ӘМІР ТЕМІРДІҢ САРАЙЫНДА ЕТТІ ҚАЛАЙ АСҚАН?

Испан саяхатшысы жазбаларындағы ас та төк дастарқан

Әмір Темір сарайындағы той. Шарафаддин Яздидің «Жеңістер кітабынан» миниатюра. 17-ғасыр, Самарқан/Alamy

Ежелгі салт-дәстүрлердің бесігі, әртүрлі идеологиялар, мәдениеттер мен наным-сенімдер тоғысқан жер — Орталық Азия ертеден алыс-жақыннан ат арылтып келген саяхатшылардың қиялына қанат бітірген. Олар өздерінің жарқын жазбалары мен ой толғауларында бұл аймақтың шулы базары, көшпелі ғұрпы мен мәдени мұрасы сынды үнемі риясыз болмаса да айшықты бай өмірінің сан қиылысына есік ашты. Аталған мақалалар сериясында Qalam әртүрлі дәуірді қамтитын және аймақтың санқырлы болмысын ашатын әңгімелер мен естеліктерден үзінділер ұсынады. 

1404 жылы испан дипломаты Руй Гонса́лес де Клави́хо даңқы бүкіл әлемге тарап, аты жер жарып тұрған түркі-моңғол жиһангері Әмір Темірдің сарайына аттанады. Әрине, еуропалықтар Осман сұлтаны Баязитті жеңген тұлғамен көршілік тату қарым-қатынас орнатқысы келді. Осы мақсатта жолға шыққан Клавихо сапары жайлы жазбаларiРуи Гонсалес де Клавихо. Темірдің Самарқандағы сарайына жасалған саяхат күнделігі (1403-1406). М. Наука. 1990 қалдырыпты. Онда елшінің Темір әулетінің (Тимуридтер империясы) негізін қалаған әміршінің Самарқандағы сарайында өткізген жарты жылы сипатталады. Мәуереннаһр тұрғындары жайлы бұл жазбалар күнделік секілді болғандықтан басқа деректерден ерекшеленеді және сонысымен құнды саналады.

Клавихо елшілігінің Темір сарайына келуі. «Темір өсиеттерінен» миниатюра, Ұлы Моғолдар империясы, 19-ғасыр/British Library

Темірдің қабылдауында болған испан дипломаты жергілікті қонақ күтіп алу тәртібі мен дастарқан жаю жосығына да тоқталған. Мұндай жиындардың сипатын оған қатысатын адамдардың құрамына қарай анықтапты. Басқосудағылардың көбі Темірдің әскери әлеуетінің негізі болған түркі көшпенділерінен тұрған екен.

[Испан] уәкілдер мен түрлі елден келген көптеген елшіні һәм өзге адамдарды белгілі бір тәртіппен дастарқан басына отырғызған соң, асылған, тұздалған және қуырылған қой етін, сондай-ақ қуырылған жылқы етін мол етіп әкелді. Кейін осы қой еті мен жылқы етін иленген, дөңгелек пішімді үлкен-үлкен терілерге салды және оларды арнайы тұтқасынан ұстап тасыды. Сеньор ет сұрағанда, қызметшілер осы терілерді оған қарай сүйрей жөнеледі, себебі салмағының ауырлығы сонша, көтеріп апару мүмкін емес еді. Қызметшілер теріні сеньорға шамамен жиырма қадамға жақындатқанда, ет турайтын аспаздар келеді. Үстін былғап алмас үшін алжапқыш пен теріден жасалған жеңқап киген олар ет салынған тері ыдыстардың алдына тізерлеп отыра кетеді. Осыдан соң етті турайды және оны алтын-күміс жалатылған тегенелерге, қыш табақтарға, тіпті өте жоғары бағаланатын, қымбат тұратын кәрлен ыдыстарға сала бастайды.

«Күнделігінен» үзінді. 15 ғасыр. Испания ұлттық кітапханасы, Мадрид / Wikimedia Commons

Бұдан бөлек Клавизо Әмір сарайындағы ең жиі тартылатын тағамды атайды. Оның дайындалу тәсілі бәріміз білетін кәдімгі асылған етті еске салады:

Ең қадірлі тамақ — жылқының белінен төмен бұзылмай алынған, сүйексіз тартылатын сан еті. Етті алтын-күмістен жасалған он ыдысқа салды, оған қойдың сан етін сүйегімен, бірақ сирақсыз қосты. Оның үстіне жылқының жұдырықтай-жұдырықтай дөңгелек бүйрегін және қойдың басын қойды. Бұдан соң дәл осылайша басқа да көптеген түрлі ауқат әзірлеп, жеткілікті көлемде дайын болған соң, барлығын бірінің алдына бірін қатарластырып тізіп шықты. Осыдан кейін сорпа құйылған табағы бар қызметшілер келіп, онысына тұз қосты. Тұз сіңді-ау дегенде, олар сорпаны ет салынған ыдыстарға аз-аздан тұздық ретінде қосып шықты. Бұдан кейін дөңгелек пішімді жұқа нанды алып, төрт бүктеп, осы тағамдардың үстіне қойды. 

Ал етті қонақтар арасында үлестіру дәстүрі жанымызға жақын сарқытты еске салады:

Бәрі дайын болған соң, сеньордың жанында жүретін мирастар һәм өзге ақсүйектер осы тағамдарды екеулеп-үшеулеп (жалғыз адамның шамасы жетпейтін еді) көтеріп апарып сеньордың, сол жердегі елшілер мен қолбасылардың алдына қойды. Сеньор өзіне келгендердің арасынан екі тағамды құрмет белгісі ретінде елшілерге апаруды бұйырды. Бірі тамақты алып кетсе, екіншісін әкеліп жатты. Бұларда адам өзіне сыйға берілген етті үйіне әкету керек, олай етпесең, құрметсіздік танытқан саналасың. Еттің көп болғаны сонша, бұған таңғалмау керек. Тағы бір дәстүр мынадай: елшілер алдына қойылған етті өз адамдарына беріп, үйіне жеткізуге тиіс. Ал олардың дастарқанындағы еттің көптігі сонша, өзімен бірге әкете алса, жарты жылға жетер еді.

Көшірілді