АЛАШ ОРДА ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ДИПЛОМАТИЯСЫ

Ұмыт болған миссиялар мен қолдан сусып кеткен егемендік

~ 13 мин оқу

Алаш партиясының мүшелері / КФҚД ОМА

Жүз жылдай бұрын «Алаш» қозғалысының жетекшілері бүкіл дүниеге Алаш Республикасын мойындатпақ болып талпынған. Еуропа мен Азия елдеріне хат жазып, дипломаттармен, сауда өкілдерімен кездесіп, қазақ мемлекетін сақтап қалуға барын салды. Қазір Қазақстан, Ресей мен Жапония архивтерінің құпиясы ашылғанда, ұмыт болып бара жатқан сол дипломатияның ауқымы қандай болғаны айғақталды. Бұл туралы алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы Qalam-ға арнап жазған материалында баяндайды.

Мазмұны

Алаш Орда дәуірінің жаңа куәліктері

ҚазақстанiҚР ҰҚК ҚМА, ҚР ПА, РесейiФҚҚ ОА, ФР МА, Жапония архивтеріндегі құпия белгісі алынған сот-тергеу материалдары, сондай-ақ 1917–1920 жылдардағы қазақ мерзімді баспасөз жинақтары 20-ғасыр басындағы Қазақстан тарихының мүлде тың, тосын беттерін ашып келеді. Сол материалдарға қарасақ, Алаш Орда КеңесіiҮкіметі Түркістан мен Башқұртстандағы бауырлас түркітілдес саяси ұйымдармен бірлесіп, 1918–1920 жылдары өзінің де-факто егемен мемлекет екенін халықаралық қауымдастыққа мойындату жолында табандап талпынған. Сол жолда Алаш Орда Ресейге тәуелділіктен босап, тәуелсіздік алуды көздейтін стратегиялардың бәрін пайдаланып, барынша күш салып бағыпты.

Қазақ АКСР-нің І құрылтайындағы Семей облысының делегациясы, 1920 жыл. Н.Нұрмақов — ҚазАКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, Ә.Бөкейхан — «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, Ә.Ермеков — Алаш Орда үкіметінің вице-премьері / КФҚД ОМА

Жапония ІІМ архивінен зерттеуші Рёсуке Оно тапқан Алаш Орда Кеңесінің Жапония үкіметіне жолдаған хаты, сондай-ақ қазақ ұлт-азаттық қозғалысы мен «Алаш» партиясының көрнекті қайраткері, кезінде Семей облыстық земство басқармасының басшысы болған Райымжан Мәрсековтің 1938 жылғы сәуірде НКВД тергеушісіне берген жауабы 1918–1920 жылдардағы Алаш Республикасының тарихы мен оның үкіметінің қызметіне жаңаша тұрғыдан қарауға жетелейді. Әңгіме ең алдымен Мәрсековтің облыстық земствоның шаруашылық істері бойынша іссапар деген желеумен, шын мәнінде Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен арнайылап Владивостокқа барғаны жөнінде болса керек.

Владивосток сапары: Райымжан Мәрсековтің астыртын дипломатиясы

Райымжан Мәрсековтің Владивостокқа сапарының мақсаты — шетелдік компаниялармен халыққа қажет түрлі тауарлар мен шаруашылық бұйымдарын земствоға жеткізу туралы келіссөз жүргізу болатын. «Сарыарқа»i№63 (1918 жылғы 25 желтоқсан) газеті хабарлағандай, 1918 жылғы желтоқсанның басында «Уақ» несие серіктестігінің төрағасы Кәрім Дүйсебай мен земство басқармасының мүшесі Воробьев те қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығына тән өнімдерін — қой мен жылқы еті, қымыз, жүн, тері, иленген былғары және т.б. алып, Владивосток қаласына жол тартқан. 1919 жылдың басында Владивостокқа жеткен Мәрсеков Anderson және Mayer & Co. деген екі америкалық компанияның басшысы сэр Мэйермен келіссөз жүргізген. Газет мәліметіне сүйенсек, келіссөз тақырыбы тек халыққа арналған шаруашылық тауарлары мен бұйымдарды сатып алумен шектелмей, қазақ мал шаруашылығы өнімдерін АҚШ-қа жөнелту мәселесін де қамтыған деп топшылауға болады. Мәрсеков тергеушіге берген жауабында земствоға 15 млн рубльге тауар жеткізу жөнінде келісім жасалғанын ғана мойындаумен шектелген. Бәлкім, бұл сомаға шақтап тауар алмасу жөнінде сөз болған болуы да мүмкін.

Райымжан Мәрсеков / Wikimedia Commons

Шындап келгенде, бұл іс жүзінде егемен Алаш Республикасының ғана емес, 1920 жылы оны Кеңес өкіметі күштеп жойғаннан кейін құрылған Кеңестік Қазақстанның да алғашқы әрі соңғы тәуелсіз халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық актісі болған.

Бір маңыздысы, Райымжан Мәрсеков алдымен Чехословакия консулына жолыққан, сондықтан Алаш Орда бұл кездесуді АҚШ пен Жапония өкілдерімен арадағы кейінгі келіссөздерге қарағанда басым бағыт санаған деп топшылауға толық негіз бар. Ал Владивостоктағы Жапония Бас консулдығына баруды ол тіпті сапардың «ең аяғына» қалдырған.

Чехословакия консулымен келіссөз кезінде ол Сібір халықтарының бәрі, оның ішінде қазақтар да, Алаш көсемдерінің пікірінше, Ресейде тақтан тайған монархияны қайта орнатуды көздеп жүрген адмирал Колчак басқаратын өкіметті қаламайтынын мәлімдеп, консулға оны қолдамасын деп үндеу айтады.

Чехословакия корпусы және алғашқы әскери байланыстар

Алайда Мәрсековтің Қазақ даласынан Қиыр Шығысқа дейін неше мың шақырым жол жүріп, өзін Алаш Орда Кеңесінің өкілетті өкілі деп таныстырып, ең алдымен Чехословакия консулымен кездескендегі бар мақсаты — өз үкіметінің адмирал Колчактың өкіметіне қатысты ұстанымын жеткізу және жуырда ғана тәуелсіз елміз деп жариялаған Чехословакия үкіметін оны қолдамасын деп үндеу ғана болғаны біраз оғаш көрінер еді. Өйткені кейінгі берген жауаптарында ол ресми кездесулерінің бәрінде Алаш Орданың атынан Алаш Республикасы мен одақтас түркітілдес халықтардың — Түркістан, Башқұртстан және Түркі-татар Ұлттық басқармасының мемлекеттік егемендігін мойындау, екіжақты дипломатиялық және сауда-экономикалық қатынас орнату, сондай-ақ әскери-саяси қолдау туралы өтінішін жеткіздім деген.

Қоқан автономиясын қолдаған митинг. 1917 жыл / Wikimedia Commons

Бәлкім, ол да, Алаш Орда жетекшілерінің өзге өкілдері секілді, 1918 жылғы қазанда, Австрия-Венгрия империясы ыдырағаннан кейін, соғыстың ең соңында ғана құрылған Чехословакия Республикасынан саяси қолдау күтуге аса үміт артпаған болар. Дегенмен бұл жас мемлекет Алаш Орданың большевиктер интервенциясына қарсы күресінде әскери-техникалық, соның ішінде жаңа құрылып жатқан ұлттық армиясын қаруландыру жағынан аса маңызды көмек көрсете алар еді.

Иркутсктегі Чехословакия корпусының әскері. 1918 жыл / Wikimedia Commons

1918 жылғы қаңтарда большевиктер Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын таратқаннан кейін, Ресей заңды биліктен айырылды. Өкімет орнамай тұрған тұста Алаш автономиясы өз аумағында толық мемлекеттік билігі бар республикаға айналды, яғни сыртқы ұлттан жоғарыiфедералдық өкімет органдарының өкілетінен тыс, шынайы егемендікке қол жеткізді. Сөйтіп, 1917 жылғы 5–13 желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезінде «басқа автономиялық көршілермен одақтар (альянстар, блоктар) жөнінде келіссөз жүргізуге» өкілеттік алған Алаш Орда 1918–1920 жылдары дербес сыртқы саясат жүргізіп, өзара мойындау, әскери-саяси одақ құру және большевиктерге қарсы бірлесе күресу мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді.

Сол жылдардан қалған, енді ашылып жатқан шетелдік және отандық деректер Алаш Орданың Ресейге тәуелділікті азайтуға және де-факто мемлекет болып, тәуелсіздігін халықаралық деңгейде мойындатуға ұмтылып, түрлі стратегия мен тактиканы пайдаланғанын көрсетеді. Егемендікке сеп болатын сан түрлі саяси, экономикалық, аумақтық, әлеуметтік-мәдени мәселелер ішінде ел тәуелсіздігін әскерге қорғату мәселесі айрықша маңызды болған.

1937 жылғы тамызда Алаш Орданың бұрынғы төрағасы Әлихан Бөкейхан мәлімдегендей, 1917 жылғы 21–26 шілдеде өткен Бірінші жалпықазақ съезінің және қыркүйекте Семейде өткен Кеңестің шешімімен, 1917 жылы «Алаш» көсемдері қазақ тарихындағы тұңғыш тұрақты кәсіби ұлттық әскерін құруға кіріскен. 1918 жылғы 24 маусымда Алаш Орда Кеңесінің құрамында «Әскери кеңес» деп аталып Алаш Республикасының әскери ведомствосы құрылғанға дейін-ақ «Алаш» армиясының алғашқы атты әскер полктары құрылып, дайындықтан өтіп, қаруланып алған еді. Әскери кеңес Алаш Орда Кеңесінің құрамындағы әскери мекеме болып құрылып, әскери министрлік құзыретін атқарып, Алаш Орданың облыстық, уездік бөлімдері жанынан әскери кеңестер ашуға құқылы болатын. Қазақ жауынгерлерін большевиктерге қарсы күреске үндеп шақыру міндеті де осы кеңеске жүктелген.

Алаш Орда Ұлттық Кеңесінің (Үкіметінің) бұрынғы мүшелері мен «Алаш» партиясы мүшелерінің бір тобы. Сурет Алаш Республикасы мен оның Алаш Орда Үкіметі таратылып, Қырғыз (Қазақ) АКСР-і құрылғаннан кейін түсірілген. 1920 ж. 26 тамыз, Орынбор./ Сұлтан Хан Аққұлының жеке қорынан

Сөйтіп, Қазақстанның жаңа заман тарихындағы алғашқы қорғаныс министрлігі құрылған. Әскери кеңестің басшысы, яғни тұңғыш қорғаныс министрі болып кәсіби офицер, артиллерист, Бірінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, капитан, кейін подполковник болған Хамит Тоқтамышев тағайындалды.

1919 жылғы қаңтарда Алаш Орданың Жапония үкіметіне жолдаған жеделхатында айтылғандай, «Алаш Ордаға 150–200 мың сарбазды жұмылдыру аса қиын емес, алайда мәселе қару-жарақ пен оқ-дәрі жоғында» болған. Алаш Орда әскери қолдау сұрап алдымен жүгінгені — Чехословакия корпусы болғаны да тегін емес, өйткені Алаш Орда Кеңесінің 1918 жылғы маусымда іс жүзінде егемен мемлекет үкіметі міндеттерін атқаруына, сондай-ақ алғашқы кеңеске қарсы үкіметтер құруына жол ашқан — Ресейдегі большевиктерге қарсы күштер емес, дәл осы Чехословакия корпусының 1918 жылғы мамырдағы көтерілісі және соның нәтижесінде Қиыр Шығыс, Орал, Еділ бойы, Сібір мен Алаш автономиясының солтүстік өңірлерінен кеңес билігі қуылғаны еді. Ал ол көтерілістің өзіне себеп — Кеңес өкіметінің Чехословакия корпусын қаруынан айырып, таратып жіберуге талпынғаны болатын.

Чехословакия корпусы 1917 жылғы күзге қарай Ресей империясы армиясының құрамында құрылып, оның негізін Австрия-Венгрия мен Германия әскерінен өз еркімен келген, соғыста тұтқынға түскен және жау жағына өтіп кеткен, бұрынғы өз мемлекеттеріне қарсы күресті жалғастыруға ниетті чехтар мен словактар құраған. 1918 жылғы 16–20 мамырда Челябіде Чехословакия әскерилерінің съезі өтіп, сонда Чехословакия әскери күштері съезіне қарасты Уақытша атқару комитеті құрылды. Сол съезде Алаш Орда Кеңесі атынан «Алаш» армиясының Бірінші атты әскер полкінің командирі, капитан Хамит Тоқтамышев (кейінгі Алаш Орда Әскери кеңесінің басшысы) құттықтау сөз сөйлеген. Бұл Алаш Орданың Мәрсековтің Владивостоктағы Чехословакия консулына барған сапарына дейін-ақ Чехословакия корпусымен ынтымақтаса бастағанына дәлел болса керек. 1918 жылғы жазда Чехословакия корпусы постимпериялық Ресейдегі жалғыз соғысқа қабілетті күшке айналғаны тегін емес. Сол кезде ондағы жауынгер саны 50 мың адамға жеткен, ал Қызыл армия мен Ақ армия бұл кезде енді ғана құрылып жатқан және әскери қабілеті төмен еді.

Чехословакия корпусы, 6-атқыштар полкі, 1917 жыл / Wikimedia Commons

Алайда 1919 жылғы қаңтарда Райымжан Мәрсеков Чехословакия консулымен әскери-саяси көмек мәселесін талқылап жатқанда, Чехословакия корпусының бас қолбасшысы болып француз генералы Морис Жанен тағайындалады. Сол жылғы желтоқсаннан-ақ Чехословакия жауынгерлері тиелген алғашқы кемелер Владивостоктан Еуропаға аттана бастады. Ал олардың қару-жарағы Алаш Орда Кеңесі мен жаңа құрылып жатқан қазақ армиясының иелігіне берілмей, бәлкім, Ақ қозғалыс әскерлеріне өткен болуы мүмкін.

Алаш пен Батыс: алпауыт елдердің үміті мен есебі

Чехословакия консулымен арадағы келіссөз Алаш Орданың шет мемлекет өкілдерімен орнатқан алғашқы байланысы емес. Әлихан Бөкейханның НКВД тергеушісіне берген жауабында айтылғандай, 1918 жылғы көктемде ол Алаш Орданың өкілетті өкілдері — Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Райымжан Мәрсековті Шығыс Түркістанғаiқазіргі Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аумағы жіберген. Олар Шәуешектегі Ресей консулы Владимир Долбежевке хат апарып, Қытай үкіметіне «Алаш» армиясына Үрімжіден әскери-техникалық құралдар бергізу туралы өтініш айтсын деп сұраған. Долбежев болса бұл жөнінде Пекиндегі Ресей елшісіне жеделхат жолдап хабарлай отырып, Алаш Орданың өтінішіне қатысты телеграф арқылы нұсқау беруді сұраған. Пекиннен өзіне қажет нұсқау алу үшін Ресей консулы елшіге Алаш Орда Кеңесі «большевиктерге қарсы бірлескен күреске 40 мың қазақ жасақтай алады» деп сендірген. Алайда бұл байланыстар да күткендей нәтиже бермеген.

Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан Қытайға жіберген Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш Орда Ұлттық Кеңесінің делегациясы. Шәуешек, 1918 жыл, наурыз / Сұлтан Хан Аққұлының жеке қорынан

Райымжан Мәрсековтің 1938 жылғы сәуірде КСРО НКВД тергеушісіне берген жауабынан Алаш Орда Ресейдің Қиыр Шығысындағы АҚШ экспедиция корпусының қолбасшысы генерал Уильям Грэйвспен және Жапониядағы АҚШ елшісі Рональд Морриспен де келіссөз жүргізгені белгілі болды.

АҚШ-тың Ресей империясындағы өкілдігі төтенше және өкілетті елші мен Владивосток, Омбы, Иркутск және басқа қалалардағы консулдардан тұратын. Алайда Мәрсеков келіссөз жүргізуге дәл Жапониядағы АҚШ елшісін таңдаған. Оның үстіне, АҚШ дипломатымен кездескені елшінің Владивостокқа броненосецпен келген сәтіне дөп түскен. Демек, Морриспен Владивостоктағы кездесу кездейсоқ болмаған: не келіссөз алдын ала келісілген, не Мәрсеков Жапониядағы АҚШ елшісінің сапарға шығатын уақытын білген.

1917 жылғы желтоқсанда большевиктер диктатурасы орнағаннан кейін, Ресей Бірінші дүниежүзілік соғыстан іс жүзінде тысқары қалды. Большевиктер аннексиясыз әрі контрибуциясыз бітім жасауды ұсынғанымен, Антанта одақтастары оны қабылдаған жоқ. Ол кезде Алаш Орда Кеңесінің баспасөзі — «Сарыарқа» газеті жазғандай, Ресейдің соғыстан шығып қалғаны 1914 жылғы қыркүйекте Лондонда Ресей, Франция және Англия арасында қол қойылған «жеке бітім жасаспау» келісімі бойынша алған міндеттемелерін өрескел бұзу саналды және большевиктерге мұның салқыны тимей қоймайды деп болжаған. Газет бұрынғы одақтастар тарапынан интервенция болатынын алдын ала жазды.

Одақтастардың зембілінде жатқан жаралы «орыс аюы» және большевиктер жетекшісі — Ленин мен Троцкийдің «кесіртке» бейнесіндегі карикатурасы. 1918 жыл / Getty Images

Шынында да, Англия, Франция және Италия Ресейдегі билікті Германиямен жеке бітім жасау және елді соғыстан шығару жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан прогермандық партияның қолына көшті деп санады. Осы себепті Антанта блогы большевиктердің опасыз әрі заңсыз билігін мойындамаған күштерді қолдаймыз деп ұйғарады. 1917 жылғы 22 желтоқсанда Парижде Антанта елдері Украина, казак облыстары мен Сібірдегі, оның ішінде Алаш Республикасындағы кеңеске қарсы үкіметтермен байланыс орнатқан маңызды екенін мойындады. 1917 жылғы 23 желтоқсанда Англия мен Франция арасында бұрынғы Ресей империясы аумағындағы әр елдің жауапкершілік аймақтарын айқындайтын келісімге қол қойылды: Англия Кавказ бен казак аймақтарына, Франция Бессарабия мен Украинаға, ал АҚШ пен Жапония Сібір мен Алаш автономиясына жауапты болды. Сөйтіп, Ресейдің бұрынғы Антанта құрамындағы одақтастарының интервенциясы белгілі деңгейде Алаш Орданың мүддесіне сай келетін.

Вильсон мен Шығыс: он төрт тармақ дипломатиясы

АҚШ президенті Вудро Вильсон адмирал Колчактың өкіметін реакциялық әскери диктатура деп танып, оның орнын демократиялық азаматтық үкімет басуға тиіс дейтін. «Алаш» жетекшілерінің де көздегені осы болатын. Вильсонның бұл ұстанымы 1919 жылғы 26 мамырда адмирал Колчакқа Антанта елдеріiАнглия, Франция, Жапония мен АҚШ атынан жолданған нотаны дайындау кезінде шешуші фактор саналды. Онда Колчактың билігін «Ресейдің Жоғарғы билеушісі» деп дипломатиялық тұрғыда мойындағанның орнына, Америкадан көмек ала беру үшін орындамаса болмайтын шарттар мен талаптар тізімі жазылды. Олардың қатарында 1918 жылғы қаңтарда большевиктер таратып жіберген Құрылтай жиналысын қайта шақыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейту және азаматтардың еркіндіктеріне кепілдік беру секілді тармақтар бар. Бұдан бөлек, 1918 жылғы қаңтарда Вильсон дүниежүзілік соғысты аяқтауды мақсат еткен он төрт тармақтан тұратын бейбіт келісім жобасын ұсынды. Құжатта қару-жарақты азайтып, бұрынғы отар аумақтарға кең автономия беру көзделген.

Вильсонның бейбітшілік жоспарындағы соңғы, «ірі және шағын мемлекеттердің саяси тәуелсіздігі мен аумақ тұтастығына кепілдік беру» деген 14-тармақ Алаш Орда Кеңесінің мүддесіне толық үндесетін. Мәрсековтің генерал Грэйвспен, кейін АҚШ елшісі Морриспен арасындағы келіссөзінде ірі және шағын мемлекеттердің, соның ішінде халықаралық аренада мүддесін Бөкейхан қорғап отырған жаңа ұлттық құрылымдар — Алаш Республикасы, Башқұртстан мен Түркістанның саяси тәуелсіздігі мен аумақ тұтастығын мойындау және қолдау мәселесі басты тақырып болғанына күмән жоқ.

Вудро Вильсон. 1912 жыл / Wikimedia Commons

Сондай-ақ Мәрсековтің Сібірдегі америкалық экспедиция корпусының қолбасшысымен талқылаған маңызды мәселелерінің бірі — Алаш Орда үкіметіне большевиктер өкіметіне қарсы күреске деп әскери-техникалық құралдар беру болғаны анық. Бұл туралы Алаш Орданың Жапония үкіметіне жолдаған, Мәрсеков 1919 жылғы 17 қаңтарда Владивостоктағы Жапония дипломатиялық миссиясына жеткізген хатында айтылған. Хатта Алаш Орда 40–50 мың қарулы жауынгерді жұмылдырып, Түркістан және Башқұртстанмен бірлесе отырып, өз аумағынан большевиктердің басқыншы Қызыл армиясын қуып шыға аламыз деп мәлімдеген. Алайда генерал Уильям Грэйвс өз естеліктерінде 1918 жылғы 3 тамызда нұсқау алғанын, онда бір де бір АҚШ өкілі Ресейдің ішкі ісіне араласпауға немесе қандай да бір тарапты қолдамауға тиіс екені қатаң жазылғанын атап өтеді.

Сол уақытта Алаш Орда Кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Париж бейбітшілік конференциясына делегат болып аттанған Мұстафа Шоқай виза күтіп Тифлисте кідіріп қалғанымен, АҚШ президенті Вудро Вильсон мен конференцияға қатысушыларға жеделхат жолдап, Шығыс халықтары — Алаш, Башқұртстан мен Түркістанның еркіндігі мен автономиясын қолдауға үндейді. Алайда бұл жеделхат конференцияда жолдаушылар күткендей реакция туғызған жоқ.

Мұстафа Шоқай әйелі Мәриямен, Тифлис. 1919 жыл / Wikimedia Commons

Осы деректерден саралай отырып, Алаш Республикасының мемлекеттік егемендігін және тәуелсіздігін мойындау, онымен дипломатиялық қатынас орнату немесе оған әскери-саяси қолдау көрсету Ақ үйдің жоспарына кірмегенін көреміз. Мұндай мәселелер АҚШ Конгресі мақұлдамайынша шешілмейтін. Ақ үй мұны Ресейдің ішкі ісіне араласу және бір тарапты — большевиктерді немесе большевиктерге қарсы күштерді қолдау деп бағалады. Жалпы алғанда, Антанта елдерінің әрқайсы Ресейде интервенция жасай отырып, тек өз мүддесін көздеген.

Шығыс векторы: Жапонияға жүгіну

Алаш Орданың Жапония өкілдерімен арадағы келіссөзі жөнінде Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивіндегі деректерден және жапон ғалымдары Рёсукэ Оно мен Томохико Уяманың зерттеулері арқылы білеміз.

Мәрсековтің Алаш Орда атынан Жапония үкіметіне жолдаған хаттарына сүйене отырып, зерттеушілер Алаш Орда мен Башқұртстан үкіметі Жапониямен байланыс орнатуды көздеген деген болжам жасады. 1918 жылғы сәуірде Уфада Алаш, Башқұртстан және Татарстан көсемдерінің кеңесінде Құлжаiқазіргі Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қала мен Владивостокқа өкіл жіберіп, Жапония арқылы өз елдеріндегі жағдайды алпауыт елдерге жеткізейік деп шешкен. Кейін, 15 мамырда Қостанайда өткен кездесуде Башқұртстан Жапонияға, ал Алаш Орда Құлжа мен Шәуешекке делегат жіберсін деген қаулы шықты, алайда башқұрт өкілдерінің сапары іске аспай қалды.

1930 жылдардың басы. Жапон ұлтшылдары мен елдегі түркі қауымдастықтарының көшбасшылары. Мұхаммед Ғабаллахи Құрбанғали артқы қатарда сол жақтан екінші тұр / Wikimedia Commons

Мәрсеков Жапонияның Бас консулдығына барған сапарында олармен саяси және сауда-экономикалық қатынас орнатуды көздейтіндерін мәлімдеген. Миссия басшысыменiшамамен Владивостоктағы Жапония Бас консулының орынбасары Риэ Ватанабэ әңгіме барысында және миссияның өтінішімен дайындалған жазбаша үндеуінде ол былай деген: «Қазақ халқы Ресейдің қоластында келе жатқанына шамамен екі ғасырға жуықтады, алайда қазақ халқы көріп отырған езгі Алаш Орданы Жапония үкіметіне жүгініп, тек Алаш Республикасының ғана емес, қазақтарға туыс өзге де бірқатар түркітілдес халықтың егемендігі мен тәуелсіздігін мойындатуға көмектессін деп сұрауға мәжбүр етті».

Райымжан Мәрсековтің Жапон үкіметіне жолдаған хатынан үзінді / Томохико Уяманың жеке қорынан

Өз өтінішінде ол Алаш Орда 40–100 мың адамның әскерге қаржылай көмек пен әскери-техникалық құрал-жабдық алуға мүдделі екенін білдірді. Құжатта Жапония үкіметі Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен державалардың Париж бейбітшілік конференциясында Алаш Республикасының тәуелсіздігін мойындатуға ықпал етсін, сондай-ақ Алаш Орда өкілетті өкілін осы форумға қатыстыруға септессін деген маңызды мәселелер қамтылған.

Алаш Орданың өкілетті өкілі ретінде Париж конференциясына делегат болып тағайындалған Мұстафа Шоқай Жапония оның қатысуын қолдауға әзір екенін растағанын және француз визасын күтіп, Тифлисте кідіріп қалады. Ол бұл қалада 1921 жылғы 16 ақпанда Кеңес армиясы Грузияға басып кіргенге дейін тұрақтап, Парижге Бейбітшілік конференциясы аяқталғаннан кейін, арада бір жарым жыл өткенде ғана жетеді. Ол кезде Алаш, Башқұртстан және Түркістан секілді ұлттық үкіметтердің бәрін Кеңес өкіметі қайта басып алған болатын.

Уильям Орпен. Версаль бейбіт келісіміне қол қою. 1919 жыл, 28 маусым / Wikimedia Commons

Райымжан Мәрсековтің Владивостоктағы Жапония дипломатиялық миссиясына барған сапарына келсек, оның Алаш Орда берген ресми өкілеттігі болмағандықтан, Жапония үкіметі оны өз үкіметінің өкілі емес, жеке тұлға деп қана танып, бұл өтінішке ресми жауап беруден бас тартқан. Дегенмен дипломатиялық миссия басшысы Р.Ватанабэ бұл мәселені тиісті инстанцияларға жеткізуді мойнына алады.

Бәлкім, Жапония үкіметі Алаш Ордаға қазақ студенттерін Жапонияда, Еуропада және АҚШ-та оқытуды ұйымдастыруды ұсынса керек. «Вольный горец» газеті азамат соғысы салдарынан Ресейде білім алу мүмкіндігінен айырылған қазақ талапкерлері туралы білгеннен кейін, Жапония үкіметі Сібірдегі өз өкілдері арқылы жастарды Жапонияда оқытуға жолдаңдар деп ұсынғанын хабарлаған. Студенттерге жол мен оқу ақысын төлеп беру және Күншығыс еліндегі оқу орындарында толықтай қамтып оқыту секілді жеңілдіктер қарастырылады.

Алаш Орда мұрасы: уақытынан озған дипломатия

1920 жылғы көктемге қарай большевиктер өкіметі Алаш автономиясы аумағында әбден бекініп алды. Алаш Республикасы құрған мемлекеттік мекемелердің бәрі: үкімет, облыс комитеттері, ұлттық армия, салық жүйесі таратылды, сондай-ақ Алаш Орда шығарған заңнама актілері мен қаулыларының бәрінің күші жойылды. Қазақ өлкесін РСФСР өкімет органы — Қазревком басқаратын болып, ол 1920 жылғы 5 наурызда «Алаш Орда үкіметін түпкілікті тарату туралы» қаулы шығарды.

Қазақ АКСР І құрылтайына жиналған Торғай облысының делегациясы: А.Байтұрсынұлы (2-қатар, сол жақтан 5-ші) және Ә.Жангелдин (2-қатар, оң жақтан 4-ші). Орынбор, 1920 жыл / КФҚД ОМА

РСФСР жоғарғы өкімет органдарының 1920 жылғы 25 тамыздағы шешімімен Алаш Республикасының орнына Қазақ АКСРiтек ол біраз уақыт орысша Киргизская АССР деп аталды құрылып, бұл құрылым тіпті шектеулі егемендіктен де толық айырылды. Оның органдарының бәрі жоғары тұрған федералдық құрылымдарға бағынып, қазақ халқы мемлекеттік егемендігін сөз жүзінде де, іс жүзінде де сақтай алмады.

1936 жылы Қазақ КСР жарияланып, ол «одақтас республика» мәртебесін алып КСРО құрамына кіргенде, федерацияның өзге субъектілері сияқты, оның да Одақ Конституциясы шектейтін егемендігі болады деген тұжырым бекітілді. Алайда бұл шектеулердің ауқымына қарай нақты дербестік туралы сөз қозғау мүмкін емес еді. Партияның тоталитарлық, мемлекеттен жоғары бақылауы үстемдік еткенін ескерсек, «шектеулі егемендік» деген ұғым шынайы — кезінде Алаш Республикасында болған егемендіктен айырылуды бүркемелеген сыртқы ұран ғана болғаны анық.

Қазақ КСР егемендігі туралы декларация 1990 жылғы 25 қазанда қабылданып, бүгінде «Республика күні» деп аталып өтеді. Бұл, шын мәнінде, 70 жыл бұрын — 1920 жылғы 25 тамызда Қазақстанды большевиктер өкіметі басып алғанда жоғалған егемендік қалпына келген күн еді.

Сұлтан Хан Аққұлы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді