бастап жазып, жинай бер», – дейді екен.
Гүлнәр апамыз бұл жайлы «аға осындай сөздер айтты» деп, көз жасын төгіп әңгімелеп берген еді.
Бұл — жоғалған, жойылған Алаш мұрасы туралы Айгүл Ісімақовамен болған сұхбаттың бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан қарай аласыз.