АЛТЫН ОРДА ТАҒЫНДА ОТЫРҒАН ӘЙЕЛ

Алтын теңгеге есімі жазылған Тұлұнбике хақында

~ 9 мин оқу

Коллаж / Qalam

Төрткүл дүниені тітіреткен Шыңғыс хан тұсында құдіретті әйелдер болмады емес. Алайда «ханшалардың» арасында саяси ықпалы ресми танылғаны жоқ еді. Содан да Алтын Орда ханымы Тұлұнбикенің құпиялы тарихы тіпті қызық бола түседі. Шыңғыс хан ұрпақтары құрған мемлекеттердегі есімі теңгеге басылған азын-аулақ әйелдің бірі де бірегейі — Тұлұнбике хақында дерек-мәлімет аз қалған. Qalam-ға арнап тарихшы Еркін Әбіл оның жұмбақ ғұмырбаянын там-тұмдап құрастырып көрді.

Тұлұнбике туралы дерек оның төңірегіндегі ерлердің көбіне қарағанда әлдеқайда аз. Алайда одан хан әйелдерінің ешбіріне дерлік бұйырмаған бір айғақ — есімі басылған теңге қалды. 1370 жылдардың басында Сарайда Tūlūn Bek Khanūm деген есім жазылған мыс теңгелер соғылған. Бас билік құқығы Шыңғыс хан ұрпақтарымен шектеліп, ол билеушінің аты жазылған теңгеден көрініс табатын мемлекетте бұл қадамның өзі Тұлұнбикенің саяси мәртебесін ашық мәлімдеумен парапар еді.

Тұлұнбике ханымның атымен соғылған теңге. Сарай әл-Жадид, хижра бойынша 773 жыл (1371–1372 жылдар) / Wikimedia Commons

Жазба деректерде Тұлұнбикенің толық ғұмырбаяны жоқ. Оның есімі орыс жылнамалары мен парсы тарихи шығармаларында ұшырасады. Алайда сол замандағы саяси оқиғалардың барысын жаңғыртып көрсек, үзік-үзік мәліметтердің басы құралып, Тұлұнбикенің саяси ғұмырбаяны біріздене бастайды. Ол — Сарайда билік құрған ескі хан әулетінің мұрагері, Орданың батыс бөлігін іс жүзінде билеген адамның жары, өз атынан теңге соқтырған әйел, кейін жеңіске жеткен Тоқтамыстың жұбайы, ақырында жаңа тақ таласы тұсында көзі жойылған тұлға.

Бұл тарихтың басы 1359 жылға — Алтын Ордада ұзаққа созылған дағдарыс басталған тұсқа барып тіреледі. Дағдарыстың бір себебі — Сарай хандары аталып келген әулеттің тұқымы үзілгені. Бұл әулеттің еркек кіндікті соңғы өкілі Өзбек ханның немересі Бердібек болатын. Бердібек ұлдарының бәрін өз қолымен өлтіргеннен кейін соңында жалғыз қызы қалған деседі. Сол қыз Тұлұнбике болса керек.

Алтын Орда ханы Бердібектің өлімі. Суретті жылнамалар жинағынан алынған миниатюра. 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Ел ішіндегі саяси дағдарыс кезінде қият руынан шыққан ақсүйек, өз заманының ең қуатты әмірлерінің бірі Мамайдың жұлдызы жана бастайды. Дала ақсүйектерінің ұрпағы, ол «беклербек», яғни «бектердің бегі» дәрежесіне жетіп, Шыңғыс хан әулетінен шықпаған әскери ақсүйектер арасындағы ең жоғары мәртебеге ие болды. Солайша, Мамай Бердібек тұсында мемлекет ісін жүргізген. Мұндай қызмет адамның қолына толық билік бергенімен, хан болып әулет тарқатар құқық бермейтін. Бұл асу бермес шектеу еді. Мамай қалың қол басқарып, ұлан-ғайыр жерді билей алатын, өзіне тәуелді хандарды таққа отырғызып, Сарай үшін күресе алатын, тек өзін заңды түрде хан жариялай алмайтын. Осы кедергіден өтудің жалғыз амалы — Шыңғыс хан ұрпақтарынан қыз алу.

Ғалымдар Мамайдың Бердібек отбасымен некелесіп туыстасқаны туралы мәліметтерді түрліше түсіндіргенімен, Бердібек қызының есімі осы тұста шығадыiТизенгаузен, В. Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Том 1: СПб.: 1884.: 389; Landa I. “Between the Chinggisid Principle, Loyalty, and Self-Aggrandisement: Jochid Elites in the ‘Time of Troubles’ (1359 to circa 1380).” Journal of the Royal Asiatic Society. 2025. Vol. 35, No. 1: 38–40. Сөйтіп, Мамай ханның күйеу баласы, яғни Шыңғыс хан әулетіне күйеу болған гүрген атанатын. Бұл неке билікті Шыңғыс хан ұрпақтары ғана иеленетін құқықты жоймады, алайда Мамайға сол билікке барынша таяп баруға жол ашты. Мамайдың қолында әскері, өкіметі мен лауазымы болды, ал әйелі Тұлұнбикенің тегі хан әулетінен тарайтын. Билік Мамайдың қолында болса, сол биліктің кілті Тұлұнбикеде еді.

Тақырыпқа орай

Шығыс

Моңғол хандарының византиялық жұбайлары

Әйелдер империяны қалай құтқарып қалды?

Алтын Ордадағы әйелдер: Тайдуланың өнегесі

Жошы ұлысында саясатта орны мен жөні бар әйелдер бұрын да болған. Өзбек хан ордасына барған араб саяхатшысы Ибн Баттута ханымдардың әрқайсының өз ордасы, нөкерлері болғанын, хан сарайында олардың мәртебесі ресми танылғанын сипаттайды. Хан олардың алдынан шығып, орнына апарып отырғызатын, әсіресе бас хатунның (ханымның) мәртебесі ерекше жоғары болған. Түркі-моңғол жұртында хатун (khātūn) атағы жай ғана ханның әйелі емес, билеуші әулеттің өкілі саналатын әйел деген сөз еді.

Ел-Құтлық хатунның Меккеге қажылыққа баруы. Ортағасырлық миниатюра / Wikimedia Commons

Бұған ең айқын мысал — Өзбек ханның ханымы Тайдула. Ол күйеуі өлгеннен кейін де күші таймаған, өз атынан іс қағаздарын жүргізіп, жарлық шығарған, өзге елдермен дипломатиялық хат алмасқан. Ұлы Жәнібек тұсында да «бас ана» мәртебесін сақтап қалған. Тайдуланың өз мөрі болған, оның атынан әмір-жарлықтар жазылған: 1347 жылы берілген жол жүру жарлығы мен 1351 жылғы тархан жарлығы сақталған.

Сол тархан жарлығының басына «Жәнібектің әмірімен мен, Тайдула, жарлық етемін...» деп жазылған.

Бұл — ханшаның мемлекет ісінде өз бетімен билік жүргізе алғанына айқын айғақ. Әйткенмен оның жарлықтары заң жүзінде хан билігіне сүйенетін.

Күйеуі Өзбектен де, ұлы Жәнібектен де, немересі Бердібектен де ұзақ жасаған Тайдула Сарай тағы иегерін анықтау құқығын өз құзырында сақтап қалмақ болды. Алайда әулетіші бұлғақ басталғанда өзі де бұлғақшылар қолынан бақилық болды.

Алексей Капков. «Митрополит Алексийдің Тайдула ханшаны емдеуі». 19-ғасыр / Wikimedia Commons

Тайдуламен бірге бұрынғы саяси дәуір де келмеске кетті, дала империясының алтын ғасыры аяқталып, құлдырау кезеңі басталды. Бірақ Сарайда әйел адамның билік жүргізу мүмкіндігі Тайдуламен бірге жоғалған жоқ. Арада он жыл өткенде бұл құбылыс басқа сипат алды: бұрын Шыңғыс хан әулетінен шықпаған Тайдула хан атынан әмір жүргізсе, енді Тұлұнбике соқтырған теңгелерге оның өз есімі басылатын болды.

Тұлұнбике билеуші болып па еді?

1370 жылдардың басында Сарайда Тұлұнбике ханым есімі жазылып соғылған мыс теңгелер болғаны белгіліiАлексеев И. Е. Золотоордынская «ханша» Тулунбек-ханум: нумизматические свидетельства и исторические версии // Оазисы шелкового пути: исторические истоки интеграционных процессов в Евразии. М.; Казань: 262–280; Landa I. “Between the Chinggisid principle, loyalty, and self-aggrandisement”: 41–42. Алтын Орда мемлекетінің теңгесіне әйел адамның есімі басылғаны — өте сирек құбылыс. Бұл тарту мен меншік белгісі де, әулет таңбасы да емес: теңге соғу ең жоғарғы биліктің нышаны болатын.

Саяси дағдарыс кезінде нумизматика деректерінің маңызы тіпті арта түседі. Зерттеушілер теңгелердегі есімдер ауысқанына қарап, әлдебір дәуірде Сарай мен өзге орталықтарды кім билегенін анықтайды. Ендеше осындай теңгеге Тұлұнбикенің есімі жазылса, оның есімі билеуші есімі болып жүрген деуге толық негіз бар.

Күміс теңге бүкіл Ордаға жүретін хан билігінің нышаны саналатын, ал Тұлұнбикенің аты жазылып соғылған күміс теңге әзірге анық табылған жоқ. Сондықтан оны бүкіл Алтын Орданың даусыз ханы болды деп кесіп айтуға келмес. Әйткенмен өз есімін жаздырып мыс теңге соқтырғанының өзі оның ел алдында дербес саяси мәртебесі болғанын білдіреді.

Мысыр билеушісі Шәжар әд-Дүррдің атынан соғылған алтын динар. 1250 жыл / Wikimedia Commons

Мұндай жағдай қаншалық сирек болғаны жалпы мұсылман әлеміне көз салғанда тіпті айқын көрінеді. Әйелдер ел билеп, хан атынан уақытша билік жүргізіп, сарай мен қазынаны басқара алатын, алайда өз есімін жаздырып теңге соқтыру некен-саяқ еді. Солардың алғашқыларының бірі — 1236–1240 жылдары Солтүстік Үндістанды билеген Дели сұлтаны Елтұтмыштың қызы Рәзия еді. Одан кейін 1250 жылы күйеуі өлген соң мәмлүк әмірлері билеуші деп жариялаған Мысыр сұлтаны ас-Салих Айюбтың әйелі Шәжар әд-Дүрр үш айдай өз бетінше билік жүргізген.

Ат үстіндегі Дели сұлтандығының билеушісі Рәзия сұлтан. Шамамен 18-ғасырдағы үнді миниатюрасы / Wikimedia Commons

Тағы екі әйел билеуші қазіргі Иранның оңтүстігіндегі Керманды билеген. 1257 жылы күйеуі қайтыс болғаннан кейін оның жесірі Түркан хатун Керман сұлтаны жарияланып, 1282 жылға дейін билік құрады. Оның қызы Падиша хатун 1292–1295 жылдары Керманды билеп, күйеуі елхан Гайхатудың билігін мойындағанымен, өз атынан теңге соқтырған. Ақырында, біздің кейіпкерімізге заман жағынан ең жақыны — оның жамағайыны, елхан Өлжейітудің қызы, 1338–1339 жылдары Елхан мемлекетін билеген Сати бек. Оның атынан алтын динарлар, күміс дирхамдар мен мыс теңгелер соғылған. Оның үстіне теңгелердің бір бөлігінде әйел тегі анық көрсетілген al-sulṭāna al-ʿādila («әділ сұлтан әйел») атағымен қатар, еркек тегіндегі al-sulṭān al-ʿādil («әділ сұлтан») деген атақ та қолданылған. Сондықтан Тұлұнбикені ислам әлеміндегі теңгеге есімі жазылған санаулы әйелдер қатарына қосу керек.

Елхан мемлекетінің билеушісі Сати бектің атынан соғылған теңге. Хамадан, хижра бойынша 739 жыл (1338–1339 жылдар) / Wikimedia Commons

Осының бәріне сүйеніп, бұдан да батыл тұжырым жасауға болады: 1371–1372 жылдары Тұлұнбике іс жүзіндегі билеушінің әйелі ғана емес, Мамайдың әскери күшіне сүйенсе де, Сарайды өзі билеген ханша болса керек. Билігі басқа біреудің қолдауына сүйенгені оның мәртебесіне зәредей нұқсан келтірмейді: бұлғақ кезінде таққа отырған ер текті хандардың көбі де әмірлерге одан кем тәуелді болған жоқ. Тұлұнбикенің өзгешелігі — ол Мамайға ғана емес, өз тегіне де арқа сүйейтін, ал теңгеге өз есімі басылған.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ОРДАНЫ ҚАЙТА ОЙ ЕЛЕГІНЕН ӨТКІЗУ

Тарихшы Мари Фаверомен сұхбат

Тұлұнбике Тоқтамысқа сарай қақпасын ашып берген бе?

1380 жылы Мамай құрған билік жүйесі күйреді. Куликово шайқасынан кейін құты қашып, өзі ұзақ уақыт астанадан жырақта жүрді. Сыртқы жаудан гөрі ішкі жауларына қарсы қол жимақ болып, шарқ ұрып батыстағы иеліктеріне аттанды. Алайда Тоқтамыстың жорығы билікті қайта бөлмек талпынысқа нүкте қойды. Әмірлердің көбі жеңімпаз жағына шықты. Орыс жылнамаларында Тоқтамыс «Мамай Ордасын», қазынасын және Мамайдың «патшайымын» қолға түсіргені айтыладыiПолное собрание русских летописей (ПСРЛ), Т. 15, вып. 1: стб. 139–140. Сол патшайым Тұлұнбике болса, ол ерінің билігі құлағаннан кейін де саясат сахнасынан кеткен жоқ, қайта Мамайдан қалған саяси мұраны қантөгіссіз қосып алудың бір кілті болуы мүмкін еді.

Тоқтамыс Шыңғыс хан ұрпағы болғанымен, Жошының басқа тармағынан тараған. Оның Мамайға бұйырмаған бағы — өз тегінен берілген хан атану құқығы болды. Алайда қарсыластарын жеңгенімен, Сарай мен батыстағы игі жақсыларға өзін хан деп мойындатуы шарт еді. Бұл тұрғыдан жаңа ханды Сарайда билік құрған ескі әулетке, ал Мамайдың бұрынғы адамдарын жаңа билікке жалғайтын тұлға — Тұлұнбикемен одақтасу саяси жағынан ең қисынды қадам көрінеді.

Алтын Орда ханы Тоқтамыстың 1382 жылы Мәскеуге жорығы. Суретті жылнамалар жинағынан алынған миниатюра. 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Тұлұнбике Тоқтамысты өзі «шақырып алды» деген дерек жоқ. Алайда жылнамашылардан мұндай сөз қалмағаны оның саяси араағайындық қылғанын жоққа шығармайды. Бұлай ойлауға астана ғана емес, бүкіл ұлыс Тоқтамыс жағына оп-оңай өтіп кеткені себеп болып отыр. Өйткені оған дейін Тоқтамыстың аты Әмір Темірмен одақ құрғаны мен қазақ хандарының арғы атасы Орыс ханмен итжығыс соғысынан ғана белгілі еді. 1380 жылғы күзде Қалқа өзенінің бойында Тұлұнбикенің екі күйеуі — бұрынғы күйеуі Мамай мен жаңа күйеуі Тоқтамыс бастаған екі қол бетпе-бет келді. Алайда шайқас болған жоқ. Мамайдың әмірлері мен жауынгерлері бар болғаны Тоқтамыстың дәргейіне адал болуға ант береді. Осыған қарап Тұлұнбике мен оған адал әмірлер беделінен айырылып, бағы тайған Мамайдың орнына келешегі зор Тоқтамысты қолдауды жөн көрсе керек деген ой туады.

Тұлұнбике мен Алтын Орданың ақыры

Осы тұста тағы бір тарап — маңғыт ақсүйектері де күшейіп келе жатқан. Оларға Едігенің де қатысы бар: оның әкесі Балтышақ деректерде Жошы ұлысының Сол қанатындағы жоғары мәртебелі әмір есепті сипатталады. Кейін Едігенің өзі Мамаймен теңесер дәрежеге жетеді. Ол Шыңғыс хан ұрпақтарын хан тағына өз қалауынша отырғызып, өзі іс жүзіндегі билікті уысынан шығармай, Жошы ұлысын басқарады. Кей шежірелерді зерттеп жасалған болжамдарда Едіге де хан әулетіне күйеу болған адам көрінеді. Сондықтан оның Тоқтамыс билігі дағдарысқа ұшыраған тұста саясат сахнасына шыққаны — айрықша қызық. Демек, Мамай қалыптастырған саяси жүйе жоғалып кеткен жоқ, енді басқа рудың қолында қайта жаңғырды. Қуатты әмірге бұл жолы да хан әулетінен шыққан біреу керек болды.

Орыс жылнамасында 1386 жылғы оқиғалар арасында Тоқтамыс өзінің Товлунбек есімді «патшайымын» өлтіргені қысқа ғана, мүлде дерлік түсіндірмесіз жазылғанiПСРЛ, Том 15, вып. 1: стб. 157. Жылнамада мұның себебі айтылмайды. Алайда бұл кезде Тоқтамыс билік басына келген алғашқы жылдардағыдай ымырашыл болуға мәжбүр емес еді. Билігі нығайып, Әмір Темірмен арасы шиеленісе бастаған, ал Едігенің төңірегіне болашақ қарсыластар шоғырланған. Сарайды билеген ескі әулеттен шығып, бұрын өз атынан билік жүргізіп көрген, әрі Мамайдың бұрынғы игі жақсыларымен жең ұшы жалғасқан Тұлұнбике сенімді жақтастан қауіпті қарсыласқа айналуы мүмкін еді.

Тоқтамыстың әйелін өлтіруі. Суретті жылнамалар жинағынан алынған миниатюра. 16-ғасыр / Wikimedia Commons

Осыдан барып батыл болғанымен, саяси қисыны бар бір болжам туады: Тұлұнбике Едігемен одақтасып, одан әскери күш пен ақсүйектердің қолдауын күтсе, өз тарапынан хан әулеті атының сүйеуін ұсынған болуы мүмкін. Мұндай астыртын келісім болған-болмағанына тікелей дәлел жоқ. Әйткенмен осындай күштердің бас қосуы 14-ғасырдағы Орда саясатының сипатына әбден сай келеді. Шыңғыс хан әулетінен шықпаған әмірдің хан әулетінен шыққан әйелмен одақтасуы қаншалық тиімді болатынын Мамай көрсетіп кеткен еді. Тоқтамыстың енді өзіне қарсы осындай одақ құрылып кете ме деп сескенетіндей себебі жеткілікті болатын.

Олай болғанда, Тұлұнбикенің өмірден өтуі бір отбасының құпиясы болудан қалады. Бұл өлімді шыққан тегі мен мәртебесінің арқасында төңірегіне хан билігіне балама күш топтастыра алатын саяси тұлғаның көзі жойылуы деп түсінуге болады. Астыртын келісім іске аспай, саяси шытырман қасіретке ұласады: Бату әулетінің соңғы өкілі қаза табады. Кейін Едіге бірнеше әмір және сұлтанмен бірге Әмір Темір жағына шығып, бұрынғы әміршісіне қарсы ашық соғыс бастайды.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ӘМІР ТЕМІРДІ ДӘРІПТЕУ МЕН МАНСҰҚТАУДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Самарқаннан Делиге дейін оған деген көзқарас әр дәуірде қалай өзгерді?

1386 жылы Тұлұнбике ханымның жендет қолынан көз жұмуы Тоқтамыстың билігі тарихындағы нышанды меже көрінеді: өз билігін Сарайдағы хан әулеті дәстүріне ұластыра алатын әйелді хан өз қолымен ажалға қиды. Шамамен осы кезде Тоқтамыстың ешкім бақталаса алмаған өрлеу кезеңі аяқталып, ақырында өзі біріктірген Орданы ыдыратып тынар қақтығыстар басталды.

Сол тұста сахарада Едіге бастаған ханға қарсы күштер де нығая түсті. Оның үстіне Тоқтамыс бұрынғы қамқоршысы Әмір Темірге қарсы шығып, ол 1395 жылы Тоқтамысты ғана емес, бүкіл Жошы ұлысын күйрете жеңеді.

Алтын Орда ханы Тоқтамыс пен Темір арасындағы шайқас / Топқапы сарайы, Ыстанбұл / Wikimedia Commons

Осы тұрғыдан қарасақ, 1386 жылдың тарих үшін айрықша мәні бар. Тоқтамыстың құлауына Тұлұнбикені өлтіргені себеп болды деуге келмес. Алайда оның саяси тағдырындағы бетбұрыс осы оқиғаға таңғаларлықтай тұстас келеді. Оған дейін Тоқтамыс ыдырап кеткен Жошы ұлысының басын біртіндеп қайта қосып жатқан еді. Ал 1386 жылдан кейін жағдай кері өзгерді. Ел біріккеннің орнына ыдырай бастап, игі жақсылар ханға қарсы бас көтеріп, сыйыспағандары ауа көшіп кете бастады, ал Әмір Темір одақтастан бітіспес жауға айналды.

Көшірілді