25 қазанда Қазақстан Республика күнін атап өтпек. 1990 жылы осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға қол қойылған. Алайда егемен ел болсақ деген арман сонау 19-ғасырда-ақ туып еді. Qalam-ға арнайы берген сұхбатында тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы сол идеялардың мән-мағынасы жайлы әңгімелейді.
1917 жылы Алаш партиясы автономия құрамыз деген мұратын жария қылды. Қазірдің өзінде бұл өте батыл мәлімдеме сияқты көрінеді. Ал сол заманда жұрт бұған қалай қарады?
Алаш қозғалысы әуелде Сібір облысшылдығы идеясының ықпалымен қалыптасқан. Бұл — сонау 1860 жылдары Сібірде туған идея. Оны жақтаушылар, соның ішінде Григорий Потанин де бар, Ресейді Америка Құрама Штаттары мен Швейцария үлгісімен қайта құрып, жеке штаттарға немесе кантондарға бөлуді ұсынған.
Америка Құрама Штаттарының ағылшынша атауына назар аударыңызшы: United States of America. Мұны сөзбе-сөз «Америка Құрама Штаттары» деп қана емес, «Америка мемлекеттері одағы» деп те аударуға болады. 20-ғасырдың басында АҚШ федерация негізінде біріккен 47 штаттан тұратын.
36 жұлдызы дөңгелек пішінінде орналасқан АҚШ туы. 1865–1867 жылдар / Wikimedia Commons
Міне, Сібір зиялылары сонау 1860 жылдардың өзінде Ресейді тіліне, шаруашылығына, ұлттық ерекшеліктеріне қарай жеке штаттарға бөлуді мақсат тұтты. Алаш қозғалысы да әуел бастан Ресейдегі патшаның жеке-дара билігін, яғни монархияны жойып, түбегейлі реформалар жүргізіп, Ресейді федерациялық демократиялық парламенттік мемлекетке айналдыруды өзінің стратегиялық мұраты деп білген. Бұл ұстанымды Әлихан Бөкейхан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін, Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан майдан тылында қазақтың қалың ұлт зиялыларына басшылық етіп жүрген кезінде тағы да жариялады.
Демек, аталған мұрат қозғалыс құрылған кезден-ақ болған. Ол кезде мұны ешкім іске аспас қиял деп санамаған. Қайта Ресейді федерацияға айналдыру оқиғалардың табиғи өрісі болмақ деп білген.
Тақырыпқа орай
«ҚАРА ЖҰМЫСТАН» ОРАЛМАҒАН ҚАЗАҚТАР
1916 жылғы Патша жарлығы: майданға аттанғандар елге қалай қайтты?
Ал сол кездегі автономияның құқықтық мәртебесі қандай еді? Ол қаншалықты дербес әрекет ете алды?
Мысалға Америка Құрама Штаттары мен Швейцарияны алайық. 20-ғасырдың басында Швейцария 22 кантоннан, ал АҚШ 47 штаттан тұрды. Әрқайсының өз шекарасы, мемлекеттік мекемелері мен заңдары болды.
Әр штаттың өз парламенті, губернаторы, заңдары бар еді. Әйткенмен АҚШ-тың ортақ конституциясы олардың егемендігіне белгілі бір деңгейде шек қоятын.
Ресейді федерациялық демократиялық республика деп жариялауды талап еткен ұлт көсемдері шамамен осындай үлгіні көздеген. Әр халыққа өз тағдырына өзі ие болатын құқық берілуге тиіс, ал ұлт мемлекеттері ішкі істерін өзі басқаратын болуы керек еді.
Украина Орталық Радасын қолдаған шеру. Киев қаласындағы София алаңы, 1917 жылғы 17 наурыз / Wikimedia Commons
Орталық өкімет олардың ішкі ісіне араласпауға тиіс болатын. Алайда кейін совет өкіметі бұл ұғымның мәнін бұрмалап жіберді. Мұстафа Шоқай жазғандай, большевиктер «республика», «автономия» деген сөздерден қорықпайтын. Өйткені бұл сөздерге өздеріне керегіндей мағына дарытып, шын мәнінде ешкімнің тәуелсіз болуына жол бермеді.
Совет өкіметі тұрған 71 жыл бойы солай болды. КСРО құрамындағы 15 республика қағаз жүзінде егемен мемлекет саналды, алайда іс жүзінде ол егемендік елес қана болып келді.
Алаш қайраткерлері жаңа мемлекеттің атын неге «Қазақия» не «Қазақстан» деп қоймаған?
Бұл бір қызық сұрақ, өйткені әлі күнге ешкім нақты жауабын таппады.
«Қазақ» деген этнонимді қайтару жолындағы күрес партия құрылмай тұрып-ақ басталды. «Қазақ» газетінде «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жариялаған мақаласында Әлихан Бөкейхан «Біз қырғыз да, қырғыз-қайсақ та емеспіз» деп жазған.
Кей зерттеушілер «қазақ» пен «Алаш» сөздерінің мағынасы бір деп біледі. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бөкейхан қазақ тарихы туралы мақаласында Шыңғыс хан заманына тоқталады. Шыңғыс хан жаулап алған және жаулап алмақ жерлерін ұлдарына бөліп бергенде, үлкен ұлы Жошының еншісіне қазіргі Қазақстан аумағы мен бүгінгі Ресейдің бір бөлігі тиген.
Тақырыпқа орай
ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҰЛТЫ КІМ?
Қазақтардың этногенезі мен этникалық кімдік мәселелерін сыни тұрғыдан талдау
Жошының қоластында алты ірі түркі тайпасы — алты Алаш болған. Бір жорамал бойынша, «алты Алаш» деген тіркес содан шыққан. Халық аңыздарында Жошының есімі Алаш хан атымен де қоса аталады.
Ендеше, мемлекеттің алғашқы билеушісі халық аңызында Алаш хан атанған Жошы болса, оның мемлекеті қалай аталуы мүмкін? Әрине, Алаш Орда.
Сондықтан Алаш республикасы тек болашақ қазақ мемлекеті ғана емес, түркі жұртының бірлігін қайта жаңғыртуды көздеген жоба да болатын.
Алаш қайраткерлері әйел теңдігіне ерекше көңіл бөлгені рас па?
Әрине. Совет тарихнамасында қазақ әйелдеріне совет өкіметі теңдік әперді деген түсінік орнығып қалған. Бұл дұрыс емес. Ақпан төңкерісіне дейін-ақ Қазақстанда тұңғыш төрт роман шықса, соның төртеуі де әйел тағдыры туралы еді. Ол қатарда Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары бар. Төртінші шығарманың атауы қазір есіме түспей тұрi
1926 жылы советтік Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада тұңғыш қазақ драма театры ашылды. Театрдың алғашқы қойылымы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы еді.
Тақырыпқа орай
ӘЙЕЛ ЕРКІНДІГІНІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Әлемнің әйелдерге еркіндік бер(ме)уі және оның нәтижесі туралы
Пьесада жас келіншектің ауыр тағдыры баяндалады. Енесі оны алтын сақинамды ұрлады деп айыптап, қорлап, ақыры қайғылы жағдайға душар етеді. Алаш қайраткерлері баланы тәрбиелейтін — әйел, ана деп білді. Ал әйелдің ойы да, ісі де еркін болмаса, ол еркін адам тәрбиелеп шығара алмайды.
Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері демократия, адам құқығы, әйел мен ердің теңдігі сынды күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды қорғады. Әйел құқығы шектелген қоғамның кемелденуі де мүмкін емес.
Сондықтан олар әйел еркін, білімді, ар-ожданы биік болуға тиіс деп білген. Өйткені азаматтық келбеті биік тұлғаны тәрбиелеп өсіретін де сондай ана.
Алаш қайраткерлері парламенттік республика құруды көздеп пе еді?
Қазақ хандығы дәуіріне бір айналып қарасақ, ханды ру басылары мен ел билері сайлаған. Ал олардың өз алдына едәуір дербестігі болған.
Мәселен, бір ру ханның жүргізген саясатына разы болмаса, түп көтеріліп, көшіп кете салатын. Яғни біздің демократияның бір көрінісі осы еді. Мұндай ұстаным Алаш қозғалысының қызметінен де байқалды.
Қазақтың алғашқы конституциясы жобасында — «Қазақ елінің жарғысында» ең жоғарғы өкімет органы ұлт мәжілісі деп көрсетілген. Мәжіліс президентті төрт жылға сайлауға тиіс болатын. Оның үстіне, бір адам президент қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайтын.
Алаш партиясы. Солдан оңға қарай 1-қатарда: Жақабай Əтікеұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Əлихан Бөкейхан, Райымжан Мəрсеков. Семей, 1918 жыл / Wikimedia Commons
Жобада премьер-министр деген бөлек лауазым көзделмеген. Парламент сайлаған президент үкіметті өзі жасақтайтын. Бұл жүйе мемлекет басшысы атқарушы билікті де басқаратын Америка үлгісіне ұқсайды.
Алайда үкімет құрамын мәжіліс мақұлдауға тиіс еді. Президент те, министрлер де парламент алдында есеп беретін. Сот билігі атқарушы биліктен тәуелсіз болсын деп, судьяларды да сайлау көзделген.
Жарғыға сәйкес, судьяларды мәжіліс сайлайтын, сөйтіп, сот билігі тәуелсіз болуға тиіс-ті. Меніңше, бұл жобаның кей қағидалары бүгінгі конституциялық жүйемізге де үлгі боларлықтай.
Әлихан Бөкейхан Алаш Орда кеңесінің облыстар мен уездердегі өкілдерін тағайындағанда, оларға земстволар мен өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ісіне араласпасын деп қатаң талап қойған. Орталық өкімет жергілікті өкіметтің бұйдасын өз қолына алып, оның орнына шешім шығармауға тиіс болатын.