АЛТЫН ОРДА КЕЗІНДЕГІ АСҚАҚ ТАЛҒАМ

Жібек, құс қауырсыны, инженерлік құрылымдар: Жошы ұлысының әйелдері киген баскиімнің сыры неде?

~ 7 мин оқу

Коллаж / Qalam

«Алыстан қарағанда олар аңыздардағы батырларға, дулыға киіп, найзасын аспанға шаншыған салт атты сарбаздарға ұқсайтын» дейді ортағасырлық бір саяхатшы Алтын Орда әйелдерін сипаттай келе. Шынымен, салт атты әйелдердің жібекпен көмкеріп, қауырсын қадап, асыл тастар қондырған биік төбелі баскиімі батырлардікіндей асқақтап көрінуі ғажап емес. Ұлы даланы аралаған шетелдік қонаққа сол бір көрініс соншалық әсерлі болып көрінсе керек, осы сипаттап жазғаны жылнамалар арқылы ғасырлар асып бізге жеткен.

 

Дала жұрты киген баскиімнің қай кезде де ерекше символдық мәні болатын. Пішіні, таққан әшекейі әйелдің жасынан, отбасы жағдайынан, шыққан тегінен, орны мен жөнінен хабар беріп тұратын. Қазір сол асқақ талғамды археологияның арқасында егжей-тегжей тани аламыз. Qalam порталына арнап археолог, тарихшы әрі реставратор Тетяна Крупа Алтын Орда әйелдері киген баскиімдердің қандай болғаны мен ең көне сәукелелер Қазақстанның қай түкпірінен табылып жатқаны жайлы баяндап берді.

Қазір жұрт Алтын Орданы Еуразиядағы сан тарау байланыс жүйесі, сауда, дипломатия мен мәдениет тоғысқан кеңістік деп біледі. Сол кеңістікте әйелдердің орны ерекше болғаны да даусыз. Зерттеушілердің көбі де, ортағасырдан бізге жеткен деректер де көрсетіп отырғандай, Алтын Орда дәуіріндегі хандар өз дәргейіндегі ел-жұртын жеке-дара билемеген: олардың жанында билікті бірлесе жүргізген «саяси сыңары» болатын, ал ақсүйек әйелдер ел басқару ісіне, дипломатия мен экономикалық өмірге едәуір араласқан.

Моңғол елхандары сарайындағы мерекелік салтанат. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінен алынған миниатюра. Тебриз, 14-ғасырдың алғашқы ширегі / Берлин мемлекеттік кітапханасы (Диц альбомдары) / Wikimedia Commons

Сондай жағдайда әйелдің киген киімі, әсіресе ең алдымен көзге түсетін баскиімі оның қоғамдағы орны мен мәртебесінен хабар беретін өзіндік нышан еді. Баскиімнің пошымы, биіктігі, неден жасалып, нендей әшекей тағылғанына қарап әйелдің жасын, отбасы жағдайын және қоғамдағы орны мен жөнін білуге болатын. Бір қызығы, көшпенділердің оң жақта отырған қыздарының күнделікті киімі ерлердің киімінен көп ерекшеленбепті.

Ал қыз бала тұрмысқа шыққан соң жағдай күрт өзгеретін. Жаңа мәртебесіне сай шашын басқаша жинап, алыстан көзге түсетін ерекше баскиім киген. Ортағасырлық авторлардың бірінің салт атты әйелдер тобын дулыға киіп, найзасын аспанға шаншыған сарбаздарға ұқсатқаны да содан. Осындай шошақ төбелі баскиім Қытай императорларының салтанатты портреттерінен бастап парсы кітап миниатюраларына дейінгі көп бейнеде сақталған.

Құбылай ханның жұбайы Чабидің портреті. Жібекке тушь және бояумен салынған. 14-ғасыр / Тайбэй ұлттық сарай музейі / Wikimedia Commons

Өзгеше биік жасалып, бағалы мата көмкеріп, қауырсын қадап, асыл тастар қондырып жасалған дәл осы баскиім саяхатшылар мен суретшілердің назарына өзгелерден көбірек ілігіп, Алтын Орда әйелдерінің ең танымал бейнесіне айналды. Алайда бұл бейненің тасасында әйелдер киген баскиімнің әлдеқайда алуан түрлі әлемі бар.

Жібек пен қауырсын сыры

Әйелдер киген шошақ төбелі баскиімнің бәрі бір қалыптан шықпаған. Оларды жасаудағы ұстанымы ғана ортақ: баскиімді барынша биіктетіп көрсетіп, көмкерген мата мен қадалған әшекейді көтере алатындай, жүріп-тұрғанға бөгет болмайтындай сүйегі жеңіл де берік болуға тиіс.

Алтын Орда әйелдерінің баскиімі қалай жасалғанын егжей-тегжей сипаттап кеткен ортағасырлық саяхатшы Вильгельм Рубрук болатын. Төмен жағы жұмырланып келіп, жоғары қарай кеңейе бітетін құрылымның төбесі бағананың капителіне ұқсайтын төртбұрышты пішінге ұласатын. Сүйегін қымбат жібек мата көмкерген. Төбесіне қамыс-қурайдан не қауырсыннан жасалған ұзын өзек салып, оған тауыс қауырсынын, барылдауық үйректің құйрық қауырсынын қадап, асыл тас қондырған.

Рубрук атаған almucia да ерекше назар аударарлық. Бұл — бас, мойын мен иықты жауып тұратын күләпаралы киім түрі. Саяхатшы баскиімнің иыққа қарай түсіп тұратын «қанатқа» ұқсаған үлкен әрі жұмсақ етек жағын осылай сипаттаған. Оның төбесі тесік болатын, бұл бөлік баскиімге сол тесіктен екінші құрылымның үстінен кигізіліп, биіктетіп, салтанатын асыра көрсететін. Рубрук оны botta деп атайды. Содан кейін баскиім бекітіліп, бұғақтан шалып байланатын. Сөйтіп, бас пен иықты бүркейтін жұмсақ бөлік биік те берік төбелікке жалғасып, еуропалықтың көзіне өзі білетін almucia — сол заманда Еуропада дін қызметкерлері мен университет ұстаздары киген дәстүрлі киімге ұқсап көрінген.

Бату ханның ордасына барып қайтқан миссионер Джованни Плано Карпини де әйел киімін сипаттағанда corona деген сөзді қолданады. Алайда оның айтқаны Еуропадағы кәдімгі тәж емес, тек баскиімнің жұмыр пошымын немесе металдан жасалған әшекейлі шығыршығын білдіретін атау болса керек.

Металл әшекей тағылған осындай дөңгелек төбетейлер ертеден белгілі: оларды скиф дәуірінен қалған жәдігерлерден, ортағасырлық Ұмай ана бейнелерінен және Орталық Азия халықтарының дәстүрлі киімінен көруге болады. Соның бүгінге жеткен бір үлгісі — қазақтың тақиясы. Қыздар оны қазір де кестелеп, моншақ қадап, металл әшекей тағып безендіріп киеді.

Кейінірек тағы бір саяхатшы — Руи Гонсалес де Клавихо Әмір Темір ордасынан мұның басқа бір салтанатты түрін көріп, сипаттап жазған. Биік cimera майда інжу-маржан, Бадахшанның асыл тастары мен феруза қондырылып, алтын бедер жапсырылып, алтын моншақ тізіле әшекейленген. Төбесіне қадалған білектей биік ақ мамық қауырсын алтын жіппен буылып, әйел жүрген сайын тербеліп тұратын.

Қазақ жерінде сақталған жәдігерлер

Бұл алуан көріністі археологтар тапқан жәдігерлер толықтыра түседі. Қазақстан жерінен табылған бай мұра Жошы ұлысы алып империядағы сәннің шет аймағы емес, өзінше пошым, жасау тәсілі мен түрлі дәстүр тоғысқан кеңістік болғанын көрсетеді. Өз басым сәті түсіп әйелдердің баскиіміне қатысты бір-біріне мүлде ұқсамайтын бірнеше кешенді зерттедім. Соның бірі — Ұлытаудағы Болған ана кесенесінен табылған ақсүйек әйелдің мұрасы. Осындай жәдігерлер бұл өңірдегі әйелдер сәніне Қытайдың сарай дәстүрі де ықпал еткенін көрсетеді.

Павлодар облысындағы Мұқыр алқабынан табылған әйел киімдерінің кешені де назар аударуға лайық. Қабірде мата, былғары мен қайың қабығынан жасалған бөлшектер сақталған, оның үстіне кейбірінің әуелде қалай орналасқаны белгілі: жерленген әйелдің басы мен иығы тұсынан сол қалпында табылған. Баскиімнің сүйегі әдетте былғары мен қайың қабығынан жасалып, қытай жібегі, алтын жіп жүргізілген қызыл қамқамен көмкерілген.

Мұқыр шатқалынан табылған әйелдің баскиімі. Т.Крупаның ғылыми реконструкциясы. Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің тұрақты экспозициясы (Алматы) / Автор ұсынған фотосурет

Шеберлер баскиімді қалай пішетінін алдын ала ойластырған болса керек. Матаның пошымын ұстап тұрсын деп кей бөлшегін ұзынынан, ал енді бірін бас пен шашқа жақсы қонсын деп қиғаштай пішкен. Қайың қабығынан жасалған биік бөлігі былғары аралықпен түп сүйегіне бекітілген. Былғары мұнда серіппе секілді қызмет еткен: жел соққанда не әйел қозғалғанда баскиім иілсе де сынбайтын болған. Демек, мұндай баскиім тек салтанатты жиынға арнап жасалмаған. Оны атқа мініп, ордамен бірге көшіп-қонғанда да кие беруге болатын.

Мұқырдан табылған баскиімді пошымына қарап 12–13-ғасырлардағы тас мүсіндерден белгілі жергілікті қыпшақ дәстүріне сабақтас деп топшылауға болады. Ол Орталық Азияның ортағасырлық бәдіз тастарындағы Ұмай ананың баскиіміне де ұқсайды. Ал сырттан әкелінген қымбат маталар жалпы империя дәуіріндегі сарай сәніне тән еді. Болған анадан табылған баскиім одан мүлде өзгеше жасалған. Осы екі жәдігердің өзі сүйегі биік баскиімнің жергілікті түрі көп болғанын көрсетеді.

Алтын Орда дәуіріндегі киім киген әйел тұлғасы, Болған Ана кесенесі. Т.Крупаның ғылыми реконструкциясы. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі көрме (Астана) / Автор ұсынған фотосурет

Сарайшық маңындағы кесенеден бұлардан мүлде бөлек баскиім үлгісі табылды, бұл — Византия үлгісімен алтын жіптен тоқылған тор шашқап. Қайың қабығынан жасалған сүйек, қытай жібегі мен Византия үлгісіндегі алтын тор шашқап Жошы ұлысындағы әйел киімі қаншалық алуан түрлі болғанын көрсетеді. Яғни мұнда жергілікті дәстүр Еуразияның әр қиырынан жеткен сән үлгілерімен, жасау тәсілдерімен тоғысып жатқан.

Баскиім неге биік болған?

Биік төбелі баскиім ең алдымен әйелдің тұрмыс құрғанын білдірген. Қыз ұзатылғаннан кейін оның шаш қою тәсілі де, баскиімі де өзгерген. Сөйтіп, әйелдің үйіндегі, қоғамдағы жаңа мәртебесі төңірегіндегілерге бірден байқалып тұратын.

Баскиімнің биіктігі әйелдің отбасы жағдайынан емес, қоғамдағы орнынан да хабар берген. Мұндай баскиім әйелді бойшаң етіп көрсетіп, салтанатты жиындарда, көш бойында өзгелерден ерекшелеп тұратын. Де Клавихо Әмір Темірдің әйелдері қонақ алдына белгіленген ретпен шығып, әрқайсы өз дәрежесіне қарай орынға жайғасатынын жазған. Кей ханымдардың баскиімі биік әрі ауыр болғаны сондай — жанындағы әйелдер сүйемелдеп, ұстасып жүруге көмектеседі екен. Сөйтіп, мұның өзі сарай салтанатының бір бөлігіне айналып, киюші мәртебесін нұсқап тұрса керек.

Қымбат мата мен тағылған әшекей де әйел дәрежесінен хабар берген. Жібек, алтын жіп, інжу, феруза мен сирек құс қауырсыны сол әулеттің ауқатынан, алыс-беріс сауда жолдарына қолы жететін әрі шебер ұстаға бұйым жасата алатын дәулетінен хабар берген. Сондықтан баскиім әйелдің өзін ғана емес, оның отбасы мен әулетін, саяси ортасын да танытып тұрған.

Ортағасырлық әйел басынан табылған тор шашқаптың алтын жібі (90 есе үлкейтілген). Қарағайлы кесенесі, Сарайшық / Автор ұсынған фотосурет

Мұндай баскиім Моңғол империясы мен Жошы ұлысындағы текті әйелдердің мәртебесіне сай еді. Олар әулеттер арасындағы құдандалыққа араласып, орда мен шаруашылықты басқарып, дүние-мүлікке иелік еткені, сарай өмірінде де елеулі орын алғаны белгілі. Биік баскиім биліктің тікелей нышаны болмағанымен, әйелдің кім екенін, орны мен жөнін айналасына анық танытып тұрған.

Дегенмен баскиімді әрлеуде қолданылған әр түстің, тастың немесе қауырсынның бұлжымайтын жеке мәнін іздеудің жөні жоқ. Олардың мағынасы заманға, өңірге, жағдайға қарай өзгеріп отырса керек. Сондықтан биік төбелі баскиімнің жалпы мәні туралы айтқан дұрысырақ: ол әйелдің тұрмыс құрғанын, текті жерден шыққанын, дәулетін және сарайдағы орнын білдірген.

Алтын Ордадан қазаққа жеткен дәстүр

Төбесі биік баскиім дәстүрінің кейінгі жалғасы деп қазақтың сәукелесін айтуға болады. Оны қыз ұзатылғанда киген. Биік сәукеле қалыңдықты той үстінде өзгелерден ерекшелеп көрсетсе, қымбат мата, асыл металл, тас, інжу мен салпыншақ әшекейлер оның шыққан отбасының әл-ауқатын танытқан.

Қазақтың дәстүрлі ұзату тойына арналған сәукелесі. Айжан Әбдубаиттің «Зерлеу» авторлық үйі (Алматы) / Автор ұсынған фотосурет

Алайда сәукелені ортағасырлық богтагтың сол күйіндегі көшірмесі деуге келмес. Ғасырлар өте оның пошымы, сүйегінің жасалуы, басқа қондыру, әшекей салу тәсілдері өзгеріп отырған. Өзгермей жеткені — әйел өміріндегі осынау маңызды белесті биік әрі мол әшекейлі баскиім кигізіп айшықтау деген ортақ мәдени ұстаным.

Сол дәуірлерден бері үзілмей келе жатқан әшекейдің бірі — қауырсын. Клавихо Әмір Темірдің сүйікті әйелі Сарай Мұлық ханымның (кейде Каньо, Қатта ханым не Бибі ханым) жүргенде тербеліп тұратын қауырсын шоқ қадалған биік баскиімін сипаттаған. Қазақ сәукелесіне де, басқа да салтанатты баскиімге де сұлулық пен сән-салтанаттың нышаны, кейде әйелді бәле-жаладан қорғайтын тұмар есепті қауырсын қадалады.

Сабақтастық биік төбелі баскиімнен ғана емес, қазақ дәстүрінде сақталып жеткен, кесте тігіп, моншақ қадап, күміс әшекей тағып безендіретін дөңгелек төбетей — тақиядан да көрінеді. Қазір қыздар оны дәстүрлі киімге де, заманауи этностильдегі киімге де қосып киіп жүр.

Металл әшекей тағылған заманауи қазақ қыздарының тақиясы. Павлодар облыстық Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің көрмесінен / Автор ұсынған фотосурет

Кей тақияға тағылатын шынжырдан өрілген алмалы-салмалы торлар ортағасырлық Сарайшық маңынан табылған алтын жіп торға ұқсайды. Осы ұқсастыққа қарап екі әшекейді өзара салыстыруға болады, алайда бұл олардың бірі екіншісінің тікелей жалғасы екенін өздігінен дәлелдей алмайтынын да айта кеткен жөн.

Ортағасырмен сабақтастық баскиімдегі жекелеген бөлшектердің ғасырлар озып сол қалпында сақталуында ғана емес. Оның өзегі — баскиімді сұлулықтың, әйелдің отбасы жағдайы мен шыққан тегінің нышаны деп танитын түсініктің үзілмей жетуінде.

Көшірілді